Стр. 90 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 89
Стр. 91
Қазақстанның ашық кітапханасы
Пулеметтердің бірінің ғана үні шығады. Жол бойы апат соққандай. Қираған машина, арба,
шашылған үй жиһаздары, әр түрлі халде қаза тапқан бейбіт халық. Ыңырсып жатқан
жаралылар. Жапырақ үстіне қалың шаң, тұрып қалыпты да, барлық аман қалған ағаш
өртке ұрынып шыққандай. Жан-жануар жерге басын салмай, осынша өзгеріп кеткен
дүниеге таңқалып қарайды.
Сай-салаға жасырынып аман қалған машиналар, арбалы-жаяу босығандар өзен бойын
жоғары-төмен ерлеп, өткел іздеп жүр. Көпірге әлсін-әлсін келіп қалып жүрген машиналар
да тез бұрылып кетеді. Әскер бөлімдері азайып, енді көп ағылып жатқан бейбіт жұрт.
Қираған көпірдің үстінде инеліктей имиіп немістің барлаушы самолеті жүр. Төмен ұшып,
айналып жүргеніне қарағанда енді бұл жерде көпір жоқтығын суретке түсіріп алып
жүрген сияқты. Кеше лейтенант Горькин жатқан терең шұңқырда менің үш жолдасым
ұйықтап жатыр. Екі жауынгерді неміс қолдарының қай жерде келе жатқанын барлап
келуге жібердім, бір жауынгерім көпір маңында болған жайларды хабарлап келуге штабқа
кетті. Көпір салушылар сұрадым. Өзім сол жауынгерлерімнің оралып келуін күтіп
отырмын.
Айналам тым-тырыс, еліктей үнсіз, әлсіз ғана қалғып кеткендей. Шаң басқан қайыңдар
қара жамылып, қайғы салмағынан бүгіліп тұрғандай. Жаншып бара жатқан тыныштықты
бұзу үшін айғай салғың келеді. Алыста күн күркірегендей боп, соғыс үні естіледі.
Өртенген дүниенің қоңырсы иісі қоюлана түсіпті. Құлаған ақ теректердің өлуге айналған
жапырақтары дір қағып, өмірге ынтығып, су сұрап жатыр. Құлап жатқан ағаш
жапырақтары рақымсыздыққа шағым етіп, күнәсіз өміріне сауға тілейтіндей, арызын
айтады. Әлсіз сыбыр осындай бір тыныштық кезде ғана естіледі. Жапырақтай сарғайып
кеткен жас қана жаралы қыз ауыр ыңырсып, қасымдағы бір шұңқырда жатыр. Ағаш
арасында шықылдасып отыратын торғайлардың бірі қалмаған. Өзен жақтан боз торғай
шырылы да естілмейді. Осы ауыр тыныштық сені де езіп барады.
Мен күндегі ұрысып-көрісіп өтіп жататын көп жұртты сағынып отырмын. У-шусыз оңаша
қалған ой ел басына түскен бәленің салмағын өлшеп әуреленеді. Жау табанына түсіп
қалған қалалар мен бауырлас елдердің ауыр ыңырсуын естігендей боламын. Кезім қайта-
қайта жол бойындағы апат іздеріне түсе береді. Қопарылып, қазылып қалған жер,
қиратылып қалған бақшалар, шашылып жатқан дүниелік, ыңырсып жатқан жаралы қыз —
бәрі қосылып Отанның ауыр халін көз алдыңа әкеледі. Бәрі көкке шақырады. Үнсіз
шақырады. Сонша ауыр тыныштықтан жарылып кеткендейсің. Кешегі бір ән осы кезде
тағы бір шыға қалсайшы дейсің!
Жоқ, ол емес, басқа бір ән керек! Әмірдей қатал, аттан салған, дабыл қаққан ән керек!
Мылтық атып отырып «Ақ ерке» әнін айтып та болмас, «Ақ еркені» айтып отыр» саң,
мылтық атып та болмас!
Жауынгерлердің сақалдары өсіп, үсті-бастары кірленген. Күлімсіген киім исіне еттей ащы
тер исі қосылған. Әбден қалжыраған жігіттер бастары жерге тие бергенде-ақ ұйықтап
кетті. Балаша бұратылып, қалай болса солай, ыңғайсыз жатыр. Дені сау, өкпесі керіктей,
жүрегі таза, Семен Зонин болу керек, біреуі қатты қорылдайды. Істе қандай ызғарлы
көрінетін жігіттер, қазір уқаланып қалғандай, еліктей сұлап, түк дәрменсіз жатыр. Бұл өз
уақытындағы тәтті ұйқы емес, болдыртып жыққан қиналысты ұйқы. Бірақ өзімді де алып
ұра ма деп, мен ананы-мынаны ермек етіп отырмын.
Қолыма төс қалтамда жүретін, шешемнен келген соңғы хат ілікті. Хатта не жазылғанын
жатқа білсем де, қайта оқи бастадым. Шешем қазір колхозда, құрылыс жұмысынан
босаған, алып тұратын пенсиясы бар. Айдаш әскерге алынып кеткен.