Оған: ''анализ'', ''синтез'', ''индукция'', ''дедукция'' жатады. 4 страница

40.Әлеуметтік философияның негізгі мәселелерін талдаңыз.

Бұл сала қоғамдық өмірдің мәні және іргелі заңдылықтарымен, социум болмысының логикасымен, қоғам мен тұлғаның өзара байланысы және өзара қатынастарымен, жалпы әлеуметтік таныммен қатар, қоғам мен адам туралы философиялық пайымдар принциптері және логикасы, заңдылықтары, ерекшеліктерімен байланысты болды. Осы сала әлеуметтік философия деп атала бастады.

Әлеуметтік философияға ерекше анықтама берген орыс ойшылы С.Л. Франктың пайымдауына тоқталайық.

1929 жылы ол өзінің негізгі шығармаларының бірі — «Қоғамның рухани негіздері» атты кітабын жариялады. Ол бұл еңбегінде әлеуметтік философияға мынадай анықтама береді: “ әлеуметтік философия мәселесі – бұл қоғам деген не, ол адам өмірінде қандай мағынаға ие болады, оның шынайы мәні неде және ол бізге қандай міндет жүктейді деген сұрақтарға жауап береді”.

С.Л Франктың әлеуметтік философияға қатысты негізгі ойлары мынадай сұрақтарға жауап беру төңірегінде:

1. Қоғамдық өмір деген не?

2. Адам өмірінде қоғамдық өмір қандай орын алады және оның шынайы мақсаты неде?

3. Адам өзінің қоғамдық болмысы формасын құра отырып неге ұмтылады және неге жетуі мүмкін?

4. Адамның қоғамдық өмірі әлемдік, ғарыштық болмыста қандай орын алады? Қоғамдық өмір болмыстың қай саласына жатады және оның нағыз мәні неде?

5. Қоғамдық өмірдің жалпы өмір негізін құрайтын абсолюттік бастаулар мен құндылықтарға қатынасы қандай?

Оның айтуынша әлеуметтік философия – “қоғамдық болмыстың жалпы мәңгі негіздерін” зерттеумен айналысатын философиялық таным. “Әлеуметтік философия қоғамдық шындықты оның нағыз, барлығын қамтитын құрамы мен нақтылығында көруге ұмтылу болып табылады”. Мұнан шығатыны: әлеуметтік философия адамның қоғамдық өмірінің барлық “әлемдерінің” – тарих, мәдениет, дін, саясат, құқық, экономика және т.б. әлемдерінің түпкі, онтологиялық негіздерін зерттейтін философиялық ілім саласы.

Бұдан әлеуметтік философияны әлеуметтік құбылыстар мен үрдістерді танудың теориялық-методологиялық мәселелері, заңдылықтары, социум болмысының логикасы қызықтыратыны туралы тұжырымдаманы қосайық. Және ақырында, С.Л.Франктың анықтауынша, әлеуметтік философияның зерттеу аймағы – қоғамдық өмірдің мәні, оның индивидуалды адам өмірімен қатынасы және қоғамдық өмірдің құндылық қырларының жалпы өмірдің фундаментальды құндылықтарына қатынасы. Осылайша, “әлеуметтік философияның” көпқырлы, көпөлшемді “түпкілікті формуласын” тауып және тегі жағынан тарихи, табиғаты жағынан философиялық болып табылатын әлеуметтанумен, мәдениеттанумен салыстырғанда оның немен айналысатынын біле аламыз.

Бұл формуладан шығатыны — әлеуметтік философия функцияларын тек философиялық жүйеде ғана емес, бүкіл әлеуметтік-гуманитарлық білім жүйесінде де жеткілікті түрде айқын жеткізуге болатындығы. Ең алдымен, әлеуметтік философия бойынша оқулық және арнайы әдебиет авторларымен толық келісе отырып, оның дүниетанымдық қызмет атқаратынын тиянақтауға болады, өйткені ол “әлеуметтік әлемді” бейнелеп қана қоймай, оның саналы бейнесі ретінде “оны жаратады да”. Әлеуметтік философия әлеуметтік әлемнің тек картинасы, бейнесі ғана емес. Ол сонымен қатар, әлеуметтік идеалдар мен құндылықтарды нақты шындықпен салыстыра отырып, оның нақты өмірмен байланысын анықтай отырып, осы әлемді жаратады да.

