Синергетика методологиясы.
2. Диалектика және метафизика.
Енді танымдағы ең жалпы (универсалды, яғни, философиялық) методологияға келер болсақ, ол:
A) барлық ғылым саласында қолданылады
B) оның негізгі қағидалары нақтылы жүріп жатқан зерттеудің басынан аяғына дейін басшылыққа алынады.
Ғылымда универсалдық методология қағидаларының болуы Дүниеиің біртұтастығымен байланысты. Өлі, тірі табиғат, қоғам өмірі, ойлау үрдістері - бәрі де белгілі бір ең жалпы даму заңдылықтарына бағынады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, сонау көне заманнан бастап Дүниетану саласында екі бір-біріне қарсы тұрған көзқарас пайда болды. Олар - диалектика және метафизика.
Көне заманда стихиялық диалектиканың негіздері Шығыс пен Батыста бірдей қалыптаса бастады. Дүние - ағым, өзен, - деді Гераклит. Қытай данасы Лао-цзы болса, қарама-қарсылықтың бір-біріне өтетінін айтып қана қоймай, одан өмірге керек қағидалар шығарды. "Қиындықты жеңу үшін жеңілден баста, ұлылыққа жету үшін кішіден баста, бақытқа жету үшін бақытсыздықтан өту керек (әйтпесе, бақытты екеніңді қайдан білесің)..." т.с.с. Грек топырағында ұлы Сократ алғашқылардың бірі болып ой қайшылықтарын зерттей бастаса, Элеялық Зенон қозғалысты қалайша ой арқылы беруге болатындықты зерттеді...
Жаңа дәуірде неміс философиясының ұлы өкілі Г.Гегель адамзат рухани өрлеу тарихын ұқыпты зерттеп диалектикалық ойлау методологиясын жасады.
XIX ғ. марксизмде Гегельдің идеялары әрі қарай дамытылып, тек ой өрісі ғана емес, бүкіл Дүниедегі барлық даму үрдістері диалектикалық заңдар мен категориялардың негізінде жүретіні, олай болса, таным мен қисынның өздері де соларға сәйкес келетіні жөнінде терең ойлар айтылды. Бүкіл XX г. жаратылыстану мен әлеуметтану нәтижелері - диалектикалық методологияның салтанатты өрлеуі болды десек асыра айтпаған болармыз. Ең алдымен диалектикалық идеялар коғамтану пәндеріне, содан кейін биология саласына, ХХғ. физика, астрофизика, химия, геология т.с.с. ғылымдарға кірді.
Әрине, ғылым тану методологиясы да бір орнында тұрып қалмайды. XX ғ. 80 ж.ж. Батыста "синергетика" (бірге іс-әрекет жасау мағнасын береді) ілімі пайда болды. Оның негізін қалаған И.Пригожин мен Г.Хакен болды. Синергетика - ашық және өз-өзіне толығынан тең емес жүйелердің өзіндік ұйымдасуы мен өзгеру, даму заңдылықтарын зерттейтін ілім. Ал, енді осы берілген анықтаманы талдап көрелік.
Ашық жүйе, әрине, ешқашанда өз-өзіне толық тепе-тең болмайтыны да айдан-анық, өйткені, ол жүйеге неше-түрлі басқа заттар мен құбылыстар өз әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ, бүкіл Дүниені біртұтас "Үлкен Жүйе" ретінде қарасақ, онда оның тепе-теңдігін кім, я болмаса, не бұзады?, - деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі ғылым оны вакуумнан көреді.
