Лекция сабағының тақырыбы:Философия мәдениет феномені хақысында. 4 страница
Аристотель адамның ішкі рухани сапаларын жетілдірудегі пайда болатын диалектикалық қайшылықтарға да жан – жақты тоқталды. Мұнда екі жақа кететін ұшқарылық, сыңаржақтықтар бар. Аристотель бұл қарама – қарсылықтарды «аралық» және «орташалық» деп бөліп қарады. Егер осы екеуінің диалектикалық бірлігі болмаса, адамның қабілеті өз қасиетінен айырылған батпақ сияқты ортаға түседі, - деді. Бірақ, практикалық ақылды Аристотель тым асыра бағалаудан аулақ. . Ол практикалықты қайырымды кеңеспен, көрегендікпен, зерделілікпен, ойлап тапқыштықпен ұштастыра қарайды.
Аристотель адамдардың іс - әрекетіне ерекше көңіл бөле отырып, оны адамгершілік – саяси қызмет және шығармашылық деп екіге бөледі. Олар өзара бірлікте. Бірақ олардың арасында айырмышышылықтар бар. Олардың бірлігі – екеуіде ақылды жанның пайымдаушы құрамдас бөлігі екендігінде. Ал олардың айырмашылығы – шығармашылық пен адамгершілікті айыра білумен сәйкес. Өйткені, шығармашылық – сыртқы мақсат, ол өнер үшін қызмет етеді, ал адамгершілік болса, ол адамның іштей өзіне өзі қойған мақсаты адамның өзінің қалап алуымен тығыз байланысты.
Аристотельдің қоғамдық – саяси көзқарасы оның «Саясат» деп аталатын еңбегінде айқын көрініс тапты. Оның осы шығармасы «Этикамен» сабақтаса келіп, біртұтас ілім құрайды. Өйткені, оның «Саясат» деген шығармасындаға адам алдымен өзінің адамгершлік қасиеттерімен ғана айрықша даралануға тиіс. Ізгі ниетсіз адам нағыз бұзылған әрі дөрекі жан. Сондай – ақ, ол жыныстық қатынас пен тамаққа деген құмарлық жағынан хайуаннан ешпір айырмашылығы жоқ жануар болып шығады.
Аристотельдің ойынша, «Мемлекет өз табиғаты жағынан сан алуан болады. Оның құрылымы күрделі, әрі көптеген бөліктерден тұрады». Мемлекеттегі адамдар әртүрлі, олар біркелкі болуы да мүмкін емес. Мемлекет жанұялардан тұрады. Олардың да бір-бірінен айырмашылықтары бар.
Аристотельдің ойынша, демократияның бес түрі бар, олар екі текке бөлінеді: заңға негізделген демократия және жоғары өкімет билігі тобырлар қолында болған кездегі демократия. Егер өкімет билігі заңның емес, тобырлардың қолында болса, ондай демократия жағдайында негізгі рөл атқаратындар халық болмайды, керісінше соның атын пайдаланған жарамсақтармен даурықпалар ғана болады. Егер тиранның жанында жарамсақтар жүрсе не халықтың атынан даурықпалар басқарса, қандай ғана үкімет болса да күйреуге ұшырайды. Осындай демократияның кесірінен зардап шегетіндер - аристократия тобы, және қадірлі де сыйлы жандардың жеке меншігі. Сондай–ақ жерге ие болып, оны өңдейтін еңбек адамдары егіншілер де бұл демократиядан қысымшылық көріп жақсылыққа қолы жетпейді. Сонда оның пайдасына ие болатын кімдер дейсіз ғой? Олар, Аристотельдің ойынша, тәлім – тәрбие алмаған, жекеменшіктен, жерден және еңбектен қол үзіп қалған адамдар. Олардың өз алдына тиянақты да, ерікті, табанды бет алысы да жоқ..
Бұл демократия жағдайында бостандық, еркіндік деген ұғымдар ешбір мазмұнға ие болмаған бос сөз болып шығады. Өйткені, мұнда «еркіндік дегеніміздің не екенін нашар түсінеді».
Аристотель осы мәселелердің біразына айрықша қөңіл аударып, оларды ғылыми негізде талдауға ұмтылды. Сондықтан ойшылдар Аристотельді «Көптеген ой – пікір формаларымен, қоғамдық формалармен және табиғи формалармен қатар құн формасын тұнғыш рет талдаған ұлы зерттеуші» деп атады. Шынында да, сол көне құлдық заманның өзінде-ақ Аристотель тарихта алғаш рет еңбек бөлінісі тауарлы шаруашылық, айырбас, ақша, құнның екі түрі, қоғамдық өмірдің тағы басқа да құбылыстарын ғылыми негізде зерттеуге тырысты.
