Ижмали және тафсили иман 5 страница
В. Мухалафатун ли-л-Хауадис– Алланың кейіннен жаралғандарға ұқсамауы деген сөз. Алла заты және сипаттары жағынан кейіннен пайда болған болмыстардың ешбіріне ұқсамайды. Демек, Алланың өзге болмыстарға ұқсауы мен теңелуін ойлау мүмкін емес. Бұл сипат Құранда былай баяндалады:
«لَيْسَ كَمِثْلِه شَيْءٌ وَهُوَ السَّميعُ الْبَصيرُ»(оның (ұқсасы болу былай тұрсын) ұқсасы сияқтының өзі жоқ. Ол естуші және көруші) (Шура 42/11).
Дегенмен де адам Алланы өзі меңгере алатын, біле алатын ұғымдармен тануға тырысады. Осыған байланысты құдай адамдық ұғымдармен салыстырмалы түрде аталатыны табиғи. Осы тұста Алла мен адам арасындағы ұқсастық орын алатыны сөзсіз. Дегенмен де есімдер мен сипаттарда орын алатын ұсындай ұқсастық мағыналық жағынан ұқсастыққа жол ашпауы тиіс. Мысалы, Аллаға қолданылатын тірі, құдіретті, ғалым, естушы, көруші, тіпті, сүюші, ашуланушы, марапаттаушы, жазалаушы сияқты сипаттар мен ұғымдар адамға да қолданылатыны рас. Алайда аталған сипаттамалар екі болмысқа берілген мағынасы мен дәрежесі жағынан араларында үлкен айырмашылық бар. Басқаша айтар болсақ, адам жаратылған болмыс болғандықтан оның сипаттары да жаратылған. Ал жаратылғанның ең айқын ерекшелігі – оның шектеулілігі. Алланың сипаттары азали (абсолюттік) болғандықтан, оған мұндай шектеулер қойылмайды. Мысалы, адам шектеулі білімімен шектеулі ғана ғалым бола алады, ал Алла - абсолютті түрде ғалым және білуші.
Қорытындылай келе, Аллаға адамға тән сипаттамалар қолданылса да, оны жаратылғандарға ұқсатпау исламның ең басты принциптері болып табылады.
Г. Қиям би-Нафсиһи – бар болуы өз затынан болу, бар болу үшін басқа болмысқа мұқтаж болмау деген сөз. Ұлы Алланың басқа бір болмыс арқылы бар болуын ойлаудың өзі мүмкін емес. Себебі, басқа біреу арқылы бар болған нәрсе бар болуы үшін бір жерге (кеңістікке), белгілі бір уақытқа, бір себепке мұқтаж болады. Бұлардың барлығы жаратылған болмыстарға тән сипатқа кіретіндіктен, Алла бұлардың барлығынан пәк. Ал Алланың басқа болмыс арқылы бар болды деп ойлар болсақ, оның бар еткен басқа бір болмысты ойлауымызға және оны да бар еткен тағы бір басқа болмысты, осылай шексіз себептерді ойлауға туралы келеді. Ал бұл ақылға мүлдем қисынсыз және әлемге белгілі бір бастама қоя алмаймыз. Ал әлем кейіннен жаралғандықтан, бір бастамаға мұқтаж. Демек, әлемге бастама болған болмыс ешнәрсеге мұқтаж емес, бар болуы өз затынан болған ұлы Алла Тағала. Құран Кәрімде Алланың осы сипатын былай түсіндіреді:
«اَللهُ لاۤ اِلٰهَ اِلاَّ هُوَ الْحَيُّ الْقَيُّومُ»(Алладан басқа құдай жоқ. Ол тірі және өз өзінен бар болған) (Али Имран 3/2)
«يَاۤ اَيُّهَا النَّاسُ اَنْتُمُ الْفُقَرَاۤءُ اِلَى اللهِ وَاللهُ هُوَ الْغَنِيُّ الْحَميدُ» (Ей адамдар! Аллаға мұқтаж болған сендерсіңдер. Бай және мақтауға лайық болған тек ол ғана) (Фатыр 35/15).
