Немістің классикалық философиясы
Немістің классикалық философиясы ─ адамзат мәдениеті мен философиялық ойлау дамуының маңызды сәті. Бұл философияның негізін салған Иммануил Кант (1724─ 1804 ж.), Иоганн Готлиб Фихте (1762-1814 жж.), Фридрих Вигельм Иозеф Шеллинг (1775-1854 жж.), Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831жж.) және Людвиг Андреас Фейербах (1804-1872 жж.). Аты аталған философтар өз жүйелерін жасады, олардың идеялары мен тұжырымдары аралығындағы ерекшеліктердiң болғанына қарамай, бір рухани ортаны қалыптастырды.
XVIII ғасырдың аяғымен XIX ғасырдың басында Германия экономикалық, саяси жағынан артта қалған бытыраңқы жартылай феодалдық ел болды. Ұлт буржуазиясы әлсіз болғандықтан, өкіметке қарсы ашық күресе алмады және революциядан қорықты, сондықтан феодалдармен ымыраға келді. Неміс классикалық философиясының өкілдері де, жай қала халқынан (бюргер) шыққандықтан, тек жалпы философиялық мәселелермен айналысты. Олар өз заманының білімді адамдары болды, университеттерде сабақ беріп, ғылыммен шұғылданды; сол кездегі Англияда болған өнеркәсіп төңкерісi, оның негізінде табиғаттану ғылымының дамуы, 1748-1794 жылдары Францияда болған буржуазиялық революцияның прогресшіл идеяларының Герман буржуазиясына тигізген әсеріне көп көңіл қойып, ой қозғады.
«Неміс классикалық философиясы» деген атауды Энгельс беріп, оны былай деп түсіндіреді:
1. Сана, сезім, ақыл-ой, таным мәселелерін зерттеу;
2. Ертедегі көне диалектиканы жаңа негізде көтеру;
3. Субъективтік идеализмнен объективтік идеализмге революция жолымен көшу.
Иммануил Кант1724 жылы қарапайым қолөнерші семьясында Кенигсберг қаласында дүниеге келді. Әкесі тері илеуші, құрал - сайман шебері болып жұмыс істеді. Отбасындағы 9 баладан 3 қызбен інісі екеуі ғана тірі қалды, бала кезінде өте көп ауырды. Өмір бойы бойдақ болып өттi. 1745 жылы Кенигсберг университетінің теологиялық факультетін бітірді. Сонымен бірге, университетте бірқатар жаратылыстану және философиялық пәндерді зерттеп таныды. Университеттен кейін 9 жыл үйде сабақ беретiн мұғалім болып және өзі білімін жетілдірумен айналысты. 1755 жылы приват-доцент болып орналасқан соң логика, метафизика, математика, табиғи құқық, философия, механика, минерология, теология, этика, география, антропология, дін және физикадан дәріс берді. Философия мамандығымен 47 жыл бойы шұғылданды. Өзінің жеке басында философиялық әңгімелерге көңіл бөлмеген. Оның ойынша ол тыңдай білмейді, оқыта біледі. Бүкіл өмірі есептеліп, өзіне ыңғайлы өтіп жатты. Кешкі сағат 1000-да ұйықтап, таңғы 500-те тұратын болған. Ол 1900 сағатта қыдыруға шыққанда, қала тұрғындары онымен сағатын туралайтын деген аңыз бар. Бұл әдет соңғы 30 жыл бойы бұзылмаған.
«Пролегомендер» деген еңбегінде Кант өз философиясының жай-жапсарын қысқаша баяндап береді. Ол еңбегі алғаш рет 1783 жылы басылып шықты. Канттың ғылыми еңбектерi екi кезеңге бөлiнедi: «Сыни кезеңге дейінгі» және «Сыни кезеңдегі».
Сыни кезеңге дейінгі кезеңінің мәні ─ «Жалпы бірдей жаратылыстану тарихы және аспан теориясы» деген еңбегі бойынша талданады. Бұл еңбекте:
1. Материяның бірлігі, қозғалысы және оның заңдары туралы жаңа ойлар айтты.
2. Жаратылыстану ғылым теориясының саласында тарихи екі жаңа гипотеза
ұсынды:
а) күн жүйесінің табиғи жолмен пайда болуы (ғылымға бұл Кант-Лаплас гипотезасы болып кірді). Күн жүйесінің газ тектес тұмандықтан пайда болғандығы туралы идеясы тек астрономияға ғана қосқан үлесі емес, жалпы дүниетанымдық, әдістемелік маңызы бар жаңалық болды. Оның космогониялық ілімі неміс философиясына үлкен әсер етті. Бұл ілім дүниеге деген қалыптасқан метафизикалық көзқарасты жеңді.