Екіншіден атқаратыны – методологиялық функция. Әлеуметтік философия мұны пәндік және теориялық форма ретінде қызмет ете отырып және әлеуметтік құбылыстарды тануда методологиялық бағдарлар мен жалпы философиялық принциптерді пайдаланудың үлгісі бола отырып жүзеге асырады. Олардың қатарында диалектика принципі мен синергетика принципі жатады. Әлеуметтік философия әлеуметтік-гуманитарлық білімдерді пәндік тұрғыда ұйымдастыра отырып, оның методологиялық өзегі ретінде көрінеді.

Әлеуметтік философияның үшінші функциясы оның танымдық, эвристикалыққызметі болып табылады. Ол танымдық мәдениеттің элементі ретінде шындықты тек бейнелеп қана қоймай, қоғамдық өмірдің заңдылықтары мен принциптерін қалыптастыра отырып, бір нәрсені ашуға қабілеті бар, белгілі бір эвристикалық ерекшеліктерімен айрықшаланады.

Төртіншіден, әлеуметтік философия әлеуметтік болмыстың құндылық негіздерін пайымдай отырып, аксиологиялық қызметті атқарады. Оның ішінде белгілі бір дәрежеде тәрбиелеуші функция да кіреді: әлеуметтік функция, біріншіден, танымның, гуманитарлық ойлаудың белгілі бір мәдениетін тәрбиелейді; екіншіден, адамдардың және бүтіндей қоғамның белгілі бір құндылық бағдарларын тәрбиелейді.

Бесіншіден, әлеуметтік философия кейбір философиялық концепциялардағы әлеуметтік болжау сәтсіз және ғылыми негізі жоқ деп жарияланғанына қарамастан, болжамдық қызмет те атқарады.

Қоғамды зерттеу тек философия үшін ғана емес сонымен бірге басқада қоғамдық ғылымдар үшін күрделі мәселе болып табылады. Коғам мағналы ұғым болып табылады. Философия қоғамды біртұтас, яғни адам болмысының әлеуметтік тәсілі, адамдардың бір-бірімен өзара әрекеттесуінің жемісі, адам шығармашылығының нәтижесі ретінде қарастырады. Философия үшін қоғамды қызмет арқылы, яғни әлеуметтік тұрғыдан қарастыру өте маңызды.

41.Мәдениет философиясының негізгі концепцияларын сипаттаңыз.

Әрбір адам ұлттық әлеуметтік топтық таптық ортаның өкілі, яғни нақты мәдениеттің өкілі. В.М.Межуев: «Мәдениет дегеніміз – адамның іс - әрекеті, оның даму формасы» - деп анықтама береді. Адам табиғи заттар мен құбылыстарды өзінің мүддесіне, талап – тілегіне сай өзгертіп отырады. Мәдениет адам мен табиғаттың өзара тұтастығы, өзара қарым – қатынасының тарихи дамып өзгеруінің өлшемі. Адам табиғаттың бел баласы, бірақ оның өмір сүру қисыны басқа. Ол табиғаттан тыс өзіне жайлы ортаны, яғни өзінің болмысына имманентті қоғамды жасауы керек. О баста мәдениет деген сөз өзіндік лексикалық ұғым мағынасында «натура» /табиғат/ деген сөзге қарсы ілім ретінде қалыптасты. Табиғаттан тыс, адам қолынан шыққанның бәрі де мәдениет айғағы бола алады. Мәдениет әлемі – адамның өз әлемі, өйткені ол адамның творчестволық, жасампаздық қабілеттерінің жемісі. Адамзат тарихы – мәдениет тарихы. Адамдар өздері өмір сүріп отырған табиғи және әлеуметтік ортаны өзгертеді, ол тарихи нақты процесс. Ортаны өзгерту арқылы өзі де өзгеріп, дамып отырады. Осы даму процесінің нақты мағынасы мәдениет болып табылады. Мәдениет адамның өзіндік дамуымен барабар процесс.

Философия мәдениетті қоғам дамуына тән жалпы заңдылықтарға сүйеніп зерттейді.

Философиялық әдебиеттерде мәдениет ұғымын саралаудың көпжақтылығын, көпмәнділігін еске ала отырып, олардың бәрін бір жүйеге келтіруді мақсат ететін болсақ, онда екі үрдісті анықтауға болар еді.

Біріншіден, мәдениет дегеніміз табиғаттан өзгеше, одан тыс адам қолымен жасалған құбылыстар.

