Сет Ризаұлының аштық ұстап өзiн-өзi емдеп алу тәжiрибесi
Адам тәнінде қарыннан жаман ыдыс жоқ. Бірнеше рет асаған тамақ адамға жеткілікті. Егер қажет болса, қарынның үштен бірін тамаққа, тағы үштен бірін суға, қалған үштен бірін тыныс алуға қалдырсын.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Менiң тарихым: 11 жыл бойы жылына бір рет үзбей ұзақ 30-40 тәуліктік аштық ұстаудың нәтижесінде өзiн-өзi жан-жақты тәндiк, руханилық, материалдық жетiлдiрген адамның саяхаттап жүрiп өткен жолдары. Бұл саяхат басқа саяхаттардан мүлдем өзгеше. Менiң саяхатым: ерiктi, саналы түрде ашығу арқылы адамның iшкi жан дүниесiнiң тылсымына барып, денсаулығын бастапқы сау қалпына келтiру. Бақытқа, тыныштыққа, рахатқа шомылдыру. Тылсым әлемнiң пердесiн аз да болса ашу. Ерiктi түрде ашығудың пайдасын көпшiлiкке түсiндiрiп беру, олардың санасына шапағат iлiм нұрын құю.
Түбiнде баянды еңбек егiн салған,
Жасынан оқу оқып, бiлiм алған.
Би болған, болыс болған өнер емес
Еңбектен бұдан өзге бәрi жалған.
Абай
Негiзгi мамандығым агроном. Мамандығым бойынша ауылды жерлерде 30 жыл қызмет атқардым. 45 жас шамасында бейберекет өмiр сүрудiң нәтижесiнен қатты ауырып жүргенмiн, себебi тамақты кез келген уақытта талғамай қалай болса солай iшу, арақ пен темекiнi рухани қараңғылықтың салдарынан алғашында: дәреже, мақтан көрiп үйренiп, соңынан қалай маскүнемге және темекi мен ашты шәй iшетiн бәңгiшеге (наркоман) қалай айналып кеткенiмiздi бiлмей де қалдық.
Осы әдет Кеңес үкiметiнiң тәрбиесiмен өскен, сол кезеңде қызмет iстеген ауыл шаруашылық мамандарының бәрiне тән ерекшелiк болды десем қателеспеймiн, себебi ауыр жұмыстан қажығанда демалысымыздың сиқы осы болды, басқадай демалуға болатынын бiлмедiк, 10 шақты жылдар бойы заңды демалысымызды да ала алмайтынбыз, ерте көктемнен қар түскенше тәулiгiне 16...18 сағаттан жұмыс iстеп, балаларымыздың түрiн апталап көрмейтiнбiз.
Осындай бейнет пен тозақтың салдарынан, әсiресе ауылды жерде тұратын 50 жастан асқан азаматтардың, қазiргi кезде түгелдей дерлiгi әр түрлi созылмалы аурулармен ауырады, ал негiзгi бөлiгi мезгiлсiз ажалдың құрбаны болуда.
Менiң шырғалаңым өзiм бiлетiн адамдардiкiнен анағұрлым артық едi. Жүрегiм қысып, жаным жай таппай, жүрегiм қысқанда жаным шығып кете жаздайтын. Дәретiм уақытылы шықпай, үнемi iшi қатып жүретiн. Iшiмдi жел кеулеп, ұйықтай алмайтын. Өзiм араққа салынғаным соншалық, нақ маскүнемнiң өзiне айналдым. Жанұя мен балаларға қалай қарағанымды өзiңіз де бiлiп отырған шығарсыз. Арақ iше бастағанда иiскеп бiле ме, бiлмеймiн, пенде баласына жақсылық әкелмейтiн, көңiлдерi қарау, бiр қапшық жемдi пайда көретiн, адамшылықтан жұрдай «кiсi киiк достарым» өтiрiк мақтап, сумаң қағып, жан-жақтан қаптап, қолма-қол пайда болатын.
