Кейбір періштелер таң намазы мен екінді намазын муминдермен бірге оқиды.

15. Мумин ғалымдар үшін арнайы дұға ететін періштелер бар. Әбу Умамә әл-Баһилиден жеткен риуаят бойынша Пайғамбарымыз қарапайым пенде мен ғалым кісінің парқы жайында: «Ғалым адамның өзге құлдан артықшылығы Менің сендерден ең төмен болғандарыңнан артықтығым сияқты». (Тирмизи; Илим бөлімі – 19, 2685 хадис) деген.

Адамдар мен періштелерді дәреже тұрғысынан салыстыру жайында

Адамдар періштелер секілді нұрдан жаратылмаған, қанаттары да жоқ, әрі олар секілді алапат күш пен жылдамдық иесі де емес. Мәселе солай бола тұра, адамдар дәреже тұрғысынан салыстырғанда, періштелерден әлдеқайда жоғары.

1. Адамдар арасынан шыққан пайғамбарлардың дәрежесі періштелердің пайғамбарларынан жоғары. Аллаһ Тағала адамдар арасынан пайғамбар шығарғаны секілді, періштелер арасынан да пайғамбарлар сайлаған: «Аллаһ періштелерден де, адамдардан да елшілер белгіледі. Шәксіз Аллаһ әр нәрсені аса естуші, тым көруші» (22.Хаж-75). Ислами тақырыптағы еңбектердегі деректерге жүгінсек, ғұламаларымыз төрт үлкен періштені өзге періштелердің пайғамбарлары деп бөліп қарастырады. Мұнымен қатар, Аллаһ Тағала адамдарға «Халифа» ұғымын қолданып, (қараңыз: 2.Бақара-30) періштелерден жоғары екендігін айқын білдіреді.

2. Аллаһ Тағала Адам атаны жаратқан соң бүкіл періште атаулыға оған сәжде етулерін бұйырды және күллі періште Адамға сәжде етті (2.Бақара-34). Әлбетте, бұл да адам баласының періштелерге қарағанда дәрежесінің әлдеқайда жоғары екендігін тайға таңба басқандай дәлелдеп тұр. Егер періште адамнан жоғары болғанда адамға әсте сәжде етпеген болар еді. Ал дәрежесі төменнің дәрежесі үлкенге тағзым ететіндігі бесенеден белгілі жайт.

3. Адам ата Аллаһ Тағаланың өзіне берген қабілет‑қарымы мен зеректігінің арқасында періштелерге қарағанда көп нәрсенің ақиқатына молынан қанық болатын. Себебі, Аллаһ Тағала заттардың атауын періштелерден сұрағанда олар атай алмай, Адам атаның айтып беретіні белгілі (қараңыз: 2.Бақара-31-33). Бұл да білгенмен, білмегеннің бір деңгейде емес екендігін аңғартады.

4. Періштелердің ең ұлығы Жәбірейл (а.с.) Аллаһ Тағала мен Оның пайғамбарлары арасында елшілік қызметті атқарған. Елшілікке барған кісінің өзі баратын кісіден дәрежесі жоғары болмасы белгілі. Олай болса, мұнда да пайғамбарлар, дәреже тұрғысынан алғанда, періштелерден әлдеқайда жоғары болып тұр деген сөз.

5. Періштелердің ең ұлығы Жәбірейл (а.с.) Миғраж түні Хазіреті Пайғамбарымызды көкке алып шығады да, Сидрәтул-мунтаха деген жерге келгенде Пайғамбарымызға: «Мен мына жерден ары өте алмаймын. Егер бір қадам аттасам, күл болып кетемін. Ары қарай өзің барасың», - дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса одан ары өзі көтеріліп, Аллаһ Тағаламен перде арқылы дидарласады. Адамның көтерілген жеріне періштенің жете алмауы да, соңғысының дәрежесінің төмен екендігінің бірден‑бір айғағы.

6. Ұлық періштелердің пайғамбар емес қарапайым қатардағы пенделерден дәрежесі жоғары болмақ.

7. Тақуалар мен шейіттер, ізгі амал істеуші пенделер жай қатардағы періштелерден дәреже тұрғысынан жоғары тұрады.