Екіншіден, мәдениет дегеніміз - өндірісте, ғылымда, өнерде адам қол деткізген жетістіктер. Мысалы, осы мағынада технологиялық, мәдениет, көркем, өнер мәдениеті, адамгершілік мәдениеті деп атап жүрміз. Бұл мәдениеттің нормативтік сипаты. Әрине, бұл екі үрдіс те біржақтылықты көрсетеді, ұғымның мәні ашылмайды.

Мәдениеттің өзіндік концептуалдық мәні оның адамның өзін қоршаған ортаны жетілдіріп, көркейтуге тырысқан саналы рухының, ізденістерінің көрсеткіші екендігін еске алсақ, жоғарыда келтірілген В.М.Межуев анықтамасының дұрыстығы дәлелденеді.

Адамның қоғамдық прогресс жолындағы әрбір қадамы оның мәдениет жолындағы қадамы болып табылады.

Адамның рухани мәдениеті оның айналасындағы адамдармен қарым – қатынасында көрініс табатын қадір – қасиетінде, адамшылығында, ұяттылығында, тәрбиелілігінде, интеллигенттігінде, қарапайымдылығында. Осы моральдік сана ұғымы, осы адамгершілік қасиеттер адамның руханилығының негізін құрайды. Ал басқа - өнер, әдебиет, ғылым, білім дегендер тәрбиелеу және еңбектену нәтижесінде ұғып алуға болатын материалдар болып табылады.

Адам нағыз гуманды бастаулардан нәр алатын қоғамда ғана қалыптасуы мүмкін. Рухани мәдениет және өркениет бір – біріне әруақытта сай бола бермеуі де объективті құбылыс.

Ғылыми – техникалық жетістіктердің адамға ізгілік әкелуімен қатар, бақытсыздық әкелуі де өмірде орын алып отырған жағдай. Хиросима және Нагасаки, Семейдегі ядролық полигон техникалық прогрестің жемісі. Бірақ оны адамға қарсы қолданған адамгершіліктен ада адамның іс - әрекеті. Гуманизмнен, адамның рухани мәдениетінен тыс шынайы прогресс болуы мүмкін емес. Адамды өнерге, рухани байлыққа баулып отыру адамды гуманизм рухында, гуманистік мақсат жолындағы кесапаттарды жеңіп отыратын іскерлік рухында тәрбиелейді.

Ғылымның жоғары мақсаты – адамдарға білім беру. Мәдениет пен өнердің жоғарғы мақсаты – тұлғаның жан жақты дамуы.

Біздің өтпелі қоғамымызда таным және өмір үшін, болашақ тағдырымыз үшін ең маңызды өзекті мәселе – мәдениет және өркениет мәселесі, олардың өзара қарым – қатынасы және бірлігі мәселесі.

Адамдарды әр уақытта болашақ тағдыр ойландырады. Сондықтан да осы мәселе өзінің өміршеңдігімен алдыңғы қатарға шығып отыр.

42.Диалектиканың негізгі заңдарын баяндаңыз.

Әлем де, адам да, табиғат та, қоғам да ұдайы өзгерісте, дамуда. Даму дегеніміз-мәңгі, қажетті қозғалыс, өзгеріс. Философияның бір бөлігі болып табылатын диалектика әлемнің дамуының теориялық негіздерін анықтайды. Диалектика дегеніміз-болмыс пен бүкіл әлем дамуының жалпы байланыстары туралы ілім. Онда даму процесі зерттеледі. Диалектика-дамудың философиялық теориясы. Сонымен қатар, ол-әлемді біртұтас және қарқынды бүтіндік деп қабылдайтын ойлау тәсілі. Диалектика әлем үлгісін өзгеріп тұратын түрлер, жағдайлар және дәуірлердің бір-бірімен ауысуының мәңгі процесі деп қарастырады. Ф.Энгельстің анықтамасы бойынша‚ диалектика дегеніміз - әлемдегі байланыстар, табиғаттың, қоғам мен ойлаудың қозғалысы мен дамуының жалпы заңдары туралы ғылым. Философия объективті және субъективті диалектика ұғымдарын қолданады. Ойлау және таным процестері үшін бұл өте маңызды ұғымдар. Объективті диалектика дегеніміз-әлемнің, табиғаттың, объективті дүниенің дамуы, өзгеруі. Ал оның адам санасында бейнеленуінен субъективтік диалектика туындайды. Әлем, дүниенің дамуымен, өзгеруімен қатар оны бейнелейтін, түсіндіретін ұғымдар да дамып, өзгеріп отырады

