Сапа мен сан ұғымдары 4 страница
Бұл пікірді теріске шығару үшін әлгі аталған ұлы Гегельдің «диалектикалық ойынының» мәнін зерттеп қарайық. Гегельдің ойынша, «қайшылық» пен «үштік»(триада) диалектиканың (яғни даму ілімінің) өзегін құрайды. Абсолюттік идея «үштік» арқылы өз-өзін танып, ширатып, абсолюттік рух сатысына көтеріледі. Олар _тезис, антитезис және синтез. Әрбір даму сатысы тезистең басталып, антитезиске айналып, соңында синтез арқылы бірігеді Мысалы, Дүниенің негізіндегі таза «болмыс» терістеу барысында өзінің қарама-қарсысы «жоқтыққа» өтіп олардың өзара диалек-тикасы «қалыптасуды» тудырады, - дейді ұлы ойшыл. Осының арқасында даму бағыттығы анықталады.
Қарапайым мысал келтірейік: «Мен бүгін театрға барамын», -деген тезисті теріске шығарсақ, онда: «Мен бугін театрға бармаймын», - деген антитезис пайда болады. Антитезисті терістеу барысында: «Мен бүгін театрға бармай коймаймын», - деген синтезді келтіреміз. Егер сіз «Мен бүгін театрға барамын» және «Мен бүгін театрға бармай қоймаймын» деген сөйлемдерді салыстырсаңыз, олардың айырмашылығын дереу сезінесіз. Екінші сөйлем біріншіге қарағанда анағұрлым күшті, ол антпен бірдей сияқты, қандай жағдай болмасын, сіз театрға барасыз.
Гегель өзінің триадасын ой өрісінің дамуында қолданғанмен, ол бүкіл Дүниедегі даму үрдістерінде байқаланатын жайт. Бүгінгі таңда дамудың «үштік» ритмі геология, химия, биология, социология т.б. ғылыми салаларда ашылып, дәлелденген. Оның маңыздылығы - дамудың бағыттылығын анықтауда, соның нәтижесінде жаңа мазмұнның даму барысындағы қорлануында (кумуляция).
Сонымен қатар даму барысында «екіаралық» терістеулер де кездесуі мүмкін. Ол заттың кейбір жақтарын терістегенмен, оның ішкі мәнді құрылымдарын өзгерте алмайды, сол зат болып қала береді. Мысалы, судың парға, мұзға айналуы. Екінші мысал: алғашқы қауымдық қоғамдағы меншік жүре келе жекеменшікке өтті. Ал жекеменшіктің шеңберінде құлдық, феодалдық, капиталистік қоғамдар бір-бірін терістегенмен, оның терең мәнін өзгерткен жоқ. Сондықтан олардың бәрін қоса, антитезис ретінде қарауға болады. Болашақ тарихқа келетін синтезде қауымдық пен жеке-меншіктің оң мазмұны бірігіп, жаңа ахуалды тудыруы қажет - ол тіпті, Маркс айтқандай, коммунизм болмауы да мүмкін - оны болашақ көрсетеді. Енді дәл осы арада мәселені нақтылай түссек, онда даму барысындағы бағыттылықтың негізгі түрі - алға өрлеулік -прогреске келіп тоқталамыз. Енді соны талдап көрелік.
§ 12. Дамудағы өрлеу (прогресс) мәселесі
Даму бағыттылығы мен даму бағыты - екі бір-бірімен жақын, сонымен қатар әртүрлі категориялар. Бірінші категория даму
бағытынан гөрі анағұрлым кең ұғым, өйткені өзінің құрамына даму бағытымен қатар, себептілік, қажеттілік, мақсатқа лайықтылық т.с.с. болмыстың әртүрлі қырларын өз мағынасына кіргізеді.
Даму бағытына келер болсақ, оған прогресс, регресс, біртінділік дамуды жатқызуға болады.
