Стр. 70 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 69
Стр. 71
Қазақстанның ашық кітапханасы
елу түрлі қобалжу бар сияқтанады. Петр ерттеулі аттай, тас түйін, ықшам отыр. Оның,
жүзінде өлшеп-пішіп, есептеп қойған ойын, кезегі келгенде қыл аудармай орындап
шығудың әзірлігі ғана бар. Кешегі Толстовты мазақтап, «түк те емес!» дейтін батыр жігіт
лоқсып, құсып жіберді. Өңі бозарып кетіпті... Қашан кезегім келіп қалар екен деп,
қыпылдап отырғандар да кеп. Менің көзім біреуден-біреуге түсіп, қыдырып жүріп,
ұшқыштың кең жаурынына барып айналақтап қалды. Айналып жүрген самолетпен бірге
ұшқыштың сом денесі де бірге ойысып, бұрылыңқырап қояды. Әр қозғалысы сенімді,
отырысына дейін орнықты, абдырау жоқ, сасу жоқ, еркін сермеп, қалықтап жүрген ақ
иыққа ұқсап кетеді. Бұрын бар керемет самолетте деп келсем, дәл қазір самолет соның
дегенін істеп, қыңқ ете алмай, айдағанына көніп, ұршықтай иіріледі. Кең алқапқа кішкене
ғана көлеңкесі түсіп, кең орап айналып жүрген самолеттің қанаттары осы ұшқыш жігіттің
өз қанаты сияқтанып кетеді. Киімнің сыртынан білеуленіп тұрған бұлшық еттері кейде
арқасынан да білініп қалады. Еркекке біткен кең жаурынға көзім әлсін-әлсін түседі.
Қызыққандық болам. Ұшқыштың бетін көргім кеп, оңды-солды бұрылып қарасам да, жүзі
көзіме түспей қойды. Екі қолымен күйсандықты ойнатып, ойнаған күйін өзі ғана түсініп,
елтіп отырғандай, өзімен-өзі болып, артына бір бұрылған жоқ.
Енді осы бір мінез кімде бар деп, соны таба алмай отырмын. Айғайлап, шуласып жатсаң
да, құлағына кіріп шықпайтындай, оқыған кітабынан басын алмайтын біреуді білуші ем...
Не, Шеген екен ғой! Ойбай-ау, мынау да Шеген ғой!.. Өзі ғой!
Инструктор маған әзірлен деген белгі беріп қалды. Тұра беріп мен де:
—
Шеген!—деп қалдым. Гүрілдеген самолет үні естіртті ме, жоқ па, әйтеуір Шеген де
артына бір бұрылып қалды. Көзге көзіміз кездесе бергенде, инструктор маған «секір!» —
деді. Ішімнен «саған арнадым!» деп, мен де секіріп кеттім. Манадан бергі: қобалжу-
қорқыныш дегендерімнің қайда кеткенін білмеймін. Әрі аға, әрі досыма арнап, қолдан
келген өнерімнің бәрін көрсеткім келіп барады. Көріспегелі өткен бірнеше жылдың ішінде
қандай енер таптым, қандай биікке көтерілдім, соны Шегеннің көзіне көрсеткім келіп,
еркін бір жайқап түсу үшін, сақинаны ертерек тартып қалдым. Ақ жібек парашют лап етіп
ашылып, қол шатырдай керіліп, төбеме тігіле қалды. Енді өзім де баяу қалқыған қыранға
ұсап, төменгі жақты түгел барлап келем. Бүгін, сөз жоқ, Шегенмен кездесіп, жеті жылдан
бергі жинаған сырды түгел ақтарам. Мың түрлі әңгіме ойыма ұмар-жұмар келіп,
қуанышымнан жарылып кеткендеймін. Самолет қазір жерге қонады, мен жүгіріп қасына
барам, Шегенмен құшақтаса кетем...
Өзің сүйген әйелің жақында болса, ерленіп кетесің, деген бар. Мүмкін, дұрыс шығар.
Бірақ қазір менің қолымнан келер бар ерлігім мен бар өнерім Шегенді көргеннен қозып
кетті. «Қия тастай құлай ұшқан ер сұңқарша» деймін өзіме-өзім, баяғы Шеген айтатын
«Сұңқар жыры» есіме түсіп. Қасымда тұрған ешкім жоқ, именбей, жасқанбай айтам.
Өзімді-өзім бір ғана секірумен сол сұңқарға да теңегендеймін... Бұл күйімде аспан жақын,
жер алыс көрініп, өзімді жоғары, биікте көрем. Сұңқардай ма, қырандай ма, елімнің әрбір
жасындай ма, әйтеуір еркін қалықтап кеп жерге түстім. Менен көп бұрын түскен Володя
Толстов жүгіріп қасыма келіп:
—
Тамаша!—деді.— Сонша тамаша қалықтаған не Петр, не сен боларсың деп, көз
алмай байқап тұрдым!
Парашюті шамның отындай ғана ағараңдап, жұлдыздай ағып, Петр де келіп түсті.
—
Петр осылай түседі ғой! — дейді Володя, оған өзінше бір мақтау тауып.