Аристотельдің адам тәрбиесі мәселесіне өзіне дейінгі ойшылдарға қарағанда айрықша қөңіл бөлгенін айта кетуіміз керек. Адамның жан – жақты мәдени және рухани дамуына ерекше ықпал етіп, айрықша рөл атқаратын ең алдымен - өнер. Ол адамдарды тәрбиелеудегі негізгі құрал болып табылады. Осы өнердің ішінен Аристотель трагедияны ерекше бөліп алып, оның адамдарға тигізетін әсерін барынша бағалады.
Афина мемлекетінде маңызды тәрбиелік рөл атқаратын өнердің тағы бір түрі бар. Ол – музыка. Оның әсері адамның сезімін жетілдіреді. Музыка адамның рухани дүниесін әсем дыбыстармен идеялды тербелістер арқылы объективті өмірдегі орын алатын сезімдік жайларды жеке түсінуге көмектеседі. Музыка, сонымен қатар, тек қана дыбыс пен шудың көрінісі болып қалмай, өз тыңдаушыларын, әсіресе, жастарды адам-гершілік пен парасат рухында тәрбиелеуге айрықша көңіл бөледі.
Аристотель болса барлық тәлім – тәрбие мәселесін адамның жан–жақты дамуына бағыттай отырып, өнердің басқа да түрлеріне ерекше назар аударды. Бір сөзбен айтқанда, Аристотель өнер және оның түрлері арқылы адамгершілік пен парасаттылықты қалыптастырып, оларды шын мәніндегі адамның бойына бітетін бірден бір негізгі қасиеттер деп есептеді.
Аристотельдің философиясы өз заманымен шектеліп қалмай, оның көптеген идеялары кейінгі ойшылдарының арасынан қолдау тауып, шығармашылық пен дамытылды. Бұл жерде шығыстың орта ғасырдағы үлкен алыбы философия саласында «екінші Аристотель» атанған әл – Фарабидің еңбектерін атап өтсе жеткілікті. Оның «Философиялық трактаттары», «Әлеуметтік – этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары» тағы басқа да еңбектері Аристотельдің көз қарасын барынша ілгері дамыта отырып, өз заманына сәйкес жаңа көзқарастарының негізін қалады.
Аристотель философиясы, бір жағынан, өзіне дейінгі философияның, ғылымның, таным теориясының, әлеуметтік-саяси, экономикалық ілімдердің бәрін жинақтаған көне грек дәуірінің энциклопедиясы болды. Екінші жағынан, Аристотельдің өзі көптеген философиялық саяси - әлеуметтік мәселелерді көтеріп, оларды өз заманының деңгейінде шешуге ұмтылды. Оның қойған философиялық проблемаларының маңыздылығы сонша, олар келесі дәуірдегі ұрпақтардың игілігіне айналды.
Аристотель де негізінен алғанда мәселені біркелкі шешті. Олардың негізгі көңіл бөлген проблемасы адамды тәрбиелеу, оның ішкі рухани дүниесін жан-жақты жетілдіру еді. Оның үстіне Аристотель - көне грек философиясының ең жоғарғы шыңы, ол өзіне дейінгілердің қазынасын толық игере білді. Аристотельден кейінгі философия тек дағдарысқа ұшырап, одан соң барлығы қайтадан, жаңадан басталды деу қате болар еді. Әрине, Аристотельден кейінгі философияның теориялық деңгейі едәуір төмендеп кетті. Аристотельдің философиясымен аяқталған процесті жалғастырды да, екінші жағынан жаңа дәуір, орта ғасыр дәуірінің жаршысы болды. Бұл ағымдарстоялықтар, эпикуршілдер және скептиктер-философия тарихында бір-бірімен үнемі жауласып өткен топтар. Алайда, олар адам өмірінің негізгі мақсатын бақыт деп білді. Сондықтан олар адамның бақытқа жетуінің жолдарын өзінше көрсетіп беруге барынша ат салысты.