Прогресс (рrogressus - латын сөзі, алға өрлеу, күрделену, табыс) деп даму барысындағы қарапайымдықтан күрделілікке, жетілгендікке өтуді, заттың салыстырмалы түрдегі жағалай ортадан тәуелсіздігінің өсуін, ішкі ұйымдасу деңгейінің биіктеуін т.с.с. факторларды айтамыз. Бұл ұғымның қарама-қарсылығы - регресс.
Регресс (rеgressus - латын сөзі, кері қарай) деп дамыған зат, я болмаса құбылыстың ұйымдасу деңгейінің төмендеуін, тоқырауын, ыдырауын айтамыз.
Бір тінді даму деп заттың тұрақты ұйымдасу деңгейінің шеңберіндегі кейбір жақтарының ғана жетілуін айтамыз.
Сонау көне заманда-ақ ойшылдар Дүниедегі өзгерістердің бағыттығы бар екенін байқаған. Мысалы, Гесиодтың «Еңбек пен күндер» атты туындысында ол адамзат темір заманында өмір сүріп жатыр деген пікірге келеді. Ал «алтын ғасыр» болса, ол артта қалып қойды, - деп өкінеді ұлы ойшыл. Яғни тарих кері жылжу үстінде.
Платон мен Аристотельге келсек, олар Дүниенің өзгерісін бірінің артынан бірі келіп, қайталап отыратыы шеңбер сияқты түсінді.
Орта ғасырдағы діни философия адамзат алдын ала болжанған тарихтың соңына бара жатқанын айтады (провиденциализм -Құдай көрегендігі).
Жаңа дәуірде өндіргіш күштердің күрт дамуы мен байлықтың өсуі, ғылымның жетістіктерінің кең көлемде өмірге енуіне байланысты «жарқынды болашақ» идеясы пайда болды. «Алтын ғасыр» артта емес, ол - алда. Егер Ф.Бэкон мен Р. де Карт ғылымның құдіретті күшіне сенсе, Т.Мор, Т. Кампанелла сияқты ойшылдар болашақтағы бақытты коғамды көз алдарына елестетуге тырысты.
XVIII ғасырдағы Еуропа ағартушылары прогресті «парасатқа табынудан» көрді. Болашақта жердің беті өзгеріп, ақыл-ойдың даму негізінде бақытты қоғам орнап, барлық қиын мәселелердің бәрінің де шешілетініне олар еш күмән келтірмеді.
Осы уақытта өмір сүрген біздің бабаларымыз да «бақытты өмірді» аңсап, оны «жерұйықты» іздеуден көрсе (Асан-қайғы), екіншілері «бұл жалғанда» тек рухани жетілу ғана болмақ деген пікірге келді.
Сонымен қатар Дж.Вико Ж-Ж.Руссо сияқты Еуропа ойшылдары біртінді прогреске күмәндік көрсетіп, техникалық прогресс пен адами дамудың арасындағы қайшылықтарды көрсетті.
XIX ғ. маркстік көзқарасқа келер болсақ, олар адамзат прогрессивті жолмен даму барысында болашақ коммунистік қоғам орнатады деген пікірге келіп, оны ғылыми жолмен дәлелдегісі келді. Практикалық түрде алғанда, мұндай көзқарас провиденциализмнің ағарған түріне жатады. Қазіргі ғылыми жетістіктерге жүгінсек, Дүние іргетасты түрде ешқашанда өзінің кемеліне келмейді. Толық жетілу - заттың құлдырауына, жоқ болуына тең. Оны білген дана бабаларымыз «ханның қызында да кемшіліктер болады» деген нақыл сөз қалдырған.
Қайшылыққа толы XX ғасыр, бір жағынан, адамның ақыл-ойының кереметтігін көрсететін ғылыми-техникалық прогрестің ғажап туындыларымен суреттелсе (радио, ТВ, ұялы телефон, компьютер т.с.с.), екінші жағынан, екі дүниежүзілік соғыста миллиондаған жас адамдардың қойша қырылуына әкелді, қоғамның материалдық денесі (цивилизация) сырттай күрделенгенмен, миллиондаған адамдар рухани азғындады. Бұл арада орыстың ұлы ойшылы Н.К.Рерихтің «шың биіктеген сайын шыңырауда да тереңдей түседі» деген ғажап ойын келтірсек те болғаны.