3. Субути сипаттар.Субути сипаттар Алланың затын болымды (оңды) мағыналармен сипаттайтын және оның қандай құдай екендігін түсіндіретін сипаттар болып табылады. Мысалы, Алла тірі, қалаушы, құдіретті, өмір, қалау және құдірет иесы сияқты. Ал зати, салби сипаттар «бастамасы жоқ», «жаратылғандарға ұқсамайды», «теңі мен ұқсасы жоқ» сияқты тілдік тұрғыда болымсыз және затын өзге болмыстардан ажыратады. Субути сипаттар Аллаға болымды мағыналармен сипаттама бергендіктен «субути сипаттар» деген атауды иеленген. Сонымен қатар, осы сипаттардың әрбірі жеке мағыналарды бідіргендіктен «Сыфат маани» деп те аталады. Субути сипаттардың антонимдері Аллаға мүлдем тән емес. Мысалы, Алла өлі, надан, әлсіз, керең, соқыр деп сипатталмайды. Субути сипаттар азали және абади, Ұлы Алланың затымен бірге де одан бөлек те емес.
Субути сипаттардың келесі бір ерекшелігі – атауы мен мағынасы жағынан адамдық сипаттарға ұқсауы. Мысалы, Алла – тірі, қалаушы, құдіретті, өмір, қалау және құдірет иесі дегенімізде осы сипаттамаларды адамға да бере аламыз. Атау және мағына жағынан ұқсайтын құдайлық және адамдық сипаттарды бір-бірінен айыратын негізгі ерекшелік Алла сипаттарының азали және абади, ал адамдық сипаттардың жаратылған болуы. Азали және абади болғандықтан құдайлық сипаттар абсолюттік болып табылса, адамға тән сипаттар шектеулі, өзгермелі және оның жоқ болып кетуі де мүмкін. Мысалы, Алланың барлық нәрсені біледі және барлық нәрсеге күші жетеді, ал адамның білімі де шектеулі және күші де белгілі мөлшерде ғана. Алланың күшінде өзгеріс, кему немесе арту деген болмаса, адамның күш-қауқары өзгеріп отырады, адам кейде әлсірейді кейде күшейеді, тіпті мұлдем болмай да қалады. Алланың субути сипаттары сезіг:
1. Хаят– тірі болу мағынасына сәкес келетін Алла сипаттарының бірі. Бірақ, Алланың тірі және өмір иесі болуы өзге жандылардың жанды және тірі болуына ұқсамайды. Өйткені әлемдегі жандылардың өмірі бір денемен байланысты. Сонымен қатар, олар жүрек пен ми сияқты тіршілігін жалғастыруды қамтамасыз ететін мүшелерге мұқтаж. Ал Алланың тірі болуы өзінен, ол ешнәрсеге мұқтаж емес. Оның тірі және өмір иесі болуы дене мен мүшелерге мұқтаж емес. Дүниедегі жандылардың өмірі өліммен аяқталады. Ал Алла үшін өміл мүлдем тән емес. Құранда Алланың тірі екендігіне мынандай аяттар бар:
«وَتَوَكَّلْ عَلَى الْحَيِّ الَّذي لا يَمُوتُ وَسَبِّحْ بِحَمْدِه» (Өлімсіз және үнемі тірі болған Аллаға тәуекел ет және оны үнемі мадақта) (Фурқан 25/58)
2. Илм– білу деген сөз, ол Ұлы Алланың азали сипаттарының бірі және кемелдік пен үстемдігін паш етеді. Алла танылатын барлық нәрсені біледі. Білімсіздік деген нәрсе оған мүлдем тән емес. Алла өткен шақты осы және келер шақты, қысқасы барлығын біледі. Ол анықтыны да, құпияны да, міндеттіні де, мүмкіндіді де мүмкін еместі де барлығын біледі. Алланың білімі адамның біліміне ұқсамайды. Өйткені Алланың білімі азали, абади, міндетті, шексіз, өзгеріссіз, азайып көбеймейді. Алла білу үшін ойлануды, зерттеуді, құрал мен себепті қажетсінбейді. Ал адамның білімі кейіннен жаралған, ол өзгеріп отырады, азайып көбейеді, ұмыт болып та өшіп те қалады. Адам білу үшін ақылға, ойлануға зерттеу жасауға және құрал мен мүшеге мұқтаж.
