Ономастикалық зерттеулер.
Қазақ ономатикасының кейбір проблемалары, оны зерттеудің алғашқы адымдары жайлы көптеген орыс және қазақ ғалымдарының еңбектерінде әр кезде сөз болған. Мәселен, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап кейбір қазақ есімдері, жер-су атаулары мен этнонимиясы жөніндегі аса құнды деректерді Ш.Уәлихановтың, сондай-ақ орыс ғалымдары П.П Семенов-Тянь-Шанский, Н.А Северцов, И.В Мушкетов, В.В. Радлов, С.У. Ремезов, П.И. Рычков, А.Е. Алектров, А.В. Левшин, Н.А. Аристов, П.С. Паллас, Г.Н. Потанин, А.Н. Харизинның еңбектерінен кездестіруге болады. сонымен қатар Кеңес дәуірінің 30-40 жылдары ономатикалық материалдарға қазақ ғалымдары да қызығушылық танытып, оның мазмұны мен тәсілдемесіне үлес қосқан Қ.К. Жұбановтың, С.А. Аманжоловтың, С. Алиевтің, Н. Баяндиндердің есімдерін атауға болады.
Қазақ ономастикасының, оның ішінде топонимика саласының ғылыми бағыт ретінде қалыптасуына бастауына географ-ғалым Ғ. Қоңқашбаевтың 1948 жылы "Қазақтың халықтық географиялық терминдері" атты тақырыпқа қорғаған кандидаттық диссертациясы мен осы тақырып төңірегінде жазылған көптеген мақалалары ұйытқы болды.
Еңбектерінде ғалым географиялық терминдердің шығу, пайда болу жайы, түсінігі, ерекшелік жақтары, монғол, араб тілден енгендердің типтері, халықтық, шаруашылық, тұрмыс жағдайларымен байланысты атаулардың шығуы сияқты мәселелерді қарастырған. Ол ең алғашқы " Қазақ географиялық атаулар сөздігі" атты топонимикалық еңбекті жарыққа шығарды (1963).
Қазақстан топонимдерін тарихи-лингвистикалық аспектіде, басқа туыстас тілдермен салыстыра тұңғыш зерттеген А. Әбдрахманов 1955 жылы кандидаттық диссертация қорғап, ғылыми дәреже алды. Ол осы диссертация негізінде 1959 жылы жеке монография жариялады. автор бұл еңбегінде Қазақстандағы ірі объектілік географиялық атаулардың ішінен 800-ден аса қала, ауыл, поселке, аудан және темір жол стансаларының атауларына талдау жасады. Авторрдың ерекше назар аударған мәселелері: топонимдердің жасалуындағы лексика-грамматикалық құбылыстар, топонимдердің лексикалық жүйедегі орны, топонимдерді лексика-семантикалық тұрғыдан классификациялау жұмыстары еді. Көптеген топонимдерге этимологиялық этимологиялық талдау жасап, тіл тарихына қатысты ойларын ортаға салды.
1954 жылдан Т. Жанұзақов қазақ антропонимдері жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 1961 жылы "Лично-собственные имена в казахском языке" атты қазақ антропонимдері мәселесіне арналған алғашқы еңбегін жазды. Т.Жанұзақовтың "Қазақ тіліндегі жалқы есімдер"(1965) және "Қазақ есімдерінің тарихы" (1971) атты еңбектері қазақ ономтикасы ғылымын теориялық, фактологиялық мол материалдармен байытқан, бұрын-соңды зерттелмеген тың лексикалық қабат есімдер жүйесіне арналған.
Қазақ ономастикасының ұлттық лингвистик ғылымында дербес сала ретінде түпкілікті нық орнығуына Т. Жанұзақовтың 1976 жылы қазақ антропонимия, этнонимия, косминимия, зоонимия салаларын жан-жақты тілдік тұрғыдан, әсіресе этнографиялық деректерге молынан иек арта отырып зерттеген докторлық диссертациясы ұлттық ономастикадағы кезеңдік жұмыс ретінде бағаланатын айтарлықтай үлес болды.
