Адамның дүниеге келу мәселесі
Адамнын Дүниеге келу мәселесі ғылымдағы ең терең құпиялардың бірі. Біз оны Дүние, болмыстың өзінің пайда болу мәселесі мен жалпы тіршіліктің жер бетіне келуімен парапар келетін мәселе дер едік. Осы аталған үш тұңғиықтың біреуіне тереңдеп көрелік.
Философия тарихында мыңдаған жылдар бойы кең таралған теологиялык тұжырым адамды Құдайдың жаратқан пендесі ретінде түсінеді. Христиан діні тіпті адамды Құдай өз бейнесіне ұқсастырып жаратты деген тұжырым айтады. Сондықтан онын санасы, рухы бар және сол себепті ол табиғаттың әміршісі болуы керек дейді. Әрине, соңғы қағида адамның тәкаппарлығы мен өркекіректігін тудыруы ғажап емес. Бүгінгі Еуро-Атлантикалық цивилизацияға көз жіберсек, ол - соның дәлелі болмақ.
Ислам діні Алла тағала адамды саналы етіп жаратқанмен, осы фәниде басқа тіршіліктердің арасынан өз орнын табуға шақырады, Ол оған табиғат әміршісі бол демейді.
Буддизмге келер болсақ, ол адамды тек қана рух ретінде түсініп, олай болса, материалдық құндылықтардан үзілді-кесілді бас тартуға шақырады, өйткені рух - материядан жоғары.
Әрине, адам жөніндегі теологиялық көзқарасқа осы уақытқа дейін миллиондаған адамдар сенеді, сондықтан онымен санаспауға болмайды. Теологиялық тұжырым ешқандай дәлелдеуді талап етпейді, тек қана осы мәселе жөніндегі діни құжаттарға толығынан сену қажет. Алайда бүгінгі таңдағы адамзаттың пілдей бөлігі оған сенбей, ғылыми деректерге сүйенген тұжырымдарды талап етеді.
Екінші: мутациялық тұжырым осыдан 5 млн. жыл бұрын болған шынайы оқиғаға сүйенеді: ол Еуро-Азиялық құрылық пен Африканың бір-біріне соқтығысуы, соның нәтижесінде жердің жоғарғы қабатына радиоактивті заттар шығып, бүкіл тіршілікті өз сәулелерімен улап, тұқым куу механизмдеріне залалын тигізуі. Нәтижесінде, бізді тудырған адамға ұқсас маймылдар әлсіз, инстинктері сөнген ұрпақтарды дүниеге әкеле бастайды. Оларды, біріншіден, көп жылдар бойы тәрбиелеу керек болды, екіншіден, сөнген инстинктердің орнына олардың миы тез өсіп, сананың пайда болуына әкелді. Бір қарағанда, мұндай болжау қызықты және ғылыми деректерге негізделген сияқты. Алайда мутация үрдістерімен айналысып жүрген экологтар мен генетиктердің жеткен нәтижелері бұл тұжырымға теріс баға береді. Бүгінгі таңдағы зерттеулер бірде-бір радиациялық мутацияның оң нәтиже бермейтінін, ол тек организмнің кұлдырауына әкелетінін көрсетеді (Семей полигоны, Арал теңізі маңындағы экологиялық апаттың кұрбандары, олардың мутацияға түскен сәбилері осы ащы шындықты дәлелдейді).
Үшінші: Ғарыштық тұжырым адамды бізден де жоғары «ғарыштық зерде» жаратты деген дәлелдеуі жоқ қиял айтады.
Енді ғылыми деректерге негізделген реалистік тұжырымды талдайық. Оған алғаш рет жол ашқан ағылшын ғалымы сэр Чарльз Спенсер Дарвин болды. Өзінің дүниежүзілік сапар шегуі барысында көне заманнан қалған адамға ұқсас маймылдардың суйек құрылысын зерттей келе, адамның маймылдан эволюциялық үрдістің нәтижесінде жаратылғаны жөнінде тұжырым айтты. Сол кездегі қоғамдық пікірге ол жарылған бомбадай болды. Дегенмен де бұл пікір бірте-бірте ғылымда өз орнын тауып, оны дамыған теориялық қағидаға айналдырған Ф.Энгельс болды. Ол адам мен қоғамның бір уақытта бір-бірімен байланысты түрде дүниеге келгенін айтады. Философиялық тілде оны антропосоциогенез деген ұғыммен береді. Бұл үрдістің шын мәні биологиялық қозғалыс формасынан әлеуметтікке секіріс арқылы өту болатын-ды.
