Лекция сабағының тақырыбы:Философия мәдениет феномені хақысында. 11 страница
Жас кезінде Л.Фейербах өзін дін жолына дайындап осы мақсатта 1823 жылы Гейдельберг университетінің дін факультетіне түседі. Бірақ бір жылдан кейін осы оқуын тастап Берлин университетіне Гегельдің лекция-сын тыңдауға келеді. 1827-1828 жылдары Гегельдің идеяларын зерттеп жалғастырып, соңында оған күмәнмен қарай бастайды. Сөйтіп 1828 жылы диссертациясын қорғайды. Осы жылдан бастап Эрланген университетінде оқытушылық қызметке кірісіп, екі жылдан кейін оны жұмыстан босатып жібереді. Оның себебі ол бүркеме атпен өзінің «Өлім мен өлместік туралы ойлар» деген еңбегін шығаруы еді. Онда ол жеке өлместікті, о дүние болады дегенді материалистік тұрғыдан жоққа шығарды. Сол үшін ол зардап шегіп, өмірінің қалған кезін деревняда қиындық пен жоқтықта өткізеді.
Фейербах классикалық неміс философиясының ақырғы буыны еді. Ол өз жүйесін И.Кант қалыптастырған жолдан тайып, жаңадан философиялық жүйе жасады.
Ол өзінің философиясын «болашақтың философиясы» деп атады. Оның ойынша, философиялық ойлар мен рухтар жүйесінен шығып, жаңа патшалыққа қарай, яғни адамдардың қайғы қасіреті қабаттаса қорланған дүниеге қарай бет бұруы тиіс еді. Философия ендігі жерде өзінің ойларын таза зерденің ықпалынан адамға, антропологияға қарай алып шығуы тиіс. Ол өзінің «Болашақ философиясының негізгі қағидалары» деген еңбегінде құдай туралы, яғни теологиялық ілімнен шығып, адам туралы ілімді тудыру керек дейді.
Осындай жаңа ілімді тудыру үшін ол классикалық неміс филосо-фиясында қалыптасып қалған ілімдерге қарсы шықты. Бұл философияның тарихи қажеттігі мен ақтаудың негізі, оның сынаумен байланысты болды.
Фейербах жаңа философияның негізін қалай отырып, алдымен Гегельдің кең тараған жүйесін сынауға кірісті.
Л.Фейербах алғашында Гегельдің қарама-қайшылықтар бірлігі қағи-дасын, оның диалектикасын жоғары бағалап, жас гегеляншылдар қата-рында болды. Кейін ол Гегель бірлікті идеалды түрде ғана түсінеді, ал оның диалектикасы өмір шындығынан тыс жатыр деп сынға алып, идеализмді діннің рационалданған түрі, сондықтан философияның бірден-бір міндеті дінге қарсы күрес деп тұжырымдайды. Құдай – адамға тән қасиеттерді, мәнді одан бөліп алып, өз алдына бөлек мән ретінде қалыптасқан ұғым. Шындап келгенде, құдай деп жүргеніміз адамның өзі. Адамның өзі физиологиялық және психологиялық бірліктен тұрады. Оны ажыратып, бөліп қарау тек абстракцияда ғана мүмкін. Жан мен тән, рух пен дене бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Тән өлгенде жан да өз өмірін тоқтатады. Адамның мәні ақыл-ой, жігер және жүрек, физиологиялық процестерде жатпайтын өзіндік ерекшеліктері бар дененің ұйымдасу қабілетімен тығыз байланысты. Адам табиғаттың ең жоғарғы нәтижесі, сондықтан оны табиғаттан бөліп қарастыруға болмайды.
Фейербах Гегельге қарама-қарсы ой мен болмыстың арасындағы тепе-теңдік қатынасты ашуға табиғатты негізгі объекті алып, соның мәнін анықтауға тырысты.
Табиғат перзенті - адам философияның негізгі субъекті. Алайда, Фейербах объекті мен субъекті туралы мәселені адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас деп шектелді. Гегельдің ойлау мен болмыстың теңдігі туралы мәселесін Фейербах материалистік негізде шешпекші бол-ды. Сол себептен ол адамның болмысын нақты өмір сүретін объективтік шындық деп қарады. Бұл классикалық неміс философиясына қарама-қарсы дүниетаным болатын. Егер Гегель табиғаттты идеяның жатсынуы деп қараса, Фейербах оны барлық ғылымның, адамзаттың шығу тегі деп есептеді.
