Стр. 61 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты

Упрощенная HTML-версия

К полной версии

Содержание

Стр. 61 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты - student2.ru

Стр. 60

Стр. 61 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты - student2.ru

Стр. 62

Қазақстанның ашық кітапханасы

Шешусіз жұмбақ мазалауын қояр емес. Мен әлі сүю-күю дегенді көрген емеспін.

Ақботаның ойымнан шықпайтыны да балалық шақтың әсері болуы мүмкін. Кітаптан

көрген «шын махаббаттар» «Қайрақтының» қазағының қолынан келе де бермейтін

сияқтанады. Бірақ «Қайда кетті екен?» деген сұрау есімнен де кетпейді, жанымды

қинауын да қоймайды. Араға түскен екі жыл ұмыттырса да керек еді, жоқ ұмыттыра алған

жоқ. Қайта, жұмбақтың шешуі қиындаған сайын, менің ойлануым да көбейіп барады.

Араға айлар түсіп алыстатқан сайын, көк шәлісін шалқайта жамылған келіншектің бейнесі

күн санап ажарлана түседі. Көздері кез алдымнан кетпей, қызыға түсем. Тұмаршадағы үш

ауыз сөзден әлі үміт етем. Жалғыз-ақ хабарсыздық қажытып барады.

Алдыңғы күні таңертең күзеттен қайтып келе жатқанымда ақтылы-қызылды бұлттар

арасынан сол жұмбақтың шешуі де жарқ ете түскендей болды. Н. қарпі сияқты бір бұлт

құбылып барып Ақботаға ұқсап кетті. Ойыма жұмбақтың жаңа бір шешуі түсе қалды.

«Н. деп қол қоятын сол Ақботаның өзі болар!»—деп ұйғардым.

Қайтып келіп Н. деп қол қойылған хаттардың бәрін төсегімнің үстіне қаз-қатар жайып,

тексеруге салдым.

Біреуінде:

«Апаң Ақботаны сұрай беріп қайтеді, сол жақта да сұлу қыздар бар шығар — дейді.

Ақбота қанша дегенмен есік көрді ғой деп айтады»— деген күрсініс бар екен. Енді

бірінде: «Ылғи сұрай бересіз, мен жауап таба алмай қысылам... Егер шын-ақ үлкен

жұмысыңыз болса, жөнін айтыңыз, мен де қосыла іздесейін»,— деп Н. өз атынан

жазыппын. Енді абайласам әр хаттың ішінде де менен сыр тартқан бір ауыз ойнақы сөз

жазылмай қалмаған екен. Мен бәрін де менің сұрауыма қарай қайтарылған жауап деп ,

кезінде байқамаған екемін. Күнәсіз болғанмен кейбір ойнақы сөздерді Ақбота ғана жазуға

мүмкін.

Әрине, Ақбота осы Н! Н. сол Ақбота!..

Осы шешу табылғаннан кейін, мен күзет бөлімінің командирше бардым:

Қырымға деген демалысты өзгертсеңіз екен. Мен шешемді көріп қайтқым келеді.

Денім сау, курорттың маған керегі не? — дедім.

Әрине, тап осылай емес, әскерлік тәртіптің әр ноқатын өз орнына дәл қойып айттым.

Командир алғашқы бұйрығын өзгертіп елге баруыма рұқсат етті. Қайтып келіп Мыколаға:

Шешеме барып қайтатын болдым!—дедім, басқа жолдастарға да соны айттым.

Қазір міне, шамаданымды ашып қойып, Ақбота мен шешеме не ала барсам екен деп соны

таба алмай отырмын. Жоқ, жұмбақтың шешуі тағы шиеленісіп кетті. Tөc қалтамда жүрген

тұмаршам мен хат жазған қолды салыстырып қарасам, бір харпы ұқсамайды! Біреуі

бұрынғы латынша, біреуі қазіргі жаңаша жазылғанмен харып қоюда бір ұқсастық болуға

тиісті еді, ол ұқсастық табылмады. Көңіл тағы дағдарып қалды. Әлдеқандай бір қызға сен

Ақботасын деп тап беріп хат жазуым да қиын, іздеп барғанда ол Ақбота болмай шықса, о

да оңай емес. Әлі шынықпаған көңілім Ақботадан біржола күдер үзіп қала ма деп

жүрексінем.

«Жоқ, сол Ақбота! Жөнел, тарт «Қайрақтыға!» — деп, жүрегім айғай салғандай.—

«Тарттым!»—деп, мен де белді байлап, шамаданның қақпағын жаптым. Еш нәрсе апара

алмасам, оқасы не, өзімді алып барам.

Наши рекомендации