Ижмали және тафсили иман 4 страница
Қорытындылай келе, құдайлық сипаттар проблемасы сыртқы әсермен тарала бастаған ташбихтық және тажсимдік идеяларды жоққа шығару мақсатында пайда болған талпыныстармен байланысты түрде қалыптасқан тартыс түрі болып табылады. Сонымен қатар зороастризм, маздакизм және манихеизм діндеріне тән екі құдай сенімін, христиандардың әкеден, оның ұлы Иисустан және қасиетті рухтан құралған «абсолюттік үшбірлік» сенімін жоққа шығару және оларға қарсы Алланың бірлігін қуаттау мақсатындағы талпыныстары құдайлық сипат мәселесінің дүниеге келуіне әсер еткен басты фактор болып табылады.
Каламдық ағымдардағы құдайлық сипат туралы көзқарастар. Каламдық мектептерде құдайлық сипаттардың түсініктемесі әртүрлі болып келеді. Олардың кейбірі Алланы өзге болмыстарға тән сипаттарға ұқсатудан аулақ болып, насстарда орын алған хабари сипаттарға тауил жасаған. Ал енді бірі тауилді дұрыс деп есептемей, насстарда орын алған сипаттарды түсініктемесіз сол күйінде қабылдауды дұрыс деп тапқан.
Мутазиланың құдайлық сипаттар төңірегіндегі көзқарасы. Мутазилиттер арасында құдайлық сипаттарға тән алғашқы көзқарасты Уасыл бин Ата ұсынды. Уасылдың «абсолюттік (азали) екі құдай» сенімін қолдайтын манихеистерге қарсы кітап жарыққа шығарғаны белгілі. Оның «кім қадим (абсолюттік) мағынаны немесе сипатты мойындаса, екі құдайды қабылдаған болып шығады», деп айтқандығы баяндалады. Одан кейінгі дәуірлерде мутазила каламшылары да оның осы идеясын дамытты. Мутазилиттер Алланың затынан (субстанциясынан) бөлек болып табылатын азали құдайлық сипаттарды қабылдауды таухид принципіне қайшы деп есептеген. Осыған байланысты олар «Алла біліммен (илм), құдіретпен және хаятпен (тірі) емес, затымен (субстанциясымен) ғалым, қадир (құдіретті) және хай (тірі)» деп білген.
Келесі жағынан мутазила ғұламалары ішінде Әбу Хашим әл-Жуббаи құдайлық сипаттар туралы «ахуал концепциясын» дүниеге әкелді. Ол Алланың сипаттарын затының әртүрлі халдері ретінде түсіндірген. Оның пікірі бойынша бұл халдерді біздің жекелеп тануымызға мүмкіндік жоқ. Ол жеке, өз алдына бар да емес, жоқ та емес, белгілі де, белгісіз де емес, қадим де, хадис те емес. Олай болса, аталған халдер – құдайлық заттың әртүрлі қырлары. Жалғыз болып табылатын құдайлық бір зат саналық байланыстармен ғана ұғынуға болады. Осыған орай, халдер тек затымен байланыстары арқылы ғана танылады, жеке тұрып таныла алмайды.
Қорытындылай келе, мутазила мектебі Алланың жаратылыстарға ұқсауына себепкер болып табылатын барлық идеялар мен ойлардан аулақ болуға тырысқан. Олар Алланың ерекше сипаты ретінде қыдамға маңыз берген. Осы сипатпен безенген барлық нәрсе Аллаға серік болып табылады. Демек, қалған құдайлық сипаттардың Алланың затынан бөлек қадим сипаттар болуына мүмкіндік бермеуге тырысып, олардың затының ішінде екендігін алға тартқан. Осыған байланысты қарсыластары мутазилиттерді «Алланы сипатсыз деп есептегендер» деген мағынаны білдіретін «муаттыла» деп атаған.
