Кіріспе. Археография туралы жалпы түсінік. 1- сағат.

ТАРИХ, АРХЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ

Дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы

Археография пәні бойынша дәрістердің қысқаша конспектісі

Дайындаған:

Т.ғ.к., доцент

Алпысбаева Нұрзипа Көмешбайқызы

АЛМАТЫ, 2014

МАЗМҰНЫ

Модуль 1. Археография тарихы

Дәріс. Кіріспе. Археография туралы жалпы түсінік

Дәріс. Археографияның қалыптасу тарихы. Революцияға дейінгі археография.

Дәріс. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан археографиясы

Дәріс. ХХ ғ. 20-40 жж. ғылыми мекемелерінің археографиялық қызметі

Дәріс. Тәуелсіз Қазақстан археографиясы

6-дәріс. Қазақстанның археографиялық қорының қалыптасуы

Модуль 2. Археографияның теориялық-әдістемелік негіздері

7-дәріс. Археографияда ғылыми басылым түсінігі

8-дәріс. Басылымның функциялары

9- дәріс. Басылымдарды жіктеу

10-дәріс.“Басылымның тұрпаты” түсінігі. Қордық, тақырыптық, бір түрдегі құжаттар.

11 -дәріс. Құжаттық басылымдарды даярлау әдістемесі.

12-дәріс. Құжаттық басылымдарды даярлаудың ұйымдастырушылық негіздері

13 –дәріс. Құжаттарды анықтау

14-дәріс. Басылым үшін құжаттарды іріктеу.

Модуль 3. Қолданбалы археография

15- дәріс. Құжаттардың археографиялық безеңдірілуі

16-дәріс. Баян (бақылау – анықтамалық мәліметтер

17- дәріс. Құжаттардың мәтінін таңдап алу және беру.

18-дәріс. Басылымға дайындайтын мәтінді беру тәсілдері

19-дәріс. Құжаттардың мәтінін берудегі мәтіндік түсініктемелер.

20-дәріс. Регест. Аннотация.

21- дәріс. Ғылыми – анықтамалық аппараттын басылымда алатын орны мен рөлі.

22-дәріс. Хроника, оның міңдеттері, құрамы

23-дәріс. Ескертпелер және түсініктемелер.

24-дәріс. Көрсеткіштер. Олардың міңдеттері және түрлері

25- дәріс. Терминологиялық сөздік, оның міңдеттері

26-дәріс. . Қысқартылған тізім: жарияланатын деректердің тізімі

27-дәріс. Археографиялық белгілер

28-дәріс. Құжаттарды жүйелеу, оның бағытталуы және маңызы

29- дәріс. Құжаттар жинағы қолжазбасының баспаға дайындығы

30-дәріс. Редакциялық–баспалық процесс

Модуль 1. Археография тарихы

ДӘРІС -1.

Кіріспе. Археография туралы жалпы түсінік. 1- сағат.

Дәріс мақсаты:Археография ұғымының даму тенденцияларын және гуманитарлық білім жүйесінде археографияның алатын орнын анықтау.

Тірек сөздер:Археография, қосалқы тарихи пәндер, археографияның объектісі, археография ұғымы, археография пәні, археография мәртебесі, археографиялық қор, археографиялық экспедициялар.

Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:

1. Археография ұғымы, оның тарихи дамуы. Археография пәні түсінігінің әр түрлі нұсқалары.

2. Археографияның объектісі, пәні

3. Археография және оның тарихи таным процесіндегі орны

Археография” термині грек тілінен аударғанда “көнені жазу”, яғни ескі, көне құжаттарды жазу деген сөзді білдіреді. Сонымен қатар – белгілі археограф С.О. Шмидт археографияны мағынасына қарай төмендегідей топтарға бөліп қарастырады:

а) этнографиялық – құжаттық ескерткіштерді күнделікті тұрмыста іздеу, ғылыми айналымға енгізу, яғни жазба ескерткіштерді, фольклорды, ауыз екі сөздерді, музыканы, әдет – ғұрып салтты зерттеу;

б) сипаттамалық археография, яғни тасқа, ағашқа, металлға, керамикаға жазылған жазуларды оқу, зерттеу;

в) жүйелік археография – тарихи құжаттарды басып шығаруда, деректерді бір жүйеге келтіру.

Қазіргі таңда археография ұғымы аясында көптеген пікір – айтыстар болуда.