Алланың білім иесі болғанына дәлел - әлемнің тәртібі мен үйлесімділігі. өмірімізде куә болып отырғандай әлемнің бір жүйемен әрекет етуі Алланың шексіз білім иесі екендігін көрсетеді. Алланың илм сипаты Құранда былай түсіндіріледі:
«وَيَعْلَمُ مَا فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَمَا تَسْقُطُ مِنْ وَرَقَةٍ اِلاَّ يَعْلَمُهَا» (Ол жерде және теңізде не бар болса оны біледі. Оның білімінен тысқары бір жапырақ та түспейді ...) (Анам 6/59).
Алла білімен жеке нәрселерді (жузиият) білетіндігі немесе білмейтіндігі мәселесі бойынша ислам философтары мен каламшылары тартыс жүргізген. Ислам философтары Алланың білімі өзгермейді деген ұранмен оның жалпылық нәрселерді біліп, жекелеген оқиғаларды білмейтінін қуаттаған. Ал каламшылар осы пікірге үзілді-кесілді қарсы шығып, Алланың барлық нәрсені білетінін алға тартты. Каламшылардың пікірі бойынша нәрселер мен құбылыстарда болатын өзгеріс Алланың біліміндегі өзгерісті туындатпайды. Алла жалпы және кулли нәрселерді білгені сияқты жекелерді (жуз) егжей-тегжейлі біледі. Бұл адам ақылына мүлдем қайшы емес.
4. Сами– Ұлы Алланың «есту» деген мағынаға сәйкес келетін азали сипаттарының бірі. Естуге болатын барлық дыбыс Ұлы Алла тарапынан естіледі. Ешбір дыбыс пен сыбыр оның естуінен сырт қала алмайды. Алланың естуі адамдікінен өзгеше. Оның естуі жаратылған болмыстардікі сияқты құлақ және осыған ұқсас құралдарға мұқтаж емес. Алланың естуі шексіз: жасырын, ашық, төмен немесе жоғары барлық нәрсені естиді. Кереңдік пен естімеу Аллаға тән емес. Мұның адам ақылына қайшы келетін жағы жоқ. Ислам философтары мен мутазилиттердің кейбірі Алланың есту және көру сипаттарын илм сипатына жатқызған. Алланың еститіндігі туралы Құранда мынандай аяттар орын алады: «وَاَنَّ اللهَ سَميعٌ بَصيرٌ» (шынында да Алла естуші және көруші) (Хаж 22/61).
5. Басар–Алланың «көруі» мағынасын білдіретін құдайлық кемел сипаттардың бірі. Көру әлемдегі болмыстардың ең кемел сипаты болып табылады. Болмыстардың ішіндегі ең кемелі болып табылатын Алланың осы сипатпен сипатталуы міндетті құбылыс. Бірақ Алланың көруі жаратылған болмыстардың көру қабілетінен басқаша. Өйткені, жаратылғандар көру үшін көзге немесе басқа да құралдардан мұқтаж. Демек, жаратылғандардың көруі шарттармен, себептермен ғана байланысты. Ал Алланың көруі көзге немесе басқа да құралдарға мұқтаж емес. Оның көруінде ешбір шектеу жоқ, ол ашық пен жасырын тұрған барлық нәрсені көре алады.Құран Кәрімде Алланың көруі туралы былай баяндалады: «اِنَّ اللهَ هُوَ السَّميعُ الْبَصيرُ» (шынында да Алла естуші және көруші) (Мумин 40/20).