Жетпісінші жылдары Е. Қойшыбаевтың "Краткий толковый словарь топонимов Казахстана" (1974), О. Сұлтаньяевтың " Понятные непонятности" атты оқу құралы (1973), А. Әбдірахмановтың "Топониримика және этимология" (1975), "Қазақстан этнотопонимикасы" (1979) атты екі кітабы да ұлттық ономастиканың дамуына тілдік, тарихи-деректік тұрғыдан қосқан зор үлес боп бағаланады.
1984 жылы қазақ атауларынан сыр шертетін, тартымды тілмен жазылған ғылыми-публицистикалық сипаттағы екі кітап жарық көрді. Оның бірі белгілі жазушы Б. Нұржекеевтің "Өзендер өрнектеген өлке. Ел-жұрт, жер-су және Жетісу жайында тараулар" атты, екіншісі Е. Керімбаевтың " Атаулар сыры" (1984), осы жылдары " Тюркская ономастика" (1984), " Қазақ ономастикасының мәселелері" (1986), "Есіміңіз кім" (1989), " Орталық Қазақстанның жер-су аттары" (1989) атты кітаптар қазақ ономастикасының қоржынын толықтыра түсті.
1988 жылы Қазақстанның жер бедерін сипаттайтын географиялық атаулар мен апеллятивтік атауларды типологиялық аяда зерделеген Е. Керімбаевтың "Лексико-семантическая типология оронимии Казахстана" атты кандидаттық диссертациясында қазақ оронимдерінің ұлттық спецефикасы, атаулардың жасалуындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, мәдениетінің маңызы баса айтылады.
Тоқсаныншы жылдары «Қазақстан географиялық атауларының сөздігі.» Жезқазған облысы ( 1988), «Қазақстан географиялық атаулары. Ақмола облысы» (1988), Т. Жанұзақовтың авторлығымен «Атажұрт», «Отечество»(1988), В.Н. Попова авторлығымен «Павлодар облысының топонимдік сөздігі» еңбектері жарыққа шықты. Бұл кезеңде Қазақстан Республикасының жер-су атаулары түгел дерлік жинастырылып, тарихи-лигвистикалық, этнолингвистикалық сипатқа ие болды.
90-жылдардағы қазақ ономастикасында кезеңдік сипаттағы А. Әбдірахмановтың "Историко-этимологическое исследование топонимов Казахстана" (1991) және Е. Керімбаевтың " Этнокультурные основы номинации и функционирования казахских собственных имен" атты докторлық диссертациясында (1992) ұлттық ономастиконның басты салаларының фоно-морфологиялық, сөзжасамдық, құрылымдық деңгейлері мен лексикалық мазмұны этнолингвисикалық, ұлттық-мәдени тұрғыдан жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар Керімбаевтың зерттеуі шеңберінде қазақ жалқы есімдерінің номинация проблемалары, қызмет аясы мен коммуникативтік қатыс барысында қолдану ерекшеліктері ғылыми сипатқа ие болды.
2000 жылдан кейін ұлттық ономастиканың топонимдік, антропонимдік зерттеулермен қатар өзге де зерттелмеген салалары, ғылыми-теориялық аспектілері қолға алына бастады. Сөйтіп, С.Иманбердиева, Какимова қала кеңістігінің ономастикасын зерттеп, прагматонимия мен эргонимия салаларына қатысты кандидаттық диссертациялар қорғады. Б. Көшімова жалқы есімнің жалпылану, деонимдену үдерісін айқындауға арналған кандидаттық диссертация қорғады. А. Арысбаев қазақ топонимдерінің кумулятивтік қызметін (2005), Ж. Исмаилова Оңтүстік Қазақстан өңірінің жер- су атауларының қалыптасу, даму, қызмет ету ерекшеліктері мен соңғы жүз жыл ішіндегі динамикасын саралап берді (2006), араб тілінен енген кісі есімдері Ж. Ағабекованың кандидаттық диссертациясында (2005), А. Мақұлбековтың жұмысында топонимдер дыбыс уәжділік тұрғысынан зерделенген (2008). З. Абдуллина балалар әдебиетіндегі ономастикалық кеңістікті (2008), Н. Асылбекова кісі есімдеріндегі уәжділікті тарихи-тілдік парадигмада қарастырды (2008).
