Жаңа өркениеттегі ақпараттық қоғамның рөлін көрсетіңіз.
Жаңа өркениетке өтуге байланысты адамзаттың тарихи тағдырларындағы түбірлі өзгерістер болып жатқан жаңалықтарды пайымдау қажеттілігін тудырды. 20-жылдардың өзінде-ақ мұны алғаш сезінген О.Шпенглер өзінің атақты “Европаның дағдарысы” еңбегінде бүгінгі индустриалды өркениеттің ақырының жалпы нобайын трагедиялық формада белгіледі. Онан кейін 40-жылдары австралиялық экономист К.Кларк жаңа қоғамның келе жатқанын айқын баяндап, оны жаңа экономикасы мен технологиясы бар ақпарат және қызмет көрсету қоғамы ретінде сипаттады. 50-жылдардың аяғында американдық экономист Ф.Махлуп жаңа қоғам туралы идеяны дамыта отырып, ақпараттың маңызды тауарға айналатыны және ақпараттық экономиканың келетіні туралы тезисін жариялады. Жэне тек 60- жылдардың соңында ғана постиндустриалдық қоғам теориясының негізін қалаушылардың бірі американдық әлеуметтанушы Д.Белл алдыңғыларымен салыстырғанда өзінің ақпараттық қоғам теориясында бұл қоғамның мәні мен сипаттамалық белгілерін ашуға тырысты.
Әсіресе, өзінің “Ақпараттық қоғамның әлеуметтік шеңбері” деген еңбегінде Д.Белл қоғамның негізгі салаларын жан-жақты қарастыра отырып, индустриалдық қоғамнан ақпараттық қоғамға өту барысында қазіргі қоғамның қандай өзгерістерге ұшырайтынын сипаттап жазады. Д.Беллдің пікірінше: “Келесі жүзжылдықта экономикалық және әлеуметтік өмір үшін, білім өндірісінің тәсілдері үшін, сонымен қатар адамның еңбек әрекетінің сипаты үшін телекоммуникацияларға негізделген жаңа әлеуметтік үрдістің қалыптасуы шешуші мәнге ие болады” (Нова технократическая волна на Западе, 330- бет). Онан ары қарай ол индустриалдық қоғамға тән үш сипаттамалық белгіні анықтайды:
1) индустриалдық қоғамнан сервистік қоғамға өту;
2) технологиялық жаңашылдықтарды жүзеге асыруда кодификациялық теориялық білімнің шешуші мәні;
3) жаңа “интеллектуалдық технологияны” жүйелік талдау мен шешім қабылдау теориясының негізгі құралына айналдыру.
Д.Белл индустриалдық және постиндустриалдық, дәлірек айтқанда ақпараттық қоғамның арасындағы принципиалды айырмашылықтарды айта келе, мына нәрселерге көңіл аударады: индустриалдық қоғам үшін машиналы технология қандай маңызға ие болса, интеллектуалдық технология ұйымдар мен кәсіпорындарды басқарудың негізгі құралына айналатындықтан постиндустриалдық қоғам үшін сондай маңызды мағынаға ие болады. Осыған байланысты индустриалдық қоғамда еңбек пен капитал негізгі ауыспалылар болса, постиндустриалды қоғамда білім сондай шешуші ауыспалыға айналады. Оның үстіне Д.Белл ақпарат пен теориялық білімді ақпараттық қоғамның стратегиялық ресурстарына жатқызады.
У.Дайзард өзінің “Ақпарат ғасырының қадамы” деген еңбегінде ақпараттық қоғам дамуының үш кезеңіне көңіл аударады: ақпаратты өндіру мен тарату бойынша негізгі экономикалық салалардың қалыптасуы; өнеркәсіптің өзге салалары мен өкімен үшін ақпараттық қызмет номенклатурасының кеңеюі; тұтынушылық деңгейде ақпарат құралдарының кең торабының қалыптасуы.
Жаңа ақпараттық экономиканың екінші кезеңі де толығымен ене бастады. Бұл кезеңде жаңа ақпараттық технологияның негізгі пайдаланушылары жеке және қоғамдық салалар болып табылады. Осы кезден бастап олардың ақпараттық технологияға деген сұранысы күшейе түседі. Мысалы, банк ісі уақыт өткен сайын қағаз ақшаның негізгі бөлігін алмастыратын “электронды ақшаның” универсалды жүйесін қалыптастыру бағытына қарай жедел қарқынмен дами бастайды. Әдетте бұл процесс үй компьютерлері және өзге күрделі техникамен жүзеге асады. Әрбір үйдегі екі құрылғының—телефон және теледидардың көмегімен қызмет көрсетудің жаңа түрлерінің басым көпшілігі атқарылады. Бұл жүйелер ақпараттық қызметтің жаңа базаларының эффективті каналдары бола алады.
