Көркем шығармадағы мазмұн мен пішін мәселесі 1 страница
Жоспары:
3.1Түр мен мазмұн туралы ұғымдар тарихы
3.2 Түр мен мазмұнның элементтері
3.3Түрдің мазмұнға, мазмұнның түрге айналуы. Жаңа мазмұн жаңа түр.
Әдебиеттер: 1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы, 1973.
2. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш //Шығармалары, 1989.
3. Қабдолов З. Сөз өнері. 1992; 2002;
4.Тимофеев А. Основы теории литературы. М., 1977.
5. Гуляев Н. Теория литературы, М., 1977.
6. Хализев В. Теория литературы. М., 1999.
Көркем әдебиет - өнердің ең биік те мәртебелі түрі. Ол – көркемдік әлемі. Сырлы, нұрлы, ғажайып әлем, тағылым - өнегесі, шуағы мол рухани әлем.
Көркемдік дегеніміз іргелі ұғым. Оның мән – мағынасы көркем бейне, суретті, айшықты тіл арқылы ғана танылмайды. Көркемдік өнер туындысының ішкі, сыртқы болмысын түгел қамтитын, сол екеуінің жарасым – бірлігі арқылы танылатын ерекшелік, сапа.
Көркем туындының ішкі мәні және сыртқы құрылым, өрнегі дегеннен өнердегі ең күрделі де аса маңызды мазмұн мен пішін мәселесі келіп шығады.
Көркемдік ұғымы мазмұн мен пішін бірлігі мәселесімен тығыз сабақтасып жатыр. Мазмұн мен пішін бірлігін түсінбей тұрып, көркемдік, шынайылық жайын ұғыну қиын.
Мазмұн мен пішін мәселесі өнерге, әдебиетке ғана қатысты көркемдік-эстетикалық ұғымдар емес, жалпы болмыс, өмірге де тікелей қатысты ұғымдар, философиялық категориялар. Өйткені, дүние – тіршіліктегі, табиғаттағы қандай бір болмасын жаратылыстың, заттың, құбылыстың өзіне тән сыртқы түрі, көрінісі, яки пішін, сондай-ақ ішкі қасиеті, яки мазмұны болатыны даусыз. Сыртқы пішіні – түрімен көрінбейтін, ішкі мән-мазмұнымен танылмайтын зат, құбылыс болмайды (Мысалдар келтіріледі).
Пішін, демек, кез келген құбылыстың, заттың сыртқы түрі, көрінісі. Ол мәнсіз, мағынасыз құр пішін, көрініс емес. Пішін белгілі бір мазмұнды танытушы. Оның осы белгілі бір мазмұнды көрнекі, нақты танытуы өзінің пішін ретінде көрінуінің, өмір сүруінің белгісі. Сондықтан ол жай, мәнсіз пішін емес, мазмұнды пішін.
Ал мазмұн белгілі бір заттың, жаратылыстың ішкі мәні, қасиеті. Ол тек белгілі бір пішін арқылы айқындалып, нақтылы көріне, таныла алады.
Өмірдегі белгілі бір құбылыстарды, жағдаяттар мен оқиғаларды суреттеуге, олардың қоғамдық-адамдық мәнін ашуға арналған көркем туындының пішінсіз, мазмұнсыз болуы мүмкін емес.
Әдебиет теориясы ғылымында пішін деп туындының құрылысын, сюжеттін, жанрын, көркем бейнелерді, тіл, барша көркем бейнелеу-суреттеу құралдарын, амал-тәсілдерін айтамыз. Ал, тақырыпты, идеяны мазмұнның элементтері ретінде танимыз.
Әрбір толыққанды көркем туынды өзіне ғана тән қайталанбас мазмұн мен пішін бірлігінен тұрады. Сондықтан көркем туындыны талдап-таразылағанда, көркемдік-идеялық ерекшеліктерін сөз еткенде оны мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан байыптау қажет.
Көркем туындының мазмұны деген не? Ол сол туындыда көркем бейнеленген, өнер шындығына айналған өмір құбылыстары. Кеңірек айтсақ, ол суреткердің өмір-болмыстан өз дүниетанымы мен идеалына сәйкес таңдап-талғап алып, айтпақ ойы - идеясына орайластырып түрлі суреттеу тәсілдері (пішін) арқылы көркем бейнелеп өнер шындығына айналдырған өмір шындығы. Өмір шындығы - өнер арқауы, өнер туындысының мазмұны дейтініміз де осыдан.
