Мірі мен шығармашылық жолы. Құрманғазы 1818 жылы Бөкей ордасына қарасты (қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысы
Құрманғазы 1818 жылы Бөкей ордасына қарасты (қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысы, Жаңғалы ауданындағы) Жиделі ауыл-мекенінде дүниеге келді. Оның ерекше музыкалық қабілеті жас кезінен бастапбайқала бастады. Құрманғазы кішкентай кезінде жергілікті немесе сырттан келген әншілер мен күйшілердің өнерін ұйып тыңдайтын. Орындалған күйлерді тез арада есіне сақтап алып, кішкентай домбырасында тартуға тырысқан.
Шешесі Алқаөнерге жақын болғанадам, оның руынан көптеген ақындар, әнші, күйшілер шыққан, сондықтан Құрманғазының музыкалық қабілеті шешесінен дарыған деуге болады. Ол баласының музыкаға деген қызушылығын қуана қабылдап, ылғи да қолдап жүрген. Бірақ жоқшылықтың салдарынан Құрманғазы ерте жасынан бастап біреудің малынбағуға мәжбүр болды. Малдың соңында жүріп әкесі жасап берген кішкентай домбырасын тастамайтын.
Бір күні Сағырбайдың ауылына сол кездегі атақты домбырашы Ұзақ келеді. Құрманғазы үшін бұл үлкен мереке болды, ол күйшінің орындаған шығармаларын ұйып тыңдап, бәрін де жаттап алуға тырысады. Жас баланың музыкаға деген құштарлығын байқаған Ұзақ оған бірнеше сабақ беруге келіседі. Сөйтіпол Құрманғазының алғашқы кәсіби ұстазы болады.
Құрманғазы18 жасқа толғандаорындаушылық өнерін жетілдіру мақсатпен ел аралай бастайды. Көптеген күйшілермен кездесіп олармен тартысқа түседі, жаңа күйлер үйренеді, тәжірибе алмасып орындаушылық шеберлігін арттырады. Құрманғазы домбырада ойнаумен қатар әнші ретінде де танымал бола бастайды. Сол арқылы есімі бүкіл Бөкей ордасына тарап қарапайым халықтың асыға күтетін қонағына айналады.
1830-шы жылдары Қазақстанның батыс өлкелеріндеорыс патшалығының үстемдігі мен жергілікті байлардың қанаушылығына қарсы бағытталған күрделісаяси-әлеуметтік оқиғалар басталады. Бұл қозғалыстың шарықтау шегі Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған қарулы көтеріліске әкеп соғады (1836-1837). Құрманғазы осы оқиғалардың куәсі ғана болмай, оған белсенді қатысады.Күші басым болғандықтан орыс патшалығы Исатай көтерілісін аса қаталдықпен басып тастайды.Бұл саяси оқиға қарапайым халыққа үлкен әсер етеді, оның сана-сезімін оятуғасептігін тигізеді, сол арқылы мәдениет пен өнер салаларында өз көрінісін таба бастайды.
Шындықты жақтап, әділетсіздікке төзбейтін Құрманғазының мінезі жергілікті билік басшыларының қатты мазасын алды. Олар әр-түрлі амал тауып күйшіні түрмеге жауып тастауға тырысады. Ақыры, 1857 жылы олардың ойы іске асады – «қарақшы» деген жала тағып Құрманғазыны түрмеге қамайды. Бұл жолы Құрманғазы түрмеден қашып кете алады, бірақ көп ұзамай қайтадан қолға түседі. Екінші рет ол қатаң бақыланатын Орынбор түрмесіне жабылады. Аңыз бойынша,бұл жолы күйшінің орындаушылық шеберлігіне тәнті болған, шынайы өнерді бағалай білетін Перовский деген генерал-губернатор босатады. Кейін осы губернаторға арнап Құрманғазы өзінің «Перовский марш» күйін шығарады.
