Адамның дінге мұқтаждығы

· Адамның дінге мұқтаждығы - student2.ru

· Адамның дінге мұқтаждығы - student2.ru

Жарияланған уақыты: 08.10.2012 08:27

332 - рет оқылды

Адамның дінге мұқтаждығы - student2.ru Асылында, әрбір дүниеге келген адамның бойында дінге, рухани тазалыққа, тылсым күшке сену сезімі болады. Бойдағы бұл сезім адамды ерте ме, кеш пе әйтеуір бір тылсым күшке сенуге жетелейді. Адамның ет пен сүйектен жаратылғаны айдан анық болса, тән мен жан да сол адамдық ұғымның қос қанатын құрайды. Тән азығы ішіп-жеу мен басқа да нәпсілік жағдайяттармен байланысты болса, жан азығы – ең алдымен, Ұлы Жаратушыға құлшылық ету. Тарихи деректерден қорытынды шығарсақ, дінсіз (яки, имансыз) адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған. Себебі, адам баласы сенімге мұқтаж.

Ал сол мұқтаждық сезім, әу баста Аллаһты тану үшін берілген бір хикмет екенін ескере бермейміз. Аллаһ адамзатқа жаратылысқа дейін рухтар әлемінде Өзінің Жаратушы Ие екендігін үйретіп, бізден Өзін Жаратушы Иеміз деп танитындығымыз турасында уәде алды. Атам қазақтың «әлмисақтан мұсылманбыз» деуінің төркіні де осында жатыр. Бұл жайында аятта былай дейді: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» – дегенде олар: «Әрине куәміз»,–деген. Қиямет күні: Бұдан хабарымыз жоқ демеңдер» (7. Ағраф-172). Хазіреті Пайғамбарымыз да бір хадисінде адамның

ислам дінімен дүниеге келетіндігін айтып өтеді: «Әрбір сәби (жаратылысында) мұсылман болып дүниеге келеді. Бірақ ол баланың әке-шешесі оны өз діндеріне кіргізеді. Яһуди болса яһуди, христиан болса христиан, мәжуси болса мәжуси етеді» (Бухари, Жәнайз 80; Муслим,Қадар 22; Тирмизи, Қадар, 5). Хазіреті Пайғамбарымыз осы хадисімен адамдағы діни сезімнің туа біткеннен болатындығын білдіреді. Осы тақырыпқа қатысты зерттеу жүргізген батыс әлеуметтанушылары адамдағы тылсым дүниеге, қандай да бір күшке сену сезімінің туа біткеннен болатындығын ғылыми тұжырымдармен дәлелдеген. Бірақ, адамдардың бәрі дерлік Ұлы Жаратушыға сеніп, оған құлшылық етпеген. Неліктен? Өйткені сенім жүре келе ортаға қарай икемделіп, кім қандай ортада өссе солай қалыптасады. Біреулердің пұтқа табынып, келесі біреулердің от пен суға, жан-жануарларға табынып жататыны соның айғағы. Адам бойындағы бұл имани сезімді діннен өзге ешбір жүйе қанағаттандыра алмайды. Мысалы, ғылым, өнер, спорт, т.б. осы секілді жағдаяттар адамды рухани

тұрғыдан жетілдіре алмайды, белгілі бір дәрежеде жетілдіргенімен ол сезімнің ғұмыры шектеулі. Ал дінде, яки Жаратушы құрған жүйеде бұл сезімнің ғұмыры, әлбетте шексіз болып келеді. Иманның иләһи ләззатынан адамның ешқашан жалықпайтыны да сондықтан. Адам оң-солын танығаннан кейін айналадағы тіршілікке көз салып, бір сәт өз болмысын ойлағанда: «Мен қайдан келдім? Қайда барамын? Өмірге не үшін келдім? Мені кім жаратты? Не үшін жаратты? Мен1 өлген соң қайда барамын?..» дегендей сұрақтар санасын мазалап, жауап іздейді. Бірақ ақыл бұларға адамды қанағаттандырарлық толық жауап бере алмайды. Себебі, аталмыш сұрақтардың түп-төркіні телегей-теңіз діни өлшемдерде жатыр. Қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, әділеттілікті, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбіркөрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі. Ұлы Жаратушының бар екендігіне сенген адам құлшылық ету үшін діни қағидаларды қажет етеді. Ғылым мен техника адамға құлшылық етудің, тақуалықтың қыр‑сырын үйрете алмасы анық. Сондықтан, «қоныс таңдағанша, өріс таңда» дегендей, адамдық болмысы-