Т.Стоунвер ақпараттық қоғамның ерекшеліктері туралы былай деп жазады: “Байлықты адамдар жасайды. Адамдық капитал—постиндустриалдық қоғамның маңызды ресурсы”. Байлық техника құралдарының көмегімен технологиялық білімді және ұйымдастырушылықты жетілдіру арқылы қалыптасады. Сондықтан Т.Стоунвердің пікірінше “индустриалдық экономикадан постиндустриалдық экономикаға өтудің ең тиімді стратегиясы—бұл білімді, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды кең ауқымды дамыту”. Сондықтан ақпараттық қоғамда ұлттық байлықтың өсуі ең алдымен білім мен технологияның прогресіне бағынышты болады. Осыған байланысты “постиндустриалдық қоғамда ұлттық ақпараттық ресурстар - негізгі экономикалық құндылық, байлықтың ең үлкен потенциалды көзі” деген Стоунвердің пікірімен келіспеуге болмайды.
Жаңа ақпараттық өркениеттің қалыптасуы көптеген жаңа мәселелерді де туғызады. Әлеуметтік-экономикалық табыс бүгінгі күндері білім мен технологияға бағынышты
болғандықтан ақпараттандыру жолына дер кезінде түсе алмаған елдердің ақпаратты дамушы елдерге бағынышты болып қалатыны күмән туғызбайды. Осыған байланысты дамушы елдердің шикізат және энергетика көздері болып келген елдер ақпараттық отар елдерге айналуы мүмкін. М.Хайдеггердің пікірінше индустриалдық қоғамда техника мен техницизм үстемдік етсе, болашаққа ақыл-ойдың экспансиясы қатер төндіреді. Кейбір батыстық философтар ақпараттық процестердің қарқынды дамуы жағымсыз салдарларға да әкелуі мүмкін деген ой айтады. Мысалы, М.Маклюэн дүниетанымның стереотиптілігі, индивидуалдылықты жоғалту, адамның үнсіздік пен бейсаналық тұңғиығына батуы сияқты құбылыстарды болжайды. Белгілі американ әлеуметтенушысы О.Тоффлер өзінің “Футурошок” еңбегінде қазіргі адамның қоғам мен техниканың шапшаң өзгерістеріне дайын еместігін айта келе, болашақпен қақтығыстың адамға ауыр тиетінін ескертеді.
XX ғасырдағы индустриалдық қоғамның ең күшті сыншыларының бірі Л.Мэмфорд болды. Бастапқыда ол болашақты өркениеттің технологиясына негізделген гуманистік прогресс ретінде елестетті. Кейінірек өзінің позициясын түбірімен қайта қарап, ақпарат саласын өз қолына шоғырландырған және күшті репрессивті бюрократиямен басқаратын әскери-өнеркәсіптік истеблишмент тарапынан келетін қауіп-қатер туралы ескертеді. Болашаққа қатысты эйфорияға қарсы Питер Штернс және Майкл Xарригтон сияқты сыншылар өз пікірлерін айтты.
Қоғамды ақпараттандыру процесі техникалық және технологиялық процестерді өз бойына біріктіре, жинақтай және қорыта отырып, тек технологиялық мәселе болудан қалады.
Сондықтан “...ақпараттық қоғам адам болмысының мәнімен қатар құрылымын өзгертетіндіктен мыңдаған жылдар бойы философияның жұмбақ құбылыстары болып келген шығармашылықтың құпиялары мен адамзат ақыл-ойының терең тылсымдарына ену мүмкіншіліктері мен оны адами игеру деңгейлерін, тұлға жүйесін түбегейлі өзгертетін болғандықтан философияның көкжиегіндегі зерттеу аймағы болып қала береді” (Ракитов А.И. Философия компьютерной революции. М.,1991).
Болашақта адамзат өркениетінің дамуы қандай болмасын, мейлі ол ғарыштық дәуір, компьютерлік немесе ақпараттық және т.б. болсын, мұның бәрі адам үшін, адамның игілігі үшін жасалып жатқандығын ескеруіміз қажет. Бұл мағынада техника философиясы ең алдымен адам философиясы деген американ философы X.Сколимовскидiң пікірімен келісуге болады.