Желгі Қытай философиясының әлеуметтік-өнегелік, тұрмыстық-практикалық мектептері мен бағыттары.

Дәріс 3. Антика философиясы.

«Antiquus» деген латин сөзi “ежелгi” деген мағына бередi. Антикалық философия дегенде ежелгi Қытай, Үндi философиясы емес, тек ежелгi Рим және Грек философиясын айтады. Антикалық философия б.з.д. ҮII ғ. соңында ҮI ғ. басында пайда болып, б.з. V ғ. өмiр сүрдi, құл иленушiлiк қоғамдағы спецификалық жағдайдағы философиялық дәстүр пайда болды. Антикалық философия төмендегi кезеңдерге бөлiнедi:

1. Көне грек философиясы немесе архаизм (көне, ескi, атам заманғы) б.з.д. VI-V ғ басындағы кез. Бұл кезеңдегi негiзгi мектептер: Милет мектебi (Фалес, Анаксимандр, Анаксимен); Пифагор және пифагоршылар; Элеаттар (Парменид, Зенон); атомшылар (Левкипп, Демокрит). Бұл мектептерден тыс тұрған философтар - Гераклит, Эмпедокл және Анаксагор.

2. Классикалық кезеңнiң негiзгi мектебi - софистер (Горгий, Гиппий, Протогор, т.б.). Алдымен бұларға қосылған, кейiн оларды сынаған Сократ, Платон, оның мектеп академиясы, Аристотель және лицей мектебi.

Эллиндiк кез (б.з.д. IҮ – б.з. Ү ғ.). Бұл кезеңнiң негiзгi мектебi: Эпикур мен Эпикуршiлер ( Лукреций Кар), Стоиктер (Зенон, Луций Анней Сенека, Марк Аврелий); скептиктер (Пиррон, Секст Эмпирик); кинктер (Антисфен, Диоген Синопский); неоплатонизм (Плотин, Прокл, Янвлих). Көне грек философиясының негiзгi тақырыбы ғарыш, физика. Алғашқы грек философтарын физиктер, ал философияны натурфилософия деп атады. Осы кезеңде әлемнiң бастамасы мәселесi қалыптасты.Көне грекияның атақты философы – Фалес. Фалестiң пiкiрiнше барлық тiршiлiктiң негiзi – су. Ол буға айналады, бу ауаны құрайды, қарама-қарсы бағытта оларда өзгерiс жүредi, жер тiптi таста осының нәтижесi . Әртүрлi, әр алуан әлемнiң сапалық жағдайының мәнi және байланысының айрмашылығы осыдан алғашқы орынға шығады.

Фалес құдайды жоққа шығарады, бiрақ әлемдi түсiндiруде құдайға жүгiнедi. Оны сол кездегi ең батыл, таң қалдыратын тiрлiк иесi дедi. Фалес: тiршiлiк мәннiң ең ежелгiсi – Құдай, өйткенi ол тумаған. Бәрiнен де әдемi - әлем, өйткенi оны құдай жасаған. Бәрiнен де данышпан уақыт, өйткенi ол бәрiн ашады, - дейдi. Сұрақтарға жауабы: дүниедегi қиын не? – «Өзiңдi тану». Ең оңайы не?- «Басқа бiреуге кеңес беру». Бақытсыздықтан қай кезде құтыласыз? – «Жауыңа сенен де қиын болғанда».

Анаксимандр алуан түрлi табиғаттың негiзiнде әлде бiр белгiсiз және шексiз материя жатады деп ойлады, оны апейрон деп атады. Мiне осы түсiнiк дүниенiң материалдық субстанциясын оның тереңiрек қарағанын көрсетедi. Анаксимен – материалист . Оның iлiмiнше барлық нәрсе бастапқы материядан – ауадан пайда болады және қайтадан соған айналады. Ауа қозғалыста, шексiз, мәңгiлiк зат. Ертедегi грек материалистерiнiң өзiне тән өзгешiлiгi мен ең маңызды табысы стихиялық диалектика болды. Оны Гераклит дамытты. Эфестен шыққан Гераклит (б.з.д. 540-460ж) шындық дүниенiң өзгерiп отыратыны жайында аса ұлы пiкiр айтты: «Дүние дегенiң – аққан су», табиғаттың түп негiзi – от, ол әрдайым өзгередi. Ол қарама-қарсылықтың бiрлiгi мен күрес заңын ұсынды. Бұл заң диалектиканың негiзгi заңы: суық жылыға, жылы – суыққа айналады, дымқыл зат құрғайды, құрғақ нәрсе – дымқылданады. Бұлар осы қарама-қарсылардың күресiнiң нәтижесi. Барлық әлем әр уақытта ұдайы қозғалыста және өзгерiсте болады. Бiр өзенге екi рет түсе алмайсың, қайтара түскенде онда жаңарған су болады. Пифагор (б.з.д.584-500 ж) ежелгi грек философы және математигi. Бiрiншi бастама, тiршiлiктiң негiзi - сан деп есептеген. Барлық қоршаған шындықты таңбалап санға теңедi. «Санның арқасында өлшеуге және тануға да болады»,- дейдi. Элеаттар – Элей философия мектебi б.з.д. VI–V ғғ – ежелгi Элейде, қазiргi Италия территориясында өмiр сүрдi. Өкiлдерi: Парменид, Зенон Элейский, Мелисс Самосский.Парменид – бiрiншi болып «болмыс» түсiнiгiн еңгiздi. Оның пiкірiнше дүниеде тек бiр ғана болмыс бар. «Болмыс бар, биболмыс – жоқ». Биболмысты тану, немесе ол туралы пiкiр айту мүмкiн емес. Сондықтан әлем болмыспен тығыз және үздiксiз толтырылған. Сезiмдiк қабылдау нағыз бiлiмдi бермейдi. Тек философиялық ақыл-ойға салу арқылы ақиқатқа жетуге болады. Элеаттар тану мәселелерiнде, сезiмдiк таным («докса» – пiкiр) және идеалдың жоғарғы рухани таным деп қатал түрде бөледі. Егер Парменид философиялық тезистердi дәлелдесе, Зенонды Аристотель диалектиканың атасы деп атады (қарсыластың пiкiрiн терiске шығаратын диалогты пайдалануына байланысты). Зенон әдiсi – жағымсыз жағдайды дәлелдеу. Парменидтың “Қайшылық заңына” ол “Үшiншiнi жоққа шығару” заңын қосты. Зенонның “Ахилес”, “Дихотомия”, “Жебе”, “Стадион” және басқа апориялары философия ұрпақтары мен көпшiлiк үшiн алынбас қамал болды.Зенонның “Ахилл және Тасбақа” апориясы (апория – түсiнiксiз қайшылық).Алғашқы шарт. Ахилл мен Тасбақа бiр-бiрiнен А аралығындағы қашықтағы жол бойында тұр. Олар бiр кезде бiр бағытқа қарай қозғалады. Ахилл барлық күшiн салып жүгiредi, ал тасбақа болса, бауырлап жылжиды.Тезис: Ахилл ешқашанда Тасбақаны қуып жете алмайды.Дәлелдеу: Тасбақаны қуып жету үшiн Ахилл алдымен қозғалыс басталардағы бөлiп тұрған А аралықты жүгiрiп өтуi керек. Осы уақытта тасбақа да А аралығын өтедi. Демек, ендi Ахилл тасбақаны қуып жету үшiн тағы да А аралығын жүгiрiп өту керек және т.т. Себебi кеңiстiктегi жол шексiздiкке дейiн бөлiнедi, онда Ахилл мен Тасбақа арасында азда болса аралық қалып отырады, оны Ахилл жүгiрiп өтуi керек.