Ал, қат-қабат сыры да, жыры да мол өмір шындығын адамсыз, оның мінезі мен іс-әрекетінсіз түсіну де, түсіндіру де, суреттеп таныту да мүмкін емес. Демек, туындыда тағдыр-талайы, өмір белестері бейнеленіп отырған тұлға немесе көркем бейнелер жүйесі автор үшін белгілі бір мазмұнды (яғни, қоғамдық шындықты, идеялық мұратты) көркем таныту тәсілі, яки пішін саналады.
Көркем бейне немесе кейіпкерлер арқылы автор белгілі бір кезеңнің қоғамдық шындығын танытады, оны өзінің суреткерлік идеясына сәйкес суреттеп, түсіндіріп береді. Мысалға, тақырыптас екі туындыны – Б.Майлиннің “Раушан - коммунист”, повесі мен М.Шолоховтың “Көтерілген тың” романын алайық.
“Раушан – коммунист” повесінің мазмұны ХХ ғ. 20-жылдарының аяғындағы қазақ ауылын ұжымдастыру кезеңінің шындығы. Осы шындық, осы мазмұн повесте ең алдымен Раушан бейнесі, оның қарапайым қазақ әйелінен қоғам қайраткеріне айналу жолындағы өмір белестерін суреттеу арқылы танылады, көркем шындыққа айналдырылады. Раушан бейнесі нанымды, табиғи шықпаса, жазушы танытпақ болған кезең шындығы да (яғни, мазмұн) шынайы, көркем танылмаған болар еді.
Ал, М.Шолоховтың “Көтерілген тың” романының мазмұнын құраған шындық – Дон өлкесінде ұжымдастыру саясатының жүргізілуі, казактардың жаңа өмір жолына түсе бастауы. Сол кезеңдегі түсінік әрі шындық бойынша халықты жаңа өмірге бастаушы компартия деп саналғандықтан қаламгер бұл идеяны, мазмұнды көркем таныту пішіні ретінде қарапайым казактарды емес, коммунистер Давыдовтың, Разметневтің, Майданниковтің өмірі мен олардың бостандық дұшпандары Половцевке, Литьевскийге т.б. қарсы жүргізген күресін бейнеледі.
Қаламгердің дәуір ерекшелігін, өмір ақиқатын түсініп-қабылдауы мен кейіпкерлерінің тағдыр-талайын, іс-қимылдарын, көңіл ауандарын бейнелеуі арасында ажырамас байланыс аңғарылады. Бұны әдетте туындыдағы идеялық-көркемдік бірлік деп атайды, мұның өзі мазмұнның пішінге көшуін (яғни, пішін арқылы бейнеленіп – көрінуін) танытады, сонымен қатар бұл пішіннің де мазмұнға айналуының көрінісі.
“Көтерілген тың” көлемі, жанры, кейіпкерлер мөлшері, тағдыры, мінездері, тартыс сипаты, бір-бірімен қарым-қатынасы, бәрі түгелдей мазмұнды (ұжымдастыру кезеңіндегі тап тартысын) көркем танытуға бағытталған. Барынша осы мақсатқа лайықталып “кесіп-пішілген”. Би-ағаң повесі, ондағы мазмұн мен пішіннің үйлесімі жайлы да осындай ой түюге болады.
Енді өнер, ғылым тарихындағы мазмұн мен пішін мәселесіне қатысты кейбір ой-тұжырымдарға қысқаша тоқталып өтелік. Бұл мәселеде неміс философы, эстетигі Гегельдің мазмұнның пішінге көшуі, пішіннің мазмұнға айналу заңдылығы жайлы пікірі аса құнды. Бұл пішіннің белгілі бір мазмұнды (шындықты) көркем таныта отырып өзінің де мазмұнға айналуы, ал мазмұнның белгілі бір пішін арқылы көріне отырып нәтижесінде өзінің де пішінге айнала алатындығы туралы тұжырым. Бұдан сондай-ақ мазмұн мен пішіннің ажырамас бірлігі жайлы қорытынды туындайды, пішіннің міндеті, мақсаты белгілі бір мазмұнды таныту, сол арқылы өзінің пішін екенін дәлелдеу, ал керісінше мазмұнның тек пішін арқылы ғана танылатыны, айқындалатындығы көрінеді. Осы ойлардың бәрі қосыла кеп мазмұн мен пішін бірлігі - өнер заңдылығы, көркемдік шарты екенін дәлелдейді.
