Антонимдердің зерттелуі
Тюркологияда антонимия мәселесі елуінші жылдардың соңында ғана зерттеле бастады (Мусабаев, 1959; Киекбаев, 1966; Ахатов, 1975, 1979).
Қазақ тілінің антонимін Ж. Мусин өзінің кандидаттық диссертациясында зерттеді (1970). Ғалымның бұл зерттеуі түркі тіл біліміндегі тұңғыш антонимия мәселесіне қатысты еңбек болып табылады.
Қазақ тілінің антонимдерін Ж. Мусин, А. Жұмабекова зерттеп, антонимдер сөздіктерін құрастырған. Қазақ тіліндегі антонимдерді топтастыру жайында екі түрлі көзқарас бар: бірі - ұғымдардың белгілі бір логикалық қатарындағы қарама-қарсылығына негізделген тіл бірліктерінің қарама-қарсылығын білдіретін антонимдік жұптар тұрғысынан топтайтын Ж. Мусиннің пікірі. Екінші, антонимдерді логикалық, грамматикалық, психолингвистикалық қатынастарға негізделген универсалды құбылыс деп қарайтын А. Жұмабекованың пікірі. Оның пікірінше, осы күнге дейін тіл бірліктерінің қарама-қарсылығы ғана антонимдік жұп құрауға негіз болған, енді логикалық, психологиялық, тілдік ұғымдарды кең көлемде кешенді бағытта Н.С. Трубецкой ұсынған оппозиция әдісі бойынша топтастыру қажет [32; 150].
Башқұрт тіл білімінде бір қатар мақалалар мен башқұрт тіліндегі оқулықтарда жекелеген тарауларда антонимдерге қатысты мәселелерге тоқталып өтеді. Бұл еңбектерде башқұрт тіліндегі антоним сөздерінің семантикалық табиғаты сипатталады, жасалу жағынан антонимдердің түрлерін бөлуге тырысады, антонимдердің семантикалық классификациясын беріп, сонымен бірге антонимдердің басқа да семасиология, синонимия сияқты құбылыстармен байланысын сипаттайды [33]. Башқұрт тіліндегі антонимдер сөздігі түркі тіл білімінде тұңғыш сөздік болып табылады. Бұл сөздіктің кіріспе бөлімінде башқұрт тілінің антонимдері сипаттап, оның ерекшеліктерін айқындайды. Автордың түбірлес антонимдерді бақылауы, сонымен қатар башқұрт тіл білімінде жиі ұқсас болып танылған антонимдерді антитезадан айыра білу тәсілі де ерекше. [34; 3-4]
Татар тіліндегі антонимдерге алғашқы болып ағартушы, лингвист К.Насыри назар аударған. Ол өзінің «Энмузэ» /Эндмюзядж, 1895/ атты еңбегінің төртінші бөлімінде қос сөздердегі антонимдер мен синонимдерді ажыратып, сөздердің байланысуын талдайды. Мысал ретінде келесі антонимдерді келтіреді: ачалак - Яуумалак, алыш-биреш, алмак-бирмэк, килем-китем, килде-китте т.б.
Профессор Г.Х Ахатов татар тіліндегі антонимдердің семантикалық және құрылымдық классификациясын зерттеген. Ол «Татар телендэ антонимнар» атты мақаласында семантикалық тұрғыда татар тіліндегі антонимдердің классификациясын алғаш рет ұсынады. Автор антонимдерді семантикалық тұрғыда алты группаға бөліп көрсетеді: 1) Зат атауларының қарама-қарсылығын білдіретін антонимдер; 2)Адам және жануарлардың жынысына қарай, жасына қарай қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер; 3) Зат атауларының қасиеттерінің қарама-қарсылығын білдіретін антонимдер; 4) Уақыттың, кеңістіктің қарама-қарсылығын білдіретін антонимдер; 5) Көлемі, өлшемі жағынан қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер; 6) Қимыл, іс-әретекеттің қарама-қарсылығын білдіретін антонимдер. Осы сияқты татар ғалымы Ф.С Сафиулина да антонимдерді лексикалық мағынасына қарай алты түрге бөледі. Сонымен қатар, Г.Х Ахатов мақалада антонимияның басқа да лексикалық құбылыстармен, атап айтқанда, синонимиямен, полисемиямен, омонимиямен және фразеологиямен өзара байланысы жайлы мәселе де қозғалды.