б) тасқындар салдарынан жердің айналуының бәсеңдеуі.
3. «Дүние жаратылды» деген пiкiрдi жоққа шығарып, жаратылыстану туралы еңбегінде оны материализм тұрғысынан шешті. Планеталардың алғашқы газға ұқсас тұмандардың қоюлануы арқылы, өзіне тән тартылыс және серпіліс секілді қарама-қарсы күштердің арқасында өздігінен, ешқандай сыртқы күштердің әсерінсіз, пайда болатынын айтты. Хайуандардың пайда болуы, бүкіл дүниеге қалай таралғандығы жайлы, адамның табиғи жолмен шыққандығы туралы идеялар ұсынды.
4. Кант философиясының тарихы, маңызы, оның диалектикалық ойлауды дамытуында болды.
Кант екінші кезеңде өзінің философиялық жүйесінің орталық мәселесі етіп адамды, оның тану мүмкiндiгiн қойды. Адамға керегі бостандық, бірақ ол адамда жоқ. Адамда бардың бәрі табиғи қажеттіліктің арқасында қалыптасты. Адамның рухани тілегі мына философиялық сұрақтарға байланысты:
1. Нені біле аламын? (Метафизика немесе философия). «Таза ақыл-ойды сынау». (1781 ж.)
2. Нені білуім керек? (Мораль, этикалық ілім). «Практикалық ақыл-ойды сынау» (1788 ж.)
3. Неге сенуге болады? (Дін) «Ақыл шеңберіндегі дін» (1793 ж.).
4. Адам деген не? «Антропология» (1798)
Кант философиясы болмыс, әдептілік және дін туралы мәселелерді қарастырмастан бұрын, танып-білу мүмкіндігінің шегiн белгілеп алуды ұсынады.
«Таза ақыл-ойды сынау» деген еңбегінде таным мәселесін талдайды. Канттың пікірінше, таным процесі үш сатыдан өтеді: 1. Сезім-түйсік сатысы. 2. Сараптаушы ақыл-ой. 3. Таза ақыл-ой. И. Кант дүниені өздігінен, біздің санамыздан тыс өмір сүретін «өзіндік зат» (вещь-в-себе) – заттар мен құбылыстардың мәнi, біздің санамызда берiлген «біздік зат» (вещь-для-нас) - заттар мен құыбылыстардың сыртқы көрiнiсi немесе табиғат, деп екіге бөледі. Бұл дуалистік көзқарас. Өйткені, ол материалдық заттардың объективтік өмір сүруін мойындайды, алайда мәнін танып - білуге болмайтын «өзіндік зат» бар деп агностиктік ұйғарымға келеді. Зат ішіндегі мәнді ешуақытта таза ақыл-оймен анықтауға болмайды. Бұл трансцендентальдық, яғни логикалық ойлаудан, тәжірибиеден тыс.
Агностиктік білімнің пайда болуына байланысты, заңды сұрақ туады: егер жеке заттарды және тұтас әлемді тану мүмкіндігі жоқ болса, ғылыми білімнің тегі мен мәні қандай? Кант осыған өзінің гипотезасы мен теориясын жасады? Осы мәселелерді түсіндіру үшін, ол өзінің таным теориясына априорлық білім түсінігін енгізді, бұл ─ тәжірибеге дейінгі және тәжірибеден тыс алынған білім болды. Априорлық ─ ақыл-ойда әуел бастан бар және дәлелдеуді керек етпейді. Мысалы, «Адам өмірі уақытпен өтеді», «Барлық дененің ұзындығы бар». Тек априорлық білім дәлелді және сенімді, жалпылық және қажеттілік қасиетіне ие бола алады. Ол априорлық білім түрлеріне біздің кеңістік пен уақыт туралы түсінігімізді жатқызды. Бірлік, көптік, тұтастық, нақтылық, терістеу категориялары тәжірибеге дейін адам басында таза идея күйінде пайда болады деп жазды. Олар «бiздiк заттардың», табиғаттың ретсiздiгiн жоюға, жүйеге келтiруге қолданылады, яғни соңғыларды бiздiң санамыздың өзi жасайды - бұл Кант философиясының субъективтiк идеализмге ауытқуы.
