Ара балы жайында не білеміз
Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресінің 68-69 аяттарында Алла тағала біздерге бал аралары жайында хабарлайды: «(Ей Мұхаммед (с.ғ.с))Раббыңыз бал араға әмір етті: «Тауларға, ағаштарға және(адамдар) құратын індерге (яғни құрылыстарға) ұя сал. Сонан соң, түрлі жемістерден жеп, Раббың (сен үшін) қолайлы етіп қойған жолдармен ұшып жүр!». Оның қарынынан адамдар үшін шипа болған әртүрлі реңді ішімдік - бал шығады. Әлбетте, бұл істе ойлап пікірлесетін ел үшін (Алланың бар екендігіне) аят-белгі бар».
Аралар - аса пайдалы жәндіктер. Олардан қоректілігі мол, жұғымды, емдік, қантты өнім - бал, сондай-ақ фармацевтика, электротехника, авиация өнеркәсіптерінде пайдаланылатын органикалық зат - балауыз алынады. Аралардан прополис (ара желімі), ара уы, гүл тозаңы, биологиялық белсенді заттары бар және емдік әсері өте күшті сүт алынады. Бал араларының тіршілік әрекетінің өнімдерінен әсері жоғары бірсыпыра дәрілік препараттар дайындалады екен.
Аралардың аса пайдалы қасиеттері ғана емес, сондай-ақ олардың тіршілік құрылымы, инстинктерінің жетілгендігі, қажымайтын жұмыс қабілеті де ғалымдардың назарын аударған.
Бал - жоғары каллориялы диеталық тағам. Аралар оны негізінен балды өсімдіктер гүлінің шырынынан жинайды. Гүл шырынының балы жөке, қарақұмық, беде күнбағыс, күреңот өсімдіктерінен алынады. Балдың химиялық құрамы шырынды өсімдіктердің түріне, сол өсімдіктер өсетін жердің табиғат жағдайына және балды өңдеу әдістеріне байланысты. Гүлден жиналған бал құрамында (орта есеппен): 13-20% су, 80%-дан астам көмірсу (негізінен қант түрлері глюкозид пен фруктоза), 0,4% ақуыз, сонымен бірге онда минералдық, хош иісті және бояғыш заттар, ферменттер, дәрумендер (В1, В2, В3, В6,С, РР т.б.), органикалық қышқылдар, йод, мырыш болады. Тағы бір мәліметтерге қарағанда, балдың құрамында магний, натрий, калий, кальций, хлор, күкірт, темір, фосфор сияқты көптеген минералды заттар бар көрінеді. Бұл дәрумендер мен минералдардан бөлек, гормондардың кейбір түрлері кездеседі. Балдың түсі ақшыл (күреңоттан), сарғыш (аққараған, эспарцет, жөке, күнбағыстан), қоңыр күрең (қарақұмық, аршагүл, т.б) болып келеді. Оның түсі мен иісі бал арасының қандай өсімдіктерден жинағанына байланысты. Дәм мен иіс жиынтығын бал «шоғы» деп атайды.
Балды кондитер тағамдарына қосқанда дәмі жақсара түседі, әрі оларды кептірмей ұзақ сақтайды. Бал балаларға, сондай-ақ зат алмасуы төмендеген қарт адамдарға да өте пайдалы. Оны іші қатқан, іш құрылысында жарасы бар адамдарды емдеу, ауыр операциядан кейін сауықтыру үшін де пайдаланады.
Осы «Нахыл» сүресінің арабшадан аудармасы «бал ара»деген мағынаны білдіретінін байқаймыз. Әрине 114 сүреден құралған Құран Кәрімнің толық бір сүресінің «Бал ара» деп аталынуы тегін емес. Күнделікті тамақтануымызда асқазанымызға қабылдайтын тағам түрлері өте көп. Дегенмен үстел басына араның балын қойсақ, дастарханымыз ерекше сәнге айналғандай болып көрінеді. Бірақ та дәл осы ара балының адам ағзасы үшін қаншалықты маңызды әрі пайдалы рөл атқаратынын білеміз бе?
