Синонимдердің зерттелуі
Тюркологияда синонимия мәселесіне ең алғаш татар тіл мамандары көңіл аудара бастады. Татар тілінің синонимдерін ғылыми тұрғыда зерттеу ХХ-ғасырдың 30-40 жылдардан бастау алады. Х.Салимның «Бездə синонимнар һəм алар өстендə эшлəү» мақаласы 1933 жылы «Магариф» журналында жарияланды. Аталмыш мақала татар тілінің синонимдеріне арналған алғашқы ғылыми еңбек болды. Х. Салим өз мақаласында сөздік қорды байытуға зор рөл атқаратынын ерекше айта келе, синонимге былайша анықтама береді: «Төрле социаль-экономик шартларда телнең тарихи үсеше нəтиҗəсендə барлыкка килеп, əдəби телдə тигез хокук алганмəгънəдəш сүзлəрне генə синонимнар дип əйтə алабыз».
Мақаланың қорытындысында ғалым татар тілінің синонимдерін айқындап, және оларға терең талдаулар жасап, синонимдер сөздігін құрастыру керектігін баса айтады.
1940 жылы Хангильдин В.Н татар тілінің синонимдерін зерттеуге арналған екі мақаласын жариялады. Автор бұл мақалаларында синонимдердің эксперссивті-стилистикалық қызметіне ерекше назар аударады. Сонымен қатар, Хангельдин В.Н татар тілінің синтаксистік синонимиясын қарастырып зерттеген. Осы ретте, татар тіліндегі синтаксистік синонимдер жайында С.М Ибрагимованың татар телендэ синтаксик синонимнар" зерттеу еңбегін атап өтуге болады (1976). Автор бір құрамды сөйлемнің синонимиясына ерекше назар аудара зерттеді.
ХХ ғасырдың 40-жылдар соңында синонимия мәселесі атақты татар филологы Ш.А Рамазановтың "татар тили буенча очерклар" монографиясында көрініс тапты.
Төл сөз және төлеу сөз материалы негізінде синонимика және стилистика жайында толық мағлұматты Қурбатов.Х «Татар теленең синтаксис һəм стилистика мəсьəлəлəре» атты еңбегінде береді.
Елуінші жылдардың соңында қазіргі татар тілінің синонимия мәселесімен филолог-ғалым Ш.С Ханбикова айналыса бастады. «Татар телендə синонимнар» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Ғалымның бұл еңбегі кейін монография ретінде жарыққа шықты. «Татар телендə синонимнар» монографиясы татар тілінің синонимиясы бойынша іргелі зерттеулердің бірі болып табылады. Ғалым Ханбикова синонимдерді екі топқа бөліп қарастырады: 1) лексика-фразеологиялық 2) грамматикалық синонимдер.
Ш.С Ханбикова ең алғашқы татар тіл біліміндегі синонимдер сөздігінінің (1962) авторы.
Соңғы жылдары Сафиуллина Ф.С татар тілінің синонимдерін зерттеп, жемісті еңбек етті.
1999 жылы Ханбикова Ш.С, Сафиуллина Г.С авторлығымен «Синонимнар сүзлеге» жарыққа шықты [21; 128-131]
Қазақ тіліндегі синонимдерді жүйелі түрде зерттеу, оның сөздігін құрастыру өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасынан басталады. Содан кейінгі жарты ғасырлық кезеңде синонимдерге қатысты тақырыпта бірнеше кандидаттық, докторлық диссертация қорғалды. Түркітану ғылымында ең алғашы арнайы синоним саласындағы ғылыми еңбек ғалым Ә. Болғанбаевтың монографиясы (1950) болып табылады[;128б]. Ғылыми жұмысының негізгі бағыты қазақ тілі лексикологиясы мен лексикографиясын зерттеуге арналған филология ғылымының докторы Әсет Болғанбаевтың "Қазақ тіліндегі синонимдер" атты монографиясы (1970) қазақ тіл біліміндегі іргелі ғылыми еңбек деп бағаланады. Оның құрастыруымен "Қазақ тіліндегі синонимдер сөздігі" 1962 жылы тұңғыш рет жарық көрді. Бұл сөздік 1975 жылы екінші рет басылып шықты. Ғалым өз еңбегінде қазақ тіліндегі синонимдік қатардың бәрінен гөрі етістікте, сондай-ақ зат есім мен сын есімде көбірек кездесетінін атап көрсетті. Оның еңбектерінде лексикалық синонимдердің сипаты, мағыналық реңктері, синонимдерді қолдану тәсілдері кең талданған [22].
Сонымен қатар М. Серғалиевтің «Етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы» атты еңбегінде қазір қазақ әдеби тіліндегі синтаксистік сөз тіркестерінің синоним болу мүмкіндіктері қарастырылған.