Миллиардтаған жылдар бойғы даму барысында жер бетінде тіршіліктің миллиондаған дамыған формалары бір-біріне тығыз байланысты түрде дүниеге келіп, өзінің ең биік мәресіне — «ақылды жануарларға» дейін жетті. Оларға маймыл, ит, піл, жылқы, дельфин т.с.с. жануарларды жатқызуға болады. Олардың кейбіреуі өз даму барысында нақтылы түрде ойлау жасап (қателесу арқылы), өз өмір шеңберінде бірдемеге үйрену, қоршаған ортаға ыңғайлы түрде бейімделу мүмкіндіктеріне жетеді. Зоологиялық күшке негізделген үйірлік өмір сүру түрі дүниеге келеді. Бұл биологиялық өмір сүру тәсілінің жеткен ең биік шыңдары еді: оның шеңберінде әрі қарай жетілудің мүмкіндері толығынан сарқылып біткен болатын.
Енді әрі қарай жетілу үшін әлеуметтік және дүниені идеалды түрде бейнелей алатын сана, рухтың дүниеге келуі қажет болды. Міне, мұндай мүмкіншілік табиғаттың күрт өзгеруімен байланысты өмірге келді. Жер бетінде ауа райы өзгеріп, ну ормандар сиреп, ақырында маймылдар жер бетіне түсуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, олар артқы екі аяғына тұрып, алдыңғы аяқтарымен жердегі жатқан кепкен бұтақты, тасты т.с.с. алып пайдаланды. Бірте-бірте маймылдың алдыңғы аяқтары адамның қолына ұқсас бола бастады.
Бұл өзгерудегі шешуші нәрсе - еңбек құралдарын жасап, оларды өне бойы пайдалануда еді. Өйткені «Бірде-бір маймыл ешқашанда бірде-бір еңбек құралын жасап көрген жок», - дейді Ф.Энгельс.
Енді теориялық тұрғыдан сонау көне заманда болған осы үрдісті талдап көрелік. Ең қарапайым тасты тасқа ұру арқылы жасалған «ашель кескішін» алсақ, оны жасау үшін ең қажет нәрсе -оның тұрпайы формасын өне бойы есте сақтау қажеттігі. Екіншіден, өзеннің жағасында көп жүріп, соған ұқсас тасты тауып алу. Содан кейін ол тасты екінші таспен соғып, өңдеу керек. Ол аса ұқыптылықты талап етіп, оның назарын дамытады. Егер ол тасты ақырындап соқса, ол өңделмейді, қатты соқса, қақ жарылып, бүкіл істелген іс зая кетеді. Нәтижесінде, өкінішке ұқсас сезім пайда болады. Енді ол тағы да жаңа тас іздеуге мәжбүр болады, яғни оның ырқы қалыптасады. Енді екінші тасты ол аса ұқыптылықпен өңдеп, ақырында құралды істеп шығарады. Сол сәтте қуаныш, шаттыққа ұқсас сезім оның жүрегін кернейді.
Егер істелінген зат қисықтау болып шықса, ол ыңғайсыз және еңбек ету барысында тез сынып қалады. Сондықтан ол екінші құралды симметриялық тұрғыдан мұқият қарап жасайды, ол оған үлкен қанағат, қуаныш сезімін әкеледі. Симметриялық форма бірте-бірте оның санасына кіріп, нәтижесінде қарағайдың симметриялық бұтақтарын, т.с.с. заттарды көргенде, оның жүрегінде себепсіз тамаша сезім пайда болады. Ол сезім болашақта сұлулық ұғымын тудырып, адамның жан дүниесінің ажырамас бөлігіне айналады.
Сонымен, қарап отырсақ, ең тұрпайы еңбек құралын жасаудың өзі адамның сана-сезімін, назарын, ырқын, керек десеңіз, тіпті оның эстетикалық сезімін оятады екен.
Еңбек құралдарын жасап, бірге еңбек ету барысында әсіресе аң аулауда бір-біріне ақпарат жеткізу қажеттігі пайда болады. Олай болса, тілдің алғашқы формасы - ымдау, дене, қол қимылы арқылы байланыс жасау дүниеге келеді. Ал сезім толқындары, негізінен, неше түрлі дыбыс арқылы жеткізілді. Соңынан үйірдің ішіндегі аса дарынды пенделер күнбе-күнгі жиі кездесетін қажетті нәрселерге ат қойып, басқаларды соларға үйретеді. Жер бетінде әртүрлі тілдердің пайда болуы, құрылым ерекшеліктері олардың айнала қоршаған табиғаттағы дыбыстарға еліктеуінен пайда болса керек деген ойдамыз.
Адамның санасы мен дене құрылысының өзгеруіне әсіресе оның миының өсуіне отты игеріп пайдалану үлкен әсерін тигізді. Отқа пісіріп жеген тамақ әсіресе отқа кақталған ет мидың тез дамып, көлемінін өсуіне әкелді. Екінші жағынан, піскен тамақ жеңіл қорытылғаннан кейін, оның асқазаны өзгеріп, жақ сүйегі мен азу тістері де кішірейді. Үшіншіден, үңгірдің іші отпен жылынып, дене үстіндегі жүндердің азаюына әкелді.