Ғалым құрылымы жағынан антонимдерді екі түрге бөледі: 1. Түбір антонимдер ( түбір сөздерден тұратын); 2. туынды антонимдер.
Автор мақаласында көркем әдебиетте антонимдерді әр түрлі стилистикалық мақсатта қолдану жайлы мәселені қозғайды.
Антонимдерге байланысты айтылып жүрген ұғымдардың бірі- энантиосемия. Энантиосемия құбылысы жайында ғалым Ханбикова Ш.С «Сөздегі антонимдік мағына (энантиосемия)» (1982) атты мақаласында кеңірек тоқталып өтеді. Ол татар тілінде энантиосемияның екі түрін атайды: 1. Бір сөздегі қарама-қарсылық; 2. Бір мағынадағы сөздердің қарама-қарсылығы. Мақалада бұл құбылыстың пайда болуының екі себебін көрсетеді: а) мағынаның диффузиясы; б) Мағына құрылымында қарама-қарсы компоненттердің бар болуы. Фразеологиядағы энантиосемия Г.Х.Ахунзянованың (1972) еңбектерінде айтылып өткен болатын.
Татар тіліндегі оксюморондарға Г.Х Ахатовтың және Р.А Закировтың (1980) мақалалары арналған.
Диалектілік антонимдер Г.Х Ахатовтың «Батыс Сібір татарларының диалектілері» (1963) атты монографиясында көрсетілген.
Антонимдерді қолданудың стилистикалық ерекшеліктері Х.Р Курбатовтың « Хозерги татар әдеби теленен стилистик системасы» (1971) атты еңбегінде айтылған. Бұл еңбектің «Лексикалық стилистика» деген бөлімінде автор антонимдермен тығыз байланысты оксюморон сынды құбылысқа талдау жасайды.
М.Б Хайруллина татар әдеби тілінің лексикалық жүйесінің дамуы мәселесіне арналған монографиясында антонимдерді тілдегі сөздік қорды байытуға қабілеті бар екенін айырықша атап өтеді. Еңбекте лексикалық антонимдер хақында жалпы түсінік берілген.
Татар тілініндегі антонимдердің жалпы мәселелеріне Л.Г Хабибовтың кандидаттық диссертациясы арналады [1984].
Басқа да антонимдер, оның құрылысы, грамматикалық және стилистикалық ерекшеліктері, көркем әдебиетте, фольклорлық туындыларда, ономастикада қолданылуы жайында М. 3. Закиев, Ф. А. Ганиев, Д. Г. Тумашева, Э. М. Ахунзянов, А. Юсупов, Г. Ф. Саттаров, Ф. Г. Гарипова, Л. М. Ризванова, Д. Б. Рамазанова және т.б ғалымдардың жалпыфилологиялық еңбектерінде бар[35].
Құмық тіл білімінде антонимия мәселесі түбегейлі зерттелмеген, дегенмен диссертациялық, монографиялық зерттеулер баршылық. Мәселен, құмық және орыс тілінің лексикасы мен фразеологиясының антонимдік қатынасын салыстармалы зерттеуге арналған Г.Р Муташеваның еңбегі [Махачкала, 2010], және де З.А Хасбулатованың "Құмық тіліндегі антонимдер: лексика-грамматикалық және стилистикалық аспектілері" [Махачкала, 2010] атты диссертациясын атаймыз. Ғалым З.А Хасбулатова құмық тіліндегі антонимдерді алғаш зерттеп, терең талдаулар жасады. Ғалымның диссертациялық еңбегінде тұңғыш рет қазіргі құмық тіліндегі лексикалық антонимдер қарастырылды. Лексика-грамматикалық және құрылымдық өзгешелігін талдау негізінде антонимдердің түрлерінің классификациясын жасап шығарды. Алғаш рет қазіргі құмық жазушыларының шығармаларының қолданысындағы лексикалық антонимдер әр аспектілі қарастырылды.