Қорыта келгенде түйіндеген ойымыз-көне грек философиясы адамның мәнін түсінуге үлкен қадам жасады. Ал одан кейінгі дәуірорта ғасыр адамға тікелей назар аударып, оны ендігі жерде ғарышпен, табиғатпен, заттармен шатастырмай, оны құдайдың сүйген құлы, тірі жан деп есептеді. Сөйтіп, жаңа дәуірде адамды сезімдік материалдық зат деп қараудан арыла бастады. Бірақ адамды затпен, табиғатпен, ғарышпен шатастырған теріс көзқарастан толық арылуға әлі де көп уақыт бар еді. Ол үшін алдағы сан ғасырларды бастан кешіру керек болды.
4. Бақылау сұрақтары:
1. Фалес бойынша дүниенің түпнегізі?
2. Анаксимен мен Анаксимандр бойынша дүниенің түпнегізі?
3. Гераклит бойынша дүниенің түпнегізі?
4. Элеаттар мектебінің өкілдері бойынша дүниенің түпнегізі?
5. Атомистер ілімінің түпкі мәні мен оның ғылым дамуындағы әсері қандай болды?
6. Софистердің методологиялық кемшілігі?
7. Философия тарихындағы Сократтың алар орны?
8. Платонның таным теорясы?
9. Аристотель философиясындағы болмыс мәселелері
10. Аристотельдің саяси ойлары?
№4 Лекция сабағының тақырыбы:Батысевропалық ортағасырлық мәдениеттегі философия мен діннің феномені.
1. Сабақ жоспары:
1. Ортағасырдағы христиан философиясының өзіндік ерекшеліктері, даму кезеңдері.
2. Ф.Аквинскийдің еңбектеріндегі схоластикалық идеялар.
3. Номинализм мен реализм теориясы.
2. Сабақ мақсаты:
Ортағасырлық христиан философиясының дүниетанымдық ерекшеліктері мен схоластикалық бағыттың ықпалының қоғамның барлық салаларына әсер еткенін түсіндіру.
3. Лекция мәтіні:
1. Батыс Европа елдеріндегі – феодалдық қоғам философиясы, ол Рим империясының күйреуімен бастап (5ғ.), капиталистік қоғамның алғашқы формалары пайда болғанға дейін (14-15ғ.ғ.) өмір сүрді. Құл иленушілік қоғамның құлауымен ежелгі философиялық мұра жоғалып, ол батыс Европа ғалымдарында 12 ғасырдың екінші жартысына дейін белгісіз болып қала берді. Алдыңғы Азияда, араб тілдес елдерде – мұсылман, Европада - екі түрлі христиан (рим католицизмі мен византия православиясы) діни идеология үстем болды. Мектеп, ағарту ісі шіркеудің қолына көшті, оның көзқарасы табиғат, дүние және адам туралы түсініктерге негіз болды.
Бұл дәуірдің өзіндік философиясы болды. Оны схоластика ( мектептік ілім) деп атады. Схоластардың талас пікірі – жалпылық пен жекелік қатынасы. Философия тарихында бұл таласты әмбебаптар яғни универсалдар (лат. Uneversalia – жалпылық), яғни жалпылық ұғымның табиғаты жайлы айтыс деп атайды. Мұны шешудің түрлі жолы айтылады. Біреуі – жалпы ұғым - әмбебептар адам санасынан, нақты заттар атауынан тыс өмір сүретін шындық деп түсіндіреді және бұл шын мәнінде құдаймен байланысты деп дәлелдеді. Бүкіл тіршіліктің мәні жаратушы құдай деді. Бұл көзқарасты жақтаушылар реалистер деп аталады, ал олардың философиялық бағыты реализм деп аталады. Бұл таза объективтік идеалистік бағыт болып табылады. Реалистер іс жүзінде ұғым мен объективтік дүниенің, жалпы мен жалқының арақатынасы туралы мәселенің шешіміне келгенде Платонның бағытын жалғастырды. Бұған қарама-қарсы екінші бағыт номиналистер (лат. Nomen – есім, атау) бойынша, тек өздеріне тән қасиеттері бар заттар ғана өмірде бар деп тұжырымдады. Заттар туралы біздің жалпы түсінігіміз олардан тысқары бола алмайды, тіпті заттардың шынайы күйі мен қасиеттерін елестете алмайды. Бұл пікір бойынша, «жалпы адам» дүниеде жоқ, адам қашанда нақты бейне. Ал «адам» деген жалпы атау – ол нақты адамдардың бәріне тең, ортақ ұғым. Номиналистер заттардың бастапқы, ал ұғымның соңғылығын мойындай отырып, материалистік тенденциялармен байланыста болды. Схоластика негізгі үш кезеңнен өтті.