Сонымен еңбек құралдарын жасау және оны пайдаланып еңбек ету басқалармен бірігіп қана іске асатынын байқадық. Миллиондаған жылдар бойы үйір негізгі қауымдасу формасы болғанын білеміз. Әрине, ол жартылай биологиялық, жартылай әлеуметтік құбылыс болса керек. Антропологтардың пайымдауы бойынша, осыдан 40-50 мың жыл бұрын үлкен секіріс болып, үйір руға айналады, нағыз таза әлеуметтілік дүниеге келеді. Міне, осы уақыттан бастап, қазіргі адам толығынан қалыптасып (кроманьон адамы), оның жер бетіндегі тарихы басталады. Рудың шеңберінде бұрынғыдай ретке келтірілмеген жыныс қатынастары жойылады, өйткені бәрі бір-бірімен қанға негізделген туыстықта. Егерде алғашқы үйір өз-өзіне жеткілікті кұбылыс болса, енді рулардың арасында жан-жақты қарым-қатынас пайда болады. Оның негізінде болашақ ұрпақтарды жалғастыру мәселесі жатты: ол үшін қыз алу, қыз беру керек болды, кұдалық рәсімдер, неше түрлі әдеп-ғұрыптар тез уақытта пайда болып, қалыптаса бастайды.
Тек рудың шеңберінде ғана нағыз адами махаббат сезімі дүниеге келеді, өйткені ұнатқан қызы, я болмаса жігіті жанында емес, алыста, басқа руда. Сондықтан ол оны аңсап, қиял-арманға шомады, бір сәт болса да көзінің қиығымен көріп қалғысы келеді, сүйіктісін дүниедегі ең әсем сұлуға теңеп, өз шығармашылық шабытын оятады.
Моральдық қағидалар мен құндылықтар да рудың шеңберінде қалыптаса бастайды. Егерде үйірдің шеңберінде біреу аяғын сындырып алса, ол өлер еді, оған ешкім көмектеспейді. Рудың шеңберінде өзара көмек беру, аяу, жақсы көру, қорғау, қамқорлық көрсету т.с.с. моральдық кұндылықтар мен сезімдер пайда болады.
Үйірдің руға айналуын түсіну - қоғам тану ғылымдарындағы ең қиын мәселелердің бірі. Уақытында Ф.Энгельс «гносеологиялық тұжырымды» ұсынған болатын. Оның ойынша, алғашқы адамдардың сана-сезімі өскен сайын, олар қаны жақын адамдардың жыныстық байланысы жаңа ұрпақтарды әлсірететінін байқап, үйірдің ішіндегі жыныстық қатынастарға тыйым салады. Сол себепті үйір руға айналады. «Тотемдік» және З.Фрейдтің «әкені өлтіру» тұжырымдары да терең қарағанда гносеологиялық негіздеуге жақын. «Тотемдік» тұжырым «біздің шыққан тегіміз неде?» деген сұраққа жауап беруді талап етеді, ал «әкені өлтіру» де балалардың арасындағы жақындықты сезінумен байланысты. Бүгінгі таңда біршама этнографтар мұндай көзқарастарды сынға алады.
Біздің ойымызша, шындыққа жақын «бейбіт өмір қажеттігі» жөніндегі тұжырым болса керек. Ол және де біршама тарихи деректерге негізделген. Алғашқы үйірлер тұрақталған жерлерде археологтар бір мәнермен өлтірілген адамдардың сүйектерін табады. Оларды арт жағынан байқатпай келіп, таспен басынан ұрып өлтірген. Жүргізілген зерттеулер өлгендердің бәрі де еркектер екенін көрсетті. Осыдан ғалымдар оның себебін әйелдер үшін талас арқылы болғанын болжайды. Еркектердің санының азаюы, - олар негізінен аңшы болғаннан кейін, - аштыққа, тіпті үйірдің құрып кетуіне әкелетін қатер туғызады. Сондықтан бейбіт өмір қажеттігі үйірдің ішіндегі жыныс қатынастарына тыйым салуға мәжбүр етіп, нәтижесінде үйір руға ауысады.
Міне, қисындық жолмен, кейбір тарихи деректерге сүйене отырып, біз адамға ұқсас маймылдардың (архантроптардың) адамға айналу жолын көрсеткен тәріздіміз. Әрине, көп нәрселер әлі күңгірт екенін жасыруға болмайды. Мысалы, сонау Зинджантроптан бастап (2 млн. жыл бұрын өмір сүрген, Оңтүстік Африкадан табылған) Синантроп (қытай адамы), Явандық (Ява аралынан табылған), Еуропада Гейдельберг, Неандерталь адамымен Кроманьонға (қазіргі адам) дейінгі уақыттың шеңберінде өмір сүрген көп өтпелі түрлердің сүйектері әлі табылған жоқ. Дегенмен де жоғарыда көрсетілген болжамның өміршеңдігіне сенгіміз келеді.