Оңтүстік Америка материгінің топырағы,өсімдігі,жануары
Топырағы мен өсімдігі[
Құрлықтың топырақ-өсімдік жамылғысының қалыптасуы мен таралуы ең алдымен ылғалдану дәрежесіне тәуелді. Ұзақ уақыт құрлық жеке дара дамыған, органикалық дүниенің эндемизмі өте жоғары. Флоралық құрамы жағынан құрлықтың көпшілік бөлігі Неотропиктік, қиыр оңтүстік Голантарктикалық әлемге жатады. Неотропиктік әлем бес флоралық облысқа бөлінеді (Кариб, Гвиана, Амазона, Бразилия, Анд) және мезозойдан бері қалыптасқан көп түрлі өсімдіктердің эндемик формалардың көптігімен ерекшеленеді. Қазіргі флора бір кездегі Гондвана құрлығындағы ежелгі қоңыржай флора қалдығы мен неотропиктік флора өкілдерінің араласуынан қалыптасқан. Өсімдік түрлерінің 75%-ы эндемиктерге жатады. Олардың ішінен оңтүстік мәңгі жасыл шамшаты, бал пальмасы, чили араукарийі ерекше көзге түседі. Өсімдік жамылғысының таралуында белдемділік айқын байқалады. Құрлықтың көпшілік бөлігін құрамы мен аумағы жөнінен дүние жүзінде теңдесі жоқ ылғалды тропиктік орман алып жатыр. Орман өте тығыз, тек қана ағаштың 4000-ға жуық түрі бар, ағаштары бірнеше қабатты болып келеді, биіктігі 80 м, кейде 100 м-ге дейін жетеді. Оларға шарап пальмасы, алып сейба, жакаранда, пау-бразил, гуаякан, гевея, хинн ағашы, бразилия жаңғағы, какао, т.б. жатады. Бұл орман лианалар мен эпифиттерге өте бай, әсіресе, әдемі гүл ашатын хош иісті орхидеялардың 5 мыңнан астам түрі бар. Ылғалды тропиктік ормандар түр құрамы онша өзгеріске ұшырамастан 1000 – 1500 м биіктікке дейін көтеріледі. Бразилия таулы үстіртіндегі қызыл ферралитті топырақтағы саванна “кампос” деп аталады. Оның шөптесін бөлігі биік астық тұқымдастардан,бұршақ тұқымдастар мен күрделі гүлділерден, ағаштар қолшатыр тәрізді бөрікбасты мимозадан, кактустен, сүттігеннен құралады. Бразилияның солтүстік-шығысында балауыз беретін карнауба пальмасы өседі. Солт. бөлігінің Ориноко ойпатындағы пальмалы саваннаны “льянос” дейді. Қара шірікке бай, құнарлы саваннаның көп бөлігі кофе ағашы, мақта, банан, какао, маниок сияқты мәдени өсімдіктер өсірілетін плантацияларға айналған. Патагония жері қоңыржай климаттық белдеуге кіреді, оның батыс желдер жолында жатқан Патагония Андысында мәңгі жасыл субантарктикалық ылғалды орман таралған. Сонымен қатар лиана, мүк, қына, ағаш тәрізді папоротник, бамбук, магнолия кездеседі. Патагония үстіртіндегі құрғақ дала мен шөлейт белдемінде сұр-қоңыр тұзды топырақта биік шөптесін және ксерофитті бұталар мен аласа кактус басым өседі. Оңтүстік Америка көптеген бағалы ағаштар мен пайдалы өсімдіктердің отаны болып есептеледі. Оларға картоп, маниок, арахис, ананас, какао, томат, асқабақ сияқты мәдени өсімдіктер мен бромелия, настурция, канна, кактус сияқты бөлме және бақша өсімдіктері нақты дәлел болады.
Жануарлары
Жануарлар дүниесі алуан түрлілігімен және эндемизм дәрежесінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Орталық Америкамен бірге Неотропиктік фауналық облысқа біріктіріледі. Сүт қоректілерден қалталы тышқандардың 70-тен астам түрі, құмырсқа жегіштің 3 түрі, сауыттылардың 20-дан астам түрі, жалқау аңның 5 түрі, приматтар және ірі жыртқыштардан: қабылан, шибөрі, оцелот, пампа мысығы, пума, көзілдірікті аю, жалды қасқыр, т.б. тіршілік етеді. Тұяқтылардан тапирдің 3 түрі, пекари, амазона бұғысы кездеседі. Андтың биік бөліктерін терісі өте бағалы аң – шиншилла мен америкалық өркешсіз түйе – ламаның екі түрі (гуанако және викунья) мекендейді. Құстардың 2,5 мыңнан аса түрі бар, оның 90%-ынан астамы эндемиктер. Әсіресе, басқа ешбір жерде кездеспейтін нанду, ара, тинаму, кондор, колибри (500 түрі бар), тукан, гоацин, т.б. бар. Жәндіктер, қосмекенділер және бауырымен жорғалаушылар да алуан түрлі. Галапагос аралдарының піл-тасбақалары (салм. 200 кг), анаконда (ұзындығы 11 м), саламандра, аяқсыз амфибиялар, игуана, боа, кайман соған дәлел. Мұнда кездесетін жәндіктердің 5600-ден астам түрінің 3400-ге жуығы эндемиктер. Тірі табиғат байлықтарын қорғау мен сақтау мақсатында Оңтүстік Америкада көптеген экологиялық және биологиялықрезерваттар мен ұлттық саябақтар құрылды
2.Кіші Азия таулы қыратына физ-географиялық сипаттама.