1. Балауса схоластика (ІХ-ХІІғғ.)ғылым, философия, теология (дін ілімі) әлі бір-бірімен байланысып, ажырамаған, бірақ ақыл ой-әрекетінің жемісі мен құндылығын түсінуді және универсалийлерге (жалпылық) байланысты пікірталас негізінде ақыл-ойға діни сенімнің үстемдігін жүргізуді және сол үстемдіктің заңдылығын дәлелдеуді өзіне мақсат етіп қойған схоластикалық тәсіл қалыптасты. Негізгі өкілдері:А.Кентерберийский, П.Абеляр, А.Аврелий т.б.
2. Кемеліне жеткен схоластика (ХІІІғ.).Бұл – философиялық-теологиялық ілімнің қалыптасып кең етек алған кезі болды. Негізгі өкілдері: Ұлы Альберт, Ф.Аквинский, Д.Скотт т.б.
3. Құлдырау кезеңі (ХІҮ-ХҮғғ.)ғылыми және философиялық ойлардың тез қарқындап дамуына байланысты теологияның өмірден алшақ, мистикалық ілімге айналуына орай схоластика мүлдем нәтижесіз, тіл безеген ғылымға айналды. Негізгі өкілдері: У.Оккам, Ж.Буридан т.б.
Схоластикалық пікір-талас үстінде христиандық догмаға сәйкес келе бермейтін көптеген философиялық мәселелер көтеріліп, өзінің шешімін тапты.
Августин Аврелий(354-430ж.ж.) Философ, католик шіркеуінің белгілі уағыздаушысы және саясаткер. Ол августинизм деп аталатын христиан философиясындағы неоплатонизм бағытын негізін қалаушы. Негізгі еңбектері:«Тәубеге келу, «Құдай қаласы туралы т.б. Августин ілімі бойынша адам дүниеге келу келмей тұрып оның іс-әрекеттері, қылықтары құдайдың еркімен белгіленіп қойған. Ол белгі игілікке немесе азаптарға бағытталған болуы мүмкін. Құдай әлемді жаратқанда барлық заттардың түрлерінің бастамасын олардың бойына енгізіп, әрі қарай дамуына мүмкіндік берген. Адамзат тарихы осы заңдылыққа бағынады. Августин адамзат тарихы бір-біріне қарсы екі патшалықтың күресінің нәтижесі деп тұжырымдайды. Ол құдайға қарсы күнделікті өмірдің қызығын күйттейтіндер мен құдайдың патшалығы арасындағы күрес. Августиннің құдай құлшылығы дегені оның жердегі өкілі - Рим шіркеуі. Шіркеу құдай патшалығы атынан сөйлейтін болғандықтан, оған жердегі адамдардың бәрі де бағынуға тиіс.
Августинизм теологиялық-философиялық бағыт ретінде ХІІғ. дейін өмір сүрді. Кейін Ұлы Альберт және Ф.Аквинскийдің ілімдерімен ығыстырылды.
Схоластикалық тәсілдің негізін қалаушы және қорғаушы француз теологсхоласты Пьер Абеляр (1079-1142) болды. Негізгі еңбегі: «Бар және жоқ».
П.Абелярдың пікірінше шынайы өмір сүретін - жалқылар, бірақ олардың ортақ қасиеттері болғандықтан, осы негізде жалқылар ұғымы қалыптасты. Жалпылар (универсалийлер) шын өмір сүреді, себебі ол құдайдың ақыл-ойында есепте тұр әрі ол жаратқан заттардың үлгісі болып табылады. Олай болса, жалқылардың шын екеніне деген сенім де бір-біріне қайшы келмеуі керек. Адамға ең көріктісі оның іс-әрекеті емес, құдайға деген сенімі.
2. Христиандық діни ілімді Аристотельдің философиясымен байланыстырып, шіркеудің алғашқы схоластикалық ұстазы болған Фома Аквинский (1225-1274ж.ж.) Негізгі еңбегі:«Теология жиынтығы».
Ол Аристотельдің іліміне сүйене отырып белсенді түр (реттілік принципі) мен тұрақсыз және қалыптаспаған материяның (болмыстың әлсіз түрі) арасындағы байланысты түсіндіру арқылы Иусус Христостың бойындағы құдайлық (идеалдық және адамдық) материалдық қасиеттерін теориялық жолмен негіздеуге тырысады.