Осындай мазасыздықпен өзiмдi құздың ернеуiне әкелдiм. Мыңдаған опықтар болды. Өзiмнiң қазiргi жазып жүрген жазбаларымда айтылғандай, бiздiң елiмiзде мың-мыңдаған адамдар осы мазасыздықты жаман әдетке айландырып алған. Кей кездерде өзiме-өзiм қол жұмсасам ба деген ойлар да басыма келетiн. Менi провизор (дәрi-дәрмек жасаудың маманы) бауырым Қамбар, қызым Айнұр Алматыдағы маскүнемдердi жасырын түрде гипнозбен, инемен емдейтiн емханаларға да бiрнеше қабат апарды, бiраз жүргеннен кейiн арақты қайта қалай iшiп қоятынымды өзiм де байқамай қалатын болдым.
Арақ iшкеннен кейiн жүрегiм қысып, жаным мен тәнiм де мазасызданып қайта ауыратын болдым. Себебi арақтың уыты жасауша деңгейiме түсiп кеткен, маскүнемдiк пен темекiден емделудiң бiрақ зиянсыз жолы бар, ол – ашығу, дүркiн-дүркiн тәнiң толық тазаланғанша ашығу! (Ашығу арқылы толық тазаланғаннан кейiн арақ пен темекiнiң исiнен-ақ жүрегiң айни бастайды).
Ендi өзiме келсек осындай надандықтың, рухани қараңғылықтың салдарынан салмағым 110 кг болып, керек десеңiз еңкейе алмай, өз аяқ киiмiмдi әзер киетiнмiн. Жүргенде ырс-ырс етiп, тұздың көп шоғырлануынан табаным бастырмайтын. Осылай ғұмыр кешудiң нәтижесiнде 45 жас шамасында жүрегiм қысып, бүйрегiм iстемей, қан қысымымның жоғарғы көрсеткiшi 120-дан 70-ке дейiн күрт төмендеп, асқазаным тоқтап қалып, ұсақ түтiкшелерi (капиллярлары) жарылып кеттi, аузымнан қара қан тоқтамай, жансақтарда (реанимация) өлi мен тiрiнiң арасында 12 тәулiк жаттым, жансақтардан шыққаннан кейiн ауруханада тағы бiр ай жаттым, сол кезде маған күнi-түнi ине қойып (система) гемодез т.б. витаминдермен қоректендiрдi, ал асқазанымның үстiне мұз қойды, мұздың ызғарын мүлдем сезбедiм.
Кiмде – кiм бiр момын мұсылманды осы дүниедегi қиыншылығынан құтқарса, Алла оны ақиреттегi қиыншылығынан құтқарады. Кiмде – кiм бiр момын мұсылманның айыбын жапса, Алла оның екi дүниедегi айыбын жабады. Пенде бiреуге жәрдемдесу үшiн әрекет қылса, Алла оған жәрдемдеседi.
Пайғамбарымыз Мұхаммед(с.ғ.с.)
Менiң бiрге туған сүйiктi бауырым Қамбар Ризаұлы Мұқашбектегi өзiнiң қанының жартысын құйып, аудандық жансақтар (рениамиация) бөлiмiнiң меңгерушiсi Дәулет Көпжасарұлы Абақов ажал шеңгелiнен әрең дегенде алып шықты. Ауруханада қозғала алмай жатқан 50 күнде, төсегiмнiң қасына отырушы медбике Нұргүл Абылханованы арнайы тағайындады. Әлi күнге дейiн осы ақ халатты абзал жандарды ризашылық сезiммен ауық-ауық есiме алып қоямын.
Осыны оқып отырған оқырман қауымның ауруларын түгел жинақтаса, сол аурулардың түгелi дерлiк менiң бiр басымда болды десем шындықтың ауылынан онша алыс кете қоймаймын. Үнемi жүрегiм қысатындықтан бiрнеше қабат инфаркт та алдым. Келесi жылы да жүрегiм қатты қысып жансақтарда бiр апта емделдiм, содан аурухана бiртiндеп екiншi үйiме айнала бастады.
Жәй ғана бiлiм алу күнкөрiсiңе көмектеседi. Өз бетiңше бiлiмiңдi жетiлдiру – табысқа әкеледi.