мыз өткінші һарекеттен гөрі, рухани өрісімізді кеңейтіп, мәңгілік бақытқа жетелейтін, иләһи өлшемдерге, дәлірегі дінге мұқтаж. 3. Дінді жіберуші – Аллаһ Тағала

Аллаһ Тағала адамды Өзін танып, құлшылық ету үшін жаратқандықтан дін жіберді. Бұл діннің негізі

«Таухид» (Аллаһтың бірлігі) сенімінен тұрады. Ислам дініне дейін Аллаһ өзінің шынайы, дара жолын үйрету үшін әрбір қауымға, тайпаға, ұлтқа елшілер арқылы дін жіберді. Ұлы Жаратушының бар екендігіне сенгенімен, қалай құлшылық ету керектігін адам ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар келіп отырды. Екіншіден адамға дін келмесе о дүниеде Аллаһқа: «Уақытында

Сенің елшілерің келгенде, шынайы жолды үйреткеніңдe біз тозаққа бармас едік. Я, Аллаһ! Әділдігің қайда?!» дегендей уәж айтары сөзсіз. Міне, осындай сылтау мен желеуге бірден‑бір тосқауыл ретінде әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында былай дейді: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе біз тәубе етер едік

деп) сылтау айтпауы үшін жақсы хабар жеткізуші, (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы дапайғамбарлар жібердік. Аллаһ аса үстем, хикмет иесі» (4.Ниса-165).

Елші келмеген, дін жіберілмеген ешбір қауымның мына аяттар хабар береді: «Шындығында

Біз сені ақиқатпен (муминдерге) қуанышты хабар жеткізуші, (кәпірлерді) қорқытушы етіп жібердік.

Қауымдардың қайсысына болса да елші жіберілген» (35.Фатыр-24); «Әрбір үмметтің бір пайғамбары бар» (10.Юнус-47). Аллаһ қайсы бір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені, Аллаһ Өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермегендіктен, адамдар Аллаһқа қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын

деп, Аллаһқа серік қосу немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін еді. Сол себепті Құранда: «Пайғамбар жібермейінше ешкімді жазаламаймыз» (17.Исра-15) деп анық

ескертілген. Демек, Ұлы Жаратушы өзінің діни шариғатын жібере отырып, оны исламмен тәмамдаған. Ал исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге

аян. 4. Алғашқы діннің пайда болуы жайындағы ғылыми тұжырымдар Қоғам өмірі мен рухани болмысы жайында ғылыми зерттеулер жүргізген философтар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар алғашқы діни жүйелер жайында түрлі тұжырымдар айтқан. Әр ғалым өзінің зерттеу нысанының шеңберінде дінге түрлі түсінік береді. Нәтижесінде, алғашқы діни жүйе ретінде, ғалымдар анимизм, тотемизм, натуризм, магия, фетишизм, паганизмдерді бөлежара атайды. Аталмыш діндер негізінен көп тәңірлік(политеистік) сенімнен тұрады. Ғалымдардың айтуы бойынша, алғашқы қауымдық құрылыс уақыт өткен сайын мәдениеттілікке қол жеткізіп, соңында мәдениетті, өркениетті елге айналғаны секілді, діндер де алғашқыда көп тәңірліктен бастау алып, бертін келе, бір құдайға (монотеизм) сыйынудың қалыптасқандығын айтады. Ал исламның бұл пікірге келіспейтіндігіне төменде тоқталып өтеміз. Енді осы айтылған ғылыми тұжырымдамаларға кел-