Құдайдың арқасында қосылған алғашқы бастамалар – түр мен материя жеке заттар әлемін тудырады. Адамның өзі де жан (түр қалыптастыратын принцип) мен дененің қосындысынан пайда болған. Жан «таза түр» ретінде күйреуі, жоғалуы мүмкін емес. Бірақ ол жерде тіршілік пайда болғанға дейін жеке өмір сүрмеген, оны құдай жаратқан.
Ф.Аквинский Аристотельдің жалпы ұғымдар жалқылардың түр қалып-тастыратын принципі ретінде өмір сүреді деген іліміне сүйене отырып, универсалийлер ақыл-ойдың жемісі болғанымен, санадан тыс, құдайдың ойында орын алғандықтан өз алдында жеке дара тіршілік етеді деп есептейді. Осыдан кейін ол универсалийлердің үш түрлі өмір сүретіндігін көрсетеді.
1. Зат пайда болғанға дейін құдайдың ойында;
2. Заттардың өзінде;
3. Заттардан кейін, адамның ақыл-ойы да – сол заттардың ұғымы, абстракциялық ойдың нәтижесі ретінде өмір сүруі.
Ф.Аквинскийдің пікірінше, дін құдайдың табиғатын түсіндіретін ілім. Сондықтан шіркеу оны уағыздаушы ретінде адамзаттық қоғамнан жоғары тұрады. Демек, өкімет билігі құдайдан рухани билікті жүргізетін, аспанда – Христос, жерде Рим папасы.
Ф.Аквинскийдің ілімі ХІХғ. қалыптасқан, қазіргі кезеңдегі философияда өзіндік орын алып отырған неотомизмнің теориялық және идеологиялық арқауы болып отыр.
3. Номиналистік бағыттың көрнекті өкілі, схоластикалық ойлау тәсілінен арылып, трансцендентальдық болмыстың онтологиясын қалыптастыру арқылы Саурес, Лейбниц, Г.Биль сияқты ойшылдарға үлкен әсер еткен ағылшын ғұламасы Уильям Оккам (1300-1350ж.ж.) болды. Оның пікірінше әлем жеке заттар мен мәндерден тұрады. Мәнділіктердің негізгі анықтамаларының қасиеттері (трансценденталий) өзінен бөлінбейді және қажеттіліктің арқасында оның мәнінен тікелей туындайды. Трансцендаталийлер категориядан да, біртектес заттарды қамтитын жалпы ұғымдардан да жоғары тұрады. Ал, категориялар мен жалпы ұғымдар заттардың таңбасы, белгілері ғана, олай болса олар жеке-дара өмір сүре алмайды, тек адамның ақыл-ойында болады. Ол ақыл-ойдан тыс өмір сүретін тек жалқылар болғандықтан таным процесі заттарды, құбылыстарды түйсіктер арқылы бейнелеуден басталады. Танымның өзі сыртқы және ішкі тәжірбие арқылы түйсініп білуден тұрады. Ішкі тәжірбиеде адам жалқыларды бейнелеудің нәтижесінде оларды түйсініп, нақты білім алса, сыртқы тәжірбиеде трансцендаталийлер туралы абстрактілі білім жинайды. Бірақ ақыл-ой күшімен құдайды, оның бар екендігін бұлжытпай дәлелдейтін фактілер болмағандықтан, оған сену ғана керек. Олай болса, Оккамның пікірінше философиялық ақиқат пен діни ақиқат екі түрлі құбылыс, ғылым мен философия үшін ең маңызды нәрсе – интуиция мен білім арқылы ақиқаттығы дәлелденетін фактілер. Ал дәлелдеудің өзі қарапайымдылыққа, түсініктілікке негізделуі шарт.
4. Бақылау сұрақтары:
1. Схоластикалық мектептердің қалыптасу алғышарттары?
2. Схоластикалық мектептің құлдырау себептері?
3. Номинализм дегеніміз не?
4. Реализм дегеніміз не?
5. Универсалиилердің өмір сүру тәсілін схоласттар қалай түсіндірді?
№5 Лекция сабағының тақырыбы:Исламдық ортағасырлық мәдениет контексіндегі арабтық мұсылмандық философия.
1. Сабақ жоспары:
1. Мұсылман философиясының қалыптасуы мен ерекшеліктері.
2. Сопылық – мұсылмандық діни-философиялық ойлардың бағыты ретінде.
3. Мұсылман ойшылдарының ғылыми философиялық мұрасы.
2. Сабақ мақсаты:
Араб-мұсылман философиясының дүниетанымдық мәні мен ойшылдарының ғылыми ұстанымдарымен таныстыру.