Түрмеден шыққан соң күйші ел аралап, көптеген ақын-әншілермен, домбырашылармен (солардың ішінде Дәулеткереймен, ақын Қашағанмен, атақты батырлар Төремұрат, Нарынбай, Өтегенмен) кездеседі. Осындай кездесулер туралы халық арасында қызықты аңыз-әңгімелер сақталған. Солардың бірі –белгілі орыс зерттеушісі Н.Савичевпен кездесуі. Кездесуден алған әсерін қорытындай келе Н.Савичев былай дейді:«Словом – Сагырбаев редкая музыкальная душа, и получи он европейское образование, то был бы в музыкальном мире звездою первой величины».(«Уральские войсковые ведомости» газеті. 1868 ж.)
Құрманғазы өмірінің соңғы жылдарын достары мен сүйікті шәкірттерінің арасында өткізеді (атап айтқанда, олар – Мәмен, Көкбала, Ерғали Ещанов, Дина Нұрпейісова). Ұлы күйші 1889 жылы қайтыс болды. Оның жатқан жерінде 1959 жылы академик А.Жұбановтың бастамасымен ескерткіш тасы орналатылды. Бүгінгі таңда Құрманғазының күйлері нотаға түсіп үнтаспаларға жазылған кезде, Н.Савичевтің ұлағат сөздері орындалғандай болды – Құрманғазының тұлғасы ұлттық музыка өнерініңең биік жұлдызына айналды. Кәзіргі кезде оның есімі Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі. Қазақ халқы оның музыкасын сүйеді, аруағын құрметтейді. Құрманғазының есіміхалық аспаптар оркестріне, қазақ ұлттық консерваториясына, көптеген қала көшелелеріне берілді.
Күйшінің музыкалық мұрасы өте бай. Оның шығармашылығында дәстүрлі домбыра жанрларының барлығы өз көрінісін тапқан. Кейбір күйлерінің аңызында немесе шығу тарихында күйшінің өмірінде болған оқиғалар баяндалады. Соларғақарап Құрманғазының өмірбаянын нақтылауға болады.
Күйшінің алғашқы шығармалары Ақжелең жанрында шығарылған, олар – «Ұзақ ақжелең», «Бас ақжелең», «Айда, бұлбұл, Айжан-ай». Бұл күйлер көлемі мен құрылымы жағынан шағын, қарапайым, музыкалық мазмұны ұғынықты, орындаушылық тәсілдері оңай.
Халық аузында «Күй әліппесі – ақжелең» деген ұғым бар. Соған қарап, домбырашылар ақжелең жанрын өзінің шығармашылық жолының бастапқы кезеңінде меңгерген деуге болады.«Бас ақжелең» күйінің аталуының өзі бастапқы, алғашқы деген мағынаны білдіреді.Құрманғазы осы жанрда шығарған алғашқы күйлерінің бірін – «Ұзақ ақжелеңді» өзінің ұстазы Ұзаққа арнаған. «Айда, бұлбұл, Айжан-ай» күйінің аталуында «ақжелең» сөзі болмаса да, құрылымы мен орындаушылық ерекшеліктеріне қарай оны да осы жанрға жатқызуға болады.
Құрманғазы шығармашылығының негізгі, ең нәтижелі кезеңі – 19 ғасырдың орта шені. Осы кезде ол Исатай мен Махамбеттің рухына арнап «Жалын», «Кішкентай» күйлерін, Адай руының жауынгершілік бейнесіне арнап «Адай» күйін, атақты «Балбырауын», «Серпер» күйлерін шығарады.«Ақсақ киік» пен «Төремұрат» күйлерін батыр Төремұраттың бейнесіне арнайды. Бір топ күйлерінің мазмұны түрмеге қамалу жағдайларымен байланысты («Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Арба соққан», «Не кричи, не шуми», «Лаушкен», «Перовский марш», «Машина»). Өмірінің қиын-қыстау кездерінде қолдау көрсеткен анасына «Қайран шешем», «Аман бол, шешем, аман бол» күйлерін арнайды. Дәулеткереймен кездесу кездерінде «Бұлбұл» мен «Жігер» күйлері дүниеге келеді. Осы кезде туындаған,қазақтың кең байтақ даласын суреттейтін жалынды «Сары Арқа» күйін Құрманғазы шығармашылығының ең биік шыңы деуге болады.