сек: а) Анимизм – адамның өмірлік істеріне араласатын және адамға өз мақсатына жетуге көмектесетін немесе кедергі келтіретін сансыз «рухани әлемдердің» болатындығына деген сенім4. Бұл тұжырымның мән-жайы Эдуард Тайлор еңбектерінде біршама қисынды түрде талданады. «Анима» латынша «рух» деген ұғымды білдіреді. Яғни, анимизм дегеніміз жанды-жансыз тіршілік атаулыда болатын рухқа табынушылық. Тайлордың теориясы бойынша, жан ұғымы - жын

шайтандар, түрлі рухтар және рухани мәндер тобына ортақ есім. Алғашқы қауымдық кездегі адамдар үшін ұйқы мен өлімнің маңызы зор еді. Олардың түсінігі бойынша ұйқы - рухтың тәннен шығып серуендеуі және тәнге қайта оралуы болса, өлім – керісінше, серуендеуге шыққан рухтың тәнге оралмауы болып табылады. Өлген адамдардың рухтарының ішінде жақсылары да, жамандары да бар. Анимистік теория бойынша алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдар жаман рухтардың жаманшылығынан сақтану үшін жақсы рухтардан жәрдем тілеу арқылы рухтарға табынған. Нәтижеде «анимизм» деген «дін» пайда болған деген тұжырым жасайды5.

ә) Натуризм – французша табиғат деген ұғымды білдіретін «la nature» сөзінен шыққан. Макс Мюллердің (1823-1900) тұжырымы бойынша, алғашқы дін - «натуризм». Натуризм «діні» табиғатқа табыну, яғни қоршаған ортадағы заттарды құдайға айналдырып, соған табынудан тұрады. Бұл тұжырым бойынша, адам табиғатпен салыстырғандағы өзінің әлсіздігін сезініп, апаттардан, жаманшылықтардан құтылу үшін күн, ай, от, тау, тас секілді түрлі заттарға сиынған.

б) Тотемизм - ру, тайпа, жануарлар мен өсімдіктердің кейбір түрлері арасындағы туыстыққа сену. Тотемизм ру мүшелерінің кейбір жануарларға киелі деп табынуы немесе әр алуан киелі нәрселерге тәуелді болуы. Тотемизм көбінесе егіншілік және аңшылықпен айналысқан алғашқы қоғамдарда кезігеді.Француз әлеуметтанушысы Э. Дюркгейм (1858-1917) 1912 жылы жазған «Діни өмірдің қарапайым пішіндері» атты еңбегінде «Тотемизмді» алғашқы дін деп есептейді. Ол австралиялық тұрғындар арасындағы тотемдік сенімнің кең тарағанын дәлел ретінде алға тарта отырып, осындай тұжырым жасайды6. Шынтуайтында, Дюркгейм Австралияға арнайы зерттеушілік саяхат жасамаған, тек сонда барып келген саяхатшылардан сұрастыру арқылы аталмыш тұжырымды алға тартады. в) Магия – ұғымы әр түрлі салт-жоралар мен оған сәйкес наным-сенімдердің ортақ белгісі болып табылады. Магиялық іс-әрекет – мақсаттылық бағыты бойынша емдеу магиясы (тәуіптік), сақтаушы магия, зиянды магия (көз тию) секілді түрлері болады7.

Ағылшын этнологы, алғашқы діндерді зерттеушіғалым Джеймс Джорд Фрэзер (1854-1941) 1890 жылы жазған «Золотая ветвь» (Алтын бұтақ) атты ауқымды еңбегінде «магиялық өнерді» дін пайда болғанға дейінгі шынайылық қарым-қатынастың әмбебап формасы болған дейді. Фрезер пікіріне құлақ түрсек, магия белгілі бір дәрежеде діннің дамуына үлес қосқан болып шығады8.

Наши рекомендации