Антика философтары дүниенің бастамасы мәселесін қалай шешті?
Философия пәні бойынша емтихан сұрақтары
Емтихан билеті № 1
1. Дүниеге көзқарас (дүниетаным) дегеніміз не? Оның адам және қоғам өміріндегі мәні қандай? Дүниетаным — бұл ақиқатты дүниеге және ондағы адамның алар орнына, оны қоршаған болмысына және өз-өзіне қатынасына деген көзқарастар жүйесі, сонымен қатар, адамдардың осы көзқарастар арқылы қалыптасқан негізгі өмірлік ұстанымдары, наным-сенімдері, мақсат-мұраттары, таным мен қызмет принциптері, құндылық бағыттары. Дүниетаным қоғамдық және жеке адам санасының ұйтқысы болып табылады. Дүниетанымды қалыптастыру — тек жеке тұлғаның ғана емес, сонымен қатар белгілі бір әлеуметтік топтың, қоғамдық таптың жетілуінің елеулі көрсеткіш.
Дүниетаным қоғамдық сананың жалпы және жоғарғы түрі болып табылады. Ол өз түрлеріне тән бірнеше элементтерден қалыптасады (философия, ғылым, эстетика, мораль, т.б.) Осылардың ішінде философиялық, ғылыми, саяси, адамгершілік және эстетикалық көзқарастар үлкен рөл атқарады.
Философиялық көзқарастар мен сенімдер бүкіл дүниетаным жүйесінің негізін құрайды. Философияның өзі таным қызметтерінің ұтымды-ұғымды мәнерін және дүниетаным бағдарын негіздейді: ол ғылыми деректер мен тәжірибе жиынтығын теориялық тұрғыда ұғындырады және шындық бейнесін объективті және тарихи тұрғыда айқындауға ұмтылады.
Ғылыми білім дүниетаным жүйесіне ене отырып, адамды қоршаған әлеуметтік және табиғи орта шындығына бағыттау мақсатында, сондай-ақ шындыққа қатысты тиімділікке, адасулар мен ескілік көзқарастардан арылуға қызмет етеді.
2. Ежелгі үнді философиясындағы жайнизм бағыты адамға рухани- адамгершілік тұрғысынан дамудың қандай жолын ұсынады? Джайнизм (джина - жеңіс) негізін қалаған – Махавира. Жеңіс – ол адамның өзін-өзі жеңуі. Негізгі ұғымдары: тірі (джива), өлі (аджива), ізгі, күнә, жанның бұзылуы (ашрава), самвара – жанның тазалануы, тәуелдік, карманы бұзу – нирджара, босау. Джайнизмдегі «үш асыл»: - дұрыс сенім, дұрыс білім, дұрыс жүріс-тұрыс.
Джайнизмде адам өзін-өзі жеңу үшін бірнеше қағидаларды ұстану керек:
Апариграха – дүние заттарына қызықпау, байланбау, самарқаулық;
Сатья – ешбір қиындыққа қарамастан шындықты айту;
Астья – ұрлық жасамау;
Ахимса – қиындықтарп жөніндегі ілім, еш нәрсеге зәбірлік көрсетпеу
3. Қозғалыс - бұл материяның өмір сүруінің тәсілі. Материя қозғалысының негізгі нышандары. Санның сапаға, соңғының санға өтуі қозғалыс арқылы жүреді, ал оның өзі кеңістік пен уақытты талап етеді. Олай болса, қозғалыс - бүкіл болмыстағы дүниенің өмір сүру тәсілі болып шығады да, кеңістік пен уақыт - қозғалыстағы дүниенің формасы ретінде қаралуға тиіс. Жалпы түрде қозғалысқа қысқаша анықтама беруге болады, ол - Дүниедегі қайсыбір өзгеріс, байланыс, іс-әрекет. Әрине, мұндай анықтаманың мазмұн жағынан тұрпайы екенін де жасыруға болмайды. Бүкіл философия тарихындағы ізденістер оның аса қиындығын көрсетеді. Қарапайым тәжірибенің нәтижесінде сонау көне заманда-ақ ойшылдар Дүниенің ағым екенін, бір нәрсе дүниеге келіп, екіншісі кетіп жатқанын байқаған. Тіпті ұлы Гераклит қозғалыстың астарында қарама-қарсылықтың күресі жатыр деп меңзеген. Сонымен қатар, Парменид пен Зенон оған қарсы шығып, қозғалыстың ішкі сырын ашуға мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысқан. Мысал ретінде Зенонның «Садақтан атылған оқ қозғалмайды» деген апориясын (арогіа - грек сөзі қиындық, шешімі жоқ деген мағына береді) келтіруге болады. Зенонның ойынша, атылған оқ әрбір сәтте кеңістіктің бір бөлігінде тұрақтайды, келесі сәтте - келесі орында, оны әрі қарай шексіз жалғастыра беруге болады. Ал тұрақтауға тұрақтауды қосқанда қозғалыс шықпайды, яғни, ол - жоқ.
Емтихан билеті № 2
Антика философтары дүниенің бастамасы мәселесін қалай шешті?
