Фразеологизмдердің зерттелуі
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді арнайы теориялық тұрғыдан зерттеу ХХ ғасырдың ортасынан баталып, бүгінгі күнге дейін зерттеушілер назарына ілігіп, зерттеу обьектісіне айналып, әлі толастамай келеді. Осы уақыттағы зерттеулерді шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болды:
— ХХ ғасырдың ортасы мен 60 жылдар арасы – қазақ фразеологиясын теориялық жағынан зерттеудің алғашқы кезеңі.
— 60 – 70 жылдар – қазақ фразеологизмдерін классификациялау, жеке авторлар еңбектеріндегі фразеологизмдер жайы.
— ХХ ғасырдың соңғы он жылы – фразеологизмдерді, этнолингвистикалық, этномәдени тұрғыдан зерттеу және салыстырмалы фразеология.
Қырықыншы жылдардан бері қазақ тілінің фразеологизмдері әр қырынан зерттеліп, мақалалар көлемінен шығып, диссертциялық зерттеулер обьектісіне айналды. Қазақ фразеологиясын тілдік тұрғыдан зеттеуге алғашқа кезеңде ұлттық тіл білімін қалыптастырудағы аса көрнекті тілші ғалымдар дені түгел назар аударды. Фразеологизмдердің теориялық – практикалық мәселелерін І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, К. Аханов, Р. Сәрсенбаев және кейінгі буын зерттеушілер А. Байтелиев, Қ. Қалыбаева, Н. Қашанова, С. Сәтенова т.б. фразеологизмдердің тақырыптық – мағыналық топтарын, синтаксистік қызметін арнайы зерттеп, тұжырымдар жасады
Фразеологияны дербес пән ретінде қарастыру туралы ой тастап, түркі тілдес халықтар тіл білімінде осы мәселеге байланысты зерттеудің тууына игі әсер еткен, қазақ фразеологиясының мәселесімен шұғылданып, арнайы зерттеу жүргізген, сол жайында еңбек жазған І. Кеңесбаев болды [39].
Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаевтың фразеология мен лексикографияны зерттеу саласындағы кызметі орасан зор. Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев 10000 қазақ фразеологизмдерін жинап қана қоймай оған талдау жасап, зор жауапты да, ауқымды енбекті бастан атқарды. Окымыстының бұл саладағы деректерді жүйеге келтіріп, зерттеуге ынтасының ауа бастағаны 1930 жылдардың аяқ шені болатын. Жергілікті халықтық ауызекі тілін тікелей бақылау әрі жазба нұсқаларға зер салу ғалымнық қазақ фразеологизмдерін сөз- тіркестерінің өзге тобынан ажыратып бөлек қарастыруына себеп болды. Автордың бұл саладағы дамылсыз ізденістерінің нәтижесінде «Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестері» деген еңбек жазылды да, ол кейін (1944 ж.) докторлық диссертациясына негіз болды. Бұл — фразеологизм туралы түркологиядағы алғашқы еңбек болатын. Бұл салада ғалымның, әсіресе, көп жылдық еңбегінің жемісі 1977 ж. басылып шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» ерекше атау қажет. Мұнда бай фразеологиялық қор жүйеге келтіріліп, қыруар дерек пайдаланылған. Бұл шынында, бүкіл отандық сондай-ақ, шетелдік түркологияда да көлем жағынан да (88 баспа), сапа жағынан да осы саладағы тұңғыш еңбек болып отыр. Сан жылдар тірнектеп жиған мол тілдік деректерін былай қойғанда, сездік шықпай тұрғанда да I. Кеңесбаев қазақ тілінің мүлдем қозғаусыз тың жатқан проблемасы жайында ғылыми журналдардың бетінде бірнеше дүркін мақала зерттеулер жариялаған-ды. Сөздікте фразеологияның өз объектісінің басы айқын сараланып, оның түр-сипаты, мақал-мәтел, афоризм секілді тіркестердің өзге түрлерінен айырмашылығы тәптіштей көрсетіледі. Сөздікте фразеологизмдердің лексикалық мағынасы ғана көрсетіліп қоймай, олардың кейбір нәзік стильдік жақтарына дейін салиқалы сипаттама беріледі [40].
Ғалым өзінің « Қазақ тіл білімі туралы зерттеулері» атты еңбегінде қазақ тілінің фразеологиясына жеке тоқталып, нақты мәліметтер береді. «Қазақ тілінің фразеологиясы» деген бөлімде былай дейді: «Фразеологизмдер – тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі. Өзінің көнеленуі жағынан да, мағына тұрақтылығы жағынан да, стиль жағынан да оларға тән ерекшеліктер бар.