Енді "өзіндік ұйымдасу" ұғымына келер болсақ, бұл идея философия тарихында көптен бері бар. Материяның ішкі өзіндік күші арқылы дамуға мүмкінгі бары жөнінде уақытында Б.Спиноза, К.Маркс сияқты ойшылдар айтқан болатын. Бірақ, өлі табиғатты зерттейтін жаратылыстану ғылымдарында көпке дейін "теормодинамиканың екінші бастамасы", яғни, табиғатта болып жатқан энтропия (ыдырау, хаосқа айналу) заңы "өзіндік ұйымдасу" идеясына өз кедергісін тигізген болатын. Сондықтан, биология саласына Ч.Дарвин еңгізген "эволюция, күрделену" зандылықтары, жалпы жаратылыс тану ғылымында үлкен қайшылықты тудырды. Бір жағынан энтропия зандылығы Дүние бара-бара суып, тұрпайыланып хаосқа айналады десе, екінші жағынан, биология ғылымы тіршіліктің үне бойы күрделенуін мойындады. Міне, синергетика ілімі осы қайшылықты шешеді.
Синергетика ғылымы хаостың жасампаздық бастамасын, эволюциялық үрдістегі конструктивтік, тәртіпті тудыру мүмкіндігін көрсетеді. Бір жағынан Дүниеде ыдырау, шашылу, тарау үрдістері жүріп жатса, екінші жағынан, күрделену, тәртіпке келу, дамуды байқауға болады.
Енді өзгеру, даму заңдылықтарына келер болсақ, ол Дүниедегі барлық заттар мен құбылыстарға (өлі, тірі табиғатқа, қоғам өміріне, ой өрісі дамуына) ортақ болып шықты. Синергетика ілімі бойынша, даму барысындағы ашық та тепе-теңдікте емес жүйе алғашында бірте-бірте күрделене және тәртіптене түсіп, ақырында өзінің бейтұрақтық бифуркациялық (әр тараптық) нүктесіне келіп тіреледі де, оның алдында, практикалық түрде, әрі қарай тұрақты дамудың сан-қилы жолдары ашылады. Жүйенің қай жолға түсетіні - белгісіз, тек оны анықтайтын "Ұлы Мәртебелі Кездейсоқтық". Ол даму механизмінің қажетті кілті. Сонымен, бұл теорияның "ақылға симайтын" ғажап жағы - кездейсоқттың дамудағы ерекше рөлі. Шексіз кездейсоқтықтардың біреуі "таңдалғаннан" кейін, жүйе жаңа тұрақты даму барысына көшеді (келесі бифуркациялық нүктеге дейін).
Әңгіменің қиындығы мынада. Мұндай жүйенің әрі карай даму жолын алдын-ала анықтау тіпті де мүмкін емес. Әрине, компьютерлік бағдарламалар арқылы біршама даму жолдарын анықтауға болады. Дегенмен де, жүйенің қай жолмен әрі қарай дамитыны әрқашанда белгісіз болып қала береді. Сонымен, даму барысындағы көптінділік мойындалды да, бұрынғы классикалық біртінділік даму зандылықтары (заттың дамуының бастауын, қазіргі ақуалын зерттеп болашақта не болатынын болжау) сирек кездесетін құбылысқа айналды.
Синергетика іліміндегі флуктуация ұғымының (болар-болмас нәрсенің бейнақтылық дәрежеге көтерілген үлкен күрделі жүйені жаңа даму жолына түсіріп жіберу мүмкіндігі) қоғамтануда, саясаттағы рөлі зор. Қоғам өміріндегі даму үрдістері бифуркациялық нүктеге жақындаған кезде, қайсыбір кездейсоқтық оқиға, тіпті жеке адамның іс-әрекеті, ойламаған жерде үлкен әлеуметтік дүмпулерге әкелуі мумкін.
Сонымен, синергетика - философиялық-методологиялық дәрежеге көтерілген соңғы жылдардағы теория десек қателеспейтін болармыз. Осы теорияның арқасында біршама диалектикалық категориялар - мүмкіндік пен шындық, кездейсоқтық, біртінділік пен көптінділік, ақпарат, қайшылық, себептік т.с.с. - өздерінің жаңа жақтарымен көрініп, ғылымда басқаша елеулі мағынада қолданыла бастады.
Кілт сөздер: Хаос, Ұйымдасу, Заңдылық, Флуктуация
12-ТАҚЫРЫП. Танымның мүмкіндіктері мен шекаралары. Ғылыми таным ерекшеліктері