Шиизмнің құдайлық сипат туралы көзқарастары. Шиилердің бастапқы кезеңіндегілер кейінгі дәуірдегі шииттерден қарағанда құдайлық сипаттарға басқаша түсініктеме жасағандығы байқалады. Ашаридің пікірі бойынша шииттер Алланың сипаттары мәселесінде тоғыз топқа бөлінген. Осы топтардың ішіндегі салмағы басымдары – құдайлық сипаттарды жаратылған деп есептегендері. Мысалы, алғашқы шиит каламшысы Зурара бин Айун (ө. 767 ж.) субути сипаттардың жаратылғандығын қуаттады. Сонымен қатар алғашқы шии каламшысы Хишам бин Хакам құдайлық ілім сипатын жаратылған сипат ретінде қарастырады. Бірақ Хишам ілімнен басқа құдайлық сипаттарды жаратылған сипаттар деп есептемейді. Сонымен қатар, Хишам зат пен сипат қатынасына ашариттерге ұқсайтын түсініктеме жасаған. Хишамның пікірі бойынша Алланың құдірет, хаят, сами, басар және ирада сипаттары Алла да емес, одан басқа да емес.
Хижрет жыл санағының төртінші ғасыры аяғында алғашқы шииттік каламшылардың қабылдаған жаратылған құдайлық сипат көзқарасының орнына шиитер арасында мутазилиттерге тән құдайлық сипат түсінігі белең алды. Алғаш болып Шейх Садуқ құдайлық сипаттарды жоққа шығаруға тырысты. Оның ізбасары Шейх Муфид Алланың сипаттары оның затымен бірге деп есептеді. Муфидтің шәкірті Шариф Муртаза да зат пен сипат қатынасын мутазилиттік түсініктемемен уағыздады. Демек шиизмде пайда болған осындай мутазилиттік түсініктеме тарих бойында дамытылған. Шииттер бастапқыда ташбихтың түсініктемеге орын берсе, кейінгі кезеңдерде мутазиланың ықпалында қалған.
Қорытындылай келе, имамия шиилігінің көзқарасы бойынша Алланың хайй, алим, қадир, маужуд, сами және басир сияқты зати сипаттары бар. Алланың затына қосымша түрде ілім, құдірет, хаят, сам және басар сияқты сипаттардың қадим екендігін мәлімдеу қадимдердің көбеюіне (тааддуду қудама) алып барады, ал бұл Алланың бірлігіне қайшы келеді.
Әһли суннаның құдайлық сипаттар туралы көзқарасы.Әһли сунна ғұламаларының пікірі бойынша Ұлы Алланың хаят, илм, сами, басар, ирада, қудрат және калам деген субути сипаттары бар. Бұл сипаттар азали және абади (абсолюттік). Олар Алланың затымен бірге болмағаны сияқты затынан бөлек тәуелсіз де емес. Осылай сунниттер мутазилиттердің алға тартқан концепцияларын мойындамайды. Олардың құдайлық сипаттар төңірегіндегі түсініктемесі соңында тығырыққа тірелетінін қуаттаған.
Әһли суннаның пікірі бойынша Алла өзін тірі, алим және қадир (құдіретті), естуші және көруші ретінде танытқан. Араб тілінде осы сөздер – белгілі мағыналардан туындаған атаулар. Хайй, алим, қадир, сами және басир сияқты есімдерді Аллаға тән деп есептеу арқылы тек Алланың затына ғана емес, сонымен қатар, хаят, илм, қудрат, сами және басар сипаттарына да сипаттама жасауға болады. Ал мутазилитердің қуаттағаны тәрізді Алланың ілім деген сипаты жоққа шығарылса, онда ілімі (илм) жоқ ғалымды әңгіме ету сияқты негізсіз, қисынсыз ойлар туындайды. Өйткені, білімсіз ғалымның, құдіретсіз қадирдің, өмірсіз тірінің болуы мүмкін емес.
Әһли суннаның пікірі бойынша хаят, илм, сами, басар, қудрат сияқты субути сипаттарды қабылдау мутазилиттердің алға тартқаны сияқты қадимдердің көбеюіне (тааддуду қудама) алып бармайды. Өйткені көптік болмысдардың бірнешелігінен, басқашалығынан тұрады. Зат пен сипаттар арасында осындай басқашалық орын алмағаны сияқты сипаттар да бір-бірінен бөлек дүние емес. Десек те заттың мәні мен сипаттардың мәні екі түрлі, бірақ, сипатсыз затты, затсыз сипатты ойлай алмаймыз. Мысалы, хаят пен илм мағынасы екі түрлі болғанымен екеуінің бар болуы жағынан бірдей болып табылады. Олай болса, сипаттарды қуаттау Алладан басқа кыдамға немесе қадимдердің көптігіне жетелемейді. Сонымен қатар, мутазилиттердің алға тартқаны тәрізді осы сипаттарды қабылдау христиандар тәрізді күпірлікке алып бармайды. Христиандар бір-бірінен бөлек қадим (абсолюттік) болмыстардың бар екендігін анық айтады. Бірақ олар «вужуд», «илм» және «хаят» дей отырып, «әке», «оның ұлы» және «қасиетті рух» деп атаған үштікті мойындағанына байланысты кәпір болып табылатыны анық. Олар осы үштікті араларында басқалығы, өзгешелігі бар болмыстар ретінде санап, олардың әрбірін келесінінен бөлек міндетті және абсолюттік деп мойындаған. Демек, әһли сунна құдайлық сипаттарды заттан бөлек деп есептемегені тәрізді оларды затпен бірге деп те санамаған.