Тілімізде көкейге қонымды, көркем орамды алуан түрлы тұрақты сөз тіркестері кездеседі. Тіл қазынасына жататын қат-қабат тіркес, тізбектерді халық орынды пайдаланды. Мақал-мәтелдермен бара-бар жоғары бағалап, оларды қастерлей сақтап келеді. Сол сан –салалы тізбек, қалыптасқан сөз таптарын жинау, бір ізге түсірудің мәні өзінен-өзі түсінікті.
Тіл-тілдің өзіне лайық ұлттық қасиеті оның барлық тарауларынан (ярустарынан) байқалатыны мәлім. Сол қасиеті, әрине, тиянақты сөз тіркестерінен де анық көрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде, сөз байлығы деген топқа осы сөздікті қамтылған алуан түрлі фразеологизмдерді жай жалпылай жатқыза салуға болмайды. Басқаша айтқанда, сөз байлығын тексеретін саланы фразеология деп атау орынды. Бұл саладағы ғылыми топшылауларды 1941 жылы айтқан болатынбыз» [41;202].
Ғалым қазақ фразеологиясының дербес пән екендігін дәлелдейді. Фразеологияның сыр-сипатын айтқанда, оның тіл ярустарына, тілдің құранды бөлшектеріне мүлде қатысы жоқ деп айтпайды. Тілдің сол бөлшектерінен түбірлі айырмасын, бас белгілерін (релеванттық қасиетін) бір-ақ ауыз сөзбен түйеді: 1) Мағына тұтастығы мұнда белгілі бір ФЕ-нің ішіндегі сөздер бастапқы мағынасынан түгел немесе ішінара жартылай айырылып қалады да, шоғыр тіркес біртұтас мағына береді; 2) Тіркес тиянақтылығы мұнда – белгілі бір ФЕ-нің ішіндегі сөздер бір-бірімен жымдаса байланысады, олардың орын тәртібі нық келеді, барлық жағдайда дерлік бір шоқ тіркесу өз қалпын сақтайды; 3) Қолдану тиянақтылығы мұнда – белгілі бір ФЕ айна-қатесіз, өлеңдегі қайырма тәрізді бұлжымай қайталана қолданылады. Сонымен өзіне дейінгі барлық зерттеулерді және өзінің бұрын-соңды ізденістерін шола, қорыта, әрі тұжырымдай келіп, фразеологизмдердің танып-білудің жоғарыдағыдай негізгі үш принципін (үш критерийін) қолдайды.
Осы аталған үш белгіге, яғни үш критерийге сүйене отырып, бүкіл қазақ тілінің құрамындағы ФЕ құбылыстарын ең негізгі екі арнаға бөледі. Оның біріншісі фразеологиялық түйдектер, екіншісі фразеологиялық тіркестер деп аталады. Бұл топтарды дәстүрлі термин атауларына сай түсіндіретін болсақ, түйдекке идиом сипатындағы фразеологизмдерді жатқызады.
Сонымен, фразеологиялық түйдекке (идиом) мына тәрізді фразеологизмдерді жатады: жаны күйді, ит арқасы қиянда, талағаның биті бар, жүрегінің түгі бар, жүрек жұтқан т.б. бұл типтегі ФЕ компоненттері әуел бастағы негізгі лесикалық мағынасынан айырылып, бәрі жиылып бір ұғымды түйдегімен бір-ақ білдіреді. Осы тұста І. Кеңесбаевтың идиом мен фразаның айырмашылығы мен ерекшеліктеріне тоқталып өткенді жөн көрдік. Онда: «идиом да, фраза да – белгілі бір сөз тізбектері: идиом тобындағы сөздер өзінің жеке тұрғандағы негізгі мағынасынан айырылып қалады да, өзара жымдасып, бір ғана лексикалық формасы мен мағынасын жоғалтады да, грамматикалық формасын сақтайды; бұлар – негізгі бір кесек күрделі лексикалық единицаның грамматикалық элементтері болып есептеледі. Идиомның беретін мағынасы оның жеке сыңарларынан шығатын мағынамен байланысты: мәселен, «қабырғаңмен кеңес», «қас пен көздің арасында», «жүрек жалғау», «қырғи қабақ болу», «тонның ішкі буындай» дегендердің әр қайсысы бір-бір идиом; «қабырғаңмен кеңес» дегеннің мағынасы «қабырға, кеңес» деген сөздердің тікелей мағынасынан туып отырған жоқ, мұның беретін ұғымы «ойлан, асықпай, саспай ойлан»... Әрбір идиомның сыңарлары бір тегіс, басы бірігіп тұрып қана жаңа мағына туғызып тұр... жеке элементтердің негізгі мағынасынан барып жасалған тізбек идиом болмайды, ол фраза болады. Мәселен, «белін қынадай буынды», «ата жолын қуу», «егіліп жылау», «асқар тау», «шалқар көл», «жосадай қан», мидай дала». Бұл тізбектердің әрқайсысындағы компоненттер өзінің негізгі мағынасынан айырылып қалып тұрған жоқ, бастапқы тікелей мағынасын сақтап тұр. Идиом мен фраза тілдегі қолданылу ыңғайына қарай, бірінің орнына бірі жүріп, ауысып отырады: бұл екеуінің кей уақыт шегін белгілеп, ажырата білу қиын болады. Мәселен, «күлін көкке ұшыру», «жермен жексен болды», «жерден жеті қоян тапқандай», «салы суға кетіп отыр», «санын соғып қалды», «төбе шашы тік тұрды» деген тізбектердің бәрі де бейнелі мағынаға ие болып отыр. Бұлар да – идиомдық сөздер, бірақ әр тізбектің ішіндегі сөздер мүлдем өзінің негізгі мағынасынан айырылып қалды деуге болмайды. Мұндағы «жермен жексен қылды» дегендегі жексен сөзі парсы тілінде бірдей, тегіс деген мағынаны білдіреді екен; «жер бетімен бірдей ету – көзін жоғалту, құрту» деген метафоралық ұғымды беріп тұр... солай бола тұрып, бұл сөздер екінші жанама, метафоралық ұғымды бергендіктен, олар өзінің лексикалық мағынасынан айырылып қалып тұр. Сол сықылды «салы суға кетіп отыр» дегенді де басқа мағынада да қолданып отырмыз. Егерде бұл сөздерді салының суға кетуі мағынасында тікелей түсінсек, идиом бола алмайды» - делінген [42; 205-206].