XX ғ. ортасы кезінде Франция мен Совет Одағында өмір сүрген екі ойшыл - П.Т.де Шарден мен В.И.Вернадский уақытында Ж.Леруаның ғылымға енгізген «ноосфера» (nus - грек сөзі, ақыл-ой аймағы деген мағына береді) идеясын әрі қарай дамытып, адамзат болашағы ноосфераны құрумен, яғни жер бетінде ақыл-ой арқылы дамыған қоғам мен гүлденген табиғатқа жету мақсатын қойды. Бірақ бүгінгі таңда 1 млрд. адам аш-жалаңаш жүрсе, жүздеген миллион адамдар өз өмірінің мән-мағынасын таба алмай сандалып,маскүнемдік пен нашақорлық т.с.с. жолына түссе, ал тез қарқынмен дамып келе жатқан техносфера жер бетіндегі тіршілікті жойып жатса «ноосфера» идеясының кезекті миф екенін байқауға болады.
Әрине, бұл пікір қалам иесінің өзіндік дүниесезіміне жатса керек. Оқырманды оны парасатты сараптауға шақырамын.
Енді бүгінгі таңдағы прогресс жөніндегі идеяларға келсек, ол- Дүниенің іргетасты түрде аяқталмай, кемеліне ешқашанда келмейтіндігі.
Екіншіден, бүкіл Дүниеге қатысты - ол прогрессивті даму үстінде ме деген сұрақты қоюдың өзі мүмкін емес. Өйткені онда Оның мақсат-мұраты неде деген екінші, одан да қиын сұрақ пайда болады. Оған жауап беру үшін кемінде Құдайдың деңгейіне жетуіміз керек. Біздер - саналы, өтпелі пенделер, осы Ғарыштың ішінде өмір сүріп жатқаннан кейін, жоғарыдағы сұрақтарға ешкашанда жауап бере алмаймыз.
Сонымен қатар Ғарышты нешетүрлі нақтылы ашық және жабық жүйелерден тұратын объект ретінде қарағанда, әрине, олардың прогрессивтік, я болмаса регрессивтік дамуы жөнінде ауыз толтырып айтуға болады.
Болмыстың пілдей бөлігі - бейорганикалық заттар мен құбылыстардан тұрады, ал онда даму бар ма, егерде болса, оны прогресс ұғымы арқылы бағалауға бола ма деген қиын сұрақ осы арада пайда болады. Өйткені арнаулы әдебиетте ғалымдардың біршамасы оны терістесе, екіншілері қолдайды. Біздің ойымызша, өлі табиғатта да даму үрдісі жүріп жатқанын мойындамай болмайтын сияқты.
Егер өлі табиғатта даму болмаса, онда жер бетінде тіршілік қалай пайда болды деген сұрақ өз-өзінен біздің басымызға келеді. Мұндай тұйықтық бізді ертелі-кеш белгілі бір сырттай ықпал ететін «Құдіретті күшті» мойындауға әкелетін сияқты.
Бүгінгі таңдағы жаратылыстану ғылымдары өлі табиғаттың дамуы жөнінде біршама деректер жинады. Мысалы, элементарлық бөлшектердің атомға өтуі, соңғылардың молекулярлық деңгейге асуы т.с.с. Ал мұның өзі химиялық қозғалыс формасын Дүниеге әкеліп, оның екі - кристалдық және молекулярлық - бағыттағы дамуын тудырды. Ең соңғы химия ғылымының саласы - эволюциалық химия - «Ұлы мәртебелі Табиғатта» өздігінен пайда болып жатқан жаңа химиялық қосындыларды зерттейді. Яғни Табиғаттың өзі, адамның қатысуынсыз, бұрынғыдан да күрделенген химиялық қосындыларды тудырады екен. Ал енді осы Болмысты Дүниеге әкелген «Ұлы Жарылысқа» келсек, алғашында ол тек сутегінен ғана тұрған, содан кейін барып, басқа элементтер рет-ретімен Дүниеге келген (атомдық салмағына байланысты).