Диалектика жүйесіне оның негізгі заңдары кіреді. Заң ұғымының маңызды екі мағынасы бар. Біріншіден, заң дегеніміз-заттар мен құбылыстар арасындағы жалпы, тұрақты және қажетті байланыстарды білдіретін ұғым. Мысалы, әлемдік тартылу заңы, табиғи сұрыпталу заңы. Бұлардың бәрі объективті материалдық әлемнің заңдары. Екіншіден, заң дегеніміз-әлемнің байланыстарын бейнелейтін білім жүйесі. Бұл-ғылым заңдары. Диалектиканың негізгі үш заңы бар. Олар даму процесінің маңызды заңдылықтарын түсіндіреді. Қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі туралы заң материалдық әлемнің дамуының негізін түсіндіреді. Даму процесі ішкі де, сыртқы да қарама-қарсылықтардың қақтығысы арқылы іске асады. Диалектика сыртқы қарама-қарсылықтардың бірегейліктің екіге бөлінуінің нәтижесі, түптеп келгенде ішкі қарама-қарсылықтар туындысы деп қарайды. Бұл заңның үлкен дүниетанымдық және тәрбиелік мәні бар, өйткені ол дамудың белгілі бір сатысын, тарихтың ешбір жетістігін, адам қол жеткізген биікті ең соңғы деп қарастырмауға үйретеді және шексіз шығармашылыққа бағдар береді. Қоғам өміріндегі қайшылықтар өте күрделі және жан-жақты. Сандық және сапалық өзгерістердің өзара өту заңы дамудың нақты тетігін көрсетеді. Диалектика кез келген затты оның қасиеттері, саны және сапасы жағынан сипаттайды. Қасиет дегеніміз - заттың басқа заттармен байланысындағы сипаты. Сапа - бұл қасиеттердің бірлігі. Сапалық айқындылық зат пен құбылысты тұрақты етеді, бір-біріне ажыратып, дүниенің шексіз саналуандылығын айқындайды. Сапа дегеніміз-заттың барынша өзінділігі. Сан заттың біркелкі бөліктерге бөлінуін айқындайтын ұғым. Бір-біріне ұқсамайтын нәрселердің айырмашылығында сапалық, ол бір-біріне ұқсайтын нәрселердің айырмашылығында сандық сипат бар. Кез келген заттың негізгі бір сапасы бар. Мысалы, стақан-ең алдымен ішуге арналған құрал. Әрбір зат сапалық, тұрақты және сандық, тұрақсыз қасиеттердің қайшылықты бірлігі. Бұл бірлік белгілі бір интервалға дейін сақталады. Оны шама арқылы анықтаймыз. Шама-нәрсенің немесе құбылыстың сапалық және сандық айқындылығының табиғи бірлігін білдіретін философиялық категория. Зат пен құбылыс өз дамуының белгілі бір деңгейінде жаңа сапаға көтеріледі. Сан өзгерістерінің нәтижесінде ескі сапаның жаңаға айналып, заттың немесе құбылыстың түпкілікті, сапалы өзгеруін, секіріс деп атаймыз. Кез келген сапалы өзгерістің тек секіріс арқылы дамуы маңызды бетбұрыс. Өйткені секіріс кезінде зат өзінің сапалық қасиетін жоғалтып, басқа қасиеттердің жиынтығына айналады. Сан мен сапалық өзгерістердің өзара байланысын химия жақсы дәлелдейді. Мысалы, кәдімгі ауаның молекуласына ауаның бір ғана атомы қосылса, онда озон пайда болады. Озон - басқа сапалы құбылыс. Сондықтан да болар, Ф. Энгельс химияны мөлшерлік, сандық өзгерістердің нәтижесінде заттардың сапалық қасиеттері өзгеріп отыратындығы туралы ғылым - деп анықтады. Терістеуді терістеу заңы даму процесінің түрі мен жалпы бағытын көрсетеді. Мұнда ерекше танымдық рольді терістеу ұғымы атқарады. Терістеуді - терістеу заңының аясында аса маңызды заңдылықты-сабақтастықты түсіндіруге болады. Терістеу‚ сабақтастық-жалпы дамудың, соның ішінде ғылыми, көркемдік дамудың да объективті заңдылығы. Сабақтастық жоқ жерде ілгері өрлеу, даму болмайды. Адамзат баласы тарихи дамудың әр сатысында әдебиет пен көркемөнерді, ғылыми жетістіктерді қайта жасамайды. Өткен заманда істелген жұмыспен, пайда болған әдеби туындымен таныс болмасақ, онда біз дүниені танудың бұрыннан белгілі әдіс, жолдарын қайта қарастырып, уақыт өткізер едік. Сабақтастықтың арқасында мұндай жағдайды бастан кешірмейміз. Жоғарыда атап өткен диалектиканың негізгі принциптері мен заңдары оның негізгі идеяларын қорытындылауға мүмкіндік береді. Біріншіден, құбылыстардың бір-бірімен тығыз байланыстылығы идеясын әлем мен жаратылыстану тарихы толық дәлелдейді. Екіншіден, әлемнің өмір сүруі мен дамуының негізгі шарты - оның ішкі қайшылықтары идеясы. Үшіншіден, әлемдегі құбылыстардың ұдайы өзгеріп отыратындығы туралы идея.