Құран Кәрімде: «Бал - адамдар үшін шипа» - делінген. Дәл осы Алланың сөздерін 1993 жылдың 20-26 қыркүйек күндері өткен «Ара өсіру шаруашылығы» атты бүкіләлемдік конференцияға қатысқан ғалымдардың барлығы мақұлдады. Нақты айтатын болсақ, аталмыш конференцияда дүниежүзі ғалымдары ара балынан қандай пайда алуға болатынын кеңінен талқылады. Нәтижесінде американдық ғалымдардың айтуына қарағанда, араның балымен көптеген ауруларды емдеуге болатыны белгілі болды. Румыния дәрігерлері «катарка» деген көз ауруымен ауратын адамдарды балмен емдеген. Соның нәтижесінде бірнеше жылда, бал қабылдап емделген 2094 науқастардың 2002-сі дерттерінен толық жазылған екен. Польшалық дәрігерлер бал арқылы көптеген тері ауруларын жаздыртуға болатынын мәлім етті. Араның балын зерттеген ғалымдар одан келесі артықшылықтарды анықтаған:
- асқазанда тез қорытылуы. Балдың құрамында глюкозаға, фруктозаға айналатын көмірсу молекулаларының түрлері болады. Олар бауыр мен бүйректің жақсы жұмыс атқаруына көмектеседі.
- каллориясы төмен болғанымен, көп энергия беретіндігі. Бұл жерде айта кететін жайт, егер бір ыдыстағы бал мен келесі ыдыстағы қанттың құрамын салыстырсақ, балдың 40% мөлшерде төменірек нәрлілік беретінін көреміз. Бірақ мұңда таңғаларлығы, адам ағзасына бал қуат-күш бергенімен, дене салмағын көбейтпейді екен;
- ағзаға тез сіңірілуі; Балды қабылдаған адам миының жұмыс істеу қабілеті жақсарады, дененің қан айналымы дұрыс болуы үшін, керекті қуатты беріп тұрады. Сонымен бірге, қанды тазартады, әртүрлі қан-тамыр ауруларынан сақтайды, жүрекке оң әсер береді;
- бактерияға қарсы сипаты. Белгілі мөлшерде суға араластырылған күйінде қабылданған бал түрлері, антибактериялық сипатқа ие болады. Ғалымдар жаңа туылған араларға аналары таза бал бермей, оны сумен араластырып беретінін анықтаған.
Ара балының адамдарға пайдалы екендігі жайлы Құран Кәрімнен сіздер үшін аят келтірдік, ғалымдардың зерттеу нәтижелерін жарияладық, олай болса, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне де бір назар салсақ.
Әбу Са'идтан мына хадис риуаят етіледі: Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір кісі келіп: «Менің ағамның іші аурып жатыр!» - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Оған бал бер!» - деп жауап қайтарады. Кейін сол кісі қайта келіп бұйымтайын айтқанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған тағы да: «Оған бал бер!» - деп айтады. Әлгі кісі үшінші рет келгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сол кісіге: «Оған бал бер!» - дейді. Кейінірек қайтадан келген әлгі адам Пайғамбарымызға (с.ғ.с): «Мен соны істедім» - деп айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: «Алла хақ сөзді айтқан, ал сенің ағаңның іші өтірік айтты» - дейді де, «Оған бал бер!» - деп қайтарады. Сонан соң әлгі кісі ағасына бал бергеннен кейін, ол жазылып кетеді.
Келесі бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Емдік қасиет үш нәрседе болады: ара балын ішу, сүлік салдыру арқылы қан шығару, күйдіру. Бірақ та мен өз үмбеттеріме күйдіруді тиым етемін» - деген. (сахих әл-Бұхари).
Ауруды жаратқан Алла тағала өзінің пенделері үшін сол аурулардың емін де қоса жаратқаны белгілі. Ендеше, емдік қасиеті мол тағам түрлерінің ішінде табиғи балдың алар орны ерекше. Халық медицинасы бал арқылы ем қабылдауды осыдан 4000 жыл бұрын білген-ді. Грек елінің ұлы ғалымы Пифагор «Ұзақ өмір сүрудің себебі - балды жиі қабылдағаннан» десе, әлемге әйгілі медицина ғалымы, жазушы Абу ‘Али Ибн Сина (Авиценна, 980-1037 ж.ж): «Егер жастық шағыңды сақтап қалғың келсе, балды жиі же!» - деген екен.
Олай болса, мұсылман бауырлар, Алла тағала бізге рақымдылықпен сыйға тартқан ара балына дастарханымыздан орын беруді естен шығарып алмайық!
Берікбол ЖАНАҚОВ,
Астана қаласы.