5.Ирада– Алланың қалауы және таңдауы деген мағынаны білдіретін кемел сипаттарының бірі. Бұл әлем бастапқыда жоқ кезде кейіннен белгілі бір формамен, тәртіппен жаратылған. Әлемнің осындай түрде жаралуы кездейсоқтықтан емес. себебі, мұндай тәртіп кездейсоқтықпен пайда болмайды. Әлемдегі осындай ерекшеліктер оны жаратқан Алланың ирада иесі екендігін көрсетеді. Құран Кәрім Алланың қалаған нәрсесін жүзеге асыра алатын жаратушы екендігін баяндайды: «فَعَّالٌ لِمَا يُر۪يدُ» (қалаған нәрсесін міндетті түрде жаратушы) (Буруж 85/16).
«لِلهِ مُلْكُ السَّمٰوَاتِ وَالاَرْضِ يَخْلُقُ مَا يَشَاۤءُ» (Көк пен жердің мүлікі Алланікі, Ол қалағанын жаратады ...) Шура 42/49).
Алланың қалауы – абсолюттік. Ол ешнәрсенің, ешкімнің қалауы мен шарттарына мұқтаж емес. Ол қалағанын қалағанынша жарата алады. Алланың қалауында өзгеріс пен кейіннен жүзеге асу деген нәрсе жоқ. Өйткені қалаудың өзгеруі біліміндегі кемшілікті, кейіннен жүзеге асуы әлсіздікті білдіреді. Құлдардың қалауының жүзеге аса бермеуі құдайлық қалаудың әлсіздігін көрсетпейді. Осыған байланысты құдайлық қалау екіге бөлінеді:
А) Такуини ирада – нәрселерді жаратуға, дүниеге әкелуге және өзгертуге бағытталған Алланың қалауы. Барлық жаратылыс Алланың такуини ирадасы арқылы жүзеге асады. Такуини ирада – бір нәрсенің моральдық мәнсіз тікелей жаратуымен байланысты ирада. Яғниғ Алла жақсыны немесе жаманды, хайр немесе шаррды, қысқаша дүниеде орын алған барлық нәрсені жаратуды қалайды:
«اِنَّمَا قَوْلُنَا لِشَيْءٍ اِذَاۤ اَرَدْنَاهُ اَنْ نَقُولَ لَهُ كُنْ فَيَكُونُ» (Бір нәрсені қалаған кезімізде оған деген сөзімін «бол» деуіміз, ол дереу бола қалады.) (Нахл 16/40).
Ә) Ташрии Ирада – Ұлы Алланың әмір ету, тиым салу немесе рұқсат ету түріндегі қалауы. Алланың құлдарына жауапкершілікті жүктеуге байланысты қалауы «ташрии ирада» деп аталады. Ташрии Ирада қалаған нәрсенің міндетті түрде жүзеге асуын қажет етпейді. Мысалы, Алла барлық құлдарының иман келтіруін қалады. Бірақ, оның бұл қалауы толықтай жүзеге аспады. Себебі, бұл емтихан алу мақсатында Алла адам қалауын еркін қылған. Осыған орай имандылықты қалаған мүмін, күпірлікпен адасқан кәпір болады. Бұл құдайдың әлсіздігін көрсетпейді.
Алланың ташрии ирадасы тек ізгілікке, жақсылыққа, көркемдікке және турашылдыққа қарай бағытталған. Алла жамандықты қаламайды. Себебі, жамандықты қалау нұқсандықтың, надандықтың белгісі. Десек те Алла жақсылықты да жамандықты да қалауымен жаратқан. Бірақ ол жамандыққа риза емес, оны істеуді бұйырмайды:
«اِنَّ اللهَ يَاْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالاِحْسَانِ وَا۪يتَاۤئِ ذِي الْقُرْبٰى وَيَنْهٰى عَنِ الْفَحْشَاۤءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ» (расында Алла әділдікті, жақсылықты, жақындарға көмектесуді әмір етеді, арсыздыққа, тоңмойындыққа азғындыққа тиым салады. Ойланарсыңдар деп насихат етеді) (Нахл 16/90).