43.Сана ұғымын түсіндіріңіз және сана мен тілдің байланысын көрсетіңіз.

Болмыстың екінші таңғажайып түрі – ол сана, рух, жалпы алғанда, адамның психикасы. Гносеологиялық (танымдық) тұрғыдан қарағанда, сана – Дүниені бейнелеудің ең биік, тек адамға ғана тән идеалдық формасы. Оны біз болашақ “танымға” арналған тарауда көлемді түрде талдаймыз.

Сана – материя емес, оны қолға ұстап сындырып, я болмаса, ауызға салып дәмін байқап, мұрынға жақындатып иісін анықтауға т.с.с. болмайды. Болмыстық тұрғыдан кең түрде қарағанда, сана – адамның ішкі жан-дүниесі, адам белсенділігінің психикалық деңгейі. Ал оны нақтылай келсек, ол, әрине, адамның ой толғаулары. Бірақ, ол онымен бітпейді. Ойлау, рационалдық таным – сананың өзегі болғанмен, оған адамның сезім толқындары да кіреді: адам қуанады, ренжиді, ашуланады, шаттанады, сүйеді, жек көреді т.с.с. Егер де біз кең түрде адамның психикасын алатын болсақ, оған санамен қатар бейсаналық та кіреді. З.Фрейдтің уақытында ашқан бұл жаңалығының қазіргі өмірдегі маңызы өте зор. Сонымен қатар, санаға тең емес адамның ырқы да (воля) бар. Кейбір жағдайларда адам санаға сыймайтын, оған қарсы нәрселерді жасауы мүмкін. Ф.Ницше уақытында айтқандай “нағыз адам” толқынмен бірге емес, оған қарсы жүзиді.

Адам Дүниені саналы түрде бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар, өз ішкі жан-дүниесіне сараптау жасайды – міне, осы сәтте оның рухы оянады. Рух категориясы біздің жақында өткен тарихымызда дінмен байланыстырылып, ал “кеңес тоталитаризмі” соңғыға қарсы болғаннан кейін, философиялық әдебиетте өте аз қолданды. Негізінен алғанда, рухқа ғылымдағы жетістіктер, қоғамдық сана формалары жатқызылды. Тек бүгінгі таңда ғана бұл категорияның маңызы өсуде ( рух жөнінде көлемді түрде қараңыз: “Мырзалы С.К. Модернизация общества: взаимосвязь политики и морали., Костанай, 1988, стр.220-264).

Жалпы алғанда, рух дегеніміз – адамның өзіндік сана-сезімі, өз-өзіне “сырттай қарап” баға беруі, өз өмірінің мән-мағнасы мен қатар, жалпы Дүние жөнінде ойлауы-толғауы, тебіренісі жатады. Бұл тек дамыған адамға ғана тән нәрсе. Қайсыбір жануарды алсақ, ол өз-өзін бұлдыр сезінеді, өзін жағалай ортадан бөлек алып, оған қарсы қойып қарай алмайды. Оған қабілетті – адам ғана.

Жеке адамның рухымен қатар, белгілі бір халықтың рухы жөнінде де айтуға болады. Мысалы, қазақ халқының руханияты, демек, оның өзіне тән дүниесезімі, құндылықтары. Оны әдебиетте “объективті рух” деген категория арқылы береді.