Априорлық білімге байланысты адамның өзінің жеке эмпириялық тәжірибесінен шығу қабілеті туады. Осыдан, ол өзінің философиясын ─ транцендентальдық деп атады. Канттың априорлық формаларынан адамзат мәдениетінде қалыптасқан (заттандырылған) дағдылық, іскерлік және қабілет тыс қалған. Атап айтқанда, мәдениеттің негізінде ғылым, техника, өнер бар, біздің білім жеке адамға көп тәуелді емес. Бұлар шынында да жеке адам тәжірибесінен бұрын, қалыптасқан және олар үшін априорлық болады. Бірақ таным субъектісі адамзат болғандықтан, бұл білім апостериорлықтан, яғни тәжірибеден алынған.
Апостериорлық білім ─ тәжірибеге негізделген, әрі қолда бар материалдардың деректеріне сүйенген. Мысалы, адам тәжірибеден білетіні барлық металдар балқиды, бірақ теория жүзінде балқитынын дәлелдеуге болмайтын металдар бар. Сондықтан тәжірибеден алынған білімнің (эмпириялық, апостериорлық) дұрыс және толық болмауына байланысты, ол жалпылық болуға таласпайды.
Кант ілімінде танымдық қабілеттің негізгі мәселесі: ақыл-ой мен антиномиялар туралы, осы ілімнің ықпалы ерекше еді. Бұл жаңа заман философиясының ең маңызды, әрі терең жетістіктерінің бірі болды. Әр ойдың кері түрі бар деген диалектикалық заң ретіндегі антиномияға мыналар жатады:
Кеңістік және уақыт:
Дүние уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да шекті.
Дүние уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да шексіз.
Қарапайым және күрделі:
Әрбір күрделі зат қарапайым бөлшектерден тұрады.
Дүниеде қарапайым зат мүлде жоқ.
Бостандық және себептік:
1. Дүниеде табиғи заңдар бойынша себептілік қана емес, бостандық та бар.
2. Бостандық жоқ. Дүниеде бәрі де қатал себептіліктегі табиғи заңдар бойынша жасалады.
Құдай және мән:
1. Құдай бар - сөзсіз тіршілік иесі, барлық тіршіліктің себебі, дүние ме?
2. Құдай жоқ - дүние мәнсіз. Ешбір абсолютты тіршілік иесі жоқ.
И. Канттың осы антиномиясы Гегельдің қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі деген диалектика заңын ашыуына үлкен ықпал жасады.
1783 жылы «Пролегомендер» («кіріспе») кітабында философиялық категориялар тәжірибеден тыс, оған дейін адам басында таза идея күйінде пайда болады деп, олардың 12-сiн атап көрсетті. Сараптау парасатының түрі - категориялар (жалпы ұғым), солардың көмегі арқылы алғашқы түйсіктегіні «жүйе координатында» ұғыну және реттеу жүредi. Канттың пікірінше, сараптау категориясының көмегімен түйсіктегі ретсіздікті ақыл-ойдың сөресіне орналастырып, ойлау қызметін нәтижелі етуге болады. Ол 12 категорияны көрсетіп оны 4 топқа, әр топта үштен орналастырды. Сонымен бірге алғашқы әр топтың екі қатегориясы қарама-қарсы топтың қасиеті, сипатты, үшіншісі ─ олардың - синтезі:
Сан категориясы | Сапа категорияс | Қатынас категориясы | Модальдық категориясы |
Бірлік | Нақтылық (реальность) | Субстанциональдық (Уақытша бәсеңдейтін жеңіл-желпі заттардың қасиеті) | Мүмкіндік және мүмкін емес-тік. |
Көптік | Терістеу | Себеп және салдар | Өмір сүру және өмір сүрмеу |
Тұтастық | Шектеу | Әрекеттестік (екі жақтың өзара қатынасы) | Қажеттілік пен кездейсоқтық |
Бұл сатыда априорлы категориялар арқасында жаңа реттелген түйсіктер жиынтығы қорытындыланып, тұжырымдалып, заңдылыққа бағынып жаңа білім пайда болады. Осы екі сатыдан шығатын білімді ─ транцендентальдық білім дейді. Транцендентальдық дегеніміз ─ логикалық ойлаудан, тәжірибеден тыс, заттың өзін емес, априорлы танып-білу мүмкіндігінің осы затты қандай деңгейіне дейін түсінуін айтады.