«Археограф» термині ( «ежелгі» және «жазамын» деген сөздерден шыққан) алғашында ежелгі қолжазбаларды көшіру деген ұғымды білдірген. ХҮІІ – ХҮІІІ ғғ. кейбір батыс еуропалық ғалымдар «археография» сөзін «ежелгіні бейнелеу» мағынасында қолданды. ХІХ ғ. басында батыста бұл сөз қолданыстан алынады. Ресейде бұл сөзді ең алғаш рет Н. А. Полевой өзінің «Истории русского народа» еңбегінде қолданды ( 1830 ж).

Бұл терминнің орыс тіліне енуіне шешуші рөл 1830 жылдары атақты «археографиялық экспедициясын» басқарған П. М. Строев атқарды. Ол «археография» дегенді қолжазбаларды табу және бейнелеу деп түсінді. Дегенмен, экспедициядан кейін құрылған Археографиялық комиссияға (1837 ж.) тек «отандық тарихтың деректерін жарыққа шығару» жүктелді. Осылайша «археография» сөзі алғаш рет тарихи деректерді жариялаумен байланыстырылды. Іс жүзінде Археографиялық комиссия тек деректердің өзін ғана жариялап қоймай, сонымен бірге олардың ғылыми сипатын да жариялады. Нәтижесінде «археография» дегенді тарихи жазба деректерді жинау, сипаттау және жариялау деп түсіне бастады.

Археография ғылымы тарих ғылымымен тығыз байланысты болғандықтан және оның дамуына ерекше әсерін тигізетін пән ретінде ертеректе үлкен талас, дау тудырған мәселе болды. Мұның себебі біздің ойымызша, біріншіден, терминологиялық түсініктердің ықпалынан, екіншіден, археографияның гуманитарлық ғылымдар ғана емес, сонымен қатар, техникалық, нақты ғылымдар арасын байланыстырушы ретіндегі атқаратын рөлінен іздестіру қажет. 1970 жылдары «Советские архивы» журналының бетінде археографияны пән ретінде тану және оның міндеттері туралы болған айтыс еш нәтиже бермегенмен, тарихты зерттеп білу процесінде бұл пәннің рөлі туралы әртүрлі, тіпті бір-біріне қарама-қайшы көзқарастардың бар екендігі анықталды. Жалпы археографиялық мәселелермен айналысуға бел буған зерттеуші ең алдымен терминология мен археографиядағы түсініктермен бетпе-бет келеді. Қай ғылымды алмаңыз, анықтау, пайымдау мәселесі бар екендігі белгілі, ал бұл жағдай археографияда белгілі себептермен ерекше маңызды орын алады.

«Археография» терминінің анықтамасы жөнінде де, сол сияқты археографияның пән ретінде, обьект ретінде «салмағы» қаншалықты деген мәселе төңірегінде де тарихшылар мен филологтар арасында соңғы кезге дейін талас тууда. (Мыс. қараңыз: Валк С. Н. Судьбы археографии // Археографический ежегодник за 1961 год. М., 1962 Селезнев М. С. По поводу термина «археография» // АЕ за 1963 год. М., 1964; Шмидт С. О. Некоторые вопросы развития советской археографии // АЕ за 1978 год. М., 1979; Степанский А. Д. Археографии: термин, объект, предмет // Отечественные архивы 1996. № 3; Козлов В. П. Теоретические основы археографии с позиций современности // Там же. 2001. № 1; Воробьева Ю. С. Теоретическое осмысление принципов отбора важно, но терминология требует обсуждения // Там же. № 3; Старостин Е. В. Терминологическая интервенция // Там же № 3; Черных В. А. Еще раз об обьекте и предмете археографии // Там же. № 3; Старостин Е. В. Терминологическая интервенция // Там же. № 5; Литвак Б. Г. Несколько слов о статье В. П. Козлова и отклики на нее // Там же. Поздеева И. В. Новая концепция эдиционного архивоведения // Там же. 2002. № 1; Королев Г. И. В очередной раз об археографии // Там же. Каштанов С. М. О предмете и объекте археографии (Некоторые замечания по поводу статьи В. П. Козлова) // Там же. № 3; Нестерович Ю. В. К вопросу о предмете архоеграфии и типологии документальных публикаций // Там же и др.)