Өмірінің соңғы жылдарында күйші философоиялық тақырыптарға көбірек назар аударады. Осы кезде пайда болған «Көбік шашқан», «Алатау», «Демалыс», «Итог»күйлерінде жақсылық пен зұлымдық, адам өмірінің құндылығы сияқты мәселелер көтерілген.
Жалпы алғанда, Құрманғазының шығармашылығы батыс Қазақстан домбыра өнерінің дәстүріне негізделген. Соған қоса, ол бұл өнерге көптеген жаңалық енгізіп, оның ары қарай дамуына үлесін қосқан. Құрманғазы енгізген жаңалықтарды күйлердің мазмұнынан, әуен мен композициялық құрылымынан, орындау тәсілдерінен аңғаруға болады. Солардың бірі – күйдің екінші (үлкен) сағасы. Күйдің бұндай шарықтау шегін Құрманғазыға дейін және онымен қатар өмір сүрген басқакүйшілер де қолданған, бірақ үлкен саға деңгейі Құрманғазының шығармаларында ғана күйдің жеке бөлімі ретінде қалыптасты.
Құрманғазының енгізген тағы бір жаңалығы – екі әуеннен тұратын күйқұрылымы. Екі әуенді деп күйдің бас буыны мен орта буын бөлімдеріндегі әуендер өзінің сапасы жағынан бір біріне тең болып, шығарманың даму барысында алма кезек жүріп отыратын құрылымды айтамыз. Бұл төкпе күй құрылымының ерекше түрі. Екі әуеннен (музыкалық тақырыптан) тұратын күйлер қатарына «Ақбай», «Алатау», «Кісен ашқан», «Аман бол, шешем, аман бол» сияқты күйлерді жатқызуға болады.
Құрманғазы кейбір шығармаларында төкпе күй дәстүрінде бұрын-соңды кездеспеген жаңа әдістерді қолданған, олар, мысалы, бас буынның (кіріспенің) жалғыз дауысты түрі («Кішкентай», «Серпер» күйлері), қатар жүретін (параллелді) секундалар, тритон үндестігі («Машина», «Серпер», «Бұлбұл»), орындаушылықтыңжаңа әдістері, мысалы, домбыраның қақпасын шынтақпен жабу арқылыаспаптың дауысын «тұншықтырып» сурдина тәрізді дыбыс шығару.
Жалпы алғанда, Құрманғазының музыкасы жігерлі, қайсарлы мінезімен, даму барысының белсенділігімен, жарқын мазмұндылығымен ерекшеленеді.
Ұлы күйші қалыптастырған дәстүрді біздің заманымызға жеткізген – оның шәкірттері Мәмен, Көкбалы, Ерғали Ещанов, Меңдіғалі Сүлейменов, Дины Нұрпейісова, Уахап Қабиғожин, Қали Жантілеуов. Кәзіргі замандағы домбырашылар осы дәстүрді сақтап қана қоймай, әрі қарай дамытуда. Музыкалық мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында домбырашылардыдаярлау бағдарламаларының бірі Құрманғазыныңжеке орындаушылық-шығармашылық дәстүрі бойынша жүзеге асады.
Балбрауын
«Балбрауын»–Құрманғазының ең танымал, жарқын шығармаларының бірі. Бұл сөздің мағынасы екі түрлі, оның біріншісі «бал» (орысша – мед), «бұрау» (яғни, домбыраның құлағын келтіру) деген сөздерді білдірсе, екіншісіадамның рахаттанып «балбыраған»кездегі көңіл күйін көрсетеді. Балбрауын атты күйлер Қазақстанның көп аймақтарында, соның ішінде шертпе күй дәстүріндеде кездеседі.
Күй үш тактіден тұратын қарапайым бас буыннанбасталады. Бұндағыбасты рөл жігерлі, әрі белсендіжүретін ырғақта. Бұл ырғақ күйдің басынан аяғына дейін өзгермей қайталаныпотырады, сол арқылы шығарманың тұрақты көрсеткішіне (формуласына) айналады.