8. Ал сол қатардағы жай періштелердің дәрежесі – адамдар арасындағы күнәһар, кәпір, мунафиқ, фасық секілді пенделердің дәрежесінен әлдеқайда жоғары болары сөзсіз.

9. Періште Жаратушыны көріп иман еткен болса, адам Аллаһ Тағаланы көрмей иман етті. Иманның ең жоғарғысы - ғайыпқа, яғни көзге көрінбейтін нәрсеге сену. Олай болса, адам имани дәреже тұрғысынан да періштеден жоғары екендігі шүбесіз.

Жындар әлемі

Жын сөзі - араб тіліндегі «жапты», «жасырды», «қалқалады» деген мағынаға келетін «жәннә» сөзінен шыққан. Жындар сезім мүшемізбен сезілмейтін, көзге көрінбейтін тіршілік иелері.

«Жын» сөзі негізінен «инсан» (адам) сөзіне антоним ретінде қолданылып, сезім мүшелерімізбен байқауға келмейтін рухани әлем иелеріне берілген есім. Сондықтан да бұл ұғым періште, шайтан мен жындардың жалпы атауы ретінде қолданылады. Бірақ, әрбір періште көзге көрінбейтін жалпы (жинни) жын атауының мағыналық ұғымына кіргенімен әрбір жын періште емес. Аталмыш үш әлемнің (періште, жын, шайтан) әр қайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, әрдайым Аллаһ Тағаланың әмірімен қайырлы, оң істердің басында періштелер тұратын болса, шайтан – пендені тек алдап‑арбаумен, жамандыққа итермелеумен айналысады. Ал, жындарда осы екі рухани әлемнің де қасиеттері бар. Олардың мұсылмандары да кәпірлері де болады. Асылында, біздің ұғымымыздағы дию, пері деген атаулар парсы тіліндегі «жын» сөзінің баламасы. Сондықтан жын, дию, пері деген сөздер көбіне бір мағынада қолданыла беретіндегін айта кеткен орынды.

Жындар біздің сезім мүшелерімізге беймәлім болғандықтан, олардың болмысын – қисындық яки ғылыми тұрғыдан тәптіштеп түсіндіруге келмейді. Десек те, негізгі салмақты дәлелдер мен нақты мәліметтерді Құран аяттары мен сахих хадистерден аламыз. Ал, аят пен хадис олардың нақты бар екендігін растайды. Қала берді Құран Кәрімде өз алдына «Жын» сүресінің бар екендігі баршамызға мәлім.

Бірінші бөлімде айтып өткеніміздей адам Аллаһ Тағалаға құлшылық ету үшін жаратылғаны сияқты, періштелер де Аллаһқа қызмет ету, әрі Жаратушыны мадақтап, дәріптеу үшін жаратылған. Ал енді жындардың жаратылыстағы мақсаты қандай болмақ? Бұған жауапты Зәрият сүресінің 56-аятынан табамыз: «Мен жындар мен адамдарды тек қана маған құлшылық ету үшін ғана жараттым». Олай болса жындар да адамдар секілді жәннәт пен жәһәннамға баратындығы анық. Бұған дәлел ретінде мына аятты келтіруге болады: «Сендерден бұрынғы өткен тозақтағы жын және адамдар тобының ішіне кіріңдер дейді» (7.Ағраф-38).

Адам мен жындардың жаратылу мақсатына сай Аллаһ Тағала оларға құлшылық заңдылықтарын жеткізетін пайғамбар жібереді. Адамзатқа 124 мың пайғамбар келгендігі бәрімізге аян. Ал «жындарға пайғамбар келген бе» дейтін болсақ, оларға да пайғамбар жіберілгеніне көз жеткіземіз[7]. Мұның айғағы төмендегі аят:

«Әй, жын мен адамдар тобы! Сендерге іштеріңнен аяттарымызды баян етіп, бұл күнге кездесулеріңді ескертетін елшілер келмеді ме?, - делінеді. Олар: Раббымыз! Өзімізге куәміз, дейді. Оларды дүние тіршілігі алдаған. Олар өздерінің анық қарсы болғандықтарына айғақ болады» (6.Әнғам-130).