6. Қудрат – Алланың құдіретті болу, күші жеті деген мағынаны білдіретін азали сипаттарының бірі. Әрекетті күші мығым адам мен ешбірнәрсеге әлі жетпейтін әлсіз адам арасындағы айырмашылық күш, құдірет деп аталады. Бір аамның қуатты екендігін оның әрекетіне қарап аңғарамыз. Дәл осы сияқты Алланың құдіретті екендігін әлемнің жаралуына қарап аңғарамыз. Демек, әлемнің жаралуы Алланың құдірет сипатына дәлел болып табылады.
Алланың құдіреті мен адамның күші арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Алланың құдіреті абсолюттік және азали, оның құдіреті шексіз: азайып, көбеймейді., жоғалып кетпейді. Ал адам шектеулі күшке ғана ие. Адам барлығын емес тек күш-қауқары жеткен әнірсені ғана істей алады. Адамның күш-қайраты шарттарға және ортаға қарай өзгеріп отырады. Ал Ұлы Алланың құдіреті кемшіліктен пәк. Ол мүмкіндікке ие барлық нәрсеге құдіреті жетеді. Құран кәрімде Алланың құдіретіне былай сипаттама жасалады:
«لِلهِ مُلْكُ السَّمٰوَاتِ وَالاَرْضِ وَمَا فيهِنَّ وَهُوَ عَلٰى كُلِّ شَيْءٍ قَديرٌ» (Көк пен жердің және ішіндегілердің мүлігі Аллаға тән. Ол барлық нәрсеге құдіреті жетеді. (Маида 5/120).
«اَوَلَيْسَ الَّذي خَلَقَ السَّمٰوَاتِ وَالاَرْضَ بِقَادِرٍ عَلٰىۤ اَنْ يَخْلُقَ مِثْلَهُمْ بَلٰى وَهُوَ الْخَلاَّقُ الْعَليمُ» (Аспан мен жерді жаратқан олардың ұқсасын жаратуға құдіреті жетпей ме? әрине жетеді. Ол білімдар жаратушы) (Ясин 36/81).
7. Калам – Ұлы Алланың сөйлеу мағынасына сәкес келетін азали сипаттарының бірі. Сөйлеу – кемелдіктің белгісі. Болмыстардың кемелі болып табылатын осы кемел сипатпен сипатталуы уәжіп. Ал мылқаулық Аллаға мүлдем тән емес.
Құдайлық кітаптар Алла сөзінің ашық дәлелі болып табылады. Ұлы Алла кейбір пайғамбарларымен сөйлескен, ал енді біріне кітаптар жіберген. Ал олар Алланың үндеуін адам баласына жеткізген.
Біз мәндер мен ұғымдарды адамдар арасындағы сөздермен, сөйлемдермен ана түсіне қарым-қатынас жасай аламыз. Осыған байланысты Алла әмірі мен тиымдарын, хабарламаларын олардың түсіне алатын тілінде жеткізген. Десек те Алланың сөзін адамның сөзіне ұқсату дұрыс емес. Өйткені Алланы жаратылған болмыстарға ұқсатудан аулақ болуымыз қажет. Демек, Алланың сөзі адамдардың сөзіне ұқсамайды. Алла азали сөйлеуші (мутакаллим), сөйлеу үшін дыбыстар мен әріптерге мұқтаж емес. Бірақ, ақиқатын біз біле алмайтын құдайлық каламды біз түсіне алуымыз үшін дыбыстар мен әріптерге түсірілген және адамға түсінікті ұғымдармен баяндалған. Оның жаратылған жағы құдайлық каламның өзі емес, оны білдіретін дыбыстар мен әріптерден құралғаны ғана. Құдайлық калам дыбыстар мен әріптерден бөлек, олардың нұсқайтын мағыналар болып табылады. Құранда калам сипатын айқындайтын аяттар көптеп кездеседі:
«قُلْ لَوْ كَانَ الْبَحْرُ مِدَادًا لِكَلِمَاتِ رَبّي لَنَفِدَ الْبَحْرُ قَبْلَ اَنْ تَنْفَدَ كَلِمَاتُ رَبّي وَلَوْ جِئْنَا بِمِثْلِه مَدَدًا» («раббыңның сөзін жазу үшін теңіз түгел сияға айналып кетсе де, раббың сөзінен бұрын сол теңіз-сия таусылып қалған болар еді, тіпті, тағы бір сондай теңіз-сия болса да жетпес еді», - де) (Кахф 18/109).