Қазақ тіл білімінде соңғы жылдары қорғалған диссертациялардың ішінен ономастиканы жаңа антропоөзектік парадигмада зерттеу, аталым теориясының негіздерін зерделеуге қатысты мынадай еңбектерді атауға болады: Г. Мадиеваның « Имя собственное в контексте познания» (2005), Б. Тілеубердиевтің « Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері» (2006), А. Жартыбаевтың « Орталық Қазақстан топономиясының тарихи-лингвистикалық, этимологиялық және этномәдени негіздері» (2006), Қ. Айдарбектің « Қазақ терминологиялық аталымының ономасиологиялық аспектісі» (2009) атты докторлық диссертациялары. Бұл жұмыстарда қазақ ономастикасы мен терминологялық аталым теориясының бірқатар іргелі мәселелері қарастырылып, оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Ономастиканың шеткері санатындағы "периферийный" маргиналды бөлігі нарықтық экономиканың ықпалынан замана талабына сай туындап, күн өткен молыға түскен эргонимдер тобы да зерттеу нысанына айнала бастады. Осыған орай сала бойнша С. Иманбердиеваның " Қала тағамхана атаулары" атты кандидаттық диссертация қорғалды (2001) [1; 16-30].
Болатбек Тілеубердиевтің "Қазақ ономастикасының лингвокогнитивтік аспектілері"(2006) атты монографиясында қазақ тіліндегі жалқы есімдер когнитивтік лингвистика мен лингвоконцептология тұрғысынан қарастырылады, ономастикалық концептіге когнитивтік категория ретінде сипаттама бере отырып, қазақ жалқы есімдерін зерттеудегі когнитивтік, лингвомәдени, семиотикалық аспектілер сөз болады. Жалқы есімдердің бойындағы рухани және материалдық мәдениетті ұлттық-танымдық тәжірибесімен сабақтастыра отырып, ментальді-когнитивтік түрдегі таңбалану ерекшеліктері анықталады [2].
Бекжан Әбдуәлиұлының «Қазақ антропонимжасамы» (2012) атты зерттеу еңбекте адам мен есімнің арақатынасы негізге алына отырып, кісі аттарының жасалуына тән белгілер антропонимжасам терминінің аясына топтастырылған және сөзжасамның дербес саласы ретінде қарастырылған. Антропонимжасамның дыбыстық тұлға, мағыналық болмыс, танымдық кеңістік секілді негізгі үш бағыты кешенді түрде тілдік және тілден тыс факторлар бойынша сараланған [3].
Татар ономастикасы ХХ ғасырдың аяғында айырықша жандана бастады. Бұл ретте Г.Ф. Саттаров, М.И. Әхмәтҗанов, Ф.Г. Гарипова, Л.Ш. Арсланов, А.Г. Шәйхулов, Х.Ч. Алишина т.б ғалымдардың татар ономастикасына қосқан зор үлесін ерекше атап өтуге болады. Солардың ең негізгілеріне тоқталып өтсек.
Татар ономастикасы Поволжья топонимикасы бойынша көптеген еңбектер мен монографиялар жариялаған атақты ғалым Г. Ф. Саттаровтың зерттеулерімен бай. Қазан Университетінің профессоры Г.Ф Саттаров Татар тілінің ономастикасына дамуына зор үлес қосты. «Антропотопонимия ТАССР»(1973) атты еңбегінде Татарстан антропотопонимиясын жүйеледі, аталмыш микросистеманың құрылымын ашты. Толық есімдердің фонетикалық және фонетика-морфологиялық өзгерістердің нәтижесінде пайда болған жалқы есімдердің нұсқаларын зерттеді. Жалқы есімдер мен тектерден құралған (шыққан) ТАССР тұрғылықты жердің атауларының мағыналарын ашты, сонымен қатар көне түркі жалқы есімдеріне талдау жасады. Г.Ф Саттаров жалқы есімдердің толық атаулары, және оның этимологиясы, қысқартылған, кішірейткіш, еркелеткіш нұсқалары көрсетілген татардың жалқы есімдерінің түсіндірме сөздігін құрастырып шығарды [4]. Г.Ф. Саттаровтың «Татарстан АССР-ның микротопонимиясы» атты еңбегі татар филологиясы бөлімінің студенттеріне арналған әдістемелік оқу құралы болып табылады. Бұл еңбекте микротопонимдер материалдарын жинақтау және арнайы курстың міндеттері , татар топонимдері қарастырылды. Г.Ф Саттаров «этапы развития и очередные задачи татарской ономастики» еңбегінде татар тілінің топономикасы және антропонимикасының туу тарихы, қалыптасуы мен қазіргі дамуы хақындағы мәселенің бетін ашты. Атақты түркітанушы Тенишев Э.Р аталмыш еңбектің ғылыми маңыздылығы жайында : «Ценной стороной работы является критическое освещение источников, а также трудов специальных и общего характера. Историю изучения татарской ономастики автор делит на три периода... Книга Г.Ф Саттарова, подводящая итоги достигнутым татарской ономастикой успехам и намечающая как ближайшие, так и более отдаленные ее задачи, несомненно ономатики в Татарской АССР» - деп өзіндік бағасын берді. [5;124-126]. Ғалымның тағы бір елеулі еңбегі – «Ни очен шулай аталган?» (1971). Бұл еңбек Татарстан АССР-ның аудандарының, қалаларының, және оның астанасы, көшелерінің географиялық атаулардың талдауларынан тұрады[6].