Айтылған деректер Болмыстың шеңберіндегі өлі Табиғаттың да миллиардтаған жылдарда дамып, күрделенгенін көрсетеді. Жоғарыдағы көрсеткеніміздей, күрделену прогрестің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Олай болса, өлі Табиғат та прогрессивтік даму үрдісінде!
Сонымен қатар Табиғатта ыдырау, регрессивтік үрдістер де Қатарынан жүреді. Оның негізгі факторы - термодинамиканың екінші бастамасы, ол жөнінде біз жоғарғы тарауларда айтқан болатынбыз (қараңыз: осы кітап, 42-43 б.б.).
Енді кезек Дүниенің ең ғажабы - тірі Табиғатты талдауға келді. Әрбір адам ештеңені оқымай-ақ, өлі мен тіріні айыра алады. Бірақ тіріге анықтама беру - өте қиын шаруа. Кейбір студенттер: «Тірщілік дегеніміз - тірі организмдер, өлі дегеніміз - ол тас», - деген «терең» анықтама береді. Ол «май дегеніміз - май» деумен бірдей. Бірақ май - сары, жұмсақ, қаймақтан корытылған т.с.с. емес пе?
Уақытында Ф.Энгельс: «Тіршілік - белоктың жағалай ортамен зат алмасуына түсіп өмір сүру тәсілі», - деген анықтама берген болатын. Онда келесі сұрақ пайда болады: Дүниедегі қай зат, я болмаса кұбылыс зат алмасуына түспейді? Физика-химиялық тұрғыдан келгенде, адам да, пешке жағылған ағаш та, оттегін айнала қоршаған ортадан қабылдап, сыртқа көмір кышқылын шығарады. Ал осы екеуінің арасындағы айырмашылық шексіз емес пе?!
Екіншіден, тіршіліктің Дүниеге келуі зат және энергиямен қатар, информацияның рөлін анағұрлым арттырады. Қазіргі деректерге сүйенсек, тірі организмнің күрделілігі соншалықты, оның әр клеткасының өзегінде 10/32-ші дәрежедегі бит генетикалық мәлімет сақталады екен!! Егер әр адамның бойында 1 млрд. жуық клеткалар болатын болса, онда, көркемдеп айтсақ, адам организм ретінде 1 млрд. табиғи компьютерден тұрады екен. Бұл не деген табиғаттың ойға сыймас ғажаптығы!! Сондықтан американ ғалымы Ф.Типлер: «Өмір дегеніміз - белгілі бір табиғи таңдаудың нәтижесінде құрылған кодтық дәрежедегі информация», - дейді. Алайда, мұндай анықтаманың танымдық құндылығы өте төмен екендігін айтсақ та болады.
Жоғарғы айтылған қасиеттерден басқа өмір айнала коршаған ортамен белсенді байланысқа түседі, егер тасты итерсеңіз, ол жылжиды, ал жыланды қозғасаңыз, ол сізден қашады, я болмаса шағып алады.
Барлық тіршілік өсіп-өніп, жаңа буындарды Дүниеге әкеледі, бірақ олар өткен ұрпақтармен ұқсастығы, сонымен қатар айырмашылығымен сипатталады. Жаңа қасиеттердің организмде жиылуының арқасында мыңдаған жылдар өте, тіршіліктің жаңа түрі Дүниеге келеді т.с.с. Яғни тіршілікте прогрессивтік даму үрдісі бар және ол өлі табиғатқа қарағанда анағұрлым тез қарқынмен жүруде. Бұл арада оның тарихи күрделену деңгейін қысқаша былай көрсетсе де болады: молекулярлық, клеткалық, организмдік, популяциялык, биоценоздык, биосфералық денгейлер.
Тіршілікті прогрестік тұрғыдан бағалау — оның күрделі жүйе ретіндегі өмірге бейімделу денгейі, сонымен қатар айнала коршаған ортадан тәуелсіздігінің өсуі, ақпараттық байланыстардың көбею т.с.с. жатқызуға болады
Енді кезек коғам өміріндегі прогресті анықтауға келген сияқты.
