Стр. 146 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 145
Стр. 147
Қазақстанның ашық кітапханасы
Гуля мәдениет майданының командирі ғой, жұмыскер жұртшылықтың мәдениет
жақтарын да тәптештеп айтады. Біз соғыс кезінде: театр, кино, әдебиет жұмыстары
шегініп қалған шығар деп ойлаушы едік. Жоқ, шегінбепті. Қарағандыда осы күзде жоғары
дәрежелі мектеп ашылған, жаңадан екі театр қосылған. Уақыт ауыр, әрине, бірақ жұрт сол
уақытты бейбіт шақтағыдан анағұрлым артық жүк артып жөнелтіп жатыр.
Гуляның жүзінде әр кезде шала ұйықтағандықтан жұмыс бастылықтың іздері тұрады.
Сонда да бізге күн сайын бір соғып кетеді. Оның келуін біз де сағынып күтеміз. Бірақ
шаршағандығын көріп:
—
Біз енді тек жатқан адамдармыз ғой... Босқа уақытыңызды ала бергіміз келмейді,—
десек.
—
Мен сіздерге азырақ демалу үшін келем; үйім де осы арада ғана,— дейді. Кей
күндері түнде де келіп кетеді.
Гуляның қолында Гришин екеуміздің екі түрлі сырымыз бар. Гришин Қарағандының кен
байлықтарын қазбалап сұрайды. Мен телеграммаларым мен хаттарымды жаздырам.
Алғашында іркіп қалған сөздерім бара-бара түгел айтылып, қоймам түгел ақтарылып
қалды...
Гришин Гуляға кен мамандарына беретін сұраулар береді.
—
Дүниелік қор дегенде, салыстыратыныңыз немене? Санмен қатар сапалық
қасиеттер, жалғас компаненттер түгел тексерілген бе? — деп те қояды.
Гуля «мен кен маманы емеспін» деп бастайды да, қолма-қол өмірден үйренгенін іркілмей
сөйлеп, әңгіме созылған сайын Гришиннің таңдануын молайта түседі.
—
Сол байлықтар қазір түгел алынып жатыр ма? — дейді Гришин.
—
Түгел емес, әрине. Күшжете бермей, бөгеліп отырған жайымыз да бар.
—
Ғылымдық күштерді айтасыз ғой?
—
Ие, ең алдымен ғылымдық күштер...
Гришин Қарағандының, байлығына таңдана ма, әлде жас қана қазақ қызының, сол
байлықтарды еркін білетініне таңдана ма, әйтеуір, ұзақ-ұзақ аңырып қалады.
—
Сіз болашақ геолог, білуіңіз керек... Ағылшын обырларының бірі Урквард Лесли
Совет үкіметіне хат жазған ғой. Хатында ол «Балқаштан арғы далаларды ептеп қазып
көруге» руқсат сұраған. Сол далалар осы облыста. Оның ойынша бұл далаларға біздің қол
бері салса — елу жыл, әрі кетсе — жүз жылдан бергі жерде жете алмайды деген. Қазір сіз
сол даланың қара қазаны Қарағандыда отырсыз,— дейді Гуля.
Гришин еліңнің осынша байлығын неге жасырып келдің дегендей, маған кінәлау көзімен
қарайды. Қазақстанның байлығын өзім де жаңа сезініп отырғандай, масаттанып кетіп, мен
оған:
—
Қалай екен? —деймін. Неменені «қалай екен!» дегенімді өзім де онша айқын біле
бермеймін, бірақ Гришин менің сұрауымды дұрыс ұғынып:
—
Таң қаларлық! — дейді.
Стр. 147 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 146
Стр. 148
Қазақстанның ашық кітапханасы
Бір күні Гуля кетуге ыңғайланып тұра келді де, аз кідіріп қалды. Түйе жүн перчаткасын
асықпай киіп жатқанына қарағанда, ойына бір сұрау түсіп кеткен сияқты.
—
Сұра, сұра! Біз енді досыңбыз!—дегендей, біз де Гуляға қарадық.
Гуля күрсіністі халін жеңу үшін зорлықпен жымиды да:
—
Осы әлгі қара қағазда да қаталықтар болады ғой?— деді.
Сұрау тап желкемізден шағып алғандай, бәріміз де басымызды жастықтан жұлып алып:
—
Неге болмасын!
—
Болғанда қандай!—дедік, сол қаталарға өзіміз талай кездесіп, кәнігі болған адамша.
Семен Зонин жайында келген қара қағазда қата болмайтынын анық білсем де, дәл қазір
мен барлық қара қағазды қатаға шығаруға әзір едім. Ол аз болса, сол Семен жайында
анасына барған қара қағаздың да қата болып шығуын тілеп тұрмын.
—
Қата деген бола береді! — деп, Гришин де өршелене сөйлеп жатыр.
Біз жап-жас әйел жарынан күдер үзбесін, үмітпен жүрсін деп, «қата» деген жақты
бастырмалатып кеттік білем. Гуляның езу тартуында сенер-сенбес, екі оқтылық қана
байқалады.
—
Кейде тіпті жалғыз жауынгер түгіл, тұтас бір бөлім ұзақ уақыт қоршауда қалып,
кейін құтылып кетеді. Әскер ішіндегі
,
жеке жауынгерлердің басқа бір топтарға қосылып,
хабарсыз кеткендіктен қара қағазға ілегіп қалатыны да болады,— деп, Гуляның көңіліне
демеу болу үшін, ананы-мынаны едәуір асырыңқырап айтып жібергенімізді .аңдыған да
жоқпыз. Снаряд пен бомбадан жараланды дегенше, оқтан жараланды деген жеңіл тиеді.
Өлім жайынында қағаздың, дұрыс шыққанынан да қата болғанын тілеуім кімге болса да
түсінікті ғой!
Гуля алғыс ажарын көрсетіп тағы бір жымиды да, үндеместен шығып кетті. Біз бірімізге
біріміз түсініскен көзбен бір қарастық та, Гуляның жайына енді оралған жоқпыз. Бөлмеміз
суып кеткендей болды.
—
Мүмкін, соғыстан кейін осы Қарағандыға келерсің,— дедім Гришинға жаңа бір
әңгімеге көшу үшін.
—
Келсе қайтеді! Тап менің қалаған жерім осы Қарағанды екен! Сөз жоқ, келем,—
деді ол.
Осыдан кейін, мен оны Вася деп кеттім де, ол мені Костя деп кетті. Кездескелі бұзылмай
келген сіз-біз қалды да, сен-менге көшіп кеттік...
Соңғы күндердің ішінде ойлағандарымның бірде-бірі орнынан шықпай, сандалта бастап
еді. Болмашы бір кедергілер көбейіп, кейіс үстіне кейіс қосумен келеді. «Қыры кеткенге
қырын келеді» дегендей, оң аяғыммен аттасам да сүрінем. Көңілсіздіктер егіздей келіп,
енді еңсемді көтермесем, мойныма мініп алғысы келетін сияқты. Әзірге екі түрлі
көңілсіздік қатар келіп бір соғып етті де, енді үшіншісін күтіп отырмын.
Келем, деп, күнде үш рет хат жазатын Ақботадан күдер үзе бастадым. Ендігі менің
майданға алып қайтарым Ақбота жазған отыз бес хат, жеті телеграмма бола ма деп
қауіптенем. Хаттар да, телеграммалар да алғашқы кезде ылғи «келем» деген қуаныш