Джим Рон
Поль Брэгтiң «Здоровье и долголетие» атты кiтабы менiң қолыма 1997 жылы қаңтар айында тидi. Осы т.б. ашығу туралы кiтаптарды мұқият, ыждағаттылықпен қайта-қайта қайталап оқып, бiрте-бiрте санама толықтай сiңiрiп алдым. Сонан соң ойланып, iшкен дәрiлерiм әсер етпейтiн болған соң: «қараптан-қарап арам өлгенше, қарманып өлейiн», – деп кiтаптағы «ауру – қылмыс, қылмыскер болмайық» деген ұранды басшылыққа алып 3 күндiк ашығуға бiрден тәуекел еттiм, нәтижесiнде 3 тәулiктен кейiн аяғымның бастырмай ауырып жүргенi бiрден жоғалып кеттi.
Содан кейiн, бiр күнi таң ата, тәнiм мен жанымды ойша бөлiп алып, өзiме-өзiм жағдайымды айтып, мұңымды шақтым. Бұрынғы қылығың сұмдық деп айттым. Егер де табиғаттың заңдылық жолымен жүрсем, онда өзiмнiң бейнетiмнен құтылатынынымды айттым. Мазасыздығымның ешнәрсенi бiлдiрмейтiнiн айттым. Егер өзiмнiң жүйке күшiмдi қайта құрсам көптеген сұрақтарыма жауап таба алатынымды да сездiм. Мен өзiмнiң өмiрiмде табиғаттың барлық заңдарын бассыздықпен бұзуға әрекеттенiп, нәтижесiнде тәнiмдi, мiнез-құлқымды, жанымды ауруға шалдықтырғанымды да өзiме айттым.
Мен өзiмнiң тәнiме ағымнан жарылып айттым, менде сиқырлы дәрi жоқ деп. Менiң ендiгi қолымнан келетiнi, табиғаттың жолымен жүрiп, табиғатпен үйлесiмдiлiкте болып, адамша – салауатты өмiр сүру керек дедiм.
Табиғи өмiр сүрудiң алғашқы баспалдағы ретiнде үш тәулiк бойы таза судан басқа ештеңе iшiп-жемей аштық бағдарламасын ұстауды ұсындым. Ол үшiн, толық тыныштықта демалдым.
Осылайша өзiмнiң ағзамдағы уларды тазалауды бастап, өмiрге байсалды көзқараспен қарап, өзiмнiң тауқiметтерiмдi талдай бастадым. Үш күннен кейiн iле-шала он күндiк ашығуға кiрiстiм. Нәтижесiнде ағзам улардан арылғаннан кейiн өз басымда керемет өзгерiстер болды. Ақылым айқындалып, санам тазарып, ойым мөлдiрленiп, өзiмнiң шырғалаңдарымды өзiм шеше бастадым.
Мен өзiмнiң тамақтану бағдарламамды күрт өзгерттiм де, 30 күндiк ет жемейтiн мәзiрге отырып, барлық өлi тамақтардан: шәйдан, кофеден, қант-кәмпиттен, консервiленген тамақтардан, тұздан, темекiден, iшiмдiктен, сырадан, кока-кола өнiмдерiнен т.б. түгелдей бас тарттым.
Сонан кейiн тағы да екi қабат 7...10 күндiк ашығуды өткiзiп, денем жеңiлдеп, денсаулығымның күрт жақсара бастағанына көзiм жеттi. Ұзақ ашығуға бiртiндеп 3...4 жыл дайындалдым. 2000 жылы Наурыз айында 21 тәулiк ашықтым, сондағы ағзамның тазаланғанын ауызбен айтып жеткiзу мүмкiн емес!
Алғашқы ұзақ 21 тәулiктiк ашығу бағдарламасын ұстап жүргенiмде кейбiр көршi, өсектi судай сапыратын келiншектер: «Әсет жынданып кетiптi, аузына мүлдем тамақ салмайды екен», – деп өсектеп, сыртымнан күлетiн, бiрақ олардың сөзiне мән де берген жоқпын «Ит үредi, керуен көшедi, денсаулық елге емес өзiме керек», – деп алған бетiмнен қайтпадым, нәтижесiнде тамаша денсаулықпен марапатталдым.