Мәселе осылай бола тұра, бірқатар ғалымдар жындар әлеміне пайғамбар келмеген деген тұжырымды ұстанады[8]. Бұл мәселеге арнайы жауап беруге тура келеді. Біріншіден, жындар арасынан пайғамбар келмеген болса, олар Жаратушыға қалай құлшылық етпек? Екіншіден, Аллаһ Тағала жындарды да тек Өзіне ғана құлшылық ету үшін жаратпап па еді? Үшіншіден, Исра сүресінің 15-аятында: «Пайғамбар жіберместен біз ешкімді жазаламаймыз» делінген. Сонда жындарға тура жолды көрсетуші өз араларынан елші келмесе, Пайғамбарымызға дейін келіп кеткен жындар ақыретте жазаға ұшырамайды деген ұғым шығады. Бұлай дейін десек, «Рас тозақ үшін көптеген жындар мен адамдар жараттық» (7.Ағраф-179) аяты жындардың да тозаққа баратындығынан хабар беріп тұр. Осы аяттарды негіз етіп ала отырып, жындардың да арасынан елші келгендігі жөнінде айта аламыз.

Ал енді жындардың өзіндік болмысы мен кейбір табиғи ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:

1) «Мен жындар мен адамдарды тек қана өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым» (51.Зарият-56). «Рас тозақ үшін көптеген жындар мен адамдар жараттық» (7.Ағраф-179).

Осы екі аяттың мағынасынан (ең бастысы бастауыш сөздердің орналасу реттілігінен) жындардың адам жаратылмастан бұрын жаратылғандығы тұрғысында тұжырым шығаруға болады. Егер мәселе керісінше болғанда, жоғарыдағы екі аятта да «жындар мен адамдар» тіркесінің реттілігі «адамдар мен жындар» болып орналасқан болар еді. Демек, бұдан шығатын қорытынды – жындар адам баласынан бұрын жаратылған. Тіпті, жындар Адам ата жаратылмастан екі мың жыл бұрын жаратылған деген нақтылы пікірлер де жоқ емес [9].

2) Адам топырақтан, періште нұрдан жаратылса, жындар оттан жаратылған: «Жындарды оттың жалынынан жаратты» (55.Рахман-15). «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық. Жындарды да (адамнан бұрын) түтінсіз оттан жаратқан едік» (15.Хижр, 26-27). Ал енді бұл жерден: «Жындар оттан жаратылған болса, тозақ оты оларды қалай жағады?» деген қисынды сауал туындайды. Асылында, Аллаһ Тағала оларды әу баста оттан жаратқанымен, олар от халіндегі мақлұқтар емес. Мысалы, адам баласы топырақтан жаратылғанымен тәні топырақ емес қой. Сол секілді жындардың да тозақтың отына жануының өз ерекшеліктері бар. Аллаһ Тағала барлық нәрсенің жүйесін әу бастан реттеп, тағдырға жазып қойғандықтан бұл мәселеде ешқандай екіұшты яки түсініксіз жайтқа орын жоқ.

3) Жындар да адамдар секілді ішіп-жейді, үйленеді, көбейеді, ер-әйел болып бөлінеді және өледі. Олардың өмір сүру ұзақтығы өз уақыттары бойынша, 60-70 жылдай болады. Бірақ, олардың жылдық өлшемдерін біздің уақыт өлшемімізге шаққанда шамамен мың жылға жақын, яғни бір жынның өмір сүру мерзімі осынша уақытқа тең деп түсінеміз[10].

4) Жындар да адамдар секілді мұсылман, кәпір, жақсы, жаман болып бөлінеді. Аятта бұл жайында былай дейді: «Расында жақсыларымыз да одан төмендеріміз де бар, түрлі жолдарда едік. Шынында жер жүзінде Аллаһты еш жеңе алмайтындығымызды, қашып құтыла алмайтындығымызды аңғардық.... Біздің арамызда мұсылмандар да, туралықтан адасқандар да бар. Сонда кім мұсылман болса, ал міне солар туралықты іздейді» (72.Жын, 11, 12, 14).

Наши рекомендации