Әһли сунна ғұламаларының пікірі бойынша мутазилиттердің қолдағаны тәрізді Алланың сипаттары мен затын бір деп есептеуге болмайды. Өйткені, зат пен сипаттар бір-бірімен шатасып кететіні тәрізді сипаттардың өздерін бір-бірінен ажыратып алу мүмкін болмай қалады. Сипаттар затпен бірдей болса, онда ол сол сәтте «білуші (алим) болу», сол мезетте «құдіретті болу», «естуші болу» және «көруші болу» деген бірдей мағынаға айналады. Демек, Алланың сипаттары мутазилиттердің қуаттағаны тәрізді затымен бірге де, каррамияның алға тартқаны тәрізді затынан бөлек (ғайри) те емес. Керісінше Алла сипаттарының әрбірі не затының өзі де, не затынан бөлек те емес. Әрбір сипаттың келесі сипатпен байланысы да осындай, яғни сипаттар бір-бірімен бірдей де, бір-бірінен бөлек те емес. Өйткені, екі нәрсенің бір-бірінен бөлек, басқа болуы дегеніміз – бірі жоқ кезде келесін бар деп пайымдауға болатын екі түрлі болмыс деген сөз. Ал мұны Алланың сипаттары мен затына яки бір сипаты мен келесі бір сипатына теңей алмаймыз. Олай болса, олар бір-бірінен бөлек болмыстар емес.
Түйіндей келе, әһли сунна ғұламалары субути сипаттардың Алланың затымен бірдей де, бөлек те емес (ла һия айнуһу уа ла һия ғайруһу) екендігін қолдаған.
Құдайлық сипаттарды жіктеу. Аллаға иман келтіру дегеніміз – оның заты жайында уәжіп болып табылатын кемел сипаттары мен жайыз сипаттарды біліп, солай сену, затын нұқсанды сипаттардан арашалап алу. Алла өз даңқына лайықты барлық кемел сипаттарға ие. Алла сипаттарының барлығы – азали және абади сипаттар. Құдайлық сипаттардың бастамасы да, соңы да жоқ. Алланың сипаттары өзге болмыстардың сипаттарына ұқсамайды. Алайда, атауларында ұқсастық орын алғанымен Алланың ілімі, қалауы (ирада), хаяты, каламы, адамның іліміне, ирадасына, өміріне және каламына (сөзіне) ұқсамайды. Біз Алланың заты мен мәнін біле, түсіне алмағанымызға байланысты Алланы есімдері мен сипаттары арқылы ғана тани аламыз және солай сенеміз. Құран Кәрімде: «لا تُدْرِكُهُ الاَبْصَارُ وَهُوَ يُدْرِكُ الاَبْصَارَ» (оны көздер көре алмайды, бірақ, ол көздерді көреді.) Анам 6/103), деп Алланың затын ұғыну мүмкін емес екендігіне тоқталған. Ардақты Пайғамбарымыз осы тақырыпта «Алланың жаратқандары туралы ойлаңдар, ал Алланың заты жайында ойламаңдар. Өйткені, сендердің бұған ешқандай күштерің жетпейді» (Хадисті Әбу Нуайм мен Табарани риуаят еткен. Суюти, әл-Жамиу-с-Сағир, І 132 (Мысыр, 1373), Ажлуни, Кашфу-л-Хафа, І 311 (Бейрут, 1352).