Өнер тарихында мазмұн мен пішіннің бірлігін мойындамайтын, ал мойындайтын жағдайда пішінді басым санайтын, “өнер дегеніміз тек пішін” (А.Евлахов) деп есептейтін, сөйтіп, “мазмұнсыз пішін” идеясын көтерген жалған көзқарастардың болғанын, олардың негізінде өнердің өмір шындығына (қоғам өміріне) қарым-қатынасын, өмірді шынайы бейнелеу міндетін түсінгісі келмейтін кертартпа позиция, таным жатқанын айту парыз. Кезінде бұндай түсініктерді орыс сыншылары, теоретиктері қатты сынаған болатын.
Мәселен, ХІХ ғасырдағы орыстың үлкен эстеті, әдебиет теоретигі әрі сыншы Г.В.Плеханов өнердегі реализм, көркемдік мәселелеріне орай мазмұн мен пішінге де көп көңіл бөлген, тұщымды ойлар айтқан. Ол көркем туындының мазмұны мен пішінінің бір-біріне сай келуін өнердің әмбебап заңдылығы деп санаған. Плехановтың пайымдауынша, “өнердің ішкі заңдылықтарының барлығы да ақыр соңында бір маңызды мәселеге ат басын тіремекші, ол – пішіннің мазмұнға сәйкес келуі. Бұл - өнер заңдылығы, сондықтан бұл заңдылық барлық әдеби мектептер үшін, мейлі ол классиктер ме, романтиктер ме, бәрі бір, соншалықты маңызды” деген.
Өнер туындысының мазмұнын пішінінен бөлек қарастыруға болмайды. Пішін белгілі бір мазмұнды танытып, оның сыртқы көрінісі сипаты бола тұрып, екінші жағынан, сол өзі танытқан құбылыстың, заттың мазмұнына да айналады. Мазмұнды пішін дейтініміз сондықтан.
Көркем шығарманың мазмұны мен пішініне тоқталмас бұрын біз, алдымен әдеби шығарма, оның адам өміріндегі автор өміріндегі алар орны туралы айтып өтуіміз қажет. М.Әуезов өмірден озар алдында өз әріптестеріне, қаламдас шәкірттеріне қазақ әдебиетінің болашағына алаңдайтынын білдіреді. Артында қалып бара жатқан әріптестеріне әдебиетке деген адалдықты тапсырады. Өзінің ең бір сүйікті шәкірті ретінде белгілі қаламгер Т.Ахтанды атайды.
Ал, Сыр сүлейі Базар жырау өзі өмірден озар алдында Тұрмағамбетке:
Көруге кім ынтықпас күннің көзін,
Естуге кім құмартпас ғалым сөзін.
Заман тұр ұйыған бір қатық құсап,
Ішінде жатыр тулап ыстық сөзім.
Шырағым, Тұрмағамбет, білім алдың,
Еліңе енді қызмет етер кезің.
Суытпай адамшылық әділ сөзді,
Қош, бауырым, өзің көтер жыр күмбезін,-
деп аманат өлең қалдырады. Осыдан-ақ өнер туындысының қаншалықты қасиетті екендігін ұғынуға болар еді.
(Леонид Андреев пен Лев Толстой арасындағы сұхбат)
Мазмұн мен пішін - күрделі мәселе, іргелі философиялық ұғым. Бұлар бір-бірінен айрылмас байланыста, бірлікте, мазмұнсыз пішін жоқ, пішінсіз мазмұн жоқ.
Әдеби шығарманың мазмұны - өз эстетикалық идеялының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмір де, пішіні - осы шындық тұтастырыла жинақталынған көркем образдар жүйесі, яки эдеби қаһармандар өмірі екенін түсіну қиын емес.
Көркем шығарманың барлық құны мен қасиеті оның мазмұны мен пішінінің бірлігінде. Лев Толстой кез-келген көркем шығарманың құны мен қасиетің үш түрлі сипатына: мазмұн сонылығына, пішініне, автордың шығарма предметіне байсалды көзқарасы мен ыстық ықыласына қарап бағалаған.
Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескеретін бір нәрсе - бір мазмұнның бірнеше пішіні болатындығы. Мысалы, Ұлы соғысы тақырыбы сөз болған шығармаларды алайық. Поэзия, проза, драматургия. Екінші мәселе - мазмұнға қарағанда, пішіннің өзгерімпаздығы. Мысалы, қазіргі кездегі махаббат Қыз Жібек жырындағыдай суреттеу. Ал үшінші нәрсе - мазмұн мен пішіннің тарихи категория екендігі. Әрбір жаңа дәуірде көне мазмұн тың пішін тауып, жаңғырьш, жасарып қана қоймайды, әр дәуір өз шындығын, демек өз мазмұнын ала келеді.
Сонымен шығарманың мазмұны - оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да пішіні - әдеби қаһармандардыңөзара қарым-қатынасына, тағдыр-тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы - суретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі.
Көркем шығарманың тақырыбы
Әдеби шығарма туралы әңгіме оның тақырыбынан басталады. Тақырып - өнер туындысының іргетасы. Тақырып табу бір аз күннің шаруасы емес, ол жазушы шығармашылығының бір бөлігі. Өнер өмірден туатын болса, суреткердің өмірден ең алдымен іздеп табатыны - өз шығармасының тақырыбы. Егер шығармашылық процестің үш түрлі (материал) жинау, жиналған материалды қорыту, қорытылған материалды жазу кезеңі бар десек, тақырып осынау үш кезеңнің өн бойында тұтас желі тартып жатады. Жазушы шығармашылық процестің алғашқы кезеңінде өмірдің әр алуан құбылыстарын зерттейді, тексереді. Әрине бұл құбылыстардың ішінде ірісі де, ұсағы да, маңыздысы, маңызсызы да , күрделісі де, кездейсоғы да ... - бәрі де бар. Осының бәрі - болашақ шығарманың материалы. Осының бәрі суреткер санасында жатталып қала бермейді. ең керектісі ғана қалады, керексізі ұмытылады. Неге десек, - әр суреткер өмір құбылыстарын тек өз дүниетанымының тұрғысынан ғана танып, қабылдайды. Оны өмірдегі кез келген құбылыс жаппай қызықтыра бермейді. Ол тек өз мақсатына керек құбылысқа ғана қызығады. Болашақ көркем шығармаға негіз болатыны ды - сол суретер қызыққан құбылыс. Жазушы өз шығармашылығьшың бір кезінде бір құбылысты әр сипаты жағынан зерттейді, яғни материал қарастырады, жинайды. Өз дүниетанымын қызықтырған құбылысты ғана ол тереңірек зерттейді. Суреткер өз тақырыбын табуға ұмтылады. Мәселен, әйел теңдігі туралы жазу С.Мұқановтың ойында әуелден болған, ал Қызылордадағы бір оқиға оның нақты тақырыбын айқындап берді (Сұлтанбек Әбеуов пен Мұстапа Көшеков). Міне, тақырып осылай туады.
Тақырып дегеніміз - жазушының шындық болмыстан таңдап, талғап алып, өзінің көркем шығармасына негіз, арқау еткен өмір құбылыстарының тобы. Тақырыптан идея, идеядан тақырып туындап та жатады.
Үлкен шығармаларда негізгі тақырыптар мен қоса қосымша тақырыптар да аз болмайды. М.Әуезовтің «Абай жолы» романының негізгі тақырбы: «XIX ғ. екінші жартысындағы қазақтың әлеуметтік құрылысында ғасырлар бойы үстемдік алып келген рушыл- феодалдық таптың өкілдері мен жаңа заманның жаршысы, прогресшілдік бағытты қолдаушы демократтық топтардың күресі, ал қосымша тақырып: сүйіспеншілік, феодалдардың өзара тартысы, барымта, тұрмыс-салт мәселесі.
Егер тақырып - жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея - жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы дер едік.
Жазушы өзі бейнелеп, суреттеп отырган өмір құбылыстары арқылы оқырман назарын неге аударса, қайда бағыттаса, сол - идея!
Идеясыз шығарма болмайды, болуы да мүмкін емес. Тақырып пен идея үнемі бірлікте болады. Қандай шығарма болсын белгілі бір идеяны үндейді. Тақырып, оқиға және оның құрылысы, шығармада қатысушылардың араларындағы тартыс, оларды суреттеу әдістері, түптеп келгендё - жазушының сол шығармадағы айтайын деген идеясына бағыныңқылық. Ал қандай идеяны үндеуі жазушының өмірге көзқарасына, дүние танушылығына негізделеді. Шығармадағы суреттелетін өмір кұбылысын, күрес-тартыстарды образ арқылы оқушылардың көз алдына елестете, ой-сезімене әсер ете отырып, жазушы оларды өзі меңзеген бағытқа жетектейді.