Фразеологиялық тіркестерді өз ішінен екіге бөледі:
а) Түйін тіркес. Бұл – әуел бастағы еркін тіркесті ауыс мағынада қолданудан туған фразеологизм. Басқаша айтқанда ФЕ сыңарларының о бастағы мағынасы мүлде жойылмағанымен, көмескіленген. Бұған мынадай фразеологизмдер жатады: ернінен ене сүті кетпеген, пышақ кескендей тыйылды, өкшеін жалтыратты т.б.
ә) Түйіс тіркес. Бұл да әуел бастағы еркін тіркесті ауыс мғынада қолданудан туған. Бірақ ФЕ сыңарларының бастапқы мағынасы мұнда көмескіленбей, әнтек солғындап айтылады. Түйіс тіркестердің мысалдары мыналар: құмырсқадай құжынаған, ортан қолдай, көзді ашып – жұмғанша, асқар тау, қыпша бел т.б.
Автор фразеологияны қазак тіл білімінің дербес саласы идея танып, оған нанымды дәлел келтіреді. Зерттеушінің зор тәжірибесі, ана тіліне жетіктігі тіл қазынасының аса бір асыл інжу маржанын танып білуіне, оның эмоциялық, бейнелік қасиетін, халықтың рухын және материалдық мәдениеті мен байланысын, этностық ерекшелігін еркін түсінуіне көмектесті. Автор фразеологизмдердің мағынасы мен құрылымдық жағына тән белгілерінің егжей-тегжейіне дейін адейілеп тоқталады. Сөздіктің Ғылым мен техника саласындағы 1978 жылғы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болуы — осының кәміл айғағы [40].
С. Аманжолов фразеологизмдерді зерттеуді қолға алу керектілігін атап өтті, бағыт – бағдарын көрсетеді және фразеологиялық тіркестердің сөйлем мүшесіне қатысы жайлы айтып өтеді.
Н. Сауранбаев фразеологияға не жатады дегенге көңіл аударады. «Қазіргі қазақ тілі» оқулығына (1954 ж) фразеология бөлімін енгізген Ғ. Мұсабаев та фразеологиялық ерекшеліктерге көп көңіл бөлген. К. Аханов мәтелдер мен шектеулі тіркестерді фразеологиялық тіркестер құрамында қарастырып, өзінің «Тіл біліміне кіріспе» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралының лексикология тарауында қазақ тілі фразеологиясына В. В. Виноградовтың классификациясы бойынша жіктеу берсе, Р. Сәрсенбаев «Мақал – мәтелдер мен нақыл сөздердің фразеологияға қатысы, бұлардың тұрақтылығы мен эвфониялық құбылыста қолдану сипатына байланысты, осы сипаттар арқылы бұларды фразеологиялық единицалар тобына қосып қараймыз деп атап өтеді. Сонымен қатар тіркестердің бір түріне жататын мақал – мәтелдердің тілік ерекшеліктеріне тоқталады».
