Жүйе, элемент, құрылым
Жоғарыдағы талданған категориялар сияқты, жүйелік те -болмыстағы заттар мен құбылыстарға тән қасиет. Ол дүниедегі ретке келгендікті, белгілі бір заңдылықты, хаосқа қарсы тұрған үрдістерді сипаттайды.
Жүйе дегеніміз белгілі бір тәртіпке келген өзара байланыстағы элементтер жиынтығы. Элементтер деп нақтылы тұрғыдан алып қарағанда, әрі қарай бөлінбейтін жүйенің негізінде жатқан оның бөлшектерін айтамыз. Басқа жағдайда, байланыстарда сол элементтердің өзі жүйеге айналуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, бүкіл Дүниені жүйенің жүйесі ретінде қарауға болады.
Әрбір элемент белгілі бір жүйенің калыптасуына қатысады. Егер ол болмаса, онда жүйе де қалыптаса алмайды. Элементтердің өзара байланысы мен іс-әрекеті жүйенің жаңа - өз элементтерінін қосындыларына тең емес - қасиеттерін тудырады. Мысалы, суды құрайтын сутегі мен оттегі бөлек-белек алсақ - жанғыш. Ал судың элементтері ретінде біріккен кезде, керісінше, отты сөндіретін қасиетке ие болады.
Қайсыбір жүйе өзіне тән кұрылымнан тұрады. Құрылым деп жүйенің элементтерінің арасындағы тұрақты байланыстары мен қарым-қатынасының жиынтығы айтылады. Ал тұрақты байланыстар заңдылықтың негізінде жатқан жоқ па? Олай болса құрылымды элементтердің заңдылықты байланыстары десек те болады.
Дүниедегі сан қилы жүйелерді ең жалпы түрде екіге бөлуге болады. Оның бірі - бейорганикалық, яғни өлі табиғаттағы кездесетін жүйелер. Оған мысал ретінде күн жүйесін, неше түрлі химиялық қосындыларды, техникалық жуйелерді келтірсек те жетеді. Олардың ерекшелігі - жүйе оны кұрайтын кұрамдас бөлшектеріне тәуелді. Мысалы, күн жүйесін кұрайтын планеталардың біреуі болмағанда, жердің орбитасы басқа болып, оның бетінде, мүмкін, өмір пайда болмаған да болар еді!
Екінші: органикалық жүйелерді алсақ, олар өзінің өте күрделілігімен, сонымен қатар біртұтастықтың өзінің құрамдас бөлшектеріне қарағанда басымдылығының арқасында өмір сүреді. Олар өз-өзін толықтырып, өзіндік даму дәрежесіне дейін көтеріледі. Оған мысал ретінде кайсыбір тіршілікті алуға болады. Бейорганикалық жүйелердің бөлшектері (элементтері), салыстырмалы түрде карағанда, дербес болып, өз-өздігімен өмір сүре алатын болса, органикалық жүйелердің элементтері жүйеге толығынан тәуелді. одан сырт қалса, өмір сүре алмайды. Мысалы, адамның бауыры мен бүйрегі біртұтас организм жүйесінен тыс өмір сүре алмайды, өз өмірін тоқтатады. Тек қана организм жүйесінің шеңберінде ғана басқа организмнін кұрамдас бөліктерімен қарым-қатынасқа түсіп қана өмір сүреді.
Органикалық жүйелердің екінші керемет қасиеті - олардың ішкі даму бағдарламасының болуы. Оның терең мән-мағынасын бүгінгі таңда тез қарқынмен дамып келе жатқан генетика ғылымы зерттейді. Қоғам өмірінде ол саналы түрде жасалған мақсат-мұратқа айналады. Мысал ретінде «Қазақстан-2030» бағдарламасын келтіруге болады.
Бүгінгі таңда ашылған ең күрделі жүйе, әрине, қоғам. Қоғам өмірінде миллиондаған адамдар өмір сүреді. Олардың бәрі де саналы пенделер, өз өмірін жоспарлап, өз алдына неше түрлі мақсаттар қойып, оны іскс асыру жолында басқа адамдармен топтасып, кезге көрінетін сан алуан қарым-қатынастарға түседі. Ал көзге көрінбейтін саны жоқ қатынастарды тіпті есептеу мүмкін емес! Мысалы, дүкенге барып бір нан сатып алсаңыз, ол тек қана сіз бен сатушының қарым-қатынасын көрсетіп қана қоймайды. Сол элементарлы байланыс сізді саны жоқ астыртын миллиондаған
адамдармен қосады. Ол нанды ұннан жасайды, ал оны өндіру үшін бидай қажет, ол үшін егін егу керек, оған тракторлар мен сепкіштер керек, ал оларды жасау үшін темір рудасын өндіріп, оны металлургия комбинатында балқыту керек ...т.с.с.!!!
Қоғамның күрделі жүйе екендігін реформа барысында, әсіресе саясаткерлер естерінен шығармаулары керек. «Ең алдымен экономика саласындағы реформаларды жасап алайық, калғаны бірте-бірте өз орнына келер» деген жалаң да тұрпайы ұрандар, құдайға шүкір, бүгінгі таңда келмеске кетті. Экономика қоғамның іргетасын құрайтындығы - хақ. Сонымен қатар бүгінгі таңда «адам факторы» негізгі қоғам байлығына айналып жатқаны да еш күмән туғызбайды.