Ақыл-ойдың таза түрі жоғары идеялар, мысалы, Құдай идеясы, жан идеясы, дүниенің мәні идеясы, т. б. Философия ─ Канттың пікірінше, жоғарғы мәлімет идеясы туралы ғылым. Таза ақыл-ой тануға болмайтын әлемдi, «өзіндік заттардың мәнін, табиғатын түсінуге» ұмытылады, бұл қайшылыққа, қиялға, антиномияға алып келеді.
Кант адам мінезін, парызын және құдайдың барлық мәселелерін өзінің «Практикалық ақыл-ойға сын» еңбегінде талдайды. Оның «таза ақыл-ойы», «практикалық ақыл-ойды» құруға қажетті негіз болды. Мораль қандай болу керек? Адамның әдептілігі, оның мінез-құлқы дегеніміз не? Таза әдептілік - қоғам санасындағы адамгершіліктің барын мойындауы, яғни әр жеке адамның оны өз бойына біткен қасиет ретінде түсінуі. Таза әдептілік пен нақты өмірдегі адамның мүддесі, іс-әрекеті (қылығы), ниеті арасында өте күшті қайшылық бар. Ал мораль адамның мінез-құлқынан, қоршаған ортадан тәуелсіз, тек моральдық заңға ғана бағынуы керек. Канттың пікірінше, мораль абсолюттi және міндетті.
Жоғарғы және сөзсіз орындалатын, бәріне бірдей әдептілік заңын ол ─ әдептілік императиві деп атады. Кант: «Жалпыға тән заңға айналғанын, өзің қалай алатын ұстанымды ғана өзіңе жетекшілікке ала отырып әрекет ет»[3] - дейді. Әдептілік императиві - қоғамда қалыптасқан әдептілік заңдарын сыйлау, өз міндетіңді өтеу, сол ғана әдептілік іс болып саналады. Ол адамдардың игіліктерге, бақытқа ұмытылуын немесе сүйіспеншілік, жақсы көру секілді адамға тән құбылыстарды әдептілік императив шеңберіне енгізбейді. Әдептілік пен әдепсіздік ара қатынасында тәжірибе көрсеткендей сәйкестік жоқ. Өмірдегі ең бір үлкен табыс пен олжаға әдепсіз, көргенсіз, адамдық қасиеті жоқ жандар жетеді, сондықтан, әдепті жандар шет қалып отыр. Бұл біздің әдептілік санамызға қарсы келетіндіктерін, әділеттіктің кепілі ─ Құдай дейді.
Адамның мінез-құлқы, іс-әрекеті басқалар үшін үлгі болуы керек. Адам ─ басқа адамға ойланушы жан не өте сирек тұлға ретінде саналуы керек, сөйтіп жәй құрал ретінде қаралмауы тиiс оның «Пайымдау қабілетіне сын» еңбегінің негізгі идеясы - жалпылық мақсатидеясы.
Эстетикадағы мақсат. Адам өз қабілетін өмір мен мәдениеттің саласында барынша ойдағыдай пайдалануы керек.
Табиғаттағы мақсат. Табиғатта бәрінің өз мәні бар - тірі табиғаттың және өлi табиғаттың ұйымдасуы, тірі дененің құрылымы, көбеюі, дамуы.
Рухани мақсат - Құдайдың барлығы.
Канттың ілімі бойынша Дінге тек сену керек. Себебі, Құдайдың бар - жоқтығын тәжірибие арқылы дәлелдеу қиын.
Фихте Иоганн Готлиб 1762 жылы Раменау, Лужицк өлкесінде тоқымашы отбасында дүниеге келді. Бала кезінен бастап станокта жұмыс істей бастады.Оның білім алуына кездейсоқ жағдай әсер еткен фабрика иесі, барон ─ Милиц байқап қалды. Соның арқасында гимназияға қабылданды, кейіннен Иен университетінің теология факультетін бітірді. Фихте шығармалары: «Ғылым туралы ілім» (1794), «Адамның міндеті», «Әрқилы жауаптылықты сынау».