Қорытынды: Ахилл ешқашан да Тасбақаны қуып жете алмайды. Кеңiстiкте шексiз бөлiнетiн немесе бөлiнбейтiн интервалдардың (аралықтар) өмiр сүруi мүмкiн болса, онда қозғалыстың болмайтындығы туралы тұжырым жасауға болады.Зенон бойынша кеңiстiк өзiнiң құрлымы бойынша шексiз (континуальдық), немесе оның бiр шекке (дискреттiк) дейiн бөлiнетiн және одан ары ұсаққа бөленбейтiн интервалдары бар. Егер кеңiстiк белгiлi бiр шекке дейiн бөлiнетiн болса, онда жебе туралы апория қолданылады.

Ежелгi Грециядағы материалистiк бағыт кейiнгi кезеңде Демокриттiң (б.з.д. 460-370 жылдар шамасы) философиясынан толығырақ көрiндi. Демокриттiң көзқарасы бойынша, нақты дүниенi, негiзгi кеңiстiктi толтырып тұратын атомдар. Олар табиғаттың бөлiнбейтiн және мәңгi өмiр сүретiн ең кiшi бөлшектерi. Олар сапа жағынан емес, саны, түрi, формасы, ретi, тәртiбi немесе орналасуы және көлемi жағынан бiр-бiрiнен өзгеше келедi. Соларға байланысты денелер белгiлi бiр сапаға, қасиетке ие болады, жылы не суық, ауыр не жеңiл, қатты не жүмсақ болып келедi. Атомдар мәңгi қозғалып тұрады, бiр-бiрiмен соқтығысып шағысып жатады.

Классикалық кезең. (Б.з.д. Vғ.). Классикалық кезең тақырыбы – адам мәнi, оны танудың ерекшелiгi, философиялық бiлiмнiң синтезi, әмбебабтық философияны құру. Атап айтқанда осы кезде таза идеялық, теориялық философия қалыптасты және оның бiлiм түрiнiң басқаларына қарағанда алғашқы болды. Теориялық философия принципiнiң негiзiнде құрылған классикалық кезеңнiң негiзгi проблемалары: онтология, антропология, гносеология.Сократ (б.з.д. 469-339 жж) туралы Аристотель мен Платонның айтуы бойынша бiлемiз. Сократ әлем құрлымын, заттардың (физикалық) табиғатын танып бiлуге болмайды, тек өзiмiздi ғана бiлуiмiз мүмкiн дейдi. Мұны “өзiңдi танып бiл” формуласы түрiнде өрнектедi. Бiлiм - дегенiмiз ой, жалпы туралы ұғым. Ұғым анықтау арқылы айқындалады да, индукция арқылы жалпыланады. Сократтың басты мақсаты – жастарды өз философиясы арқылы тәртiптi өмiр сүруге баулу. Көбiнесе пiкiр таласы және өз айтыстарымен шұғылданған. “Менiң бiлетiнiм – еш нәрсе бiлмейтiнiм” – дейдi ол. Сократ этика саласында өнегелiктi ақиқат және даналық пен теңестiрдi. Тек ақылды адам ғана өнегелi, себебi ол iзгiлiктiң, жақсы мен жаманның не екенiн бiледi. Әсiресе Сократ үш iзгiлiктi бағалайды: сабырлық - сабырлы адам құмарлықты қалай басуды бiледi; батылдық - батыл адам қиындықты қалай жеңудi бiледi; әдiлеттiлiк - әдiл адам адамдық пен құдайлық заңдарды қалай ұстауды бiледi. Сократтың ойынша даналық тек қана “мейiрбан адамдарға” ғана тән.