Мұсылман теологтары калам іліміндегі илаһият бөлімін түсінуге, үйренуге қолайлы болуы үшін логикалық үндестік аясында жүйелеуге тырысқан. Алғашқы ақидалық трактаттың біріне жататын Әбу Ханифаның «әл-Фиқху-л-Акбарында» Алланың сипаттары зати және фиили сипаттар болып екіге бөлінген. Оның бұл жіктеуі жалпы ислам теологиясында мойындалғанымен осыған қосымша түрде келесі бір жіктеу де орын алады:
1. Сыфат нафсия (вужуд сипаты);
2. Ұлы Аллаға сипат ретінде берілу мүмкін емес сипаттар. Бұлар «салби сипаттар» немесе «танзихат» деп аталады.
3. Бар екендігі міндетті, Аллаға сипат ретінде берілуі уәжіп болған сипаттар осы типтегі сипаттар «субути сипаттар» деп аталады;
4. Алла Тағалаға тән болуы да, болмауы да жайыз болып табылатын сипаттар «сыфаты жаиза» немесе «фиили сипаттар деп аталады;
5. Насстарда орын алған, сыртқы мағынасы ташбих, тажсим идеясына жетелейтін «хабари сипаттар».
І. Зати сипаттар.Бұл сипаттар тек Ұлы Алланың ғана затына тән, Алланы өзге болмыстардан ерекшелендірген, Алладан басқа ешбір нәрсе, ешкімнің иелік етуі мүмкін емес сипаттар зати сипаттар деп аталады. Демек осы сипаттары арқылы Алла өзге болмыстардан ерекшеленеді.
1. Вужуд сипаты (وجودСыфат Нафсия/Бар болу).Вужуд – бар болу деген сөз. Алла – бар. Оның бар болуы өзге болмысқа байланысты емес, затының қажеттілігі және бар болуы міндетті. Вужудтың антонимі болып табылатын «жоқтық» (عدم/адам) Алла Тағалаға мүлдем тән емес. Сунниттік каламшылардың көпшілігі вужуд сипатын «сыфат нафсия» деп, жеке азали және тәуелсіз сипат ретінде мойындаған. Уажиб Тағаланың затын вужудсыз ойлау мүмкін емес. Вужуд – бүкіл сипаттардың түп негізі. Вужудты затымен бір деп есептеген ислам философтарының, Әбу-л-Хасан әл-Ашаридің (ө.936 ж.) және мутазила каламшысы Әбу-л-Хусейн әл-Басридің (ө.1044 ж.) пікірі бойынша вужуд құдайлық заттан бөлек, тәуелсіз сипат емес.
2. Салби сипаттар (танзихат). Алла Тағаланы нұқсандық сипаттардан пәктейтін, арашалайтын сипаттар «танзихи сипаттар» деп аталады. Алланы болымсыз сөзбен ұлықтағандықтан «салби сипаттар» деп те аталады. Калам кітаптарында «бастамасы мен соңы жоқ», «Алла – араз емес», «дене емес», «жаухар емес», «мусаууар (форма иесі) емес», «махдуд (шектеулі) емес», «мадуд (саналатын) емес», «мутабаиз (бөлінетін) емес», «мутажаззи (бөлшектенетін) емес», «мутараккиб (құралатын) емес», «мутанахи (соңы бар) емес» т.б. деп баяндалады. Мән мен сапа (махиат және кайфиат) Алланың сипаттамасы бола алмайды. Аллаға мекен (кеңістік) тән емес, уақытпен шектелмейді, ешнәрсе оған ұқсамайды деген сияқты болымсыз (салби) түрде түсініктеме жасалынатын сипаттар салби, танзихи сипаттарға жатады. Танзихи сипаттарды белгілі бір санға шығару мүмкін емес. Бірақ олардың ең маңыздылары бесеу:
А. Қыдам (قدم)– бар болуының бастамасы болмау, әуелден бар, азали болу деген сөз. Ұлы Алла – қадим, кейіннен пайда болмаған. Кейіннен пайда болған жаратылыстар «хадис болмыстар» деп аталады. Хадис болмыстар өздерін жаратқан болмысқа мұқтаж. Пайда болу тізбегін себеп пен салдар қағидасы, тізбегін шексіз жалғастырар болсақ, ол саналық қайшылыққа алып баратыны айқын. Өйткені ол бастамасы жоқ хадистерді қабылдау болып шығады. Ал бұл мүмкін емес. Олай болса, әрбір хадис (жаратылған) бір мухдиске (жаратқанға) мұқтаж екендігіне қарай отырып, жаратылғандардың барлығы бір бастамаға ие екендігін байқаймыз. Ал ол – қадим болып табылатын Алла. Қыдам сипаты Алланың затына уәжіп, ал оның антонимі – худус Аллаға мүлдем тән емес. Құран Кәрімде ұлы Алланың азали және абади (абсолюттік) екендігін былай баяндайды: «هُوَ الاَوَّلُ وَالاٰخِرُ وَالظَّاهِرُ وَالْبَاطِنُ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَل۪يمٌ» (Ол - әуелгі, соңғы, анық және жасырын. Ол барлық нәрсені білуші) (Хадид 57/3).