Белинский көркем шығарманьщ идеясын «оның өн бойында желі тартып жатқан ой мен сезімнің мығым бірлігі» деп белгілесе, Ғамзатов шығарма идеясын оның тақырыбына тамаша тапқырлықпен нұсқалы әрі ұтымды көшіріп әкетеді: «Ой мен сезім - құс десек, тақырып - аспан; ой мен сезім - бұғы десек, тақырьш орман; ой мен сезім - елік десек, тақырып - тау; ой мен сезім - жол десек, тақырып - сол жол алып баратын шаһар - деп түсіндіреді. Ой өзегі (замысел) - суреткердің шығарма жазар тұстағы шығармашылық толғаныстарының түпкі түйіні. Ой өзегінде жазушының тақырып тауып, идея туғызудағы түбегейлі мақсаты, яки шығармашылық концепциясы жатады. «Ой өзегі - шығарманың негізгі арқауы.» (А.Толстой) З.Қабдолов «шартты түрде, шығарманың тақырыбы - сауал да, идеясы - жауап деуге болар еді»,-дейді. Бір сауалдың бірнеше жауабы болатыны секілді, бір тақырыптан бір емес, бірнеше идея тууы мүмкін. Осыдан келіп әдебиеттегі идеялық қарама-қарсылықтар мен бірліктер деген мәселе туады. Бір шығармадағы бірнеше және эр алуан жеке тақырыптар мен идеялардың басын бір жерге қосып, бір арнамен өрбітіп тұрған бірегей, өзекті мәселені негізгі идея дейміз.
Шығарманың негізгі, жетекші идеясымен қатар, со негізгі идеяны толықтыра түсетін қосымша идеялар да болады.
Ал, мазмұн белгілі бір пішін арқылы көрінсе, таныла отырып, әрі мазмұн, әрі пішін бола алады. Мәселен, романды алайық, күрделі эпикалық жанр, жанр – пішін. Демек, роман жанр ретінде пішін, екінші жағынан, роман әрі мазмұн, белгілі бір пішін арқылы танылған мазмұн.
Бұлай деу пішіннің рөлін төмендету болмайды. Пішін де белсенді, ол мазмұнға қарағанда өзгерімпаз. Пішін де мазмұнға ықпал етеді. Көркем шығарманың пішіні оның мазмұнына айтарлықтай әсерін тигізеді.
Бір мазмұнды (оқиғаны, тақырыпты) түрлі пішінде (түрліше суреттеу) танытуға, бейнелеуге мүмкіндік мол. Мәселен, мына үш туындының да («Қазақ солдаты», «Шырағың сөнбесін», «Аңыз бен ақиқат»), мазмұнын құраған шындық біреу – Отан соғысы кезеңінің жағдаяты. Алайда, үш автор ортақ мазмұнды үш түрлі пішінде бейнеленген. Бірі бұл шындықты – мазмұнды кейіпкердің өзінің баяндап - әңгімелеуіне, екіншіі - әйел тағдырын суреттеуге, үшіншіі диалог үлгісіне құра отырып үш түрлі көркемдік пішінде танытқан.
Көркем шығарманы мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан қарастырып, таным таразысына алу - әдебиет теорисының ең негізгі принциптерінің бірі. Бұл әрбір өнер туындысын көркем тұтастық, көркемдік – идеялық бүтіндік деп тану да.
Енді шығарманы мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан қарастыру мәселесіне көшейік. Бұл алдымен шығарма идеясы мен тақырыбын (проблематикасын) айқындап алып, автордың осы идеялық мақсатын бейнелі таныту – көркем шындыққа айналдыру барысында қолданған барша көркемдік – суреттеу, бейнелеу амал – тәсілдерін (композиция құру, сюжет түзу, өлең кестесі, кейіпкерлер тұлғасын, олардың қарым – қатынасын таныту, тіл, т.б.) жан – жақты әрі өзара бірлік – байланыста алып қарастыру деген сөз. Автор айтпақ идеясын көңіл көрігінен шыққан бейнелі сөз, ұтымды суреттеу, шынайы көріністер, дараланған тұлғалар тағдыры арқылы шебер жеткізе алды ма? Міне осыны байыптау.