Жалпы қазақ тіл білімінде сөздің әр алуан варианттары мен дублет сөздер жүйелі түрде С. Бизақов еңбектерінде зерттелген. ( Бизақов. С. Варианттылық және әдеби норма//филол.ғылым докторы...дисс.авторефераты. Алматы, 2000).
Профессор Ф. Оразбаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есімді синонимдер» атты еңбегінде қазіргі қазақ тілінің лексикасына қатысты сын есім синонимдердің басты-басты ерекшеліктері қарастырылып, олардың жасалу жолдары кеңінен сөз болды [24].
Синонимияның лексикада және фразеологияда көрініс табуы Башқұрт тіл білімінде де айтарлықтай едәуір зерттелген. Башқұрт тілінде синонимдерді атақты тюрколог маман, фразеолог-ғалым Ураксин З.Г, тюрколог ғалым Киекбаев Д.Г. зерттеген. Башқұрт тіліндегі синонимия мәселесіне қатысты еңбектер, атап айтқанда, Ураксин З.Г "Фразеологические синонимы в современном башкирском литературном языке"[канд.дисс.1966жыл],"(1966), Уразбаева З.Г "Вариантность слова в башкирском языке" (1998), Агзямова. С.Х "синтаксические синонимы в башкирском языке" (канд.дисс.,2009) т.б зерттеу еңбектері, кандиттық диссертацияларда кеңінен қарастырылып зерделенген. Ураксин З.Г башқұрт тілінің тұңғыш синонимдер сөздігін құрастырып шығарған.(1966,1985, 2000).
Құмық тіл білімінде синонимдерді ең алғаш ғалым Батырмузаева У.М қарастырған. «Синонимы и синонимичесие отнашения в кумыкском языке» [25] атты еңбегінде ғалым дәл және қатыстық синонимдер мәселесін қарастырып, синонимдік қатарлардың доминанттарын зерттеді. Автор құмық тілінің лексикалық синонимдерін есімді және етістікті деп бөледі. Сонымен қатар стилистикалық синонимдерге ерекше тоқталып өтіп, оларды синонимдердің аралық бір түрі ретінде қарастырады. Ғалым стилистикалық синонимдерді лексика-семантикалық деңгейде шамалас, ал функционалды-стилистикалық тұрғыда шамалас емес деп есептейді. Дегенмен, тілде синонимдердің стилистикалы, және стилистикалы біртекті, стилистикалы әртекті деп қана бөліне алады деген пікір де бар.
Сонымен бірге, ғалым У.М Батырмурзаева контекстегі синонимдер, синоним және оның пайда болу жолдары, синоним және фразеология мәселелерін зерттеген. Осы аталған мәселелерді құмық тілінің маманы К.С Кадыраджиев, П.И Джалилова да (проблемы изучения синонимов в кумыкском языке,2002) қарастырды. Кейінен 2003 жылы Джалилова П.И "Синонимы и синонимические отношения в лексике кумыкского языка" тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғалым Джалилова П.И құмық тілінің лексикасындағы синонимиясының семантикалық ерекшелігін сипаттап, зерттеп, сонымен бірге басқа да түркі тілдес және кейбір түркі тілдес емес (орыс тілі) тілдердің синонимиясының семантикалық ерекшеліктерімен салыстыра отырып қарастырған.
Қарашай-балқар тіл білімінде синоним мәселесін кеңінен қарастырған ғалым Э.Н Уртенова болып табылады. Ол 2004 жылы " Синонимы и синонимические отнашения в лексике карачево-балкарского языка" атты тақырыпта өзінің кандидаттық диссертациясын қорғады. Диссертацияда ғалым қарашай-балқар тілінің лексикасындағы синонимдердің ерекшеліктерін жүйелі түрде сипаттап зерттеп қарастырды. Қарашай-балқар тіліндегі синонимия мәселесіне қатысты М.А Ахматованың «однокоренные синонимы в карачаево-балкарском языке» (Махачкала, 1997) еңбегін жатқызамыз.
Қырым татар тілінің омонимия, синонимия, антонимия, полисимия сияқты негізгі лексикалық катерогиялары өте аз зерттелген. Қырым татар тіліндегі синонимия мәселесін ең алғаш 1974 жылы "Советская Тюркология" журналының №5 санында А. Меметов " Синонимы в современном крымскотатарском языке" мақаласында қозғаған болатын. Кейінен 2001 жылы "Йылдыз" журналының №3 санында Шабутова Л. "къырымтатар тилинде манадаш сезлер" мақаласында қырым татар тіліндегі синонимдерге кеңінен тоқталады. Тек 2002 жылы Р.Р Девлетовтың құрастыруымен " Къырымтатар тили синонимлери. лугъат" атты сөздігі жарыққа шықты.