Каламуллаһ тартыстары.Жоғарыда баяндалғаны сияқты Алланың сөзі (Каламуллаһ) болып табылатын Құранның жаратылғандығы төңірегіндегі тартыстар хижрет жыл санағы бойынша екінші ғасырдың басынан бастап өрби бастады. Алғаш Жад бин Дирхам мен Жахм бин Сафуан тарапынан ортаға тасталған бұл идея Мутазилиттер тарапынан одан ары жалғастырылды. Құранның жаратылғандығы туралы көзқарас Аббаси халифасы Мутазила тарапынан мемлекеттік саясатқа айналды және осы көзқарасты қабылдамағандар сұраққа тартылды. Ахмад бин Ханбал сияқты кейбір салаф ғұламалары осы идеяға келісім бермегеніне байланысты абақтыға жабылды. Осы кезең қысымшылық, қудалау, жазалау дәуірі болғандықтан ислам тарихында «михна» деп аталады. Құранның жаратылғандығы немесе жаратылмағандығы мәселесі хижреттің үшінші ғасырдағы негізгі проблемаға айналды.
1. Жахмия, Мутазила, және Шиа ғұламаларының пікірі бойынша «калам» Алланың фиили сипаттарына жатады және жаратылған. Осы идеяны қуаттауда әсіресе Мутазила алдыңғы қатарға шығады. Мутазиланы құдайлық каламның жаратылғандығын қуаттауға итермелеген екі негізгі алаңдаушылықты атап кетуге болады: оның бастапқысы – мутазилиттердің таухидке деген қатынасы. Мутазилиттердің пікірі бойынша құдайлық каламның қадим екендігін қуаттау Алламен қатар басқа қадим болмыстардың орын алуына алып барады. Каламуллаһтың қадим болуы Алламен қатар оның да бар, Алламен бір дәрежеде деген түсінікті тудырады. Ал Алланың теңі жоқ екендігі белгілі. Демек, азали немесе қадим калам түсінігі Алланың бірлігіне қайшы. Екінші алаңдаушылық – құдайлық әділетпен байланысты. Олардың пікірі бойынша зати сипаттар – абсолюттік (мутлақ), ауқымына кіретін барлық нәрсені қамтиды. Алланың «лизатиһи мутакаллим» (өздігінен, затымен сөйлеуші) болса, көркем сөздермен қатар оның ұятсыз, өтірік сөздер айтуына да тура келеді. Сонымен қатар Алланың затымен мутакаллим болуы хабарға жататын барлық мәліметті хабарлаушы деген мағынаға сәйкес келеді. Ал Алла барлық мәліметті хабарламаған. Мысалы, аятта: «Олардың арасында саған баяндап бергеніміз де, баяндап бермегеніміз де баршылық (Мумин 40/78)», - деп баяндалады.
Мутазилиттерге қарағанда к.нделікті тілде қолданылатын және дыбыстар мен әріптерден құралған каламнан басқа «калам нафси» деп аталатын каламды қозғау негізсіз. Өйткені ол түсінікті (мақул) дүние емес. осы өмірде қолданылатын сөз (калам) дыбыстар мен әріптерден тұрады және ол әріптердің қатарымен тізбектелуінен тұрады, осыған орай ол жаратылған деп есептеледі. Мутазилиттердің пікірі бойынша каламуллаһ болып табылатын Құранның сүрелер мен аяттарға бөлінуі, естілуі, көрінуі, мухкам (анық), муфассал (ауқымды) болуы, әмір мен тиымды, уад бен уаидті қамтуы, жаттауға, оқуға болатыны каламуллаһтың махлуқ екендігіне дәлел болып табылады. Бұлар – кейіннен жаратылғандықтың белгісі. Демек, Алла каламын (сөзін) денелерде жарата отырып мутакаллим (сөйлеуші) болады.