Фихте тарихи тұрғыдан алғанда немістің классикалық философиясына жаңа импульс берді. Фихте - субъективтік идеалист. Оның пікірінше, нақты өмір сүретін біздің санамыз. Материалдық дүние, болмыс, табиғат - тек біздің санамызда, сезімімізде, елесімізде, ұғымымызда болады. «Мен» (Субъект-сана), «Мен еместің» (табиғат-объект) анықтаушысы. «Мен» алғашқы бастама кезінде, ақыл-ойдың нақтылығына қарама-қарсы жағдайда, «Мен емеске», одан кейін екеуінің өзара қарым-қатынасына айналады. Енді «Мен де» - рух, жігер, өнегелік, сенім ұғымдарды қалыптасады, «Мен емес» нақты өмір сүреді және «Менге» әсер етеді, кейде оның іс-әрекетін айқындайды. «Мен емес» Канттың «өзіндік заты» секілді санадан тыс өмір сүрмейді, ол - сананың ерекше қызметінің туындысы. Бұл қызметтің ерекшелігі ─ санада осы қызмет жүріп жатқанда, адамда ол туралы саналы ойлау қабілеті болмайды. «Мен» өтімді, белсенді. «Мен» «Мен еместі» өзінің қарама-қарсылығы ретінде, өзінің белсендігіне қолдану үшін жасайды. Бұл қарама-қарсылық күрестің нәтижесінде, адамның сана-сезімі дамиды. Философиялық шығармашылықта Фихте екі кезеңді көрсетеді: а) философиялық әрекеттің кезеңі;
ә) философияның абсолюттік кезең.
«Мен» әрекеті, Фихтенің ұғымы бойынша, адамның әдептілік мінез-құлқы. Адам әрекетінің мақсаты - моральдық заңдар мен парызды орындау. Бұл мақсатты жүзеге асыруда, қоршаған ортамен тығыз байланысты адам болмысынан туындайтын, оның табиғи қабілеттері қарсы болады. «Менге» қарсы тұрып, оны іс-әрекетке итермелейтін «Мен емес» дегеніміз айналып оралып отырады. «Мен емес» деген өзінше өмір сүрмейді, оны өзінің қызметінің әрекетін дамыту үшін «Мен» тудырады. Бұл - антитезис, тезистен сөзсіз шығарылатын жай. Сол себептен Фихте өзінің әдісін «антитетикалық» деп атайды.
Фихте өзінің философиялық жүйесін Канттың философиялық бағытымен жасауға ұмытылды. Философия - бұл ғылымдардың бәрінің бастаушы негізі, яғни «Ғылымдар туралы ғылым», сондықтан өзінің басты еңбегі «Ғылыми ілімнің жалпы негізін» («Основы общего наукоучения») ғылым мәселелеріне арнайды. Өз философиясында алғашқы зерттеу объектісі жеке «Мен», адамның туындысы ─ «Мен емес» немесе көптеген адамдардың «Мені» емес, барлығын қамтитын абсолюттік «Мен» дейді. «Мен»,- деп жазды Фихте - өзінің ойлауында таза «Меннен» шығады және оны ойлағанда өз әрекетін заттар арқылы анықтау үшін емес, соны заттардың анықтаушысы ретінде қабылдау үшін керек. Мұнымен Фихте өзінің принципін басқа тәсілмен қалыптастырады, «Мен» - «Мен» де.
1. «Мен», барлық адамның «Мені» - нақтылық, құдіреті - шығармашылық, жасаушы күш және ең соңында бүкіл адамзат сана-сезімінің бір кезі.
2. Фихтенің «Мені» ақыл-ой ғана емес, ол ырық, тек таным ғана емес, әрі ол бәрінің бір жағын ғана біріктірмейді, «Мен» олардың мәні.
3. Фихте «Мені» алғашқы жағдайдан шығу немесе ойды нығайтудың қарама-қарсылық қозғалысы.
Фихте Кантқа қарағанда қандай болсын, сыртқы объектінің субъектінің ақыл-ойынан тәуелсіз өмір сүруін қабылдамайды, жоққа шығарады. Оның «Мені» тек бірғана нақтылық абсолют ─ әлемді жасаушы, бәрін құрушы.
Фихте «Жабық сауда мемлекеті» деген еңбегінде: Қоғам жеке адамдардың теңдігін ғана емес, сонымен бірге бостандығын реттеу керектігін айтады.
Парасатты мемлекетте тең құқықты адамдардың үш тобы бар:
1. Өндірушілер (ауыл тұрғындарын айтады).
2. Мастерлер ─ қаладағы қолөнершілер.
3. Сатушылар.
Фихте жерді жекеменшікке беруге қарсы болған, оның пікірінше: жердің иесі құдай, жер адамға тек өңдеп пайдалана алатын қасиеті үшін беріледі. Жерді сондықтан сатуға болмайды. Батыста оны социалист деп атады.