«Исеме‹ матур, кемнўр куйган?» (1989), «Татар исемнўре ни сойли?» (1998) атты монографияларда енгізілген, мұқият жинақталған, талданған татардың адам атаулары үлкен сөздікті құрайды. «Татар исемнэре ни сойли?» деген еңбегінде 15000 астам кісі аттары жарияланған. Ғалым Г. Ф. Саттаров антропонимдердің даму тарихын зерттей келе, генетикалық, лексика-семантикалық, сөзжасамдық және нормативтік анализдерін берді.
Татар ономастикасының негізін салушылардың бірі, Г. Ф. Саттаровтың шәкірті Ф. Г. Гарипова болып табылады. Ол бар ғұмырын татар гидронимиясын, топонимикасын, жалпы ономастика саласын зерттеуге арнады. Ғалым Ф. Г. Гарипова 1976 жылы « Казан арты гидронимиясе» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ол өзінің диссертациясында Казансу, Мише , Шушма, Ашыт сияқты жер-су атауларын зерттеді [7]. Ал 1991 жылы « Татарстан гидронимиясе» деген тақырыпта докторлық диссертациясы қорғады. Ғалым тек татар гидронимиясын қарастырған жоқ, сонымен қатар ол 1992-1993 жылдары « Татар микротопонимнары» сөздігін жасап шығарды.
Татар топонимикасы бойынша Филология ғылымының докторы, профессор А. Г. Шайхулов Еділ-Урал аймағындағы топонимиясын , ал ғалым Р. К. Садыкова Ульяновск өлкесіндегі топонимияны, Х.Ч. Алишина Сібір татарларының топонимиясын (Тюмень облысы материалы негізінде) [8] зерттеді.
Ғалым Ф. Л. Мазитова татар тектерін, оның қалыптасу және даму тарихына, тектердің лексикалық негізі мен сөзжасамдық құрылымына талдау жасады. Көптеген татар тектерінің қалыптасуына татар тілінің диалектілері мен говорларының ықпалының күштілігін атап өтеді. Ғалым Ф. Л. Мазитова сегіз лексика-семантикалық топтан тұратын татар тектерінің классификациясын берді. Ф. Л. Мазитова татар фамилияларынң екі негізгі этнолингвистикалық қабаттарын бөліп көрсетеді: байырғы татар және кірме қабаттары [9].
Ғалым Х. Ф. Исхакова «Сопоставительная грамматика татарских и русских собственных имен» атты монографиясында типологиялық жағынан әр топқа жататын тілдер орыс және татар тілінің антропонимдерінің грамматикалық ерекшеліктерін сипаттады [10]. Ал татар есімдерінің фонетикалық ерекшеліктерін Л. Ф. Осипова өзінің кандидаттық диссертациясында қарастырды [11].