Сонымен қатар, рухтың жетістіктері ғылыми, көркем шығармалар арқылы өмір сүруі мүмкін. Оны “объективизацияланған рух” дейміз. Мысалы, қайсыбір ұлы суретшінің туындысын қабылдағанда, біздің рухани өміріміз үлкен тебіреністе болып, сан-алуан сезімдер мен ойлар жан-дүниемізге келеді. Әрбір адам өзінің рухани болмысына байланысты “Венера” мүсініне әр-түрлі қарайды. Біреуі оны “құдіретті теңдесі жоқ әсемдік” ретінде қабылдаса, тайыз надан адам оған “нәпсілік” тұрғыдан қарауы мүмкін. Симфония, я болмаса, басқа саз формаларын қабылдағанда да соған ұқсас тебіреністе боламыз, т.с.с.

Дегенмен де, рухтың “негізгі үйі” – нақтылы өмір сүріп жатқан тірі адамның ішінде. Оған ақыл-ой, парасат, борыш, ар-ұждан мен ұяттық аяныш, адалдық, махаббат пен сүйіспеншілік, ізгілік пен ақиқат, әсемдік, үміт пен сенім, еріктік пен әділеттілік т.с.с. жүздеген категориялар жатады. Мысалы, Н.А.Бердяевтің айтуына қарағанда, “рух дегеніміз ақиқат, ізгілік, әсемдік, еріктік пен мән-мағна…Рух дегеніміз – адам ішіндегі оның құдайлығы” (қараңыз: Н.А.Бердяев. Философия свободного духа., М.,Мысль, 1994). Расында да, “Сенің осы Құдайың бар ма?”,- деп ашына айтқанымызда – адам руханиятының тайыздығын көрсетпейміз бе? Олай болса, адам руханиятының өзегі неде?,- деген сұрақ пайда болады. Бұл талай ойшылдарды тебіренткен сұрақ болатын.

Орыстың ұлы ойшылы Ф.М.Достоевский “Дүниені сақтап қалатын Әсемдік қана”,- дейді. Әрине, көбісінде, әсемдікке ұмтылған адам зұлымдыққа бармайтыны хақ. Сонымен қатар, біз өмірде “салқын лебі” бар – адамды адамнан алшақтататын - әсемдікті көріп жүрген жоқпыз ба?

Рухты білім, ғылыммен де теңеуге болмайды. Ядролық физиканың жетістіктерін пайдалану жолында адамзат атомдық электр стансаларынан басқа неше-түрлі жан түршігерлік қару-жарақ жасаған жоқ па ? Қазақтың ұлы ойшылы Шәкәрімнің ХХ ғ. басында-ақ ар-ұжданның бақылауынан шыққан ғылымның адам түршігерлік салдарларға әкелуі жөніндегі идеяларын еске алсақ-та болғаны.

Сондықтан, Шәкәрім рухтың өзегін ар-ұжданнан көрген болатын. Бұл пікірді ұстаған философия тарихындағы И.Кант, Абай, С.Л.Франк сияқты ойшылдарды келтіруге болады. ХХ ғ. экзистенциализмнің көрнекті өкілі В.Франкл “ар-ұждан – адамның ішкі Құдайы”,- деген болатын.

Біршама зиялылар рухтың өзегін махаббат, сүйіспеншіліктен көреді. Орта ғасырдағы Августиннің айтқанындай, “сүй, содан кейін не істесең де болады”. Тек қана сүю арқылы басқа адамның жан-дүниесін ақтара ашуға мүмкіндік аламыз. Нағыз махаббат сүйген адамның әлі де болса ашылмаған жақтарын сыртқа шығарып, оны гүлдетіп, шығармашылық жолға итереді. Дүниені тану – тек қана табиғаттың заңдылықтарын ашу ғана емес, сонымен бірге оны шын жүрегіңмен сүюге тең. Бұл танымның онтологиялық терең іргетасы. Тек қана сүю арқылы, өзіңді осы Дүние деген мұхиттың бір құрамдас тамшысы ретінде сезінгенде ғана зерттелетін заттың ішкі сырын ашуға мүмкіндік аласыз.

Оқырман өз дүниесезімінің ерекшеліктеріне байланысты өз руханиятының өзегін табар деген ойдамыз. Ал, қалам иесіне келер болсақ, рухтың өзегі ретінде ар-ұжданды қарайды. Бүгінгі қайшылыққа толы адамзат мәселелерін шешу тек саясаттың қолында емес, - ол әр адамның рухани-адамгершілік жетілуімен байланысты, - деген ойдамыз. “Мұндай қилы заманда тек ар-ұжданын басымқы қойған адамзат өз өмірін сақтап қалады”, - дер едік.

Наши рекомендации