Шеллинг Фридрих Вилагельм Иозеф Шеллинг (1775-1854 жж.) 1775 жылы Леонбергте, протестанттық пастордың отбасында дүниеге келді. Сол кездегі философия мен әдебиеттегі бостандық оны қанағаттандырды. Ол құпия түрде Спинозаны, Руссоны және Шиллерді оқыды. 19 жастағы студент кезінде өзінің бірінші трактатын жазды. «Философия түрінің жалпы алғандағы мүмкіндігі» деген еңбегі таң - қалдырды.
1. Оған сол кездегі саяси оқиғалар өте үлкен ықпал жасады, әсіресе француз революциясының рөлі ерекше болды. Рухани құбылыстардан, Кант философиясы әсері айтарлықтай болды. Канттың сыни еңбектерінің арқасында оның теология мен шіркеуден алшақтауына тура келді.
2. Алғашқыда Фихте философиясын жалғастырғанымен, көп ұзамай субъективтік идеализмнің мүмкіндігінің жоқтығын түсінді.
3. Шеллинг философия эволюциясының ең маңыздысы ─ табиғат философиясын жасады.
4. Шеллингтің табиғат философиясының жетістігі ─ ол табиғат пен оның құбылыстарын зерттеуде диалектика әдісін кіргізді. Ол табиғатты зерттеуде ізденудің қажеттілігін, табиғат реальдығын, динамикалық қарама-қарсылығын көрсетеді. Шеллингтің табиғат философиясы, табиғаттың идеалистік диалектикасына айналды.
5. Натурфилософияның мақсаты ─ табиғаттың дамуындағы ең төменгі түрден, жоғарғы түрге бірте-бірте өтуді ашу. Мұнда табиғатты ақыл-ой өміріндегі сансыздықтың көрінісі ретінде баяндайды. Объективтік дүние алғашқы санасыз рухтың поэзиясы дейді.
6. Жаратылыстанудағы механистицизмді сынап, барлық құбылыстарды табиғаттағы өмір негізінде жатқан бiр принциптің көмегімен түсіндіруге ұмтылды.
7. Эмпирикалық нақтылықта табиғат заттары кейбірде рухани көріністе табылады. Демек, олар бір-бірімен тепе-теңдік жағдайда болады. Бұл идея оның басты және негізгі мәселесі.
Шеллинг құдайды жеке тұлға ретінде қарастырады. Құдай мен жеке тұлғаның айырмашылығы ─ құдай бостандығы шексіз болса, адамда шектеулі. Фихттемен бірге Шеллинг бостандық ұғымын қажеттілік деп түсініп, бостандық құбылысын жекелеген адамның ерлігі емес, қоғамның жетістігі деп білді. Алайда осы көзқараста қайшылық бар, Шеллинг бостандық проблемасын логикаға айналдырады, оны дүниедегі зұлымдық проблемасымен байланыстырды. Сөйтіп ол рационализмнің шектен шыққан түрінен иррационализмге бет бұрып, өзінен кейін қалыптасқан иррационалистік философиялық бағыттың негізін қалаушыға айналады. Дүниенi түсiнуде ақыл-ойдың шектеулі екенiн айтып, ол соңғы кезде аяндық философияға (философия откровения), «интеллектуалдық интуиция», мистика жолына түстi.
Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831 жж.). Гейдельберск, одан соң Берлин университеттерінде профессор. Бірінші болып қызмет атқарды өз заманның атақты, әрі бүкіл Еуропаға белгілі беделді философы, әрі неміс классикалық философиясының шоқтығы биік өкілі.
Гегель философиясының үлесі және ерекшелігі:
1. Ол объективтік идеализм теориясын жасады. Оның философиясының негізгі өзегі абсолюттік идея - әлемдік Рух.
2. Гегель, Канттың, Фихтенің және Шеллингтің еңбектерін зейін қойып зерттеп, идеалистік диалектиканың жалпы теориясын жасап, және оны білімнің әртүрлі салаларына қолданды.Өзінің диалектикалық әдісінде ол қозғалыс дамуының үздіксіз екенін үйретті.
3. Гегель өз философиялық жүйесінде дүниежүзілік ақыл-ойдың абсолюттік және әбден жетілген көрінісін жасауға тырысты. Гегельдің жүйесі мен әдісі бір-біріне қайшы, кер тартпа.
Бұдан шығатын қорытынды:
а) философиялық жүйесі метафизикалық.
б) диалектикалық әдісі прогресшіл жағынан көрінеді.