Сонымен қатар, татар ономастикасына үлес қосқан, статистикалық әдіс қолдану арқылы орындалған Г.Р. Галиуллина, Г.С. Тимирханованың кандидаттық диссертациясын ерекше атап өтуге болады. Зерттеуші Галиуллина «ХХ ғ. Қазан қаласының татар антропонимиясы» еңбегінде ХХ ғасырдағы Қазан қаласындағы жаңа туған сәбилерге қойған есімдердің себебін зерттеді, татар есімдерінің сандық динамикасы мен статистикасын көрсетті, татар кісі атауларының генетикалық қабаттарын анықтады. Ең көп тараған және сирек кездесетін есімдерді анықтап белгіледі. Автор сирек кездесетін есімдер қатарына көнерген архаизм есімдер, шын мәндегі архаизмдер, жаңарған архаизмдер, сирек неологизм-есімдер, ата-ананың сәтсіз ат қоюының нәтижесінде пайда болған, және жазылуындағы қателердің салдарынан есімдердің мағынасы мен этимологиясын анықталуы мүмкін емес сирек кездесетін есімдерді жатқызады [12]. Ғалым Г. Р. Галиуллина ұстазы, профессор Г. Ф. Саттаровтың жетекшілігімен 2009 жылы өзінің докторлық диссертациясын қорғады. Ғалым еңбегінде татар антропонимиясын лингвомәдени аспектіде қарастырып зерттеді [13].
Антропонимияға қатысты ғалым Г.С. Тимирханованың кандидаттық диссертациясын атап өтуге болады. Кісі атаулары мен тектердің қалыптасу алғышарттарын егжей-тегжейлі қарастырды, есімдердің қойылу себебі мен шартын анықтап, лексика-семантикалық және татар есімдері мен тектердің классификациясын берді. ХХ ғасырдағы « Набережная Челны» қаласының татар қісі атаулары мен тектерін тарихи-лингвистикалық зерттеуі нәтижесінде олардың жалпы татар антропонимикалық мұрасымен тығыз байланысын көрсетті [14].
Башқұрт тіл білімінде ономастика мәселесі ХХ ғасырдың елуінші жылдардың басында зерттеу нысанына айнала бастады. А. А. Камалов, Р. З. Шакуров, Ф. Г. Хисамитдинова, Т. Х. Кусимова, М. Г. Усманова, З. Ф. Габдрахманова, Г. Х. Бухарова башқұрт ономастикасның дамуына айтарлықтай үлес қосты. Башқұртстан су атауларын А. А. Камалов өзінің кандидаттық диссертациясында зерттеді [15]. Кейіннен ғалым «Башкирская топонимия» (Уфа, 1997) атты тақырыпта 1997 жылы докторлық диссертация қорғады. Ғалым бұл еңбегінде салыстырмалы және ареалды зерттеулер жүргізді. Ал ғалым Р. З. Шакуров «Топонимия бассейна реки Демы»(Мәскеу, 1973) атты еңбегінде башқұрт топонимдердің әсіресе сөзжасамдық құрылымына және тарихына назар аударады. Башқұрт тіл білімінде антропонимдерді ең алғаш Т. Х. Кусимова «Древнебашкирские антропонимы» (Уфа, 1975) атты кандидаттық диссертациясында қарастырды. Бұл еңбекте тұңғыш рет антропонимдерге толық лексикалық анализ жасалды. Сонымен қатар А. Шайхуловтың «Татарские и башкирские личные имена тюркского происхождения» (Мәскеу, 1978) атты еңбегінде тарихи тұрғыда башқұрт және татар антропонимдеріне салыстырмалы-типологиялық сипаттама берілді. Башқұр тіл біліміндегі антропонимдерге қатысты жаңаша бағытта зерттелген З. М. Раемгужинаның «Башкирский антропонимикон в свете языковой картины мира (аспекты формирования и особенности функционирования)» (2009) атты еңбегін ерекше атап өтуге болады. Бұл еңбекте автор башқұрт тілінің көлемді антропонимикалық материалдарда универсалды және ұлттық әлемнің көрінісі зерттеп, башқұрт антропонимдеріне этнолингвистикалық анализ жасайды. Сонымен қоса антропонимдерге генезис, құрылымы және семантикасы тұрғысынан сипаттама беріледі [16]. 1980 жылы тұңғыш « Словарь топонимов БАССР» атты топонимдер сөздігі жарыққа шықты. Негізгі құрастырушылары – Р. З. Шакуров, А. А. Камалов, З. Г. Ураксин, М. Ф. Хисматов.