Фейербах ойлау мен болмыстың байланысын диалектикалық деп мойындады. Өзінің философиясында болмысқа анықтама бере келе, ол оның ойлаусыз өмір сүруі – материя екендігін, шындықтың субстарты екендігін айқындады. Сөйтіп, Фейербах өз заманындағы философиялық негізді материя туралы ұғымды нақтылады. Егер ХVІІ-ХVІIІ ғасырлардағы философ материалистер материяны субстанция ұғымы арқылы анықтауға тырысса, Фейербах оған сезімділік пен зерденің негізі пәні ретінде қарады. Оның ойынша, егер материя болмаса, біздің зердеміз ешбір сезімділікке, белгілі бір әсерге ие болмас еді. Онда ойлауда да ешбір мән қалмайды, яғни материяны жоққа шығару дегеніміз зердені де жоққа шығару деген сөз. Фейербах материяның негізі өмір сүру формалары - уақыт пен кеңістікке де айрықша көңіл бөлді.
Материализмді жариялау және оның сол үшін күресі замандастарына зор ықпал жасады. Фейербах материализмнің ерекшелігі – антропологизм. Мұндай материализм революция қарсаңында Германияның тарихи жағдайларына және революция буржуазия демократияның идеяларына байланысты болды. Фейербахтың материализмнің ең күшті жағы оның дінмен ашық күресуінде, діннің гносеологиялық түп-тамырын ашып беруінде болды. Ол діннің құдайға және дүниеге деген жалған сенімнің шығу негізін батыл сынай отырып, құдайдың жоқ екендігін дәлелдеді. Бірақ, солай бола тұра, ол діннен мүлдем қол үзе алмады. Құдайы бар дінді жойып, оның орнына құдайсыз жаңа дін жасауды қолдады, ол адамның адамға деген шын сүйіспеншілігінің өзі дін болуы тиіс еді.
Ол дүниенің материядан тұратынын мойындап, табиғаттың санадан тыс, оған бағынышсыз екенін дәлелдеді. Ол рух пен дене арасының алшақ-тығын жойды. Фейербах болмысты - бастауыш, сананы баяндауыш деп қарады. Табиғат денелерден, материядан, сезімдіктен тұрады деді. Табиғат мәңгі және шексіз. Сана – соның тек көшірмесі, ал психолог идеалист сол көшірмені түпнұсқа ретінде түсіндіреді,- деп жазды Фейербах. Бірақ ол антропологиялық материализмді қуаттады. Өйткені ол барлық материа-лизмді тұрпайы материализм деп түсінді. «Шындық – идеализмде емес, материализмде емес, шындық тек антропология»,- деп айтты Фейербах. Бірақ ол өзінің антропологиялық материализмнің нағыз метафизикалық материализм екенін байқамады. Таным сезімнен басталады,- деп уағыздады Л.Фейербах. Шындықтың дәйегі - оның іштен туған санаға сай келуі деп түсінді.
Л.Фейербах Гегельдің идеализмін орынды сынай отырып, оның диалектикасын мәнін түсінбей, оны теріске шығарды.
Фейербах философиясы ғылыми негізде, антропологиялық принцип негізінде құрамын дегендіктен адамның мәнін түсінуге өрісі жетпеді. Өйткені жаратылыстану ғылымдары, оның ішінде, әсіресе антропология адамды табиғаттың жемісі деп қана қарады. Фейербах өзін жаратылыстану ғылымы арқылы адамның негізін түсіндім деп есептеді. Міне, осының бәрі оның философиялық пайымның тар шеңберде қалғандығын көрсетеді.
4. Бақылау сұрақтары:
1. Жаңа замандық дүниетанымның ерекшелігі?
2. Бэконның қағидасы қандай еді?
3. Декарттың қағидасы?
4. Т.Гоббстың еңбектері?
5. Француз философиясының ерекшелігі қандай?
6. И.Кант философиясының екі кезеңін атаңыз?
7. Ф.Гегельдің философиясы қанша бөлімнен тұрады?
8. Л.Фейербахтың антропологиялық материализмнің негізгі мәселесі не болды?
№8 Лекция сабағының тақырыбы:ХІХғ. аяғы ХХ ғ. басындағы ресейлік мәдениет контексіндегі орыс философиясы.
1. Сабақ жоспары:
1. Күрескер демократтардың материализмі.