Ресейдің аса беделді тарихшысы және археографы С. Н. Валктің пайымдауынша, «Бұрынғы ғасырдағы тарихшылар / бұл жерде Н. А. Полевой мен П. М. Строев жөнінде – М. Ш./ сол ғылыми және нақты пән үшін жарияланатын құжаттың мәселесі, археографияның атауы бұрын ешқандай жерде ешкім жарияламаған болуы керек».

С. Н. Валк өзінің «археографияның тағдыры» атты мақаласында «археография» терминінің «көнені суреттеу (сипаттау)» деген анықтамасының өзгеріске түсіп, кейінгі уақытта «көптеген ғасыр өткеннен кейін көне болып көрінетін құжаттармен айналысуы осылайша аталады» деп көрсетеді.

«Археография» терминінің ең алғаш пайдаланылуы Греция мен Кіші Азияға археологиялық жұмыстармен барған лиондық дәрігер Шарль Спонның 1685 жылы жазған еңбектерінде кездеседі. Автордың ойынша, ол бұл терминнің этимологиясына көп мән бермей, «ежелгі дүниені cипаттау» немесе ежелгі ескерткіштерге байланысты ғылымды осылайша атады.

Ш. Спон және оның жолын қуушылар көрсеткен мағынада «археогрфия» термині Ресейге ХІХ ғасырдың басында келді. Алғаш рет бұл терминді 1807 жылы Москва университетінің профессоры Н. Ф. Кошанский француз тарихшысы О. Милленнің «Ежелгі дүниені тануда басшылыққа алатын құрал» атты еңбегінің аудармасында (Миллен де Спон сияқты) «археография» ұғымын «ескерткіштерді сипаттап түсіндіру» деп белгіледі, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерді бұған жатқызбады.

Н. А. Полевойдың да өзінің «История русского народа» атты атақты еңбегіндегі «археография» терминіне берген анықтамасы Спон мен Милленнің берген анықтамасына өте ұқсас. Бұл жерде автор деректерді 4 топқа бөледі, осылардың көмегімен тарихты білеміз. Алғашқы үшеуі шежіре, заңдар, наным, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дипломатиялық, палеографиялық ескерткіштер жөнінде. Н. А. Полевой төртінші топқа мазарлар мен ғимараттар қабырғаларындағы, әртүрлі бұйымдардың, теңгенің, медальдің бетіндегі жазбаларды, кескіндерді «археографиялық» ескерткіштерге жатқызды. Тарихи деректерді топтастырудың бүгінгі күні қолданылып жүрген әдісімен қарастыратын болсақ, яғни бұлар түпкі негізі құжаттық басылымдарға жатпайтындықтан, мұның бәрін заттай деректерге жатқызған болар едік.

«Археографияны» жазбаша дереккөздермен байланыстыра қараған адам П. М. Строев болды. Оның 1823 жылы 14 маусымда Москваның тарих және ежелгі дүние қоғамының отырысында атап өткеніндей, үлкен жоспарды қамтыған «тарихи-ғылыми экспедициясының» міндеті: Ресейдің орталық, солтүстік, батыс губернияларындағы мемлекеттік, шіркеулік, кітапхана мен жеке мұрағаттарда сақталған құжаттарды іздеп тауып, анықтап, кейін оларға тарихи сипаттама беру және жариялау болды.

«Сонымен – , деді П. М. Строев –, біздің тарих қоғамының аса құрметті мүшелері, тарих қоғамының ең басты, негізгі міндеті – біздің көне мұраларымызды сақтай отыра, қажетімізге жарату, оларды жариялау. Ол үшін экспедициялар ұйымдастырып, мен көрсеткен аймақтардағы монастырлардың, соборлардың, жалпы қазыналық қолжазбалардың жинақтарын барынша мұқият жинастырып, оларға шолу жасап, неғұрлым нақты сипаттама берілу керек. Жекеменшік кітап қоймаларының иелері рұқсат етсе, ондағы құжаттарды да зерттеу қажет. Мұндай тарихи экспедициядан кейін барлық монастырлар мен кітапханалардағы қолжазбаларға толық каталог жасалып, одан соң оларды жариялауға, яғни халыққа жеткізуге көшеміз. Алты жылдай уақыт өткен соң, біздің жұмысымыздың ең жауапты кезеңі басталады: барлық жинақталған құжаттарды електен өткізіп, жариялай бастаймыз. Қолымызға жүздеген жылнама тізімін жинақтаған біз бірлі-жарым емес, Орыс тарихын жазған жылнамашылар мен жазушылардың көптеген томдық жинағын басып шығаратын боламыз».