Гегель жүйесі. Гегель нақтылықты (немесе бүтін болмысты) түсiнуде, идеяның мәні ретіндегi - әлемдік ақыл-ойды, Логосты, Рухты, Сананы, Субъектіні ─ Абсолют деп атады (барша дүниенің, бүкіл болмыстың пәрменді бастамасы, жаратушысы). Абсолюттің маңызды қасиеті - шығармашылығы, белсенділігі, дамуы және күшеюі. Ол өзінің дамуында әртүрлі сатыдан өтеді, өзінің өмір сүру формасында әртүрлі көріністе болады. Сонымен бірге өзінің жоғарғы мақсаты ─ өзін-өзі тануға ұмтылады.
Абсолют үштік түрде құрылған, Еуропалық философияда ертеден бар және дәстүрлі христиан діні іліміндегі үштікпен байланысты. Абсолюттік идеядан ─ Табиғат, Табиғаттан ─ Рух туады, бірақ, қалай тууы түсіндірілмейді, тек шыққан нәтижені факт ретінде көрсетеді.
Гегель философиясының негізі әлемдік Рух, абсолюттік идеяның бүкіл дүниені жаратқаны. Табиғат - әлемдік рухтың таза идеядан абсолюттік идеяға айналуы. Идея ешқандай мазмұнсыз «таза болмыс» немесе «ештеңе» болып табылады. Содан пайда болу, «туу» деген ұғым шығады. «Нақты болмыстың пайда болуы» - заттар мен құбылыстар дүниесіне әкеледі, яғни идея материалдық заттарға айналады: механикалық құбылыстар, химиялық қосылыстар, тіршілік, адам мен адамзат қоғамы түрiнде дамиды.
Адам пайда болғаннан кейін, идея адамның санасында ойлау формасына қайта айналады. Адам санасы дамыған сайын идея материядан қол үзіп, алшақтай береді. Ол өзінің бүкіл өткен жолын ұғына келе өз дамуын аяқтайды, бастапқы өз күйіне келеді. Ендi «Таза болмыс» ретінде емес, бүкіл өз мазмұнын барынша өрістеткен болмысқа айналады. Гегельдің пікірінше, табиғат абсолюттік идеяның екінші өмірі, бірақ ол дамымайды, дамитын тек идея.
Диалектиканы жасай отырып, Гегель бүкіл дүниені - табиғатты, қоғамдық өмірді және ойлауды - шексіз қозғалу, өзгеру және даму процесі деп көрсетуге тырысты. Ол диалектиканың негізгі принциптерін, заңдарын, категорияларын белгілеп берді. Табиғаттың, қоғамның, ойлаудың дамуы диалектика заңдарына бағынады деген оның идеясы өте игілікті болады. Алайда, объективті идеалист болғандықтан, Гегель дүниенің барлық құбылысының негізінде қайдағы бір абсолюттік идеяны, әлемдік рухты алды. Ұғынудың жоғарғы сатысы өзiнiң философиясында берiлген, әрі ендi Гегель басқа философияның болуы мүмкiн емес деп, өзiнiң диалектикалық iлiмiне қайшы пiкiр айтады. Бұл оның философиялық жүйесi мен ойлау тәсiлiнiң арасындағы қарама-қайшылық.
Оның ең маңызды еңбегінің бірі «Логика ғылымы» үш бөлімнен тұрады: 1. Болмыс. 2. Мән. 3. Ұғым.
Гегель өзінің логикасында шындықтың өз- өзінен қозғалуы және өз-өзінен дамуы жөнінде пайдалы пікір ұсынды. Бірақ ол шындықты ойлаумен теңестірді. Бұл еңбекте диалектикалық үш заңды ─ идеалистік тұрғыдан зерттеп көрсетеді:
1. Қарама-қарсылықтың бірілігі мен күресі заңы - дамудың негізгі қайнар көзі.
2. Санның сапаға айналу заңы - барлық болмыс қалай өзгеретiнiн ашады.
3. Терістікті терістеу заңы - өзгеріс қай бағытта болады деген сұраққа жауап береді.
Тарих философиясында:
1. Адамзаттың тарихын кездейсоқ оқиғалардың тізбегі немесе ұлы адамдардың өмірінің тарихы емес, заңды процесс деп көрсетті.
2. Географиялық ортаның рөлі жөнінде, экономика жөнінде, әлеуметтiк таптардың күресі және басқалар жайында бірсыпыра қызықты идеялар айтты.
