Gnathostomata, seu Ectobranchiata

Жақтылардың жақсыздардан ерекшелігі атына сай алдыңғы желбезек доғаларынан пайда болған жақтарының болуы, олардың қызметі – қорегін ұстау және майдалау. Жұп иіс-сезу қапшықтары сыртқа жеке-жеке ашылады. Ішкі құлақ қуысында үш жарты шеңберлі өзек болады. Тыныс алу органдарына эктодермалды желбезектер немесе өкпе жатады. Ішкі қаңқа – шеміршекті немесе сүйекті. Жұп аяқтары – жүзбе қанаттар, бессаусақты аяқтар немесе қанаттар.

Қарапайым жақтылардың қазба қалдықтары әлі табылмаған. Бұлар қарапайым жақсыздардан, әртүрлі қалқаншалылардан (Heterostraci) шығуы мүмкін. Ол силурда жүзеге асқан. Жақтылар екі: Балықтар - Pisces және Төртаяқтылар - Tetrapoda класүстін біріктіреді.

Балықтар класүсті – Pisces

Балықтар – ең ежелгі алғашқы су омыртқалылары, олар тек сулы орта тіршілік етуге қабілетті. Негізгі, көпшілік жағдайда, бірден-бір тыныс алу органының қызметін желбезек атқарады. Бассүйек омыртқа жотасымен қозғалмай байланысқан, мойын бөлімі жоқ. Асқорыту жолы бөлімдерге жіктелген: көптеген түрлерінде қарын бөлінген, ішек ащы және тоғы ішекке жіктелген. Қан айналу шеңбері біреу, жүректе венозды қан болады. Тек қостынысты балықтарда екінші өкпелік қан айналу шеңберінің пайда болуы байқалады, бұлардың жүрегінде аралас қан болады. Балықтардың денесі түрлі құрылысты қабыршақтармен жабылған. Олар: плакоидты, космоидты, ганоидты, сүйекті қабыршақтар. Бүйір сызығы жақсы жетілген. Аяқтары – жұп кеуде және құрсақ жүзбе қанаттары, сол сияқты дара құйрық, арқа және аналь қанаттары да болады. Негізгі қозғалыс типі – барлық денесін ирелеңдетіп толқынтәрізді қозғалу немесе құйрық жүзбе қанатының көмегімен қозғалу. Жұп жүзбе қанаттары қозғалысты реттесе, ал дара қанаттар тепе-теңдікті сақтайды. Балықтар тез әрі күшті жүзгіштер, бұлшық еті жақсы жетілген. Дөңгелек ауыздыларға қарағанда балықтардың жоғары белсенді және мәнерлі қозғалуы тек қозғалыс жүйесінің жетілгендігіне ғана байланысты емес, ол ми мен сезім мүшелерінің жақсы дамуына да байланысты.

Қазіргі ихтиофаунада 20-22 мыңға (кейбір әдебиет көздерінде, тіпті 25000-дай) жуық түр бар. Олар жер шарының барлық суқоймаларында кездеседі, экватордан бастап полюстерге дейін, мұхиттың түпсіз терең сулар мен жерасты суларынан биік таулардағы бұлақтарға дейінгі түрлі су жағдайларында тіршілік етуге бейімделген. Балықтар тұщы суқоймаларында пайда болған деп есептейді, тек кейіннен балықтардың түрлі топтары бір-біріне тәуелсіз және бірнеше қайта теңізге өтеді, ал кейбіреулері соңынан қайтадан тұщы суқоймаларына қайтады. Қорыта айтқанда, балықтар силурдың тұщы суқоймаларында пайда болған, девонда барлық су бассейндерінде үстемдік еткен жануарлар тобын құрады. Силурда балықтар төрт класқа бөліне бастады. Қазіргі кезде 2 кластың өкілдері сақталған.

Балықтар класүсті – Pisces

Шеміршекті балықтар класы - Chondrichthyes

Тақтажелбезектілер немесе Акулатектес балықтар кластармағы – Elasmobranchii

Тұтасбастылар немесе химератектес балықтар кластармағы

– Holocephali

Сүйекті балықтар класы – Osteichthyes

Қалаққанаттылар кластармағы – Sarcopterygii

Сәулеқанаттылар кластармағы – Actinopterygii

Шеміршекті балықтар класы – Chondrichthyes

 
Қазіргі Шеміршекті балықтар класының систематикасы

Қазіргі кездегі шеміршекті балықтардың дене мөлшері әртүрлі болып келеді. Мысалы, денесінің ұзындығы 15 см ғана болатын (скат) ұсақ түрлері- мен бірге дене мөлшері 15-20 метрге дейінгі (акула) алыптары да кездеседі. Шеміршекті балықтардың осы кезде 600-730-ға жуық түрі белгілі. Бұлар 2 класс тармағына, 14 отрядка топтастырылған.

Тақтажелбезектілер немесе Акулатектес балықтар кластармағы –

Elasmobranchii

Селяхоидтар, немесе Акулалар отрядүсті – Selachomorpha

Плащты акулалар отряды – Chlamydoselachiformes

Көп желбезекті акулалар отряды – Hexanchiformes

Түрлі тісті акулалар отряды – Heterodontiformes

Ламнатәрізді акулалар отряды – Lamniformes

Ара тісті акулалар отряды – Carcharhiniformes

Катрантәрізді акулалар отряды – Squaliformes

Ара мұрынды акулалар отряды – Pristiophoriformes

Скватинтәрізді акулалар (Теңіз періштелері) отряды –

Squatiniformes

Батоидтар, немесе Скаттар отрядүсті – Batomorpha

Аратұмсықты скаттар отряды – Pristiformes

Рохлетәрізді скаттар отряды – Rhinobatiformes

Ромбытәрізді (Ромбы денелі) скаттар отряды – Rajiformes

Орляктәрізді (Шаншарқұйрықты) скаттар отряды –

Myliobatiformes

Гнюсотәрізді (Электрлі) скаттар отряды – Torpediniformes

Наши рекомендации