Бізге мәлім болғандай, Тарих қоғамы П. М. Строевтың ұсынған жоспарын мойындамағанмен, бұл жоспар жүзеге асты, нәтижесінде арнайы ғылыми мекеме – Археографиялық комиссия құрылды, оның негізгі міндеті – «отандық тарихтың деректерін жүйелі түрде жарыққа шығарып тұру» болды.

Атап өту керек, «археография» термині ХІХ ғасырда Ресейдегі дереккөздердің теориясы мен жариялау жұмысымен айналысатын ғылыми пәннің анықтамасы ретінде бізге Еуропадан келіп, тұрақтанғанмен, Еуропа ғалымдарының лексиконынан жойылып кетеді. Ол жақта тарихи деректерді жариялау әдістері жайлы сөз болғанда, edition, publication, edytorstwo және басқа сөздер қолданылып, «археография» сөзі айтылмайды.

Осылайша, Батыста «археография» термині жойылып, орнына «археология» сөзі қолданылса, Ресейде ол деректерді жариялау мәселесімен айналысатын ерекше ғылыми пәннің атауы болды.

П. М. Строевтың ұсынуымен құжаттарды іздестіру, каталогизациялау және оларды сипаттау, жариялау жұмыстары бір ғана «археография» сөзімен аталды.

«Археография» терминінің этимологиялық мағынасы оның айналысатын қызметімен сәйкес келмеуі, яғни батыстан кездейсоқ енген сөзді одан әрі қолдана берудің қаншалықты дұрыстығына ресейлік тарихшылар күмән келтірді. Ол сөздің орнына «құжаттарды жариялау», немесе «құжаттарды жариялаудың методологиясы, әдісі, тіпті тәжірибесі» деп атауды ұсынды. Бұл ойды кезінде С. Н. Валк те бөлісті, ол өзінің «археографияның тағдыры» атты мақаласын «Археография» сөзінің әртүрлі анықтамаларын қарастырумен уақыт өткізбей, кеңестік ғалымдардың ертеректе қолданған, бірақ ұмытыла бастаған жалпыға түсінікті нақты атаумен атайтын уақыт жеткен сияқты» деп аяқтайды.

Соған қарамастан, беделді тарихшы-археографтың «археография» терминінің тарихи деректерді жариялау арқылы ғылыми қолданысқа енгізудегі іс жүзіндегі қызметіне байланысты, оның ішінде басып шығарудың теориясы мен әдісін әзірлеумен айналысатын ғылымды біраз уақыттан бері қалыптасқан «археография» терминінен басқа жаңаша «құжаттарды баспаға әзірлеудің әдісі, әдістемесі, техникасы, тәжрибесі» деп атамайтынымыз белгілі. Ғалымдар бұрын беймәлім болған деректерді іздестірумен, жинақтаумен және жариялаумен айналыса отырып ғылыми айналысқа түсірумен айналысатын ғылыми пәнді осы бір ғана сөзбен «археография» деп атауға өзара келісіп алғандары дұрыс болар еді.

«Археография» терминінің айналасында туындаған таластарға қайта оралсақ, 1920 – шы жылдардың өзінде археография тек қана деректерді жариялау мәселелелеріне ғана байланысты ұғымдарды қамтитыны айтылған. Ал іздестіру мен сипаттауға байланысты жүргізілетін жұмыстарды мұрағаттануға жатқызды. (80 жыл өтсе де, «Отечественные архивы» журналының 2001 жылғы алғашқы санында РҒА корреспондент-мүшесі, Росархивтің директоры В. П. Козловтың «Бүгінгі таңдағы археографияның теориялық негізі» деген атпен шыққан мақаласында бұл мәселе қайта көтеріледі).

1950 - жылдардың ортасына дейін археографияны тарихи құжаттарды баспаға әзірлеумен айналысатын «көмекші тарихи пән» деген түсінік үстем болды.