Биологиялық қозғалыс формасы миллиардтаған жылдардағы даму үрдісінде белгілі бір сәтте өз мүмкіндігін толығынан іске асырып, шегіне жетті («ақылды» жануарлар Дүниеге келді). Әрі қарай даму биологиялық даму шеңберінде мүмкін емес еді: ол үшін әлеуметтік қозғалыс формасына секіріс қажет болды және ол жер бетінде іске асты да. Оны тудырған адамдардың арғы тегі архантроп деген атақ алған адамға ұқсас маймылдар болды.
Биологиялық шеңберді бұзып-жарып Дұниеге келген қоғамның негізгі ерекшелігі — онда рух бар, ал оның иесі — саналы адам. Онымен бірге шығармашылық іс-әрекет, соның нәтижесінде айнала қоршаған ортаны саналы түрде өзгерту үрдісі келеді. Адам өз санасы арқылы табиғаттың сикырлы күштерін игеріп, ез күш-қуатына айналдырады.
Бүгінгі таңдағы біз білетін Әлемде қоғамнан күрделі жүйе жоқ сияқты. Мүмкін, Ғарыштың бір бұрышында адамзаттан да биік дәрежеде ұйымдасқан рух болуы ғажап емес, бірақ ол бізге беймәлім. Екінші ескеретін нәрсе - қоғам дамуы қарқынының ғасырдан-ғасырға тездей түсуі. Термодинамиканың бірінші бастамасына сәйкес, ол үрдіс энергия мен мәліметтің соған сәйкес жылдамдықпен өсуін талап етеді. Осы себепті соңғы кезде адамзатқа энергияның, қанша көп өндірсе де, жетіспеуі айғақ.
Әрине, коғамның прогрессивті дамуы ешкімнің қарсылығын туғызбайтын жайт. Алғашқы тобырдағы жабайы адам мен казіргі «цивилизацияланған» адамның екі арасы шексіз деп айтуға болады. Бірақ оның анықтамалары кандай деген сұрақ біздің ойымызға келеді. Егер өндіргіш күштердің дамуын анықтама ретінде алсақ, онда АҚШ-тан артық ел жок сияқты. Ал онда кейбір араб елдерінде оны неге «шайтан қоғамы» дейді? Материалдық байлығымен масаттанатын бұл елдін рухани озықтығы қандай? Американдықтар өз адами қасиеттерімен бізді озып кетті ме т.с.с. сұрақтарды қойсақ, онда прогрессивтік дамудың қайшылықты екенін, оны анықтау үшін бірнеше факторларды ескеруіміз керек екенін байкаймыз. Бұл арада, әрине, адам табиғатын терең сараптаған жөн сияқты.
Адам - бұл Дүниенің дамуының ен биік шыңы, ол Қайшылықты пенде. Бір жағынан - ол дене, сонымен бірге оның неше түрлі материалдық кажеттіліктері келеді, олар өтелмейінше, өмір жоқ. Екінші жағынан алғанда, ол - рух, ерікті, саналы. Әрине, соңғысы - басыңқы болуы керек, өйткені дене қажеттігі - барлық тіршілікке тән нәрсе, ал адам болса жануар емес. Сонау Кон-Фу-Цзы мен Сократтан бастап, Жаңа дәуірдегі ойшылдарға «адами ахуалды рухани ахуалмен» теңейді. И.Кант айтып кеткендей «Бұл Дүниеде таңғалатын екі-ақ нәрсе бар: ол - аспанға толы жымыңдаған жұлдыздар, екіншісі - адам ішіндегі адамгерщікік заңы», яғни В.Франкл айтқандай, «ар-ұжданы - ішкі Құдайы» XVIII ғ. өмір сүрген неміс ағартушысы Г.Гердер: «Адамгершілік -адам табиғатының мақсат-мұраты», - деген еді. Орыс ойшьілы Н.А.Бердяев қоғамдық прогрестің негізгі анықтамасы ретінде ізгілік, жақсылықтың өсуі мен зұлымдықтың азаюын келтірген болатын. Американ ойшылы П.Сорокин: «Прогрестің анықтамасы -адамның өзін бақытты сезінуінде», - деген ой тастайды. Ал оның өзі адамның жан-жақты үйлесімді дамуынан, өз дарындарын сыртқа шығарып гүлдетуінен шықпай ма? Ал бұл айтылған терең ойлардың бәрін қорытсақ, онда қоғамның прогрессивті дамуының негізгі анықтамасы - адамгершіліктің өсуіне (гуманитарлық критерий) келіп тіреледі.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы адамзат бұл анықтамаға сай дамып келе жатыр деп айта алмаймыз. Дүниені өте нәзік те терең сезінетін қазақ халқының алға ұстар ақыны М.Шаханов мұны «цивилизацияның адасуы» дейді. Осы ақынның кітабын Біріккен Ұлттар Ұйымы ағылшын тіліне аударып, бүкіл дүние жүзіндегі мемлекет басшыларына таратқан болатын. Бұл да қазақ халқының мықты руханиятын, оның дүниежүзілік қауымға берерінің мол екенін көрсетсе керек.