2. Орыстың идеалистік философиясы.
2. Сабақ мақсаты:
Орыс философиясының мәні мен мазмұнымен және ойшылдарының дүниетанымымен таныстыру.
3. Лекция мәтіні:
1. Орыс философиясы ХІ ғасырдың бастапқы кезеңнің ХVІІ ғасырда қалыптасты. Өзінің пайда болған кезінен ол әлемдік философиямен байланыстылығымен сипатталады. Ол Киев Русінде пайда болып және 988 жылы Русьтің шоқынуынан басталған христиандыру ықпалымен байланысты болды. Өзінің пайда болуында, бір жағынан славяндық пұтқа табынушылық дүниетанымның бірқатар белгілерін мен бейнелерін қабылдаса, екінші жағынан христиандықты қабылдау нәтижесінде Византиямен байланыс орнатып, сол арқылы Антик философиясының көптеген идеяларын бойына сіңірді. Осылайша орыс философиясы философиялық ой дамуынынң негізгі бағытына сай дами отырып, христиандырылған күйінде болса да, антиктік, византиялық ертеболгар дүниетанымы идеяларын бойына сіңірді. Оның үстіне Кирилл мен Мефодий қалыптастырған өзінің жеке жазба тілін бастан қолданды. Жалпы алғанда, философиялық және тарихи ой христиандық принципіне негізделеді.
Ең алғашқы орыс философиясы – киевтік метрополит Илларион (ХІғ) «Заң және береке туралы» сөзінде орыс жерінің қасиетті дүние құдіретінің жалпыәлемдік ағымға енуін дінтанулық тарихи тұрғыда негіздейді. Оның жұмысына ресейдің тарихи және орыс халқы мен орыс мемлекетінің әлемдік мәнімен мақсаты туралы терең пайымдаулар кездеседі.
Сөйтіп, орыс философиясындағы ой «орыс идеясы ағымында қалыптасты. Ресейдің ерекше тағдыры мен орны туралы идея ХVІ ғ. қалыптасып, орыс халқының ұлттық өзіндік санасының алғашқы идеологиялық құралы болды.
Орыс философиялық ойындағы қызықты ізденістер ХVІ-ХVІІІ ғ.ғ. бойында жалғасын тапты.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда орыс халқының ілгері дамуына кедергі болған үш жауы болды. Олар: шаруалардың басыбайлылығы, шіркеу және патша үкіметі. Ол ресми халықшылдық теориясы деп аталды. Сондықтан орыс халқының алдыңғы қатарлы ойшылдары бұл үшеуіне де қарсы шықты. Ең алдымен ұлы орыс ғалымы М.В. Ломоносов (1711-1765) Ресей патшасының төңірегін жайлап, Ғылым академиясын билеп алған немістерден оны аластатып, тазартып, Ресей ғылымын дамытуда, физика, химия, металлургия, лингвистика, басқа да ғылымдардың дараланып, ілгері басуына, дүниежүзілік деңгейге жақындауға үлесін қосты.
Орыстың революцияшыл демократтарының материализмі - утопиялық социализмнен, қоғамды демократизациялау және революциялық жолмен қайта құру идеяларымен табиғи байланысты философиялық бағыт. Оның тікелей идеялық негіздері ХVІІ-ХІХ ғ.ғ. Батыс Европа мен орыс философиясының материалистік, социалистік және атеистік дәстүрлері, ХІХ ғасырдағы стихиялы диалектикалық идеяларға тән алдыңғы қатарлы жаратылыстану болып табылады. Орыс ой-пікірінің бұл ағымын қалыптастырған және байытқан, әсіресе 40-60 жылдары дворяндық революцияшылдықтан революцияшыл демокртизмге өткен Россиядағы азаптық қозғалысының дамуы болды. Сондай-ақ ағартушылық, классикалық неміс философиясы, ХІХ ғ. орыс әдебиеті идеяларының тарапынан айтарлықтай әсер болғаны да байқалды. Бұл философияның дамуы екі негізгі кезеңнен тұрады:
1. Қалыптасу кезеңі: Белинский, Герцен, Петрашевский, Огарев.
2. 50-60 ж.ж. теориялық жағынан толық қалыптасып, жүйеге келуі, Чернышескийдің басшылығымен философиялық материализм мектебінің құрылуы. Добролюбов, Писарев, Щелгунов, Н.А. Серно-Соловьевич.