Алғашқы грек философтары Иония топырағында дүниеге келеді. Олар тарихта фисиологтар, яғни табиғатпен айналысатын ойшылдар ретінде кірді. Дүние жөніндегі мифологиялық көзқарасқа қанағаттанбай, олар бүкіл Дүниені біріктіретін,соның негізінде жатқан алғашқы затты іздеді. Олардың ойынша, ол зат, біріншіден, сезіммен танылатын, ең кең тараған, әртүрлі қасиеттері бар зат болуы керек. Сонымен олар Дүниенің бастауын мифологиядағы Құдайлардан іздемей, табиғаттың өзінен табуға тырысады. Егер мифология Құдайлардың аяны ретінде есептелсе, Дүниеге келген ойшылдар өздерінің даналыққа деген құштарлығын білімге деген талпыныстарын көрсеткісі келеді. Пифагор айтқандай, Толығынан дана ол Құдай ғана, ал біз тек сол даналыққа құштармыз.Тарихи бірінші рет осындай ой өрісіне көшіп, Милет қаласынан шыққан Фалес болды, ол алғашқы дүниенің негізін су деген. Өйткені су әртүрлі өзгеріске ұшырайтын табиғаттың заты, сондықтан ол табиғаттағы барлық өзгерістердің негізінде жатуы мүмкін. Сонымен Фалеспен бірге грек ой-өрісі бірте-бірте аңыз-қиялдан айырылып, ғылым жолына қарай бетбұрыстың есігін ашты. Милет мектебінің келесі үлкен ойшысы - Анаксимандр. Алғашқы негіз (аrсһе - бастау, грек сөзі) шексіз және бейнақтылы болуы керек. Оны Анаксимандр апейрон деген ұғыммен береді (ареіron - шексіз, бейнақтылы, грек сөзі). Апейронның кеңістікте сыртқы шектеуі жоқ, яғни сандық жағынан шексіз, сонымен қатар ішіне қарай да шектелмеген, яғни сапа жағынан да анықталмайды. Анаксимен (585-525 б.ғ.д.) деген ойшыл да Милет қаласында өмір сүрген. Табиғаттың негізінде жатқан алғашқы негіз шексіз және біреу болғанымен ол бейнақтылы емес, керісінше, нақтылы - ол ауа (аеr грек сөзі, ауа). Бірақ ауаның ерекшелігі -ол көрінбейді, сонымен қатар ол үне бойы қозғалыста, олай болса өзгерісте. Ауа сирей келе отты тудырады, қысыла келе желге, содан кейін бұлтқа, содан кейін жерге, сосын тасқа т.с.с. айналады.
2. «Зар-заман» ақындарының қозғаған мәселерін көрсетіңіз. Зар Заман Ақындары – қазақ әдебиеттану ғылымына алғаш рет (1927) М.Әуезов енгізген термин, зар заман кезеңінде ғұмыр кешіп, отарлық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң-зармен жырлаған ақындар шоғыры. Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілдері: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б. Әуезов Зар заман ақындары дәуірін Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып, Нарманбетпен аяқтайды. Зар заман ақындары тұсынан қазақ әдебиеті жазбаша сипат алатынын атап көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа сипатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі Зар заман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Зар заман ақындары халқының жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шығармалары халықтық салт-дәстүрлерді қаймағы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық болмыс-бітімнен ажырамауға үндейді
3. Ақиқат және оның объективтілігі мен нақтылығы дегеніміз не? Абсолютті және салыстырмалы ақиқат арасында байланыс бар ма? Ақиқат деп дүниедегі заттар мен құбылыстардың адамның санасында сәйкес бейнеленуін айтамыз. Сонымен қатар біз мына нәрсені ұмыт қалдырмауымыз керек. Дүниені зерттеуде адамзат шегіне жеткен ақиқатқа ешқашанда жете алмайды, өйткені ол - шексіз үрдіс. Сондықтан да ақиқат жөніндегі ілімде оның объективтік, салыстырмалы, абсолютті, прагматистік, когеренттік т.с.с. жақтары ерекше бөлініп алынып талданады. Объективтік ақиқат деп адам, я болмаса адамзатқа тәуелсіз, яғни заттың өзіндік қасиеттерін бейнелейтін білім мазмұнын айтамыз. Абсолютті ақиқат деп дүние жөніндегі толық сарқылып шегіне жеткен білімді айтуға болады. Алайда Дүниенің іш және сырт жағына да шексіздігі бізді абсолюттік ақиқатқа жеткізбейді. Сонымен қатар дүниені зерттеу жолындағы алынған объективті ақиқаттар бір-бірімен қосыла келе, бізді абсолюттік ақиқатқа жақындата түседі. Оны шексіз үрдіс деп те айтуға болар еді. Негізінен, адамзат қолы жеткен білім әрқашанда салыстырмалы десек те болғаны, өйткені ол оның нақтылы тарихи қалыптасқан іс-әрекетімен, яғни сол заманның практикасымен шектелген.
Емтихан билеті № 3