Пішіннің мазмұнға сай келуі дегеніміз қарапайымдап айтқанда қаламгердің көңілін тербеген, айтқысы келген ойын, танытқысы келген шындығын сол идеялық мақсатына неғұрлым сай, шебер суреттеп жеткізе білуі.
Мазмұн мен пішін бірлігіне осы түсінік тұрғысынан қарай отырып, мысал ретінде Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахманның мезгілсіз қазасына арнап жазған мына бір өлеңіне назар аударайық.
Тұла бойың ұят – ар едің,
Ескеріп істеп ойлаған.
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған.
Жасқа жас, ойға кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің
Сол қалқамды қоймаған?!
Өлеңнің мазмұны – сүйікті ұлының мезгілсіз өліміне әкенің қайғыруы. Осы мазмұнды - өзінің ауыр қайғысын ақын өлең өрнегіне қалай түсірді екен? Енді соған келейік.
Небәрі он-ақ тармақтан тұратын өлеңде ауыр қайғы еңсесін басқан әкенің бар болмысы: өзекті өртеген орны толмас өкініші де, баласының асыл қасиеттерін еске алуы да, қатал тағдыр үкімі алдындағы дәрменсіздігі де табиғи, шынайы, оқыған жұртты да толқытып, қайғысына ортақтастыратындай әсерлі, көркем берілген. Лириканың субъективтілік сипатын, оның ішкі ғаламның сырына құрылатынын ескерсек, өлеңде ақын қолданған әрбір сөз тіркесі, әрбір тармақ, өлеңнің бар құрылым–өрнегі ардақты ұлының қазасы қабырғасын күйреткен әкенің күйінішін де, сондай-ақ дара туған баласына деген сүйінішін де танытуға соншалықты дәл, ұтымды қолданылып тұрғанын көреміз.
Өлеңнің бірінші, үшінші, жетінші тоғызыншы тармақтарының соңы ар едің, нар едің, бар едің, кәрі едің, тар едің деген тіркестермен ұйқастырылып – байланыстырылып отырылуы да жайдан – жай емес. Бұлар шығарманың идеясына (мазмұнға) мейлінше сай таңдап, талғап алынған ұтымды сөз қолданыстары (пішін), «едің» сөзінің қайталанып қолданылып отырылуы арқылы Әбдірахманның бұл дүниеден өткендігі, ал «ар», «нар», «бар», «кәрі» баламалары арқылы оның өзгелерге өнеге – үлгі боларлық жақсы адал қаиеттері ашылып, парасатты бейнесі әсерлі танылып тұр. Ал соңғы екі тармақ («Замана, неткен тар едің, Сол қалқамды қоймаған?!») осындай асыл жанды, оқыған азаматты, сүйікті ұлды тым ерте алып кеткен тағдыр шешіміне деген әкелік наланы, жауабы, жұбанышы жоқ күйінішті, көкіректен шыққан шерді танытатын қорытынды жолдар болғандықтан, оның қаратпа сөз, қайырыла сөйлеу, зарлай арнау үлгісінде өрнектелуі де тапқырлық, жарасымды болып, алдыңғы тармақтармен идеялық тұрғыдан әдемі жымдасып тұр. «Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы» деп өлеңде сөз қолданысына, жалпы ақындық өнерге жоғары талап қоя білген Абай өзі де осындай мақсат үдесінен үздік шығып, мына туындысында да бөтен сөз, бөгде ойды араластырмаған. Авторлық ой-мақсатын, айтпаған өлеңде құрыштан құйғандай берік, қорғасындай салмақты әрі көркем жеткізе алған. Шағын өлеңнің барлық құрылым-өрнегі – бунақтық-буындық өлшемі, ұйқасы мен ырғағы өзара жарасым тауып, әке азасын табиғи, әсерлі-эмоционалды әрі көркем танытуға жұмыла қызмет етіп тұр. Пішіннің (суреттеу-бейнелеу құралдарының) мазмұнға, мазмұнды танытуға (идеяны, ойды, шындықты) сай келуі немесе пішін мен мазмұнның бірлігі дегеніміз осы. Көркемдік, шеберлік ұғымдарының нақтылы көрінісі де осы болса керек.