Расында да, капитализмнің бетке ұстар бағыты - капиталдың, байлықтың өсуін басты мақсат етіп қоюуы, бүкіл ақпарат құралдарын соны насихаттауға бағыттауы - соңғы ғасырларда адамдардың негізгі өмір мақсаты ретінде материалдық-сезімдік құндылықтарға бағытталуына әкелді. Осыған орай, ағылшын ойшылы Б.Рассел: «Қазіргі адамдар рухани жағынан көне замандағы «үңгір тұрғынының» деңгейінде», - десе, американ философы Э.Фромм: «Техникалық жағынан казіргі адамдар атом дәуірінде болса, эмо-ционалдық жағынан көпшілік тас дәуірінде, соның ішіне биліктегілерді де қосуға болады», - дейді. Осы ойларға косылып, біз де: «Егер адамзат осы даму бағытын әрі қарай ұстаса, онда жер бетіндегі «қатерлі ісікке» айналып, ақырында сонында тағдырын кешеді», - дер едік. Онда осы «табиғаттың патшасы» аталған пенде, шынына келгенде, «табиғаттың қателігі» болмас па екен?! Өткен тарих көрсеткендей, бірде-бір таза байлықты қуған қоғам адамдарға зардаптан басқа бақыт әкелген жоқ (Нерон мен Калигулла заманын, Кир патшанын тағдырын еске алыңыз). Ал біздің ұлы ойшылымыз Әл-Фараби «динар (арабтың алтын ақшасы) қуған коғамды «надан қала» деп айтып кеткен болатын.
Тәуелсіздікті қолымызға алып, қоғамды жаңартып жатқан кезде «Ұлы мәртебелі тарих» бізге басқаша дамуға мүмкіндік береді өйткені қазақ халқының мыңдаған жылдардағы жинаған руханияты өмірдің мәнін басқаша түсінеді (ол жөнінде: Мырзалы С.Қ., Есбол Ғ.Ш. Философия әлеміне саяхат (Отандық философия), Қостанай, 2001, 3-10 б.б.). Ол үшін біз жалан еліктеушіліктен бас тартып, руханияты биік, әлсіздерге қол ұшын беретін, дүниеде алудан гөрі болуды басымдылық ететін қоғам орнатуымыз керек.
Қазіргі таңда Батыс қоғамдарында да бұл мәселе қызу талданып, «өмір сапасына» көп көңіл бөлінуде. Өмір сапасы жалғыз материалдық байлыққа келіп тірелмейді: оған таза ауа, ішетін су, ақысыз білім мен денсаулық қажеттіктерін өтеу, жастарға арналған арнаулы әлеуметтік бағдарламалар болуы т.с.с. көп нәрселер кіреді. Яғни коғам өміріне жаңа «өмір сапасын» енгізу дегеніміз — жеке мүддеден гөрі қауымдық мүддені жоғары ұстау. Ол үшін, негізінен алғанда, саясатта әлеуметтік демократиялық жолға түсу керек. Ол біздің дініміз бен ділімізге сай келер еді.