Ә. Бақа (بقا) -Бар болуының соңы жоқ, мәңгілік болу деген сөз. Ұлы Алланың бар екендігі бір мезгілмен, уақытпен шектелмейді. Өйткені соңы шектеулі болмыс хадис болмыс болып табылады. Ал бастамасы жоқ Алланың соңы да жоқ. Алланың бар болуы үнемі және мәңгілік және мәңгілік бар болу үшін Алла ешкімге, ешнәрсеге мұқтаж емес. Алланың бақа сипаты Құран Кәрімде былай баяндалады:
«كُلُّ مَنْ عَلَيْهَا فَانٍ ﴿26﴾ وَيَبْقٰى وَجْهُ رَبِّكَ ذُو الْجَلالِ وَالاِكْرَامِ» (Жер бетіндегі барлық жанды жоқ болады. Жоғары мәртебелі әрі даңқты Алланың заты ғана мәңгі қалады) (Рахман 55/26-27).
Алланың бақа сипаты төңірегінде кейбір келіспеушіліктер де бар. Бақа сипатын қудрат және хаят сияқты затқа қосымша субути сипат ретінде қуаттаған Ашари мен оның жолын қолдағандармен қатар бақаны затпен бірге, зат ішіндегі сипат деп есептеген әл-Матуриди мен кейбір ашари ғұламалары бар. Жахм бин Сафуан мен Әбу-л-Хузайл да бақа сипатын Аллаға тән деп есептегенмен жаннат пен жаханнамды мәңгілік деп санамаған.
Б. Уахданият (وحدانية)– Ұлы Алланың затында, сипаттарында және фиилдерінде бір және жалғыз болуы деген сөз. Алланың затында бір болуы – оның бөлшектенбейтінін, бөліну оған тән емес екендігін, сипаттарында бір болуы – теңі мен ұқсасының болмайтынын, фиилдерінде бір болуы – құдайдың істегендерінде ортағы мен серігі жоқ екендігін қуаттау деген сөз.
Адам пайғамбардан бастап, барлық пайғамбарлардың негізгі міндеттерінің бірі таухид принципін насихаттау және ширкпен күресу болғаны белгілі. Ардақты Мұхаммед пайғамбар ретінде жіберілген араб қоғамы жер мен көктің жаратушысы ретінде Алланы танығанмен табынған пұттарын Алланың серігі деп сенетін. Сонымен қатар сол кезеңдегі өзге халықтардың сенімдері де Алланың бірілігіне қайшы келетін. Осыған орай, таухид Құранда жиі қайталанатын тақырыптардың бірі болды. Алланың бірлігіне екпін беретін аяттардың бірнешесіне тоқталар болсақ:
«قُلْ هُوَ اللهُ اَحَدٌ ﴿1﴾ اَللهُ الصَّمَدُ ﴿2﴾ لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ ﴿3﴾ وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا اَحَدٌ ﴿4﴾» (Алла – жалғыз де. Алла – мәңгілік. Ол тумаған да туылмаған. Оған ешбір теңдес жоқ) (Ихлас 112/104)
«لَوْ كَانَ ف۪يهِمَاۤ اٰلِهَةٌ اِلاَّ اللهُ لَفَسَدَتَا فَسُبْحَانَ اللهِ رَبِّ الْعَرْشِ عَمَّا يَصِفُونَ»(Егер жер-көкте Алладан басқа құдайлар болса, онда жаратылыс тәртібі бұзылар еді ғой. Ғарыштың жаратушысы Алла олар айтқан жаладан сау) (Анбия 21/22).
Мұсылман ғұламалары да таухид принципіне аса көп көңіл бөлген. Каламшылар Алланың бірлігіне қайшы деп есептегендіктен ташбихтық, тажсимдік және хулулдық түсініктемелерді, дуалистік, үштік құдай сенімдерін жоққа шығарған. Олар бір жағынан аталған идеяларды теріске шығаратын еңбектер жарыққа шығарса, келесі жағынан таухид сенімін дәйектеу үшін көптеген дәлелдерді ұсынды.