Қарашай-балқар тіл білімінде антонимия проблемасы Ж.М. Гузеев, И.М. Отаровтың еңбектерінде қарастырылған. Екі автор да өз зерттеулерінде антонимдерді тілдік және контекстуалдық деп бөледі. И. М Отаров « қарама-қарсы мағынаға ие сөздердің әртүрлі белгілеріне байланысты антонимдер тілдік және контекстік деген екі түрге ажыратыла алады.» деп ескертеді [36;34-35].
Қарақалпақ тіл білімінде антонимдерді филология ғылымының докторы, профессор Е.Б. Бердимуратов жан-жақты зерттеп қарастырды. Ғалым қарақалпақ тіліндегі антонимдердің мағына жағынан бірнеше түрін көрсетуге болатынын айта келіп, олардың мынадай мәндерде антонимиялық жұптар құрайтынын көрсетеді:
1. Заттың сапасын білдіретін сөздер арқылы (ашшы- душшы, жақсы-жаман, қатты-бос т.б);
2. Заттың я құбылыстың түрін-түсін, , үлкен-кішілігін білдіретін сөздер арқылы (ақ-қара, узақ-қысқа т.б);
3. Уақытқа, мезгілге байланысты сөздер арқылы (қыс-жаз т.б);
4. Тұрмыста адамдар арасындағы қатынастың характеріне, олардың тұрмыс жағдайына байланысты пайда болған сөздер арқылы (дос-душпан, мүсәпир-жауыз, аш-тоқ т.б);
5. Заттың я құбылыстың белгілі бір жағын көрсететін сөздер арқылы (басы-аяғы, иши-сырты, оңы-терси т.б);
6. Әрекетті анықтайтын сөздер арқылы (жылау-күлу, кел-кет т.б);
7. Антонимдік жұптар заттың я құбылыстың көлем, мөлшерін түсіндіретін сөздер арқылы (көп-аз, орта-толы, жуп-тақ, егиз-тақ т.б);
8. Заттың я құбылыстың орнын, бағытын көрсететін сөздерден (жоқары-төмен, бәлент-пәс, баспа-шүйелме т.б) [29;47-50б].
Ғалым қазіргі қарақалпақ әдеби тілі лексикасында антонимдерді зерттеу бұл лексиканың басқа да мәселелерін зерттеу үшін де зор мәнге ие екенін баса айтады. Себебі, мәселен, сөздердің қарама-қарсы мәндерін анықтау арқылы тілдегі полисемиялық құбылыстарды, омонимиялық және синонимиялық құбылыстарды дұрыс белгілеуіміз мүмкін дейді.
Антонимия мәселесі қырымтатар тіл білімінде де кеңінен зерттелген. Қырымтатар тіліндегі антонимдер тұңғыш ғалым А. Меметов қарастырған. Жалпы қырымтатар тіліндегі негізгі лексикалық категориялар- омонимия, синонимия, антонимия мәселелерін А. Меметов ең алғаш баспасөз бетіне жариялап зерттеген болатын. Ғалым өз еңбектерінде антоним ұғымы, түбірлес сөздердің антонимге қатысы мәселесін қарастырып, толық және толық емес антонимдер жайлы түсінік береді. [37;62-68б, ; 39-40б]. Қырымтатар тіл білімінде антоним ұғымы жайлы «Къырымтатар тили (фонетика, лексикология, фразеология)»[38;51-52б] атты оқу құралында антонимдік қатынасқа түсетін зат есім, сын есім, есімдік, үстеу, етістік сияқты сөз таптары бөлінеді. Түбірлес және әртүбірлес антонимдер, сондай-ақ антонимдік жұптары жоқ сөз таптары т.б., ажыратылып көрсетілді.