Болгар бұрыштың шығуы
Ауылшаруашылық өсімдіктерінің биологиялық ерекшеліктері көбіне олардың географиялық шыққан жеріне және дақылдың табылған жеріне байланысты болып келеді. Бұрыштың отаны Оңтүстік Мексика, Гватемала болып саналады. Оны дақыл ретінде қазіргі АҚШ және Солтүстік Мексика территориясында ежелгі үнділіктер өсірген. Әдебиеттерде бұрыш туралы алғаш рет 1493 жылдан бастап жазыла бастаған. Бұрыш Еуропаға XVI-ғасырдың ортасынан бастап тарала бастады. Бұрышты дақыл ретінде алғаш рет Испанияда өсірді, одан соң ол Италияға және басқа елдерге таралды.
Балқан елдеріне бұрыш 1585 жылы әкелінді. Болгарияда бұрыш қазіргі кезде ең сүйкімді көкөніс болып табылады. Оны тағамға жас күйінде дәмдеуіш ретінде және өңделген күйінде қолданады. Болгарияның консерві жасау өндірісінде бұрыштан 28 түрлі консерві дайындайды. Құрғақ, үгітілген күйіндегі бұрыш Болгар асханасындағы кең таралған дәмдеуіштердің бірі болып табылады. Сондықтан Болгарияда eгic көлемі және өнім жинау бойынша көкөніс дақылдарының ішінде бұрыш бірінші орынды алады. Бұрыш қазіргі кезде 11-12 мың га жерге өсіріледі. Ал жылдық жалпы өнім 200-250 мың центнерді құрайды.
Венгрияда бұрышты XVI-ғасырдан бастап пайдалана бастады және қазіргі кезде ол кең таралған.
XVIII-ғасырда бұрыш Германияға тез таралды.Германияда бұрыштан гектарына 480-нен 210 центнерге дейін өнім алады.
Румынияда, Чехословакияда, Югословияда және басқа да елдерде бұрышты көптеп өсіруде.
Ресейге көкөністік бұрыш Болгариядан әуесқой дақыл ретінде XVIII-ғасырдың екінші жартысында әкелінді. ХІХ-ғасырдың аяғында Одесса маңында бақшамен айналысатындар бұрыш өсірді. ХХ-ғасырдың басында бұрыш Ресейдің оңтүстігі мен Молдавияға таралды.
Оңтүстік Қазақстан облысында бұрышты ХХ-ғасырдың ортасынан бастап өсіре бастағанына қарамастан Қазақстанда оны ғылым нысаны ретінде аз қарастырды. Тәтті бұрыш бойынша жүргізілген салмақты ғылыми зерттеу жұмысы ретінде А.Селедцов еңбегін атауға болады.
Г.Каплина мәлімдеуі бойынша Қазақстанның жылы аймақтарында бұрыштың Болгарский 79 сорты аудандастырылған. Оның пікірі бойынша бұрышты қарашірік мөлшері жеткілікті, механикалық құрамы жеңіл гидроморфты топырақта өсіру тиімді. Мұнда ол 448 ц/га дейін өнім береді.
Болгар бұрыш жоғары құрамды дәруменді және жеңіл сіңімді минералды тұздары бар азық болып табылады, сондықтан оның азықтық және диетикалық маңызы жоғары. Бұрыш жемісінде С дәрумені қызанаққа қарағанда 10-12 есе, цитрустарға қарағанда 2-6 есе және қарағай, шыршаға қарағанда 2-4 есе көп. С дәрумені бойынша тәтті бұрыш тек қарақатқа ғана орын береді. 1 гектардағы өнімі 120 центнер болатын, 100 гр шикі жемісінде 450 мг С дәрумені бар өнімнен 25 кг-ға дейінСдәруменін жинауға болады. Цинга ауруына қарсы бұрыштың маңызы бар. Каротин құрамы бойынша бұрыш сәбізге жақын. Бір күнде 25 гр тәтті бұрыш пайдаланған ересек адамның С дәруменіне деген тәуліктік мөлшері қамтамасыз етіледі. 45 гр бұрыш А дәруменінің тәуліктік қабылдау мөлшерін қамтамасыз етеді. Бұрыштағы (А,В,С,Р) дәрумендерінің жоғары құрамды болуы, оның биологиялық белсенді заттар көзі ретінде қарастыруға болатындығын көрсетеді. Азотты заттар бойынша (2,73-3,66%) тәтті бұрыш көкөніс дақылдарының ішіндегі алғашқы орындардың бірін алады.
Бұрыштың дәмдік қасиеті капсанцин араматты затына көп байланысты. Ол адам ағзасында ас қорытатын сөлдерді көп бөлдіріп, тағамның сіңімді болуын қамтамасыз етеді.
Халық арасында бұрыш жоғары сұранысқа ие. Бұрыш жемісін кулинарияда пайдаланады, оларды маринадтайды, тұздайды және әр түрлітағамдар жасайды. Бұрыш жемісі қызанақ, қияр және көптеген тұздықтар дайындауда қолданылады. Бұрыш консерві жасау өндірісінде құнды шикізат болып табылады. Консерві жасауда және тұздағанда бұрыш дәрумендерінің 50-80% сақталады.
Қызанақ соусында көкөністермен фаршталған бұрыш консервісінде орташа 22,7% құрғақ зат, 6,6% май, 8% көмірсу, 0,3% органикалық қышқылдар, 1,7% ақуызды заттар, 2,0% минералды заттар бар.
100 гр фаршталған бұрышта мг есебімен алғанда С дәрімені 22%, каротин 9,9%, В1 дәрумені 0,17%, кальций 62%, фосфор 47%, темір 18%, калий 17,3%, магний 33% құрайды.100 гр фаршталған бұрышта 104 калория бар .