Платон (б.з.д. 428-347 жж). Объективтiк идеализмнiң негiзiн қалаушы, әрi Сократтың шәкiртi. Объективтiк идеализм бойынша болмыстың мазмұнын идеялар, рухани мәндер жасайды. Олар мәңгiлiк нәрселер, “сезiмдiк заттар” дүниесi дегенiмiз идеялардың көмескi бейнелерi болып табылады. Заттар мәңгi өмiр сүрмейдi, сағым сияқты жоғалып кетедi. Олар тек мәңгi өмiр сүретiн және өзгермейтiн ұғымдардың көлеңкесi ғана. Негiзгi еңбектерi: “Мемлекет”, “Теэтет”, “Федон”, «Протогор», «Пир», «Софист» т.б.

Аристотель (б.з.д. 384 –322 жж) Стагирда туған, Платонның шәкiртi, кейiннен оның идея туралы теориясын сыни тұрғыдан қайта пайымдаған. Оның қарсылығы мынада: идеялар ақылдан тыс тәуелсiз өмiр сүре алмайды. Аристотель өткен философия тарихының дамуын жинақтап, философиялық бiлiмдi жүйеледi. Аристотельдiң философияға кiргiзген жаңалықтары:Дұрыс ойлаудың заңдары мен түрлерi туралы формальды логиканы жасауы.. Ғылыми бiлiм жалпыны оқу, яғни сезiммен қабылдаудан емес, оймен дәлелдеуден басталады деп, дәлелдеу туралы iлiмдi тұрғызды. Ол бiлiмдi деректердi жинап қорытындылаудан, индукциядан дедукцияға өтуден туатынын көрсеттi.

Аристотель антикалық философ-ойшылдарының iшiнде алғашқы болып философиялық бiлiмдi нақты ғылымнан бөлдi. Екi түрлi философия бар екенiн, “алғашқы философия” - табиғи құбылыстардан тыс жатқан, өзгермейтiн, қозғалмайтын мәңгiлiктi зерттейтiн метафизика, “екiншi философия” – үздiксiз қозғалыста және өзгерiсте болатын сезiмдiк заттар дүниесiн табиғат пен материяны физика зерттейдi дейдi. Негiзгi еңбектерi: «Жан туралы», «Физика», «Категориялар», «Метафизика».

Эллиндiк дәуiр (б.з.д. IV ғ аяғы – б.д. V ғ.) ең ұзақ уақытты алып жатыр. Эллиндiк деп атауға сол кездегi ең кең аймаққа тараған (Жерорта Теңiзi, Таяу Шығыс, Солтүстiк Африка), Эллинизм негiзiнде аксиология мен праксеология мәселелерiн қарастырады, философияның орталық мәселесi этика болды. Философияның мақсаты көбiне дұрыс әрекет арқылы бақытқа жетуi болып түсiнiлдi. Адамдардың араласуы, өзiнiң кiм екенiн және әлемдегi орнының бар екенiн бiлудi қажет еттi. Этикалық мәселелер, сондықтан табиғат iлiмiмен байланысты талданылады.

Эллинизм дәуiрiнде философиялық ойлар негiзiнде көп мектептер мен бағыттар пайда болды. Олар:Эпикуризм (Эпикур, Лукреций Кар),Стоицизм (Зенон Стоик, Сенека, Марк Аврелий)Скептицизм (Пиррон, Секст Эмпирик),Кинизм (Диоген Синопский, Антисфен, Кратет),Неоплатонизм (Плотин, Профирий, Ямвлик, Прокл,),Эпикуреизмнiң негiзiн салушы Эпикур (б.з.д 341-270 жж) аса көрнектi философ-материалист, Демокриттың атом теориясын жасаудағы iзбасары бола тұрып, оны толық мойындамады. Эпикурмеизмнiң ең iрi өкiлi Тит Лукреций Кар (б.з.д. 99-55 жж), римдiк философ әрi ақын, “Заттардың табиғаты туралы” поэманың авторы. Онда ол атомизм идеясын насихаттады, эпикуреизмдi эллиндiк дәуiрдiң атомизмi ретiнде сипаттады. Стоицизм - өте ұзақ тарихы бар антикалық мектеп. Бұл мектептiң негiзiн Зенон Китион салды. Алғашқы кезде Зенон өзiнiң мектебi үшiн портик (үй алдына тiреумен көтерiп қойған, қабырғасыз төбелi қалқа - гр. стоя) жалдап, Афинде жақтастарын жинады. Рим стоицизмiнiң ең көрнектi ойшылары: Луций Анней Сенека және Марк Аврелий. Сенеканың көптеген еңбектерi ұзақ сақталған. Оның “Нравственные письма к Луцилию” және император Марк Аврелийдiң “Наедине с собой” шығармалары бізге белгiлi.