Қазақ фразеологизмдерін зерттеудің екінші кезеңінде 60 – жылдары ғалымдар фразеологизмдер мен тұрақты тіркестер бір ме, оларға не жатады дегенге көңіл бөлді. Р.Сәрсенбаевтың «қазақ мақал – мәтелдерінің лексика – стилистикалық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертциясында, С.Исаевтың «қазақ тілінің тұрақты сөз тіркестерінің бір типі жөнінде» мақаласында осы ерекшеліктерге назар аударған. Осы жылдарда жеке авторлар шығармаларындағы фразеологизмдердің қолдануына да көңіл аударып, сөз таптарын жүйеледі, сөйлемдегі беретін мағынасына қарай топтады. Ә. Болғанбаевтың «қазақ тіліндегі алғыс және қарғыс мәнді тұрақты сөз тіркестері», М. Белбаеваның «Сұлтанмахмұт шығармаларындағы фразалық тіркестер» мақалалры мен осы жылдары қорғалған Х.Қожахметовтың «Ғ.Мустафин шығармаларындағы фразеологиялық орамдар», Е.Бектұрғановтың «М.Әуезовтың «Абай жолы» роман – эпопеясындағы тұрақты сөз тіркестері» кандидаттық диссертациялары сол кезеңнің ізденіс нәтижелері еді.
Жетпісінші жылдарда фразеологизмдерді өзге құбылыстардан айыру жөнінде А.Байтелиев кандидаттық диссертация қорғап , Ә.Қайдаров пен Р.Жайсақова, А.Елешова қазақ фразеологизмдерін классификациялау мәселесіне көңіл аударды. Осы кезеңде қазақ фразеологизмдерінің өзге тілделде берілуі және өзге тілдердегі шығармаларды қазақ тіліне аударғандағы фразеологизмнің берілуі жайлі тілші ғалымдар назарын аударды. Ө.Айтбаев пен К.Дұйсетаеваның еңбектерін атауға болады.
Академик І.Кеңесбаевтың көп жылдық еңбегінің нәтижесі он мыңнан аса фразаны қамтыған «қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» шықты.
Үшінші кезең – қазақ фразеологиясын жан – жақты зерттеу кезеңі. 80 – жылдар алдыңғы кезеңдегі жұмыстардың заңды жалғасы болды. Қазақ фразеологизмдерін өзге тілдердегі тұрақты тіркестермен салыстыра зерттеу, аударма мәселесі жайында кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Ж.Қонақбаева антоним фразеологизмдерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде салыстыра зерттесе, Д.Алтайбаева фразеологизмдердің аудармадағы біргу жолдарына (калькалау жолымен, дәл баламасының берілуіне) назар аударды.
Осы жылдарда қазақ фразеологиясын зерттеуде М.М.Копаленко мен З.Д.Попованың жаңа әдісін (семейный анализ) қолдану тәжрибелері жүзеге асты. Р.М.Таев пен Ф.Р.Ахметжанованың ғылыми еңбектерінде фразеологизмдердің семантикалық табиғатына талдау жасағанда сол әдіс – компоненттердің денотатив және конотатив мағынасын айқындау әдісі қолданылған.
Осы кезеңде қазақ және орыс фразеологизмдерін салыстыра зерттеу нәтижесінде «Қазақша – Орысша фразеологиялық сөздік» жасалды.
Бұл кезеңдегі тағы бір ерекшелік – тұрақты тіркестің тарихи қалпын зерттеуге көңіл бөлінді. Р.Сыздықованың «Қадырғали Жалайридің «Жами-ат-тауарих» атты шығармасындағы тұрақты тіркестер» еңбегі – диахронды фразеологиялық зерттеу.
Қазақ фразеологиясын зерттеудің төртінші кезеңі 90 – жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл кезеңде тіл білімінің осы саласында жан – жақты әрі өте көп ізденістер болып жатыр. Фразеологизмдердің этимологиясына көңіл аударылып, олардың шығу төркініне талдау жасалды. Фразеологизмдердің этимологиясы мен жасалу көздерімен тығыз байланыста жатқан этнопсихологиялық және мәдени – танымдық аспектідегі кейінгі он жылдықта академик Ә.Қайдаров пен оның шәкірттерінің еңбектерінде көрініс табады.
ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдар кезінде қазақ фразеологизмдерін этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу кең өріс алды. Этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу нысанына айналған фразеологизмдердің бір тобы – қазақ тіліндегі соматикалық етістікті фразеологизмдер. Осы тақырыпты арнайы зерттеген Б. К. Уызбаеваның «Қазақ тіліндегі соматикалық етістік фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипаты» атты кандидаттық диссертациясы (Алматы, 1994) фразеологизмдерді үш түрлі қырынан, атап айтқанда, салалық фразеологизмдердің соматикалық тармағын, соматикалық фразеологизмдердің етістік категориясын, соматикалық етістік фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипатын қарастыруға арналған [39].
Қазақ халқының өз тарихында көптеген діндер мен діни наным-сенімдерді ұстануына немесе белгілі бір дәрежеде олардың ықпалына ұшырауына байланысты тілімізде байырғы діни наным-сенімді сипаттайтын лекика-фразеологиялық жүйе қалыптасқан. Алайда, тарихи-мәдени мәні ерекше наным-сенімге байланысты қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер 1990 жылдарға дейін бірен-саран еңбектерде сөз болғанымен, зерттеуші Қ. Ғабитханұлының 1995 жылы жазылған « Наным-сенімге байланысты қазақ тіліндегі тұрақты тіркестер» деп аталатын кандидаттық диссертацияға дейін арнайы этнолингвистикалық зерттеу нысанына айнала қойған жоқ.
Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің, соның ішінде діни-наным сенімге байланысты қалыптасқан фразеологизмдердің, тіл байлығы ретінде тек сөз өнерінің өрісін кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге ерте замандардан бергі барша рухани өміріміздің байлығын, оың қыр-сырларын өз бойына жинап, жан-жақты сипаттауда да ерекше орны бар. Осыған байланысты фразеологизмдердің осындай рөлін көрсету үшін таза тілдік фактілердің өзімен ғана шектелмей, сол фактілерді халықтың тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүрі мен ұлттық дүниетанымына, шаруашылығына, қысқасы, материалдық және рухани мәдениетіне байланыстыра зерттеуді мақсат ететін тіл білімінің этнолингвистика саласы ерекше роль атқарады. Ғалым Қ. Ғабитханұлының зерттеу жұмысының « Наным-сенімдерге қатысты қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің тақырыптық-мағыналық жағынан топтастырылуы» деп аталатын І-тарауында шығу тегі мен мазмұнына, мотивтік негіздеріне т.б. байланысты наным-сенімге байланысты тұрақты тіркестер тотемизмге, фетишизмге, анимизмге, магияға, дәстүрлі діндерге, киелі сандарға байланысты тұрақты тіркестер деп 6-топқа бөліп қарастырады. Ал зерттеудің «Наным-сенімге байланысты тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаты» атты ІІ- тарауында наным-сенімге қатысты көптеген фразеологизмдерге этнолингвистикалық талдау жасалады. Ол үшін тілдік фактілер этносқа қатысты мифологиялық, фольклорлық, этнологиялық, мәдениеттанымдық, лингвистикалық, діни, тарихи т.б. деректермен байланыстырыла қарастырылады.
Фразеологизмдерді тек қана семантикалық қырынан қарастыру олардың табиғатын ашуда, тереңірек тани түсуде жеткілікті бола бермейді. Сондықтан, фразеологизмдерді құрылымдық-формальдық тұрғысынан қарастырудың ерекше мәні болмақ. Оның себебі: фразеологизмдердің құрамдық ерекшеліктері де оның табиғи негіздерінің біріне жатады. Осыған орай С. К. Сатенованың « Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты» деп аталатын докторлық диссертациясының (Алматы, 1997) зерттеу нысаны етіп фразеологизмдердің құрамдық-құрылымдық ерекшеліктері алынады. Жұмыста ұлан-ғайыр тілдік материал негізінде қос тағанды фразеологизмдердің тілдік статусын айқындап, ғылыми дүниесіне танытуға, олардың жасалу, қалыптасу заңдылықтарын саралап, тұрақты тіркес қорындағы алатын орнын, тілдегі атқаратын қызметі мен қолданыс аясын айқындауға ұмтылыс жасалады. Атап айтқанда, жұмыста фразеологиялық тіркестерді тұлғалық-құрамдық жағынан үлкен екі топқа бөліп қарастырудың ғылыми-теориялық принциптерін айқындауға көңіл бөлінеді. Сол принциптерге сәйкес олардың бір тобына о бастан-ақ мағыналық екі сыңарға жіктелмейтін, сөз саны мен орын, тұрақтылығын сақтайтын (ағаш ерге жіп құйысқан, ел таразысын аңдамау т.б.) фразеологизмдер жатқызылса, екінші тобына сөйлеу үстінде сәл кідіріспен айтылатын, жазуда үтір арқылы ажыратылатын, мағыналық, құрамдық жігі анық байқалатын, өзара жарыса бірінен соң бірі қалыптасқан тәртібімен жалғаса қолданылатын жер қарлаған, шиыр шарлаған, ұзында өшті, қысқада кекті т.б. тәрізді екі сыңардан тұратын фразеологизмдер жатқызылады. Автор қос тағанды фразеологизмдердің жасалуындағы мотивтік негіздерді айқындауда ұлттық менталитетке, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүр, наным-сенім т.б. этнолингвистикалық факторларға сүйенеді.
1998 жылы ғлым Г. Н. Смағұлова « Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері» атты докторлық дисертациясында қазақ фразеологиясында лексикалық синонимдер сияқты фразеологизмдердің синонимділігі кездеседі деген пікірлерді теориялық тұрғыдан негіздеуге, мағыналас фразеологизмдердің пайда болу себептерін ашуға, адам факторнының мағыналас фразеологизмдерге ықпал-әсерін антропоцентристік бағытта айқындауға, сонымен бірге этнолингвистика, мәдениеттану аспектілерін толықтыра түсуге т.б назар аударылады.