3. Мемлекеттің кемеліне келіп гүлденуінің негізгі шарты - ерікті жеке меншіктің дамуымен байланысты деп санады.
Л. Фейербах 1804 жылы Лансугутта туып, 1872 жылы Нюренберг қаласының маңында, Рейхенберг деген жерде қайтыс болған. Негізгі еңбектері: «Христиан дінінің мәні», «Діннің мәні», «Гегельге қарсы сын». Философияға Гегельдің идеалистік философиясын сынау арқылы келеді. Фейербах: «Гегель нақты ойлауды нақты адамнан айырып, шындықты жасаушыға айналдырды», - дейдi.
Фейербахтың пікірінше, жаңа философия ─ теологиялық емес, антропологиялық болуы керек. Антропологизм - адам мен табиғаттың айырғысыз бірлікте және адамды табиғаттың жемісі деп қарау. Антропология - адамның биологиялық жақтарын зерттейтін ғылым. Табиғат рухтың негізі болғандықтан, ол философияның да негізі. Табиғаттан сезім мен ақыл-ой дарыған. Адам жер бетіндегі тірі жан, табиғаттың бір бөлігі екенін мойындай отыра, оны қоғам мен және тарих дамуынан тыс, абстракты түрде алып қарайды. Адам мен табиғаттың өзара әрекетінің негізі, қоғамдық-тарихи практика екенін түсінбеді.
Таным туралы. Фейербах: «Дүниені танып білу дүниенің өзі секілді шексіз. Таным сезімнен басталады, шындықтың дәйегі - іштей туған сапа». Қоршаған ортаны тануға болады, ақыл-ойдың мүмкіндігі шексіз. Бірақ, бұл бірден пайда болмайды, ол адамның эволюциялық дамуы, тәжірибенің жиналуы, ғылыми-техниканын өсуіне байланысты болады. Фейербах: «Біз танымағанымызды, біздің ұрпағымыз таниды»[4] - дейді. Фейербахтың бүкіл материализмі секілді, таным теориясы да сырттай пайымдаушылық сипатта болды - бұл практикалық іс-әрекет рөлінің маңызын түсінбеушілік. Ойлау адамнан тыс және одан тәуелсіз өмір сүре алмайды. Ол адам миымен ажырамас байланыста болады. Тарихты түсінуде тарихи процестің қозғаушысы деп объективтi заңды емес, ақыл-ойды мойындайды.
Фейербах: «адамның өзіннің түпкі төркіні санасына байланысты, дін адамды емес, адам дінді жасайды»- деді. Адам қандай болса құдайы сондай деп, Фейербах діннің негізін қиялдан (фантазиядан) іздейді. Фейербах материализмнің күшті жағы - оның дінмен ашық күресіп діннің психологиялық түп-тамырын ашып беруiнде. Құдайы бар дінді жойып, оның орнына құдайсыз, адамдардың сүйiспеншiлiгiне негiзделген жаңа дінді жасауды ұсынды.
Семинар сабағының жоспары:
1. Классикалық неміс философиясының әлеуметтік, тарихи алғышарттары.
2. Классикалық неміс философиясындағы метафизика мен натурфилософия.
3. Классикалық неміс философиясындағы диалектикалық әдіс пен идеалистік жүйе.
4. Л.Фейербахтың философиялық іліміндегі антропологиялық материализм және
гуманизм
Әдістемелік ұсыныстар:
Негізгі назарды мына мәселелерге аудару керек: немістің классикалық философиясы И. Кант, И. Г. Фихте, В. Ф. Шеллинг, Г. В. Гегель, Л. Фейербах аттарымен белгілі. Олардың әрқайсысы өзіндік ерекшелігі бар ойшыл ретінде танымал. Сонымен қатар, ілімдердің әрқилығына қарамастан олар белгілі – бір идея мен принципті үстанған.
Бақылау сұрақтары:
1. Немістің классикалық философиясы жаңа философияның қайнар көзі.
2. И. Канттың сын кезіндегі философиясының мәні неде?
3. Гегельдің диалектикасын қалай түсінуге болады?
4. Фейербахтың антропологиялық материализмінің маңызын ашыңыз?
5. Классикалық неміс философиясының тарихи алғышарттары, оның негізгі иедеялары мен принциптері.
6. Кант агностицизмі.
7. Канттың сынға дейінгі және сыни кезеңдерінің ерекшеліктері
8. Гегель философиясының қайшылықтары.