Құмық тіл білімінде ономастика саласын тұңғыш зерттеген ғалым А. А. Сатыбалов болды. Ол 1936 жылы « Советское языкознание» журналында « К вопросу о личной ономастике у кумыков» атты мақаласын жариялады. Бұл мақалада құмық халқының кісі атаулары салт-дәстүрлерімен байланыстыра қарастырылады. Сондай-ақ кісі атауларының этимологиясына да ерекше назар аударады [17]. Құмық тіліндегі антропонимдерді кеңінен қарастырған - Н. Э. Гаджиахмедов. Ғалым «Личные имена кумыков: традиции, имянаречения, происхождение, семантика и грамматика» атты еңбегінде құмық антропонимикондарының қалыптасуы мен дамуы, құмық есімдерінің этнолингвистикалық қабаттары, кісі атауларының морфологиялық аспектілері қарастырылып, сондай-ақ құмық антропонимдерінің құрылымдық-сөзжасамдық классификациясы берілген [18]. Құмық антропонимдеріне қатысты Р. А. Мусаеваның «Кумыкская антропонимика :прозвища и полуимена» атты еңбегін атап өтуге болады. Бұл еңбекте автор құмық лақап аттарының лексика-семантикалық, грамматикалық және стилистикалық ерекшеліктерін анықтап, құмық тіліндегі лақап аттардың ғылыми классификациясын берді [19].
Құмық топонимдері тек осы 5-6 жылда ғана қолға алынып зерттеле бастады. Атап айтқанда құмық топонимдері Г. А. Джаватованың «Топонимика селения Нижнее Казанище Буйнакского района Республики Дагестан» (Махачкала, 2010) және З. А. Адукованың «Семантика и структура кумыкских топонимов»(Махачкала, 2013) атты кандидаттық диссертацияларда кеңінен қарастырылған болатын.
Қарашай-балқар ономастикасы ХХ ғасырдың алпысыншы жылдардың соңында жүйелі түрде зерттеле бастады. Мәселен, 1969 жылы П. С. Рототаевтың орографиялық объектілердің атауларымен « Краткий словарь горных названий Кабардино-Балкарии» атты еңбегі жарыққа шықты. Ал 1970 жылы Дж. Н. Коков пен С. О. Шахмурзаевтың « Балкар топонимикалық сөздігі» жарияланды. 1981 жылы Б. Х. Мусукаевтың « Топонимия высокогорья Балкарии» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл балқардың географиялық атауларын лингвистикалық тұрғыда зерттеген тұңғыш монографиялық еңбек болып табылады. Сонымен қатар ғалымның тағы "Топонимы Балкарии" (Нальчик ,1981) еңбегінде Балқар елінің барлық топонимдер жүйесін сипаттайды, топожүйенің қалыптасу тарихы мен даму кезеңдерін белгілейді, олардың басты қабатын (топтарын) анықтайды, лексико-семантикалық топтар арқылы (бойынша) олардың классификациясын береді, сонымен қатар құрылымдық талдау, топонимдердің жасалу жолдарын саралап көрсетеді.
1982 жылы М. А. Хабичев « К гидронимике Карачая и Балкарии» деген кітабы жарық көреді. 2007 жылы жарық көрген Б. Х. Мусукаевтың « очерки балкарской ономастики» атты еңбегі кісі атауларының әр түрлі тобына, сонымен бірге топонимдерге де арналған.
Балқар топонимиясы негізінен зерттеу нысаны ретінде ХХ ғасырдың екінші жартысында қолға алына бастады. балқар топонимиясының құрылымы, семантикасы, этимологиясы мәселесіне арналған Л. И. Лавров, И. М. Мизиев, К. И. Мизиев, Ш. К. Акбаев, И. Х. Ахматова, М. А. Хабичева, С. Я. Байчорова, Б. Х. Мусукаев, Дж. Н. Коков, С. О. Шахмуразаев, С. А. Хапаев және т.б., ғалымдардың еңбектерін атап өтуге болады.
Қырымтатар ономастикасы бойынша мәліметтер өте аз. Жалпы қырым татарлардың антропонимдерін ғалым А. М. Эмирова алғаш қарастырып зерттеген. Ғалым өз еңбегінде «онимы являются кумулятивными знаками – в них скапливается разнородная информация об предмете, именем которого они являются: о месте его нахождения, о времени его создания, о языке именования, о народе, давшем ему это имя и оценившем его место в своей материальной и духовной жизни» [20; 232] деп ескертеді. Ғалым орыс тілінің әсерінен қырымтатар антропонимдерінің өзгерістерін қарастырды.