Скептицизм ─Эллинизмдегi тағы бiр философиялық бағыт. Философиялық тұрғыдан стоицизм мен скептицизм бiр-бiрiмен жалғасып жатыр. Олардың мәнi – дүние танудағы бiршама мүмкiндiкке күмәндану. “Скептицизм” терминi ежелгi гректiң “скепсис” деген сөзiнен шыққан. Ол “ойлау, талдау, тербелу” ретiнде аударылады. Скептицизмде – әмбебаптық күмәндану ─ негiзгi философиялық қағида, яғни қандай да болмасын бiлiмнiң анық еместiгi туралы идеяны жүргiзедi. Кинизм философиясы атауын Афин төбешегiнде орналасқан “Киносарг” (“қырағы төбет” немесе “ақ төбет” деген гимнасийден алады, онда алғашқы киниктер (кюнокс – ит) шұғылданды (осыдан кинизм –“ит философиясы”, “ит мектебi” латын тiлiнде), бұл мектептiң iзбасарларын – супiсi – циниктер деп атады. Мектептiң негiзiн салған Антисфен (б.з.д. 444-368 жж.) ол алдымен софист Горийден, кейiннен Сократтан дәрiс алды. Олар даңқты және байлықты ең соңғы моральдық iс-әрекет ретiнде қабылдамайды және “рахаттың өзiн рахаттанып жек көрген”, бiлiмдiлiк пен тәрбиенi де жаратпады. Ол космополитизмдi патриотизмнен жоғары қоя отырып, “әлем азаматы” идеясын ұсынды.Неоплатонизм – Платон идеяларының негiзiнде дүниеге келген философиялық бағыт. Негiзiн салушы Плотин, ежелгi римнiң идеалист-философы. Ол Платонның сезiмдiк, денелiк әлемдi қабылдауды сезiмнен тыс нақтылыққа қарсы қоюына сүйендi. Бiрақ Плотин болмыстың жоғарғы сатысы, оның негiзi идея емес, бiртұтас Игiлiк дедi. Оны ол Күнмен теңестiредi. Одан күн секiлдi жарық шығады, яғни эманация (сәуле, шашу, өту) туады, одан Болмыс Ақыл (нус) идеяларының мазмұны пайда болды. Осылайша Ақыл бiр жағынан - көптiк, барлық идеялардың көптеген мазмұны бар, екiншi жағынан - бiртұтас.

Негізгі әдебиет: (132-159),2(27-40),3(36-52),5(101-131)

Қосымша әдебиет:1(125-148),3(132-137),8(75-77)

Бақылау сұрақтары:

1. Антикалық философияның өзіндік ерекшелігі және пайда болуы. Космоцентризм.

2. Ежелгі Гректің Сократқа дейінгі философиялық бағыттары мен мектептері.

3. Ежелгі Грек философиясының классикалық кезеңі.

4. Антикалық философияның эллиндік-римдікдәуірі. Эллиндік-римдік философияның негізгі мектептері.

Дәріс 4. Орта ғасыр философиясы

Орта ғасыр философиясы негізінен шіркеу догматымен есептесе отырып дамыды. Сол кездегі философияның өмір сүруі ─ шiркеу билiгiнiң ыңғайына, тарихи жағдайға байланысты болды. Шіркеу мен дін, қоғамдағы әлеуметтік өмірдің табиғи көрінісі болды. Олардың абсолюттік үстемдігi философияның және бүкіл мәдениеттің ойдағыдай дамуына мүмкіндік туғызбады. Ойшылдар шіркеу мектептерінде және діни қызмет атқару арқылы ғана философиямен шұғылдануға мүмкіндік алды. Орта ғасыр философиясындағы негізгі мәселелер: Онтология, антропология, гносеология.

Онтология (болмыс). Барлық тіршіліктің алғашқы себебі ─ Құдай. Құдай құдіреті тіршілік иесі ретінде дүниені, адамды жаратқан және оны басқарып, әркімнің өмірін болжап отырады. Айырмашылығы ─ орта ғасыр философиясы теоцентрлік, яғни, шындық ─ табиғат емес, шексіз құдіретті Құдай саналады. Теоцентрлік (тео-құдай орталықта) ойлауда адамның мінез-құлқын, қоғамды анықтайтын күш - Құдай, ол барлық әлемдi, тіршілікті жаратушы. «Құдай дүниені жоқтан жаратты» ─ делінген көзқарасты Креационализм (лат.creatio-жасау) дейді. Ол әлемдегі тірі және өлі табиғаттың бәрi бірегей шығармашылық актіде жасалғандығы туралы идеалистік ілім.

Антропология – ол адам туралы ілім. Осы ілімде адамды құдай жаратқан және өзіне ұқсас етiп жасаған. Бірақ, адам табиғаты екіжақты. Яғни, жан мен тән. Жан ─ рухани ғана емес, құдай берген игілік, дене ─ шайтан қонысы. Адам өз күнәсі мен шайтанның арам пиғылынан құтылу үшін, туған күнінен өлгенше шіркеу мен діннің қолдауына зәру болуы керек. Батыстық орта ғасыр философиясы екі кезеңінен тұрады:

Патристика (Pater-әке, шіркеу әкейлерінің діни философиясы).

Схолостика (латын тілінде «мектеп» деп аталады ). Қазір схоластика деген ұғым ─ өмірден алшақ, практикалық жағынан пайдасыз сөзге үйір дегеннің синонимі.

Философия тарихы Патристика кезеңін І ғ-VІ ғ болды деп анықтайды. Христиан дінінің догматын (қағидасын) жасаушылар ─ Тертуллиан Карфагенский (160-220жж.) Климент Александрийский (150-215жж.) Аврелий Августин (Блаженный) (354-430жж.), Ориген (185-253жж.), Боэций (480-526жж.)болды.

Апостолдық патристика кезеңі (б.д II ғ. ортасына дейiн). Апологеттер II-III ғғ. Христан дiнiн оның көптеген жауларынан - Рим мемлекетiнен, пұтқа табынушылар философиясынан қорғап, христиан-дiни көзқарасын түсiндiру арқылы қалыптастырды. Негiзгi мәселе, пұтқа табынушылардың философиясы мен мәдениетiне байланысты, Тертуллиан, т. б. оларды шайтан жаратқан десе, Ориген және басқалар пұтқа табынушылардың данышпандығы (гректер мен римдiктер) мен христан дiнiнiң бiрлiгiн көрсетуге тырысты.