Қоғамды Дүниедегі ең күрделі жүйе ретінде қарағанда, оның өзі де ішкі оған бағынышты қосалқы жұйелерден тұратынын айқындаймыз. Бүгінгі кең тараған пікір - оны 4 қосалқы жүйеге бөлу:
экономикалық жұйе;
әлеуметтік жүйе;
саяси-қүқтық жүйе;
рухани-адамгершілік жүйе;
Олардың әрбіреуінің өзіндік элементтері, құрылым заңдықтары бар. Бірақ оларды талдауды «әлеуметтік философияға» арналған тарауымызда қарастырамыз.
Бүтін және бөлшек
«Бүтін» және «бөлшек» ұғымдары өзінің мазмұны жағынан «жүйе» және «элементке» өте жақын. Дегенмен де олардың айырмашылығы да жоқ емес.
Бүтін деп өзінің іштей байланысты құрамдас бөлшектерін бірлікке әкеліп, оларды анықтайтын зат, я болмаса құбылысты айтамыз.
Бөлшек деп бүтіннің кұрамына кіріп, оның сапалық қасиеттерін өз бойына қабылдайтын зат, я болмаса құбылысты айтамыз. Бүтін мен бөлшектің жүйе мен элементтен айырмашылығы - бүтін заттың бірлігін, ерекшелігін көрсетсе, жүйе - бірліктің көптілігі арқылы көрінеді. Бөлшек бүтіннен тыс байланысқа түсіп өмір сүре алмайды, ал элемент бір жүйенің құрамдас бөлігі ретінде, сонымен қатар, басқа байланыстарға да түсуі мүмкін.
Бөлшек әрқашанда бүтіннің ерекшелігін көрсетеді, сонымен қатар өзіне тән ерекшелігін де бойында сақтайды. Ал бүтінге келер болсақ, ол өзінің бөлшектерін біріктіріп, солар аркылы өз ерекшеліктерін болмысқа әкеледі.
Бүтін мен бөлшектің өзара байланысын зерттеуде екі асырасілтеушілік бар. Біріншісі бүтінді асыра бағалайды, оны холизм (һоlе - ағылшын сөзі, бүтін) десе, екіншісі бөлшекті негізгі деп есептейді, оны меризм (mеrе ағылшын сөзі, қарапайым) деп атайды.
Мысалы, тірі организмді алсақ, меризм оны механикалық, физикалық, химиялықтың косындыларына тең деген пікір айтады. Холизм же жоғарыдағы үшеуімен қатар, организмнің төртінші, яғни бәрін біріктіріп, оны өмір сүру мен дамуға итермелейтін «х-факторды» мойындайды. Соңғы - рухани (Аристотельдің сөзімен айтсақ, заттың энтелехиясы), ол танылмайды.
Мәселенің шын шешіміне келер болсақ, тірі организм өз заңдылықтарының (биологиялық) негізінде өмір сүреді, сонымен қатар төменгі козғалыс формалары (механик., физик., химиялық) тәуелді түрде оның өмір сүруінде сақталып, өз қызметтерін атқарады.
Холизмді асыра түсіну негізінде саясатта неше түрлі тоталитарлық тұжырымдамалар дүниеге келеді. Ол идеялар өмірде іске асқан жағдайда жеке адамдардың мақсат-мүдделері толығынан қоғамдық жалпы мүдделерге бағынышты болуы керек. Жеке адам өмірінің құндылығы, қажеттігі, оның өз алдына койған мақсат-мұраты, оларды іске асыруға бағытталған әрекеттері т.с.с. бәрі -қоғамдық жалпы мүдденің шеңберінен тыс шыкпау керек. Оны уақытында большевиктер мынандай мақал-мәтелмен берген: «Ағашты шапқанда жоңқалар ұшады» (сондағы «жоңқалар» — жеке адам өмірі!). XX ғ. пайда болған неше түрлі тоталитарлық режимдер миллиондаған жеке адамдарды өзінің қияли «қоғамдық мүдделеріне» қарсы келді деп құртып жіберген жоқ па?!
Енді бүгінгі таңда «либералдық демократия» саясатынан туындаған «әлеуметтік атомизм» тұжырымдамасына келер болсақ, ол, керісінше, жеке адамның мүдделері мен мақсат-мұратын қоғамдық мүддеден биік қояды. «Жеке адамның іс-әрекетіне толығынан жол ашылсын!», «Адам құқтары мен еріктігі басымқы болсын!» деген ұрандардан «керісінше тоталитаризмді» байқауға болатын сияқты.
Әрине, бөлшек, бөлік деген сөздердін өзі «бөліну, өз еркін іске асыру» деген мағына береді. Бірақ, екінші жағынан, ол тек қана, сондықтан тұтастық, бүтіннің шеңберінде өмір сүруі қажет. Олай болса, тұлға қоғамнан тыс өмір сүре алмайды, сонымен қатар қоғам жеке адамның мүддесі мен мақсат-мұратымен санаспай, оны толығынан өз еркіне көндіруге әрекет жасамауы қажет. Адам қауымшыл, қоғам адамгершіл болғанда ғана екі жақтың мүдделері іске асып, үйлесімді дамуға жол ашылады.