3. Лекция мәтіні:
1. Орта ғасырда пайда болып, жаңа заманға дейін философия тарихында көрнекті орын алған, еңбектерін араб тілінде жазған, негізінен мұсылман елдерінен шыққан ойшылдар тобының ілімін ғылымда фәлсафа деп атау дәстүрі бар. Анығында бұлар ерекше ойлау менталитетіне ие болған фәлсафа өкілдері. Философия мұсылман мәдениетінің туындысы. Бұл негізінен, мұсылман елдерінің ойшылдарына тән дүниетаным.
Фәлсафаның мазмұны Платон, Аристотель еңбектерін қайта жаңғырту болса, бұл мақсат мұсылман негізінде орындалып, араб тілі арқылы жүзеге асты. Нақ осы кезеңде философ-ойшылдар рухани мәдениет пен мұраның бай даму тәжірбиесін байыптай бастады, философиялық ілімнің алғашқы тұжырым-дамалары мен жүйелері, танымның қағидалары мен әдістері пайда болды.
ХІ-ХІІ ғасырлар Арабияда пайда болған жаңа дін исламның Орта Азияға толықтай тарап, дінге енген кезеңі болатын. Осы аталған ғасырларда өндіргіш күштердің дамуы, қолөнердің өсуі, қалалардың бой көтеріп, олардың қоғам өмірдегі рөлінің артуы байқалады.
Ал, рухани салада ортодокстық мұсылмандық идеология мен прогресшіл қоғамдық-философиялық ойды дамытушылар арасында күрес жүріп жатты. VІІІ-ХІ ғасырларда мутакаллимдер (ислам философиясы каламды жақтаушылар) мен мутазилиттер (ғылымның әр түрлі саласын жөне ежелгі грек даналығын жақтаушылар) арасында идеялық тартыс басталған еді.
Осы кезеңде математика, астрономия, медицина, химия, география, механика, музыка өнері, логика және т.б. ғылым салалары жедел дами бастады. Орта ғасырлардағы ғылым мен мәдениет антика заманының жетістіктерін пайдалана отырып байи түскені мәлім. Шын мәнінде Шығыс және Грецияның мәдени құндылықтарының қайтадан жаңғыруы осы аталған кезеңге тән құбылыс. Грек, ежелгі Үнді, Сирия және дари-парсы тілдерінде жазылған шығармаларды аудару, өткен дәуір ойшылардың еңбектеріне комментарийлер жазу әдеттегі жәйтке айналған болатын.
Осы кезеңде Шығыс халықтары, оның ішінде Орта Азия халықтары тарихи аренаға ғылымның әр саласына айтарлықтай қомақты үлес қосқан аса көрнекті ойшылдарды шығарды. Олардың әрқайсысы әлем халықтары мәдениетінің тарихына өшпес із қалдырды. Аталған тарихи кезеңде көптеген әлем халықтары мәдениетінің байланысы мен бірігуінің нәтижесінде аса бай тілді мәдениет және қоғамдық-философиялық ой қалыптасты. Осы процеске әр түрлі халықтардан шыққан ғалымдар белсене араласады. Мәселен, Орта Азия Әл-Хорезми, Фергани, Әл-Фараби, Түрки, Марвази т.б.; Ираннан - Мукаффа, Наззам, Раванди, Закария, Рази; арабтардан Әл-Кинди, Джахиз, Мутанабби; Солтүстік Африка халық-тарынан - Ибн Рушд, Ибн Туфейль т.б.; Араб халифатының ыдырауы және оның территориясында жеке феодалдық мемлекеттердің пайда болуымен Орта ғасырлық мәдениет пен ғылым өз алдына дербес дами бастайды. Орта Азияда - Фирдауси, Ибн Сина, Бируни, Ж.Баласағұн, Махмуд Қашғари; Иран халықтарынан-Фахриддин Рази, Омар Хайям, Хафиз, Саади сияқты ұлы ойшылдар шықты. Бірақ бұл процесті монғол шапқыншылығы тоқтатады. ХV гасырда Орта Азияда мәдениет пен өнердің қайтадан жедел дами бастауы байқалады. Орталық Азия әлемге танымал болған тұлғалар, ойшыл-ғылымдар Ұлықбек, Коши, Бекзаттарды дүниеге әкелді. Сондай-ақ, осы уақытты ислам идеологиясьшың ірі теоретиктері Ибн Араби, Ғазали, Яссауи аса құнды еңбектерімен танымал болды.