Классикалық патристика, IV-V ғғ. ортасы - христиандық дiни ойлаудағы көзқараста теологиялық догматтардың үлгiсi қалыптасты. Негiзгi мәселе: құдайдың мәнi мен оның үш жақтылығы: Құдiреттi Құдай, оның Ұлы және қасиеттi Рухтың арақатынасы туралы болды. Христостың табиғаты ─ құдайлық, адамдық немесе құдай-адамдығы (христология), Құдай берген игiлiк, адамның күнәға батуы, одан оны құтқару және күнәдан арылу мәселесi. Бұл мәселелер жаңа христиан мәдениетiнiң рухани негiзiн iздеу, әрi қалыптастыру болды.

Ең соңғы кезең (VI-VIII ғғ.) - теологиялық мәндегi энциклопедиялық жүйелердi жинақтау, догматтарды қалыпқа келтiру.

Енді патристиканың iрi өкiлiнiң бiрiне тоқталайық. Августин (Блаженный)-354-430, Христиан теологі, епископ, Гиппон қаласында (солтүстік Африка, Рим империясы) Христиан дініндегі католицизм ағымының негізін салды. Негізгі шығармасы «Құдай қаласы туралы». Бұл еңбек жүздеген жылдар бойы діни ілімді таратуда, зерттеуде және оны оқуда басты құрал болып саналды.

«Схоластика» кезеңі - философиялық ілімі «схолостика». Оның өкілдері: Эриуген, Бонавентура, Альберт Великий, Фома Аквинский, Иоанн Росцелин, Пьер Абеляр, Ансельм Кентерберийский, т.б. Бұлар патристика көтерген мәселелерді жалғастырды. Бірақ, бұл мәселелер өзінің әдісі мен мазмұны жағынан басқа сипатта болды. Мазмұны бойынша бұрынғыдай құдай және күнәден құтылудың құпиясымен байланысты, бірақ алдыңғы қатарға ─ ақыл-ой мен сенім, дін мен ғылым мәселелері шықты. Жалпы мен жеке ұғымдарының ара қатынасы көп орын алды.

Орта ғасырлық схоластикада әмбебаптылық (Универсалии лат. ─ niversalis-жалпы). Әмбебаптық нақты объектiге тән, оның анықталған түрi болады. Бұл мәселе төңірегіндегі дау-жанжал кең орын алды. Схолатикадағы орталық айтыс, номинализм мен реализм арасында жүрдi. Ол христиан дініндегі құдайдың үштік мәні туралы догмат пен және Құдайдың болмысын дәлелдеуге байланысты.

Номинализм (лат. Nomina - есім, атау) дегенiмiз ─ философиялық ағым, ол бойынша жалпылық, жекені айқындай алмайтыны былай тұрсын, тіпті нақты өмір сүрмейді де. Жалпы идеялар бос сөз, жеке заттарға адам тарапынан берілетін атаулар ғана, шын өмір сүретін тек жеке заттар, ал адам болса сол жеке заттар мен құбылыстарды ғана танып біледі. Номинализмде материяның алғашқылығы туралы материалистік ұғым қалыптасты. Бұл ілім дін иелерінің ашу - ызасын тудырды.

Реализм (лат realis ─ шындық, заттық) жалпы ұғымдар, әмбебаптық (универсалийлер) реалды, әуелбастан өмір сүреді – дейдi. Ансельм Кентерберийскийдің пікірінше, жалғыз құдай өмір сүреді, дүниеде бар нақты заттар мен құбылыстардың бастамасы бiр құдай, демек жеке заттардың болуы, жаратушы құдайға байланысты.

Араб философиясы. Батыста философия, өнер және ғылымның дамуы орта ғасырда біршама тоқтап қалды, ал Шығыста араб ойшылдарының арқасында ерекше дами бастады. Арабтардың ұлттық сана-сезімiнің оянуы, мәдениетінің кең өріс жаюы, VII ғасырда Араб жерінде жаңа, ислам діннің пайда болуымен тікелей байланысты.

Ислам Шығыстық дәстүрді сақтап, Құдайды табиғаттың объективтік заңдарын орындаушы, оларды адамдарға жеткізуші құдіретті күш ретінде таныды. Ал адамды көп тіршілік иелерінің тең бірі деп санап, қанағатшылды, руханилыққа шақырды. Иудаизм діні Құдайдың Жерді адам үшін жасағаны, адамды өзіне ұқсас етіп жасауы сияқты, т.б. идеяларын қабылдаған және «адам-құдай» ілімімен оны тереңдете түскен Христиан дініндей, Ислам табиғатқа немқұрайлы қарамайды. Оны бар күнәнің көзі демей, керісінше, дәріптеп пір тұтады. Бұл табиғатпен, байлық үшін басқалармен соғысудан құтқарады, табиғаттану ғылымдарынан гөрі, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың көп жетілуіне жол ашады. Исламда «пантеистік» (табиғаттың өзін құдай деп тану) сарын басым (Ибн Сина, Ибн Рушд ілімдерінде) болғандықтан, Крест жорықтарының нәтижесінде фундаменталдық күйге түскен кезге дейін, «құдайды тану - табиғатты оқу» қағидасына сүйеніп, араб тілді елдерде барлық ғылым салалары, мәдениетте ерекше дамыды. Орта ғасырдағы Шығыс ─ дін мен ғылымның үйлескен кезеңі, әрі ғылымның қайта жаңғыруының негізгі себебіне айналды.