ХІХ ғасырда Ресей жағдайы бұрынғыдан да ауыр болды. Қайшылықтар күшейді. Басыбайлылық Ресейге үлкен тұсау болды. Ол Ресейде капи-тализм дамуына бөгет жасады. Бір жағынан Ресей ірі ғылым, мәдениет қайраткерлерін, жазушы, ақындарды дүниеге келтірді. Бұл үшін А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Н.А. Некрасов, И.С. Тургенев, И.Е. Репин, М.И.Глинка, Д.И. Менделеев, Н.И. Лобаческий есімдерін атаудың өзі-ақ жеткілікті.
Саяси өмірге келетін болсақ, ең алдымен ауызға алатынымыз – ресми халықшылдық теориясы. Бұл теория екі бағытта уағыздалды. Оның бірі – славянофильдер.
Славянофильдер – ХІХ ғасырдағы орыс қоғамдық ой пікіріндегі консервативті саяси және идеалистік философиялық ағымның өкілдері, олар Россияның дамуының ерекше жолының қажеттігін негіздеуге тырысты. Бұл өзінің объективті мәні жағынан орыс дворяндардының буржуазиялық даму жолына өз артықшылықтарын барынша сақтай отырып көшуінің утопиялық бағдарламасы болды. Славянофильдер бағдарламасы қанаудың ескі формаларынан бас тарту және билеуші таптың жаңа тарихи жағадайға бейімделуі қажеттігі, тіпті ең реакцияшыл қайраткерлерге, император Александр ІІ –нің өзіне де айқын болған кезде тұжырымдалады.
Славянофильдіктің негізін қалаушылар – И.Киреевский, К.Хомяков, И.Аксаков, Ю.Самарин және т.б. болды. Славянофильдердің алғашқы идеялары әдебиетте 1839 жылы көрініс тауып, 40-50 жылдары дамыды. Славянофильдік орыстың ерекше философиялық идеологиялық ағымы болып табылады. Славянофильдер Ресейдің әлемдегі ерекше мессиандық (құтқарушылық) идеясын негіздеді.
Славянофильдер өз отанының тарихына бет бұра отырып, орыс қоғам құрылуындағы оның толықтығы мен жан-жақтылығын дәлелдеуге тырысады. Олардың пікірінше, батыстық мемлкеттер жасанды құры-лымдар. Керісінше, Ресей органикалық тұрғыда қалыптасты. Ол «құрылған жоқ», ол «өсіп шықты». Ресейдің бұл табиғи дамуын славянофильдер православияның ерекше әлеуметтік ұйым-селолық қауымды тудырумен түсіндіреді.
Христиан діні үш ірі бағытқа бөлінеді:
1. Католиктік
2. Православиялық
3. Протестанттық
Осы үшеуінің ішінен славянофильдер тек православия ғана еркіндік пен қажеттілікті үйлесімді түрде үйлестіреді деді.
Еркіндік пен қажеттілікті үйлесімділігі мәселесін шешу үшін славянофильдер өздерінің философиялық көзқарастарындағы маңызыды принцип – соборшылыдық ұғымын енгізді. Соборшылдық – еркін қауымдастық. Бұл ұғымды даярлаған А.С. Хомяков болды.
А.С.Хомяков философиясы индивидуализммен қатар казармалық коллективизмге қарсы бағытталған және орыстың православиелік шіркеуінде бас еркіндік пен сүйіспеншілік принциптерін бекітуге бағытталған және соборшылыдық адам өмір қамының барлық салаларынан көрінеді: шіркеуде, отбасында, қоғамда. Ол еркіндік адамзаттық бастау мен адамның құдайға тән құдіреттік бастауынынң өзара әрекетінің нәтижесі болып табылады. Селолық қауымның басты артықшылығы ол - өз мүшелерін тәрбиелейтін рухани адамгершілік принциптерден көрінеді: ортақ мүддені сақтауға дайын болу, патриотизм славянофильдердің пікірінше қауым мүшелері бойында бұл қасиеттердің пайда болуы ертедегі діни дәстүрлерді бейсаналы инстинкті түрде сақтау жолымен жүзеге асады. Славянофильдер орыс халқының көнбістігін, православиені, қауымдық құрылысты орыс тарихының ерекшелігі деп есептеді. Православие славянофильдер үшін ақиқат дін болып табылатындықтан тек оны ұстайтын халықтар, ең алдымен, орыстар, олардың көзқарасынша, прогреске үміт арта алады, ал қалған халықтар православие өркениетін қандай дәрежеде қабылдаса, оған содай дәрежеде үміт артады.