2001 жылы ораза айында 27 күн ашықтым, 2002 жылы ораза айында 38 тәулiк, ал 2003 жылы ораза айында 40 тәулiкке жеткiздiм. Осы ашығу барысында қыста қардың суын, қалған уақытта қайнар тұманың не құдықтың суынан басқа аузыма нәр татпадым. Аралық кезеңдерде анда-санда тәулiктеп ашығып жүрдiм, бiрақ кiтаптағы шарттарды толық сақтадым деп айта алмаймын, себебi денсаулығың жақсара бастағанда, баяғы «таз» қалпыңа түсiп пендешiлiк жеңiп кетедi екен.
2004 жылы да 40 тәулiктiк ашығуға, ораза аяқталарда яғни 9 Қарашада кiрiсiп кеттiм де Желтоқсанның 19-да 41 тәулiктiк ашығуды ойдағыдай аяқтадым. Бiрақта, 2005 жылы Алматыға көшемiн деп, Ұржардағы үйiмдi сата алмай, осыларды сылтау қылып ашығуды салақсып ұстай алмай, өзiмдi жан емес тән билеп, ауру мен настық қайта меңдеп алды.
2006 жылғы 50 күндiк ашығуымда ыстық қайнаған суға таза бал және лимон қосып iштiм. Соңғы 15 күнiнде тек қайнаған ыстық су ғана iштiм. Себебi балдан адамның жүрегi қайтып қалады екен, ағза өзi қажеттiсiн ғана қабылдайды. Ыстық суға таза бал мен лимон салып, ерiтiп ашығуды өзiмнiң ашығу iлiмiне қосқан қомақты үлесiм деп бiлемiн. 2007 жылы наурыз айының 16-нан сәуiрдiң 24-не дейiн 40 күндiк аштық ұстадым.
2008 жылы қыркүйектiң 26-нан қазан айының 4-не дейiн 41 күндiк аштық ұстадым. 2009 жылдың 12 желтоқсаны мен 2010 жылдың қаңтар айының 23-шi аралығында 43 тәулiк ашықтым.
2011 жылы сәуірдің 17-нен мамыр айының 28-не дейінгі 40 тәуліктік ашығуымның бастапқы 20 тәулігінде ыстық қайнаған суға таза бал және лимон қосып, іле-шала «Таң» сусынын iшіп өзімді аштық ұстауға дайындадым. Қалған күндері ыстық таза сумен ашықтым.
Ескерту: Естерiңiзде болсын! Егерде сусамыр (қант диабетiмен) ауыратын болсаңыз iшетiн суыңызға бал қоспаңыз, қанытыңыз көбейiп кетедi! Тек қана таза ыстық су ғана iшiңiз!
Барлық ой өрiсiмдi жүрегiме шоғырландырып ұйып тынығуға (медитация жасауға) – санамды, ақыл-ойдымды нұрландыруға (созерцания) үйренуiм
Тыныштық пен алаңсыздық – екi ұлы игiлiк. Бұдан көп адам құр қалған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Күнделiктi таңертең ерте күн шығар-шықпаста және кешкi уақытта 30 минуттан РУХАНИ ашылуға, ой өрiсiмдi жүрегiме шоғырландырып ұюға (медитация), санамды, ақыл-ойымды нұрландыруға (созерцания) үйрендiм.
Жаратушыдан: «Маған өзiмнiң бейнеттерiмнiң барлығынан құтылатын қуат бере гөр», – деп сұрадым.
Өзiме-өзiм: «Менiң тәнiм ашықаннан кейiн тазарды, менiң ойым лас емес, мөлдiр де шабытты. Ойлау жүйем құртуға емес, құрауға бағытталды» деген сөйлемдердi қайта-қайта қайталап айтып өзiмдi иландыра бердiм. Жаратушыдан:
«Маған тағдырды қасқайып қарсы алатын алаңсыздық,
Өзгертуге болатынды өзгертетiн батылдық,
Осының айырмасын түсiнетiн даналық бере гөр», – деп сұрадым.
Осы байсалды рухани нұрлану барысында өзiмдi мазалап жүрген сұрақтардың бәрiне де жауап таптым. Қазiр мен өзiмнiң тауқiметтерiмнен түгел құтылдым, апта сайын 24...36 сағат, әр жылдың наурыз айында не болмаса ораза айында немесе өзiмдi өте ауыр жайсыз сезiнгенде ұзақ 40...50 тәулiк ашығып: тәнiмдi, жанымды, рухымды, нәзiк денелерiмдi тазалаймын.