Орта ғасырда Бағдат қаласы үлкен мәдени, рухани орталыққа айналды. Мұнда Платон, Аристотель, Гипократ, Гален, Эвклид, Архимед және Птолемейдің шығармалары араб тіліне аударылып, мұсылман әлеміне кеңінен танымал болды. Х ғасырдың екінші жартысында олар Испанияға, орталық Пиреней түбегіндегі Кордово қаласына ойысты. Араб әлемінде танымал болған шығармалар, бұл жерде латын тіліне аударылып, батысеуропалық ғылым дамуының қайнар көзі болды. ІХ-ХIІ ғасырда мәдени даму ─ өзінің шарықтау биігіне көтеріліп, шегіне жетті. Осы кезде Аристотель ағымның ықпалы өте күшті болды. Сөйтіп, мұсылман перипатетизімінің (гр. Peripatetikos - серуен кезінде бiлiм алу) негізі қаланды. Ол негізінен екі ағымға бөлінген.

Шығыстық Аристотелизм: Әль-Кинди, Әл-Фараби және Ибн-Сина (Авиценна).

Испан Аристотелизімі: Ибн Рушд (Аверроэс) және Ибн Туфайль.

Осылар арқылы мұсылман әлемі Платон және Аристотель еңбектерімен тікелей танысуға мүмкіндік алды. Мұсылмандық шығыс перипатеизмнің алғашқы өкілі Әль-Кинди (шамамен 800-870 ж) «араб философы» деген құрметті атаққа ие болды. Ол астролог, математик әрі дәрігер, сонымен қатар Аристотель шығармаларына түсініктемелер берді. «Органон» және «Метафизика» еңбектеріндегі мәселелер бойынша бірқатар трактаттар жазды. Ол өзінің дүниетанымына негіз етіп, жалпыға ортақ себепттік байланыс идеясын алды. Бұл идея ─ «егер кез-келген бір затты ақырына дейін ой елегінен өткізетін болсақ, онда бүкіл ғаламдық нәрсені айнадағыдай тануға мүмкіндік туады» ─ дейді. Ол ғылыми танудың үш сатысын көрсетіп, бірте-бірте керек жағдайда білімнің ақиқатына жетуге болатынын айтты.

1. Логикалық-математикалық сатыда.

2. Ғылыми жаратылыстануда.

3. Метафизикада (философияда).

Ол өз уақытында дүниені адамның ақыл-ойымен тануға болады деген революциялық идеяны ұсынды. Оның ойынша танымның көзі және эталоны ─ ақыл-ой.

Араб елдерiнде перипатетизмнен басқа неоплатонизм мен неопифагореизм iлiмiн жалғастырушы «таза бауырлар» мектебi, ресми дiннiң көптеген рәсiм-салтына қарсы болған, құдайға сырт пiшiнмен емес жүрекпен сенуге шақырған, гностицизмнiң сезiм көрiпкелдiгi идеясын ұстанған сопылар (суфизм) мектебi және мұсылман - дiни философиясының мектептерi болды. Ең бiр ерекше есте ұстайтын жәй: барлық мектеп өкiлдерi ғылыми iзденiстердi қолдап, өнер салаларында да белсендi болды. Мысалы, суфизм ағымын жақтаған Фирдоуси, Низами, Саади, Руми, т.б. шығармашылығы бүкiл әлемге әйгiлi болды. Ол дiни философия мектебiнiң атақты өкiлi Әл-Ғазалидiң атом теориясын қолдап, дамытуға ат салысқаны да белгiлi. Бұл Шығыс елдерiндегi ежелгi менталитеттiң, «алтын орта» қағидасының ғылым мен дін үйлесiмдiлiгiнде көрiнуi едi. Ежелгi Үндi, Қытай елдерiнде де дiннiң орта ғасырда бiрталай күшейгенiне қарамай, барлық философиялық мектептер сақталып, жеке философтар мен ғалымдардың материалистiк көзқарастарына, iзденiстерiне ешбiр кедергi келтiрiлмедi.

Негізгі әдебиет: (132-159),2(27-40),3(36-52),5(101-131)

Қосымша әдебиет:1(125-148),3(132-137),8(75-77)

Бақылау сұрақтары:

1.Орта ғасыр философиясындағы теоцентризм. Патристика және Схоластика.

2.Орта ғасыр философиясындағы номинализм жән реализм.

3. Араб философиясындағы орта ғасырдағы антикалық мұра.

4.Шығыс орта ғасырындағы классикалық философиясының дамуы. Араб тілді философиядағы әмбебаптық, пантеизм, перипатетизм.

Дәріс 5. Қайта өрлеу, Жаңа заман және Ағартушылық кезең философиясы

Қайта өрлеу бір замандағы, яғни б.з.д. V ғ., шарықтаған грек философиясының, мәдениетінің, өнерінің, әдебиетінің 1500 жыл бойы қыспақта болып, енді жаңадан жаңғырып оралуын білдіреді. «Ренессанс» - «Қайта өркендеу», жандану, жандандыру, қайта даму, қайта туу. Қайта өркендеу деп ─ Батыс және Орталық Еуропадағы мәдениеттің XIV-XVI ғғ даму кезеңін айтады. Бұл кездегі ойшылдар шіркеу догмалары мен Орта ғасырлардағы адам тағдырының Құдай ырқына тәуелді екендігі туралы түсінікке күмән келтіреді. Адамды әлем мәселелерінің ортасына қойып, олар оның өзін ғана емес, сонымен бірге іс-әрекеттерінің де мәнін жоғары көтерді.

Қайта өрлеу дәуірінің негізгі сипаты, оның адамға бағытталуы болды. Ежелгі антикалық философтар дүние ортасына күш-қуат берген, рух, жігер туғызатын Космосты, ортат ғасырда Құдайды, Қайта өрлеу дәуірінде Адамды қойды. Сондықтан, қайта өрлеудің ерекшелігі - антропоцентризм. Енді зерттеудің орталық мәселесі - Құдай емес, адам болды. Адамның әлемдегі орны, оның бостандығы, тағдыры Леонардо да Винчи, Микеланджело, Эразм Роттердамский, Николло Макиавелли, Томас Мор, Мишель де Монтень секілді ойшылдарды толғандырды. Адам мен оның тағдырына, шығармашылық бастамасына тұрақты көңіл аударғаны үшін, оларды «гуманистер» деп атады. Гуманизм қайта өркендеу дәуірінде дін мен феодализм құрсауынан адам баласын босатып, еркіндікке жетелеуді мақсат еткен әлеуметтік қозғалыс.