Күйдің негізгі әуені – көлемді келген біртұтас құрылым. Алғашындатөменгі дауыстағы «соль» дыбысы әуенніңжоғары қарай ынталанған серпілісінтұрақтандырып тұрғандай болып естіледі:
Содан соң, негізгі әуен бірнеше рет қайталанып барып жоғарғы «соль» дыбысына бірақ жетеді. Әуеннің кері (төмен)қарай қайтуы дәстүрлі секвенциялар арқылы жүзеге асады:
Күйдің келесі бөлімінде негізгі әуен аса өзгеріске ұшырамай жоғарғы кварта биіктігінде қайталанады. Негізгі тақырыптың осылай екі мәрте көрсетілуі – төкпе күй дәстүріндегі композициялық құрылымдардың бірі болып табылады. Әдетте, бұндай құрылымдағы күйлердекіші мен үлкен сағалар бөлек-бөлек көрсетілмейді. «Балбрауын» күйінің шарықтау шегі де екі сағаның біріккен түрін құрайды.
Күйдің қорытынды бөлімінде музыкалық тақырыптың соңғы каденциялық әуені маңызды рөлге ие болады:
«Балбрауын» күйі адамның өмірге деген құштарлығын оятып, сол арқылы жарқын болашаққа жетелейтін жігерлішығармалардың бірі. Кәзіргі кезде ол домбырада ғана емес, басқа аспаптар мен ансамблдерге өңделген түрінде де орындалады. Соған қоса, Қазақстан композиторларының симфониялық, опералақ шығармаларында өз қолданысын тапқан.
Сары-арқа
«Сары-арқа» күйі –Құрманғазының шығармашылығында ғана емес, бүкіл қазақ домбыра өнеріндегі ең биіктуынды. Оның жігерлі де жалынды музыкасы тыңдаушылардың рухын көтеріп ұлттық сезімін оятады, отанына деген сүйіспеншілігін арттырады.
Кварта мен унисоннан тұратын шағын кіріспесіжалпы шығарманың біркелкі жүретін ырғағы мен белсенді серпілісін, музыканың жігерлі сипатын қалыптастырады.
Күйдің негізгі әуені алғашында бір кедергіге тап болғандай бірнеше рет қайталанады да, содан соң өзініңбелсенділігінің арқасында жоғары қарай шарықтап жөнеледі:
Күйдің ерекшеліктерінің бірі – үлкен сағаның екі рет қайталануы. Бірінші рет музыканың үрдісі үлкен сағаның биіктігіне жетіп, бірақ онда көп кідірмей төмен қайтады, екінші рет саға бөлімі толығыменкөрсетіледі. Музыканың үрдісіосы биіктіктегі белсенділігініңарқасында домбыра пернелерінің шеңберінен асып түсіпаспаптың қақпасындағыдыбыстарды қамтиды.
Күйдің қорытынды бөлімінде бір бірінен алыс (октава аралығында) орналасқан кварталардың «секірістері» ерекше назар аударады.Осы әдіс арқылы екі ішекті домбырада төрт дауысты үндестіктер пайда болады. Бұл төрт дауыстылықтыңмәнісі мынада: ашық ішектегі («ре-соль»)кварталар мен жоғары октавадағы кварталар бірінен соң бірі тез жылдамдықта алынған кездеосы кварталардың «ізі» тыңдаушылардыңсанасында сақталады, соның нәтижесінде әр биіктегі кварталар бір біріне «қабатталып» көпдауысты аккордтар сияқты болып естіледі:
Қазақ ұлттық музыка мәдениетінің алтын қорына енген «Сары Арқа» күйі кәзіргікезде жеке домбырада ғана емес, түрлі ансамбльдер мен оркестрлердеде орындалады. Әсіресе ол қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында ерекше әсер қалдырады. «Сары Арқаның» әуені Қазақстан композиторларыныңкөптеген шығармаларындақолданылған, солардың бірі – Е.Брусиловскийдің «Сары Арқа» атты симфония-сюитасы.
Екі ғасырдай бұрынтуындаған күй кәзіргі кезде де өз тыңдармандарына шынайы эстетикалық әсер беріп, ұлттық өнерге деген үлкен мақтаныш сезімін тудырады.