Соған қарамастан, 1950 – ші жылдардың екінші жартысынан, нақтырақ айтсақ, 1956 жылы КСРО Ғылым академиясы жүйесінде Археографиялық комиссияның құрылуымен, «Археографиялық жылнаманың» баспаға әзірленуімен жағдай біршама өзгерді. Комиссияның атқаратын қызметіне деректерді жариялау істері ғана емес, мұрағаттанудың, деректеменің, басқа да арнайы тарихи пәндерінің мәселелерін қарастыруы «археография» терминін деректерді жинақтау, сипаттау және жариялау жұмыстарын қамтитын кең мағынада түсінуді ұсынған «строевтық» ұсыныс қайта өрледі. Екінші жағынан, археографияның міндеті – құжаттарды жариялау деген тар мағынадағы анықтамасы да сақталды.

1970 – шы жылдары осы екі көзқарастың арасындағы айтыс еш нәтижесіз аяқталды. Екі жақтың салыстырмалы түрде жүргізген талдаулары КСРО Ғылым Академиясының Археографиялық комиссиясының басшысы

С. О. Шмидтің бір тұжырым жасауына негіз болды, археографияның «кең» мағынасындағы да, «тар» мағынасындағы да анықтамалары белгілі бір қорытынды жасауға кедергі болған жоқ және археографтардың, мұрағатшылардың, филологтардың тарапынан талас тудырмады.

Археографияны тек қана деректерді жариялаумен айналысатын ғылым деп түсінудің қате екені айтылды, сонымен бірге ғылыми-әдістемелік негізге сүйенген археография ғылымы кең құлаш жая дамығанын С. О. Шмидт те мойындайды. Осы жағдайды ескере отырып, «жазбаша тарихи деректерді жинақтаумен, сипаттаумен, жариялаумен айналысатын ғылым» деген кең ұғымды қамтитынын, ал қысқаша айтқанда – құжаттық ескерткіштерді жариялаудың теориясы, әдісі, тәжрибесі деп алуды ұсынады.

С. О. Шмидт археографияның кең мағынасына енген археографиялық қызметтерді ауқымына, сипатына, әртүрлі бағытына қарай бөліп қарастырды.

Солардың бірі – дала археографиясы, бұл – құжаттық ескерткіштерді сол кездескен жерінде жинақтап, зерттеу деген сөз, келесі – сипаттау, ғылыми өңдеу археографиясы, үшінші, жариялау археографиясы (латынша – эдициялық археография), оның басты мақсаты: құжаттық басылымдарды әзірлеу. Бұлардың ішінде көпшілікке неғұрлым белгілісі – осы, соңғы сатысы екендігін ғалым атап өтеді. С. О. Шмидттің «археография» сөзіне берген «кең» мағынасы да, «тар» мағынасы да кейін ғылыми әдебиеттерде ғана емес, оқу құралдарында да беріліп жүрді. (қараңыз, мыс: Документальные памятники: Выявление, учет, использование: (Учебное пособие для студентов вузов, обучающихся по специальности «история») М., 1988. С. 20), энциклопедических справочниках (см. напр.: Энцыклапедыя гісторыі Беларусі Мн., 1993. Т. 1. С. 160) и др. С. О. Шмидттен кейін, 2002 жылдан РҒА Археографиялық комиссиясын басқарған С. М. Каштановтың пікірі бойынша «әдеттегі археографиядағы үш бағыттың жұмысын бегілі бір мақсатпен жүргізіледі деуге болмайды, егер жұмыстың алғашқы сатысында іздестірумен айналысса, келесі кезекте каталогтарда, шолуларда, тізімдемеде ол құжаттарға сипаттама беріледі. Үшінші, соңғы сатысында белгісіз болып келген деректерді жариялау арқылы көпшілікке таныстыру яғни, археографияның қазіргі «тар» мағынасын көрсететін теориясы мен іс жүзіндегі қандай мәселемен айналысатынын көрсетеді».

Археографияның атқаруға тиісті міндеттері мекеменің және оның баспасының атауларынан да көрініп тұр (Археографиялық комиссия), «Археографиялық жылнама». (Каштанов С. М. Актовая археография. М., 1998. С. 7).

«Археография» терминінің «тар» мағынасын алсаңыз да, «кең» мағынасын алсаңыз да жариялау ісімен байланысты екенін байқау қиын емес. Осыған байланысты археографияны кең мағынасында жазбаша деректерді ғылыми айналысқа түсіру жолында деректерді жинақтау, сипаттау, жариялау сияқты кешенді мәселелермен айналысатын ғылыми пән ретінде немесе ғылым ретінде қарастыруымыз керек. Ал тар мағынасында құжаттарды жариялаудың теориясы мен әдісін әзірлейтін ғылыми пән деп түсінеміз.