Қайта өрлеу дәуіріндегі гуманистік ойлар: «Гуманизм» терминін (латынның humanitas ─ адамшылық) белгілі Римнің саяси қайраткері, Цицерон б.з.д І ғасырда қолданды. Оның ойынша humanitos – адамның тәрбиесі және білімі, оның жоғарғы дәрежеге жетуіне мүмкіндік туғызады. Адамның рухани табиғатының жетілуінде негізгі рөл грамматика, риторика, поэзия, тарих, этика пәндеріне беріледі. Атап айтқанда, ренессанс мәдениетінің теориялық негізі ─ осы пәндер. Оларды studia humanitas (гуманитарлық пәндер) деп атады.

Пантеизм- (pan - бәрі және tcheos - Құдай) - Құдай мен әлем біртұтас деп танитын, Құдіретті табиғатпен балаған философиялық ілім. Осы бағыттың өкілі католик шіркеуінің қайраткері, кардинал, Германия легаты, атақты философ ─ Николай Кузанский (1401-1464), шын аты Кребс. Ол «Білместік ғылымдары туралы», «Шығу тегі туралы», «Мүмкіндіктің болмысы туралы», «Жер шарының айналуы туралы» еңбектерін жазды. Ол әлем дүниесі мен Құдай бір бүтін деп, жаратылыстану ғылым зерттеулерін құптады, яғни рационалдық білімді қолдады және адамның бұл қызмет саласына діннің араласпауы керек деді. Дүниені Құдай жаратқан, бірақ дүние шексіз, материалды және қарама-қарсылық арқылы қозғалады. Адамды Н. Кузанский аса жоғары қояды. Сонымен бірге Құдайдың адамға қатысы барлық құбылыста, ең алдымен табиғатта бар деп есептейді. Құдай - әлемнің ортасы және оның шегі. Ол бүтін, ал дүние әлемі - оның бір бөлігі. Дүние әлемі Құдайда жиналады және Құдай оны әлемге айналу барысында күшейтеді. Ақиқат барлық кезде таным процессі, Құдайға жету. Дүниенің бәрін, адамды да құдай жаратты, бірақ Кузанский пантеистік пікірді дамыта отырып, Жаратушының өзін табиғат деп, Құдайды аспаннан жерге түсірді, шын мәнінде Жаратушының рөлін жоққа шығарды. Коперник Николай (1473-1543 жж.) поляк астрономы, әлемнің гелиоцентрлік жүйесін жасаушы. Негізгі еңбегі - «Аспан денелерінің айналуы туралы». Схоластар және шіркеу өкілдерінің ортағасырлық дәстүріндегі Аристотель - Птолемейдің геоцентристік теориясына қарсы шықты. Жердің Күнді айналуы туралы және Жердің бір тәулік ішінде өз кіндігін айналып шығуы туралы теориясын ежелгі грек ғалымы Аристрах Самоскийдің пікіріне сүйеніп ұсынды:Жер әлемнің орталығы емес. Күн жерге қарағанда ортада тұр, Жер Күнді айналады; Барлық ғарыштық денелер өзінің траекториясы бойынша жылжиды. Ғарыш шексіз; Ғарыштағы процестер, табиғи көзқарас бойынша түсінікті, «қасиеті» қағидалар мәтінінде түсініксіз. Джордано Бруно (1548-1600 жж.). Оның орталық категориясы біртұтастық, ол бір мезгілдегі болмыстың болу себебі және болмыс заттарының өзі. Бруно: «Табиғат деген ол заттардағы құдай, табиғаттың өзі құдай, не құдай заттардың ішінде»,- дейді. Тұтастық материя түрімен үйлеседі, ал руханилығы денемен сәйкес болады. Материяға келетін болсақ, ол бұл жағдайда әлемдік заттардың басы мен соңы болады. Онда түр пайда болады және жоғалады, материяның өзі мәңгілік, «себепсіз себеп» бола береді.

Табиғат өздігінен табиғи қозғалыста болады. Күн жерге қарағанда ортада, бірақ әлем дүниесінің ортасы емес, әлем - шексіз. әлем дүниесі галактикадан тұрады. Барлық аспан денелері және ондағы бардың бәрінің қозғалу қасиеті бар. Әлем дүниесінен бөлек құдай жоқ. Бруноның көзқарасын шіркеу идеологтары аса жек көрді. Ол 1592 ж түрмеге жабылды. Инквизация одан өз көзқарасынан бас тартуды ұсынды. Ол көнбеді. 1600 жылы Римде Орталық «Гүл» алаңында оны отқа өртеп жіберді. Негізгі еңбектері: «Себептілік бастама және біртұтастық туралы», «Әлемнің және заттардың шексіздігі туралы».