Әлемнің екі құдай тарапынан басқарылатыны қуатталса, оның қандай қайшылыққа алып баратынын дәйектейтін «бурхан таманни» дәлелі былай түсіндіріледі:
Қандай жағынан алып қарасақ та бір-бірімен тең екі құдайды бар деп көрелік. Осы екі құдайдың бірі бір нәрсенің болуын, келесісі болмауын қаласа, делік. Себебі, әлгі екеуі де құдай болғандықтан, шәк-шүбәсіз және шексіз қалау мен құдіретке ие болатыны даусыз және олар қалағанын тілей алады. Мұндай жағдайда үш вариант туындайды:
Бірінші вариант: екі құдайдың да тілегені болады. Бірақ бұл мүмкіндіктің жүзеге асуы екіталай. Себебі, бір нәрсенің бір мезетте болуы және болмауы мүлдем мүмкін емес.
Екінші вариант: екі құдайдың да қалағаны болмайды. Бұл да шындыққа жанаспайды. Өйткені қалағанын орындай алмаған болмыс әлсіз болып табылады. Ал құдайға әлсіздік тән емес.
Үшінші вариант: әлгі екі құдайдың бірінің тілегі орындалады да келесісінікі орындалмайды. Бұл да ақиқатқа жақын емес. Себебі, қалағанын жүзеге асыра алмаған әлсіз болып табылады. Ал әлсізі құдай бола алмайды. Ал келесі құдай барлық жағынан онымен тең болғандықтан оның да әлсіз болуы тиіс. Сондықтан дуалистік сенім мүлдем ақиқат емес.
Демек, әлемді жаратып басқаратын екі құдайдың болуы саналық тұрғыда мүмкін емес. Керісінше бұл Алланың бір екендігін дәлелдейді. Каламшылар бұған негізінен мына аятты дәлел ретінде ұсынады: «لَوْ كَانَ ف۪يهِمَاۤ اٰلِهَةٌ اِلاَّ اللهُ لَفَسَدَتَا فَسُبْحَانَ اللهِ رَبِّ الْعَرْشِ عَمَّا يَصِفُونَ»(Егер жер-көкте Алладан басқа құдайлар болса, онда жаратылыс тәртібі бұзылар еді ғой. Ғарыштың жаратушысы Алла олар айтқан жаладан сау) (Анбия 21/22).
Алланың бірлігін дәйектейтін дәлелдердің бірі «Бурхан Тауарид» деп аталады. Қысқаша айтар болсақ бұл дәлел егер әлем бір құдай тарапынан жаратылған болса, өзге құдайларға қажеттіліктің туындамайтынын білдіреді. Оған былай түсініктеме жасауға болады:
Жер мен көкте бірден көп құдай болса, үш вариант туындайтыны сөзсіз:
Бірінші вариант: әлем барлық құдайлардың күш-қайратымен, құдіретімен жаратылған. Бірақ бұл вариант ақылға қонымсыз. Өйткені, құдайлардың ешбірі әлемді жеке өзі жаратуға қауқарсыз болып, ұжымдасып қана жарата алған. Бұл олардың ешбірінің тәуелсіз тірлік ете алмайтынын, барлығының әлсіз екендігін көрсетеді. Ал әлсіздік құдайларға тән емес.
Екінші вариант: әлем осы құдайлардың әрбірі тарапынан жеке-жеке жаратылған. Бұл да қисынсыз. Себебі, бұл бір туындының екі автор тарапынан дүниеге келгендігін, бір салдарға екі себептің әсерін қажет етеді, ал бұл мүлдем ақылға қонымсыз: бар нәрсені қайта-қайта жасау ғана. Олай болса, әлем құдайлардың бірі тарапынан жаратылған болса, қалғандарына ешбір қажеттілік жоқ.
Үшінші вариант: әлем тек бір құдайдың ғана күш-қайратымен, құдіретімен жаратылған, ал қалғандарының ешбір үлесі болмаса да әлемнің жаратушысы ретінде қабылданса, мұның да таңдауынсыз әрекет жүзеге асқандығын көрсетеді де ол құдайлық сипаттан айралады. Демек, әлемнің бірден көп құдай тарапынан жаралуы мүмкін емес болғандықтан Алланың уахданияты табиғи түрде дәлелденеді.