Бұл ретте, өсімдікке байланысты тұрақты тіркестердің тілдік табиғатын зерттеу негізінде олардың ұлттық болмыс-мазмұнын анықтауды мақсат еткен Ш. Сейітованың 1999 жылы қорғалған «Өсімдікке байланысты тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаттамасы» атты кандидаттық диссертациясын атап өтуге болады.
Қазіргі этнолингвистикалық зерттеулерде қазақ халқының болмысы, дүниетанымы тілімізде сақталған құнды ақпараттар арқылы жан-жақты танылу үстінде. Халқымыздың ұлттық болмысы мен танымын көрсететін қазақ тілі қабаттарының бірі – төрт түлікке байланысты, оның ішінде жылқы малына қатысты фразеологизмдер. Осыған байланысты төрт түліктің ішінен жеке бөліп алып, жылқы малына қатысты фразеологизмдерді жиыстырып, олардың мағынасын экстралингвистикалық факторлар арқылы ашуға талпыныс жасаған Ж. Д. Байтелиеваның зерттеу жұмысының тақырыбы « Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени уәждемесі» деп аталады. Зерттеуші осы тақырып бойынша 2007 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясында қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің уәждемесін анықтауды мақсат етеді [43; 227-255].
Татар фразеологиясы да ХХ ғасырдың қырықыншы жылдардан бастап зерттеле бастады. татар фразеологиясының қалыптасу жылдарында Л. Джалай, Ш. Рамазанов, Л. Махмутова, Н. Бурганова, В. Хаков, К. Сабиров, Г. Ахунзянов, Х. Курбатов, Г. Ахатов т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен рөл атқарды. Ең алғашқыларының бірі болып татар тілінің фразеологизмдерін зерттеген атақты ғалым, тюрколог Г. Х. Ахатов болып табылады. Ғалымның 1972 жылы «Фразеология» атты монографиясы жарыққа шықты.
Алпысыншы жылдардың екінші жартысы мен жетпісінші жылдардың екінші жартысында Г. Х. Ахатовтың, Э. М. Ахунзяновтың, Г. Х. Ахунзяновтың, Н. Исанбеттің, Х. Х. Ярмухаметовтың т.б ғалымдардың еңбектері жарыққа шықты, бұл еңбектерде идиомалардың семантикалық мәселесі, компоненттерінің құрамы, грамматикалық формасы және олардың лексикографиялық сипаттамасы қарастырылған. Сонымен қатар, мақал-мәтелдер жайлы мәселелер көтерілді.
Татар фразеологиясына қатысты Г. Х. Ахунзяновтың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Ғалым 1964 жылы «О стилистических особенностях образных фразеологических выражений» атты тақырып кандидаттық диссертация, ал 1974 жылы 1974 жылы « Идиомалар» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Автор «фразеологияның» орнына «идиоматика» терминін қолдану дұрыс деп санайды. Ол өз еңбегінде идиомалардың териялық сипаттамасын, және оның классификациясын береді. Және де идиомалардың семантикалық, грамматикалық және лексикографиялық ерекшеліктерін сипаттайды .
Татар фразеология саласында ғалымдардың басым көпшілігі мақал – мәтелдерді идиоматикаға жатқызады. Г. Х. Ахунзянов оларды «афористикалық идиомалар» деп атайды.
Наки Исанбеттің Татар фразеологиясының теориялық, сонымен бірге практикалық тұрғыда дамуына қосқан үлесі зор болып табылады. Ғалым татар тілінің фразеологиялық және паремиологиялық қорының негізгі бөлігін жинақтап жүйелеген. Фразеологиялық бірліктерге мындай анықтама береді: «асылда бербөтен мәгънә белдерүче, чынбарлыктагы күренешне тәэсирле, сурәтле һәм сәнгатьле итеп чагылдыручы, семантик һәм синтактик яктан таркалмый торган тотрыклы сүз тезмәсе».
Ғалым татар фразеологиялық бірліктерін В. В. Винаградовтың ұсынған классификациясы бойынша үш топқа бөледі. Сонымен қатар ғалым Н. Исанбет сөздіктегі фразеологиялық бірліктердің орналасу мәселелерін, тұрақты тіркестердің компонентті құрамын т.б мәселелерді қарастырған. Осы сияқты дүниелерді Г. Х. Ахунзяновтың еңбектерінде де қарастырылды.
Бұл ретте ғалым Р. Р. Замалетдинованың татарлардың ұлттық әлемінің көрінісін тілдің призмасы арқылы ашып зерттеп қарастырған еңбегін атап өту болады.