Екінші бағыт – батысшылдар болды. Батысшылдар – ХІХ ғасырдың 40-жылдарындағы феодалдық-крепостниктік қатынастарды жойып, Россияны «батыстық» жолымен, яғни буржуазиялық жолмен дамытуды жақтаған орыстың қоғамдық ой-ағымының өкілдері. 40-жылдарыдың ортасында батысшылдар қатарында Герцен, Грановский, Огарев, В.Боткин, Кавелин, Н.Кетчер, Е.Корш және т.б. болды. Үйірмемен Белинский тығыз байланыс жасап тұрды. Сондай-ақ Тургенев, П.Анненков, И.Панаев және басқаларда батысшылдар құрамына кірді. Көзқарастарындағы белгілі бір бірліктің болуы, яғни самодержвиелік –крепостниктік құрылысты айыптау, «ресми халықшылдық» идеологиясына қарсы күрес, ағарту идеяларын дамыту, Россияны Европаландыруға ұмтылу, және олардың объективті – буржуазиялық мазмұнын мойындау олардың арасында алауыздық болмады деген сөз емес.
Бастапқыда батысшылдар арсындағы эстетикалық, философиялық, әлеуметтік – саяси мәселелер бойынша айтыс үйірме шеңберінен шыға алмады. Алайда 40 жылдардың аяғында екі тенденция айқындала түсті. Герцен, Огарев, Белинский - материалистер, революцияшыл-демократ және социалистер ретінде әрекет етті. Кавелин, Боткин, Корш идеализмді қорғап, саяси мәселеде буржуазиялық- помещиктік либерализм идеяларын дәріптеді.
Сонымен қатар екінші бір деректерде орыс философиясы үшке бөлініп қарастырылады:
1. Православие дініне негізделген славянофильдер бағыты. Олар дін арқылы өмірді өзгертуге болады, діни өзгеріс халықтың, қоғамның өміріне керемет өзгеріс әкеледі деп түсіндіреді.
2. Марксизм бағыты. Олар жұмысшы табының иделогиялық қызметшісіне философияны айналдырды.
3. Батысшылдар бағытының немесе экзистенциалистер бағытының негізгі зерттеу объектісі адам және оның өмірінің мәні болды. Жалпы адам өмірінің мәні мәселесімен айналысқандар – орыс философтар деуге болады. Бұл сұрақ әсіресе, қоғам дағдарысқа ұшыраған кезеңде өткірлене түседі. Негізінен бұл мәселемен Л.Н.Толстой айналысқан. Ол өзін қор-шаған адамдардың өмір сүру салтын, өмірдегі мақсаттарын және ақыл ой-деңгейін бақылай отырып, оларды өмірінің мәні туралы ойлану қабілетіне қарай төрт топқа бөледі:
1. Ештеңе білмеу жолы - өмірдің зұлымдыққа толы және мәнсіз екенін білмей де, түсінбей де өмір сүретіндер. Олардың қатарына, өте топас, өте жас адамдар және әйелдердің көпшілігі жатады, - дейді Л.Толстой.
2. Эпикур жолы - өмірдің үмітсіздігін, өтпелілігін түсініп, бар нәрсенің пайдасын, қызығын көріп қалуға тырысу.
3. Күш және энергия жолы - өмірдің мәні жоқ деп өзін-өзі өлтірушілер жатады. Оны тек үлкен жігерлі, мол қуат иелері ғана істей алады.
4. Әлсіздік жолы - өмірдің мәні жоқ екенін біле тұра, өмір ағынына еріп өмір сүре беру.
«Менің ойымша, өмірдің мәні – сенім. Сенім өмірге күш береді. Сенімі күшті адамның өмірі де мықты болады. Адам бірінші өзіне сенуі керек – дейді Л.Толстой. Орыс философиясы - бұл әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады.
4. Бақылау сұрақтары:
1. Орыс философиясының ерекшелігі мен пайда болу алғышарттары?
2. Орыс материалистерінің өкілдерін атаңыз?
3. Христиан дінінің бағыттары?
5. Аудиториялық тапсырманы орындау тәртібі:
Тақырып бойынша ойын ортаға салу және СӨЖ жұмыстары бойынша пікір талас өткізу
№9 Лекция сабағының тақырыбы:Қазақ мәдениетіндегі философия феномені.