Қайта өрлеу дәуіріндегі гуманистік ойлар: «Гуманизм» терминін (латынның humanitas адамшылық) белгілі Рим саяси қайраткері, шешен Цицерон б.з.д І ғасырда қолданды. Оның ойынша humanitos – адамның тәрбиесі және білімі, оның жоғарғы дәрежеге жетуіне мүмкіндік туғызады. Адамның рухани табиғатының жетілуінде негізгі роль грамматика, риторика, поэзия, тарих, этика пәндеріне беріледі. Атап айтқанда, ренесанс мәдениетінің теориялық негізі осы пәндер болады. Оларды studia humanitas (гуманитарлық пәндер) деп атады. Гуманизмнің негізін қалаушы - ақын, философ Франческо Петрарка (1304-1374 жж.). Өз шығармаларында католік шіркеуінің рухани қыспағынан құтылуға ұмтылуды, адамдардың бостандығы туралы идеяны қозғады. Петрарка антикалық мұраны бағалауда жаңа тәсіл қолданды. Ол әдебиет, өнер, ғылымның жаңа сатыда дамуы үшін, негізін қалаушылардың ойына еліктеуден гөрі, антикалық мәдениеттің жоғарғы сатысына ұмтылуды, сонымен бірге, қайта ой толғай отыра, кей жағдайда одан басым болуға шақырды. Петрарка салған жолда антикалық мұра гуманизмнің жетекшісі болды. Қайта өрлеу дәуірдің басты субъектісі ретінде адамды қойды.

Джованни Пико Дела Мирандолла (1463-1494 жж.).Шіркеу қағидаларына қарамай, ол адамды құдай өзіне ұқсас етіп жаратпаған, адам өзін-өзі жасаған деді. Адам бойындағы ізгі қасиеттерді биік дәрежеге көтеру, абыройын қорғау - әр адам алдына қойылған мақсат, ол оның ғана жетістігі мен бақыты болып есептеледі. Никколо Макиавелли (1469-1527 жж.)Қайта өрлеу дәуіріндегі әлеуметтік- философиялық ойлау өкілі, ортағасырлардағы Құдайдың бәрін алдын ала болжауы концепциясын «фортуна» (кез, бақыт) идеясымен ауыстырды, адамды қажеттілікке байланысты әрекеттенуге, пайда болған жаңа жағдаймен санасуға шақырды. Тағдыр адамды жартылай билейді, сондықтан қалыптасқан жағдаймен күресу керек дейді. Фортунамен бірге ол тарихтың қозғаушы күші ретінде Виртун (virtu) – адамның жігерлігін, іскерлігін талантын іске асыру - терминін енгізді.

Жаңа Заман философиясындаXVIII ғ. ерекше орын алған бағыт, ағартушылық кезең. Көрнекті өкілдері: Францияда - Вольтер, Руссо Ж., Гельвеций К., Ламетри Ж., Дидро Д., Гольбах П., Германияда - Лессинг, Гердер И., Англияда - Локк Д., Толланд Д., Юм Д. Ағартушылық кезеңдегі ойшылардың бәрін қайта өрлеу дәуіріндегі адамның шексіз мүмкіндігіне сену, өмірді ақылға сүйеніп өзерту, жаңа ғылым жетістігіне ұмтылу біріктіреді. Ағартушылар шіркеуді, дін ұстанымдарын сынап, абсолютизм мен метафизикаға қарсы шықты. Дін атаулының бәрі - надандықтың, жоққа нанудың және қаталдықтың ертедегі ескерткіші деді Гольбах.

Француз ағартушыларының өкілі Вольтер (1694-1778 жж.) жазушы, философ және публицист. Аса қатаң түрде шіркеуді сынады, оны үстем таптың мүддесін қорғаушы, ғылым мен білімнің жауы деп санады. Ол әрекетсіз оптимизмге күлді, еркін ойшылдыққа, өз бақыты үшін күресетін іскер адам болуға шақырды. Ол материяның мәңгілік және таралмайтындығы, тәуелсіз өмір сүретіні және мәңгі қоғалыста болатыны, табиғи және қоғамдық құбылыстардың себептілікке бағынатындығын мойындады.

Жан Жак Руссо (1712-1778 жж.) феодалдық қоғамды қатаң сынады, адам теңдігін, демократияны, азаматтық қоғам идеяларын дамытты. Теңсіздікті жекеменшіктен көрді, Гоббстың табиғи жағдайда «бәрінің барлығымен күресін» сынап, ол кезде керісінше бауырластық пен үйлесімдік болғанын дәлелдейді. Педагогика ғылымының теоретигі, еңбек арқылы белсенді азаматтарды тәрбиелеуге шақырады. Оның «Қоғамдық келісім» (1762), атты еңбегі бар.

Ағартушылық кезеңде француз материалистері қоғамда ерекше орын алады. Дени Дидро(1713-1784 жж.) материя мен қозғалыстың бірлігін қуаттап, абсолюттік тыныштықты қолдамады. Барлық табиғат мәңгі қозғалыс пен дамуда болады, «қозғалыс - материяның өмір сүру тәсілі» деген идеяны қолдады. Ол адамды сезгіштік пен ес дарыған құрал-сайманға ұқсатады.

Ағартушылар ─ «адамның мінез-құлқы мен қылықтарына қоғамдық орта мен тәрбиесі жауапты» - деген өте прогресшіл қағида ұсынды. Адамды қоғамдық орта қалыптастырады. Осыдан ─ ағартушылар адамды, оның мінез-құлқын өзгерту үшін, ең алдымен ортаны өзгерту керек деген революциялық қорытынды шығарды. Ағартушылар философиясы XVIII ғасырда ең прогресшіл философия болды.

Негізгі әдебиет:1(159-180),2(40-43),3(52-74),4(26-44,45-56,76-93)

Қосымша әдебиет:1(149-170),3(138-152),8(94-96)

Бақылау сұрақтары:

1.Қайта өрлеу дәуіріндегі антропоцентризм және гуманизм.

2.Ғылыми революция және таным тәсілдері: эмпипризм мен рационализм.

3.Жаңа заман философиясындағы материализм мен идеализмнің ерекшеліктері.

4.Ағартушылық дәуір философиясы және оның идеологиясы

Наши рекомендации