Стр. 63 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 62
Стр. 64
Қазақстанның ашық кітапханасы
туған ой мәңгіге кетер даналықтай жасай бергісі келді. Ой орнына — тақпақ, өлең орнына
— жоқтау берді де, құлшылық күтті. Жапырақ көгермей солды, жастық гүлденбей өлді.
Жалғыз-жалғыз зар қаққан домбыра үні әлсіз сарнады.
Ала бағанның ар жағындағы ел көз алдыңа осындай бір қайғылы заманды әкеледі. Замана
заңы ескірген сайын қадірлі бола беретіндей, әлі баяғы ескі жұртында, алдақашан өлген
еліктің өлімтігін күзетіп отыр.
Әріректе, қыр басында бәленшекең дерлік біреудің моласы тұр. Кірпіші құлап, тозығы
жеткен соң, енді әулие атанған сияқты. Әр жұмада басына жұрт жиналады. Бір күн бұрын,
бастары қақшаңдап, таяқтарымен жер түрткілеген біріне-бірі ұқсас соқыр қайыршылар
келе бастайды. Ертеңіне біреуі отырған бойы сырғанап, біреуі төрт аяқтап тарбиған, енді
біразы қолтығына тіреп алған жалғыз таяқпен ақсаңдап жарымжан мүгедектер жетеді.
Бәрі де қара киінген. Бұлар топ-топ боп, бірінен-бірі озып кете алмай, бір көрінген
жерінен оңай ұзай алмай, ұзақ жылжиды. Кейде жұрттың алды қайта бастағанда,
бұлардың арт жағы жаңа жақындап келе жатады. Мүгедектердің қасынан желдей есіп
өтіп, тоқтаусыз зарлап, «аллаһулаған» диуаналар келеді бір кезде. Диуаналар жортып
жүріп, моланы бір айналып шығып, ақырында әрқайсысы өзіне ұнаған жерді таңдап алып,
садақа бұлағының бір ағатын жері осы болар деп отырып қалады. Анда-санда екі қолды
бірдей алдына қарай созып бір қойып, бар денесімен шұлғып бір тастап отырады. Бұлар ақ
сәлделі, ақ киінген аса таяқ ұстаған, аттай желгіш, сиқыршыдай ойнақы бәле келеді.
Басқалар садақаны мүгедектігімен алса, бұлар өздерінің ептілігімен дұрысын айтқанда,
жүліктігімен алады. Сірә, бір жиында түсетін садақа қорының дені осылардың қолына
түсетін болу керек. «Алла» дегенге ешбір мән бермей, автоматтан атқандай үсті-үстіне
төпілдетулеріне қарағанда, бұл қулар құдайыңның өзіне де сене бермейтін сияқты.
Айналасы қоршаған нөкер, ала киінген алшаң басқан бай-батшалар, біріне-бірі сүйенген
кемпір-шалдар келеді. Ұзамай мола басы құмырсқадай құжынаған жұртқа толады. Бүкіл
бір ел тілекті өліктен тілеп, үмітін моладан күткендей, мүлгіп қалады. Күрсініп, көзіңді
артыңа бұрасың.
Тау етегін қашай-қашай, шатқалды жарып жол салып алған көкшіл өзен көбік атып,
тастан тасқа секіріп, жұлқынып ағады. Әлдеқайда асыққандай шумен жанжалмен атылып
барады. Дұрысында екі елдің шекара шегі осы өзен. Өзеннің екі бетін өрлей, қия
жарқабақтардан ойға қарай төне жалғыз-жалғыз мықыр ағаштар еседі. Жапырақтары
қалың, сыртына балауыз жағып қойғандай күн көзіне күмістей шағылысады. Өзім
бақылайтын жерде ол ағаштардың нешеу екенін де білем. Бұл маңдағы ойпат-жыралардың
қыжыр-қыртыстарын да түгендеп қойғамын. Қалтарыс қайда, қауіп қандай лагермен келе
алады, бәрі де қолымда. Бағанның біз жағында түп-түп боп өскен жантақ, тікендер, сен
үшін берік бойтаса көрінсе, батанның ар жағында өскендері бүйірдей үрпиіп, әр кезде
көзің тайып кетуін аңдып тұрғандай көрінеді. Рекстің көзі де әр уақытта соларға түсіп,
ылғи санап жатқан сияқтанады. Күнде көріп жүргеннен бір түп жантақ асып кетсе, Рекстің
көзі соны тауып алып қадалады. Кейбір түндерде жаңа бір түп тікенек өсіп қалып,
таңертең кірпідей күжірейіп тұратыны да болады...
Өзеннің арғы бетінде көрші елдің күзетшілері жүреді, бергі бетінде — біз. Көрші елдің
сыртқы ызғары онша пәлен болмағанмен мылтық ұстаған жастары күн сайын
дарақыланып, есерленіп барады. Соған қарағанда, бұл күнге дейін тату отырған көршінің
көңіліне бір сайтан кіре бастаған сияқтанады. Әсіресе, соңғы үш айдың ішінде көрші елдің
күзетшілері сүйегіне бітпеген ожарлық көрсете бастады.
Әрбір жұма күні таңертең, әдемі-әдемі арабы ақбоз атқа мініп, әсем бастырған офицерлері
келеді. Ер-тұрмандарын күмістеген тас жаптырған болу керек, күн кезінде жарқ-жұрқ