Татар тілін басқа тілдермен салыстыра зерттеу ХХ ғасырдың 70-90 жылдарында бастау алады. Татар тілінің фразеологиясын салыстырмалы зерттеулер Р.А.Юсупов (1980), Л.К.Байрамова (1983), З.З.Гатиатуллина (1984), Г.З.Садыкованың (1989) еңбектерін ерекше атасақ болады. Татар тіл білімінде лингвомәлени және когнитивтік сипаттағы зерттеуле Н.Д.Пименова (2002), З.Р. Загирова (2003), Р.Р. Закиров(2003), Л.А. Мирсаетова (2004), Л.Н. Шигабутдинова(2004), Л.Р. Гатауллина(2004), Э.Н. Гилязева (2006), Н.И. Якимова (2007), Г.А.Садриева (2007), З.А. Мотыгуллина (2007), Л.Х.Галимова (2007), А.М. Яхина (2008) т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты зерттелген [44; 173-175].
Башқұрт тілінің фразеологиясы жайлы алғаш зерттеулер ХХ ғасырдың ортасында Башқұрт АССР-да жүргізілді. Зерттеу нәтижелері С. Н. Муратованың «Устойчивые словосочетания в тюркских языках» (1961), Х. Г. Юсупованың «Фразеология башкирского языка» (1963), Д. Г. Киекбаевтың «Хәҙерге башҡорт теленең лексикаһы һәм фразеологияһы» (1966; «Лексика и фразеология современного башкирского языка») еңбектерінде көрініс тапты. Бұл еңбектерде фразеологиялық бірліктердің мағыналық және грамматикалық классификациясы ұсынылып, жай фразеологиялық тіркес, идиоматикалық сөйлемше, мақал-мәтелдер және қанатты сөздер сияқты типтерге бөліп қарастырды.
Башқұрт фразеологизмдерін жан-жақты қарастырған ғалым З. Г. Ураксин болып табылады. Ғалымның диссертациялық еңбегінде фразеологиялық синонимдерді қарастырған []. З. Г. Ураксин «Башқұрт тілінің фразеологиясы» еңбегінде башқұрт тілінің фразеологиясының, сипаттамасын жүйеледі, және де мағыналық, грамматикалық және синтагматикалық талдаулар жасады, парадигматикалық және түрлендірмелік, этимологиялық қасиеттерін ашты.
Башқұрт тілінің фразеологиясы З. Г. Ураксин, Ф. А. Надришина, Юсупованың «Башҡортса-русса фразеологик һүҙлек» (1973; «Башкирско-русский фразеологический словарь») сөздіктерінде, сонымен қатар З. Г. Ураксиннің «Русско-башкирский фразеологический словарь» (1989), «Башҡорт теленең фразеологик һүҙлеге» (1996; 2006; «Фразеологический словарь башкирского языка») сөздігінде сипатталып көрсетілген[45] .
Құмық тілінің фразеологиясымен тұңғыш рет К. Х. Даибова айналыса бастады. 1973 жылы құмық фразеологиясына арналған кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл еңбекте ғалым құмық тілінің фразеологиялық бірліктеріне жалпы талдау жасайды. Автор фразеологиялық бірліктердің типтерін олардың компонентерінің семантикалық бірлігі және негізгі сөздің жиі айтылу қатыстылығы тұрғысынан қарастырады. К. Х. Даибованың бұл еңбегі құмық фразеологиясына қосқан үлесі зор десек болады. Сонымен қатар ғалым екі фразеологиялық сөздік құрыстырып шығарды.
А. З. Абдуллаеваның құмық фразеологиясының дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтуге болады. Автор өзінің диссертациялық еңбегінде құмық тілінің фразеологиялық бірліктерінің формальды және мағыналық құрылысына қатысты көптеген мәселелердің бетін ашады. Ғалым фразеологиялық бірліктер тілдің дербес единицасы ретінде әртүрлі белгілерінің негізінде айырылуы тиіс деген қорытындыға келеді (тұрақтылық, образдылық т.б). А. З. Абдуллаева зерттеуінің алғашқы тарауында фразеологизмдердің категориялық белгілері мен грамматикалық формасын, құмық фразеологизмдерінің формальды-құрылымдық үлгісін қарастырады. Соматикалық, зоонимдік, фитонимиялық, фразеология сияқты лексика-семантикалық аясына ерекше көңіл аударады. Ғалым идиоматикалық сөйлемшенің құрылымдық ерекшеліктеріне ерекше тоқталып өтеді.
Соңғы жылдары түркі тілдерінің фразеологиялық бірліктерін басқа тілдермен салыстыра зерттеуге арналған көптеген еңбектер жарыққа шыға бастады. құмық тіл білімінде М. И. Мугидованың диссертациялық зерттеуінде, орыс тілінің соматикалық фразеологизмдерінің материалы негізінде орындалған жалғыз салыстырмалы зерттеу еңбек болып табылады.
Б. Г. Шахманова құмық тілдік әлемінің көрінісінде намыс концепітісін құмық фразеологизмдері мен париймелерінің материалының негізінде қарастырды.