1. Сабақ жоспары:
1. Қазақ философиясы қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғы шарттары.
2. Қазақ ағартушылық философиясы және оның ерекшеліктері.
3. ХІХ ғ. қазақ философиясы.
2. Сабақ мақсаты:
Отандық философияның ерекшелігі мен дүниетанымдық өзгешелігін түсіндіріп, студенттердің бойында патриоттық қасиеттерін арттыру.
3. Лекция мәтіні:
1. Ежелгі заманнан бері өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалар негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі қазақтар ғасырлар бойында жазба мәдениеті болмаса да, ауызша әдіспен өзіне тән бай рухани мұра жасай білді. Ал жазба әдебиет пайда болғаннан кейін бұл мұра өте үлкен қарқынмен дами отырып, әрқилы ерекшеліктерге толы күрделі тарихи жолдардан өтті. Осы рухани мұра жүйесінде қазақтың ертедегі философиялық ойлау әлементтерінен бастап, қазіргі замандағы толысқан философиялық теориясын түгелдей қамтитын ұзақ та жемісті философия тарихы мол орын алды. Оның негізгі бағыттары ретінде тұрпайы диалек-тикалық ойларды, дүниеге шынайы түрдегі көзқарасты, дінді тану және басқа да еркін ойлау процестерін, моральдық мәселелер мен адам туралы ілімдерді, күш көрсетпеу идеясы және оның күш көрсету саясатына қарсы бағыттарды насихаттауы және т.б. мәселелері болды.
Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, билер мен серілер – бәрі де өздері өмір сүрген заманнның объективті құбылыстарын тілге тиек, ойға өрнек етіп, әр түрлі деңгейде, бірақ жалпы алғанда жартылай даму тенденциясы шеңберінде қазақ халқының қоғамдық саяси, мәдени, сайып келгенде, философиялық ойлау жүйесінің құрылымын жасады.
Қазақ философиялық ойының тағы да бір ерекшелігі деп оның шынайы патриотизмін, халқына сүйіспеншілігін, оның бақыты, мүддесі және болашағы үшін күресуге дайын және оған жету жолдарын өз қадерінше анық, жан-жақты көрсете білуі еді. Халқымыздың өмірін бейнелеген, адамдардың түйсігін, ойларын, өскелең талабын көрсете білген фольклорда объективті шындықтың әлементтері бар. Халық эпостары, ертегілер, аңыздар, лирикалық-тұрмыстық поэмалар, мақалдар мен мәтелдер – адамдарды табиғи және әлеуметтік құбылыстарды, саяси-экономикалық жағдайларды, ізгілік мақсаттарды өз уақытына сәйкес танып-білуінің куәгерлері. Табиғи және әлеуметтік өмірдегі тікелей бейнелеу, дүниенің құрылымы, оның жасырын күштері туралы тұрпайы түсінік – бұл қазақ философиясының бастапқы кездегі деңгейі еді. Ол кезде жүйелі негізделген көзқарас болған жоқ, сондықтан да филосо-фияның басты бағыттары да айқындалмаған еді.
Қазақ философиясының көкейтесті мәселелерінің бірі – философияның пайда болу проблемасы. Қазіргі уақытқа дейін әлемдік философияның тарихында осы мәселе талай пікірталас туғызып жүр. Біріншіден, фило-софияның дәл шыққан мерзімін белгілеу қиын. Екіншіден, философия деген ұғымның өзіне осы кезге дейін, дәл де толық анықтама берілген жоқ. Үшіншіден, қазақ философиясы мәселелерінің жазбаша берілген классикалық тұжырымдар мәтіндері жоқтың қасы.
Қазақ философиясында қоғамдық ой үш кезеңнен өтті. Олар – қоғам, қоғамдастық және қоғамдық пікір. Қоғамдық ой білімді, сананы және өзіндік сананы қамтиды. Сана мен өзіндік сана білімге үзеңгілес. Білім – сананың өмір сүру тәсілі, ал өзіндік сананың қасиетті кезең және оның барысының әр кезеңіндегі ең жоғарғы шыңы. Қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде осы аталған үшеуінің бірі алға шығып, жетекші рөл атқарады. Қазақ тарихының философиялық құбылыстарын үш кезеңге бөліп қарауға болады.