Берілген анықтамаларға қарап отырып, археографияның зерттейтін саласы құжат емес, оның жариялануы екендігін көреміз. Біздіңше, құжаттану, деректану, дипломатика, мұрағаттану және басқа да дереккөздерді тануға қатысты пәндерге қарағанда тек археография ғана тарихи дереккөздерін жариялаудың ерекше теориясы мен әдістерін зерттеумен айналысады, дербес ғылыми пән ретінде құжатқа деген өзіндік көзқарасы және зерттейтін мәселесі айқын.

Москва тарих-мұрағат институтының профессоры А. Д. Степанскийдің пікіріне сүйенсек, тарих пен археографиялық түсініктердің қазіргі жағдайын, тарихи деректердің жариялану әдістерін, отандық тарихымызға байланысты жарияланып жүрген археографиялық деректердің мазмұны мен құрамын мойындауымыз керек.

Археографияның ғылыми пән ретінде қалыптасуына тарих ғылымында ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың басында құжаттарды жариялауға байланысты нақты жұмыстардың кең көлемде жүргізілуі зор ықпал етті. Тарихи зерттеулердің дамуы өз кезегінде жекелеген тарихшыларға ғана мәлім болып келген, бірақ ХVІІІ ғасырда Ресейде, Белоруссияда, Украинада, Польшада т. б. елдердегі зерттеуші-тарихшылардың да қызығушылығын тудыратын жаңа тарихи деректердің қамтылуын талап етті.

Жарияланған құжаттар түріндегі тарихи деректерге сұраныстың артуы жаңа ұсыныстардың пайда болуына әкелді. Құжаттарды жариялау жұмыстары кең құлаш жайды. Нәтижесінде құжаттарды әзірлеу мен жариялаудың жаңа әдістері пайда болды, басып шығарудың техникасы жетілдірілді.

Соңында бұл әдістер мен тәсілдер көп жылдық тәжірибе нәтижесінде жинақталып, бір жүйеге келтіріледі. Тарихи деректерді жариялаудың әдістерін әзірлеу жұмысы өз кезегінде тарихи деректердің теориялық мәніне (табиғатына, тарихи деректің құрылымына, деректердегі фактілерге талдау жүргізу арқылы өткен тарихымызды тану мүмкіндігін анықтау) сүйене отырып жүргізіледі, археографияның ғылыми пән дәрежесіне жетуіне жағдай жасайды.

Археографияның объектісі, пәні.Егер археографияны тарихи деректерді жариялау мәселесімен айналысатын пән деп қарастырсақ, тарихи деректерді жариялау дегеніміз не деген сұрақ туады. Бірақ, археографиялық және деректанулық әдебиеттерде осы бір шешуші ұғымның анықтамасы кездеспейді («жарияланған дерек» деген ұғымның түсінігі де кездеспейді). Құжаттарды жариялау процесін оларды бір информациялық жүйеден (мұрағаттық іс жүргізу) екінші бір жүйеге (кітаптық-библиотекалық) өзгерту деп қарастыру керек. Сонымен қатар, «құжаттарды жалпы жариялау» мен «құжаттарды тарихи дерек ретіндегі жариялау» ұғымдардың ара жігін ашу қажет. Тарихшы жұмыс бабы барысында жарияланған құжаттардың екі категориясын кездеседі. Бір жағынан ол замандастарын шұғыл түрде хабардар ету мақсатында пайда болған уақытысына синхронды жарияланған құжаттар. Екінші жағынан қоғамды ретроспективті құжаттармен қамтамасыз ету, яғни тарихи дерек ретіндегі жарияланым.

Құжаттарды жариялаудың аталған екі категориясының айырмашылығы анық, дегенмен мынандай сұрақ туындайды: синхронды (шұғыл түрдегі) басылымдар археографияның аясына кіру керек пе?

Археографияның объектісі - тарихи деректерді жариялау. Оның басылымнан айырмашылығы: жариялау өткенді тану мақсатында жүргізіледі (басқару емес); жарияланатын дерек шұғыл басылымдарды (ағымдағы іс жүргізуді емес) сақтайтын мұрағаттан немесе кітапханадан алынады. Археографиялық қызмет үш саламен тығыз байланысты: тарих ғылымы, мұрағат ісі, баспа ісі.

Наши рекомендации