А. А. Айсякаева етістікті фразеологиялық бірліктердің семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері тұрғысынан классификациясын жасап, етістікті фразеологиялық бірліктердің жалпы және өзіне тән құрылымдық-семантикалық типтерін айқындады.
З. Б. Яхьяеваның өзінің арнай зерттеу еңбегінде сөздіктер мен көркем әдебиет негізінде діни мағынадағы фразеологиялық бірліктерді анықтады, олардың құрылымды-семантикалық ерекшеліктеріне, коммуникативті-прагматикалық қызметіне кеңінен тоқталады.
С. З. Садыкованың диссертациялық еңбегінде құрамында колоритті компоненті бар фразеологиялық бірліктерді бір жүйеге келтіріп, олардың формальды-грамматикалық және лексика-грамматикалық ерекшеліктерін атап өтеді, колоритті фразеологиялық бірліктердің ұлттық-мәдени фонын, және де түр-түстік фразеологиялық бірліктердің құрылымдық типін анықтады.
Н. Э. Гаджиахмедовтың «Кумыкско-русский словарь фразеологических единиц» атты сөздігі отыз екі жылдан соң жарыққа шықты [46].
Қарашай-балқар тіл білімінде фразеология мәселесін тұңғыш 3.К. Жарашова өзінің «Бусагъатхы къарачай-малкъар тилни фразеологиясы» атты кандидаттық диссертациясында қарастырған болатын (Баку, 1973). Кейіннен қарашай-балқар фразеологиясы жайында Х. М. Акбаевтың «Фразеология карачаево-балкарского языка: вопросы границ и семантических особенностей» атты монографиялық еңбегінде қарастырылды (2007). Бұл монографияда қарашай-балқар тілінің бүгінде толық жауабын таба алмай келген фразеология саласындағы мәселелерді әр-қырынан зерттеп қарастырды. Сонымен қатар монографияда қарашай-балқар тілінің қысқаша фразеологиялық сөздігі де берілген [47]. Қарашай-балқар тіліндегі тұңғыш сөздікті К. А. Текелев (къарачай тилни фразеология сезлюгю, Черкесск, 1992) құрастырған. Сонымен бірге қарашай-балқар тілінде фразеологизмдерді салыстармалы зерттеулер де баршылық. Атап айтқанда, З.А. Лайпанованың «Структурно-семантические особенности фразеологических единиц с соматическим компонентом в карачаево-балкарском языке в сопоставлении с русским» (2007), Ж. Х. Гергокованың «Фразеологическая концептуализация понятия «человек»: На материале карачаево-балкарского, английского и русского языков» (2004) т.б кандидаттық диссертацияларда қарастырылған.
Ноғай тіл білімінде фразеология мәселесі өте аз зерттелген. Дегенмен туыс емес тілдермен салыстырмалы зерттеулер азды-көпті кездеседі. Олардың қатарында А. Ю. Мусалованың «Фразеологизмы-антонимы с компонентами «рука», «глаз», «сердце» в ногайском и английском языках» (2014), «Тематическая классификация фразеологизмов с компонентом глаз/коьз/eye в английском и ногайском языках» атты бірқатар мақалаларында қарастырылды. Ноғай тіліндегі фразеологизмдерді Д. М. Шихмурзаев біршама зерттеген болатын. Д. М. Шихмурзаев тұңғыш ноғай тіліндегі фразеологиялық сөздікті құрастырған (Черкесск, 1991).
Қарақалпақ тілінің фразеологиясы бойынша осы уақытқа дейін жүйелі түрде жазылған арнаулы еңбектер жоқ. Тек қарақалпақ тілінің фразеологиясының айырым мәселелері хаққында ғалым Е. Бердімұратовтың «Ҳәзирги қарақалпақ тилиниң лексикологиясы» (Нөкис, 1994) атты еңбегін атап көрсетуге болады. Фразеологизмдердің сөздікте берілу мәселелері С. Наурызбаева тарапынан арнайы зерттелді. Қарақалпақ тіліндегі қос компонентті фразеологизмдерді Г. Айназарова қарастырды [48;7-8].
Қырымтатар тіл білімінде фразеология мәселесі жақсы зерттелген. Қырымтатар тілінің фразеологизмдерін тұңғыш ғалым - Усеин Куркчи. Ол тұңғыш қырымтатар тіліндегі фразеологиялық сөздігін “Сёз бирикмелери” атымен «Йылдыз» журналында жариялады. Ал қырымтатар тіліндегі фразеологизмдерге ғылыми тұрғыда талдаулар жасаған ғалым – А. М. Эмирова еңбегі айырықша. Ғалым «Основы крымскотатарской фразеологии» атты еңбегінде қырымтатар фразеологиясы ғылым ретінде қазіргі жағдайы сипатталған, фразеологизмдердің семантикалық типтері, семантика-грамматикалық және стилистикалық ерекшеліктері барынша жан-жақты қарастырылды [49].