Алатау
Құрманғазының музыкалық мұрасында лирикалық-философиялық бағытта туындаған күйлер аз емес, солардың бірі – «Алатау» күйі. Аталуына қарағанда, бұл күй Алатаудың әсем сұлу көріністеріне арналған сияқты. Бірақкомпозитор бұнда табиғаттың көріністерімен ғана шектелмейді. Алатаудың бейнесі ең алдымен адамның ішкі дүниесінің тебіреністері мен ой-толғауларын ашуға септігін тигізеді.
Күйекі әуеннен тұрады. Оның біріншісі –бас буында жүретіндәстүрлі құрылымдағы әуен. Ол айтарлықтай өзгерістерге ұшырамай шығарманың әр бөлімінен соң қайталанып отырады.
Бас буынның әуенітөменгі («ре») ішегінде жүрсе, күйдің негізгі музыкалық тақырыбы болып есептелетінорта буындағы әуен домбыраның жоғарғы («соль») ішегіне ауысады:
Келесі, «төрт перне» деп аталатын бөлім домбыра мойынының «сиЬ-фа» биіктігінде орналасқан. Көп күйлерде олар бір біріне ұқсас болып келеді. «Төрт перненің» негізгі міндеті – музыканың даму үрдісін жаңа биіктікке көтеру.
Күйдің шарықтау шегі кіші сағадан басталып үлкен сағаға бірақ жетеді. Одан кейін негізгі әуен төмен түскен сайын музыканың қуаты бәсеңдей бастайды. Күйдің соңында төрт перне, орта буын мен бас буындағы әуендер тағі бір рет қайталанады.
Сонымен, «Алатау» күйінде төкпе дәстүріндегі негізгі композициялық бөлімдер (бас буын, орта буын, төрт перне, кіші саға және үлкен саға) рет-ретімен қолданылып қана қоймай, өздерінің мінсіз жүйелігінің арқасында жалпы төкпе күй құрылымның классикалық үлгісінқұрайды.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Құрманғазының өмірі мен шығармашылық жолы.
2. Ақжелең жанрының ерекшелігі неде?
3. Неліктен Құрманғазының күйлерін өмірбаяндық дейді?
4. Құрманғазының енгізген жаңалықтары.
5. «Балбрауын», «Сары арқа», «Алатау» күйлеріне сипаттама бер.
6. Осы күйлерден үзінділер ойна.
Тақырып
Дәулеткерей (1820-1887)
Дәулеткерей Шығайұлы – ұлы күйші-композитор, төкпе күй дәстүрінің аса көрнекті өкілі. Дәулеткерей шығармашылығының өзіндік ерекшеліктері Құрманғазымен салыстырғанда айқынырақ көрінеді. Бұл замандас болған күйшілер өздерінің музыкалық-көркемдік ұстанымымен батыс Қазақстан домбыра өнерінің екі түрлі, музыкалық сипаты жағынан қарама қарсы болып келетінбағыттарын қалыптастырған. Құрманғазы өмірде де, өнерде де қайсарлы қайраткер ретінде танымал болса, Дәулеткерейдіңмузыкасы жеке адамның ішкі дүниесіне, оның лирикалық сезіміне бағытталған. Құрманғазының музыкасы батылдыққа шақырады,өмірдегі әділетсіздікке қарсы тұруға жұмылдырады, оның күйлері қоғамдағы күрделі мәселелерді шешуге арналған. Дәулеткерей, керісінше, лирикалық бағытты ұстанған, сол арқылы адамның психологиялық сезімін ашуға тырысқан. Сондықтан оның күйлерінің көлемі ықшам, әуендері әсем, оң қолының қимылдары жинаңқы, көбінесе «төре» қағыс тәсіліқолданылады. Ал Құрманғазының күйлерінде, керісінше, құлаштап ойнайтын «шаптырма қағыс», «тентек қағыс» сияқты тәсілдер жиі кездеседі.Дәулеткерейдің музыкасы нәзік сезіммен қабылданса,Құрманғазының күйлері тыңдаушылардыңбелсенділігін талап етеді.Дегенмен, Дәулеткерей де өзінің кейбір шығармаларында күрделі әлеуметтік мәселелерді қозғап, адам өмірінің мән-мақсатымен құндылығы жайлы ой салады.