Лекция сабағының тақырыбы:Философия мәдениет феномені хақысында.
1. Сабақ жоспары:
1. Философия, оның пәні, обьектісі мен қызметі.
2. Философияның мәні мен мақсаты.
3. Көзқарас ұғымы. Мифология. Дін. Философия.
3. Лекция мәтіні:
1.Кез келген адамның өзін қоршаған дүние жөнінде қалыптасқан белгілі бір көзқарасы болады, бірақ ол көзқарас көбінесе теориялық жағынан ой жіберілмеген, негізделмеген, түрлі қарама-қайшы түсініктердің үзінділерінен құралады. Ал, философия болса табиғат, қоғам, адам және оның дүниедегі орны жөніндегі идеялардың, көзқарастар мен түсініктердің жәй ғана жиынтығы емес, олардың жүйелі системасы. Дүниеге философиялық көзқарас жәй өз принциптерін жариялап, оларды адамдардың санасына сіңіріп қана қоймай, ол принциптерді дәлелдеп, логикалық тұрғыдан қорытып шығарады.
2.Философия табиғаттың, қоғамның және адам ой-жүйесінің дамуының жалпы заңдарын зерттейтін ілім. Бұл анықтамадан көріп отырғанымыздай философия пәнінің басты ерекшелігі әлемді, бүкіл дүниені тұтас қарастыратындығында, оның ішкі байланысын өзара қарым-қатынасын, қарама-қайшылығын біртұтас алып көрсететіндігінде жатыр.
Айталық, философияның негізгі салалары ретінде: Онтология – болмыс туралы немесе бүкіл тіршіліктің мәні туралы ілім; гносеология – таным теориясы; логика - дұрыс, яғни байланысты, дәйекті, дәлелді ойлаудың формалары туралы ғылым; тарих философиясы, этика, эстетика, т.с.с. пәндер қалыптасты. Философиядан нақты ғылыми пәндер: математика, медицина, астрономия, табиғаттану, қоғамтану, тарих т.б. бөлініп шықты.
3. Дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы көз-қарастардың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы. Дүниеге көзқарас одан қоғаммен бірге пайда болған қоғамдық тарихи құбылыс.
Дүниеге көзқарастың кең тараған түрі ғылыми емес, қарапайым көзқарастар. Олар күнделікті қызмет әрекет барысында қалыптасады, өмірдің қалған салаларына назар аудармайды, жеке дәлелдерден нәр алап, олардың сапалық ерекшеліктерін ескере бермейді. Дәйекті білімнен гөрі, жалпылама, сыдырта «білімпаздық» басым. Сөйтіп қарапайым дүниетанымда мифологиялық, діни және ғылыми көзқарастар, материалистік және идеалистік ұғымдар араласып, шатасып жатады. Ал тарихи тұрғыдан алғанда қоғамдық өмірдің болмысы мен санасының жетілу дәрежесіне байланысы дүниеге көзқарастың мифологиялық, діни, натурфилософиялық және фило-софиялық түрлері қалыптасты. Адамзат қоғамымен бірге қалып-тасқан дүниеге мифологиялық көзқарасқа тән нәрсе – адам қоршаған ортада өзін ажырата алмауы, құбылыстардың құрамындағы ұқсас-тықты ғана пайымдау, сананың, өнердің, дәстүрдің бір ғана сипатына - символдық қызметіне ерекше көңіл бөлу. Осыдан келіп, мифтік көзқараста білімсіздік, ырымшылдық, аңқаулық, алданушылық, бұрмалаушылық пен соқыр сенім әлементтері қат-қабатымен кезігеді. Миф – адамның қауымдық алғашқы қалыптасуының көрінісі. Ол ешбір құбылыстың түп негізін, шығу себебін ашпайды. Тек ғажайып құбылыстарға көңіл аударады, оларды сол күйінде ұғынуды, қабыл-дауды талап етеді.
Дүниеге діни көзқарас мифологиялық сананың табиғи жалғасы. Дүниеге діни көзқарас табиғаттан тыс құдіретті күшке адамның мүлтіксіз бағынуын уағыздайды. Адам санасында табиғи құбылыс-тардың бұрмаланған бейнесін туғызады, оның табиғатын өзгерту мүмкіндігінен шеттетуге бейімдейді. Мифология мен діни сананың кемістіктеріне қарсы күресті біршама батылдықпен жүргізген нату-ралистік философия болды. Ол жеке жаратылыстану ғылымдарының тұжырымдарына сүйене отырып, табиғат туралы тұтас көзқарас қалыптастыруға тырысты. Бірақ онда дүниені өзгермейтін нәрсе ретінде қарастыру басым еді.
Натуралистік дүниеге көзқараста жаратушының даралығын дәлелдейтін тұжырымдар да аз емес. Әйтсе де ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда бұл дүниетанымда табиғатқа деген материалистік көзқарас жүйеге келтірілді. Дегенмен, ақиқатын айтқан жөн, нақты ой философиялық ой толғамдар мен тұжырымдар таптық қоғамның орнығу барысында, яғни ертедегі Қытай Греция, Үнді елдерінде айқынырақ қалыптасты. Осы кезеңдегі экономика мен мәдениет ошақтары ірі-ірі қалаларында шоғырланды. Жерге жеке меншік орнады. Өндіріс құралдарының шоғырлануы еңбек бөлінісін тездетті, әрі тереңдетті.
№2 Лекция сабағының тақырыбы:Көне Үнді және қытай философиясы
1. Сабақ жоспары:
1. Үнді философиясының пайда болуы мен кезеңдері.
2. Көне Үнді филсофиясының ерекшелігі, негізгі философиялық ұғымдары.
3. Көне қытай философиясының пайда болуы мен кезеңдері.
4. Қытай философиясының философиялық ұғымдары.
3. Лекция мәтіні:
1.Философия туралы пікірлер көне дәуірде туындаған және әр сақта таралған. Философиялық әңгімелер тарихтың терең түбірінен нәр алады, әр заманда өз жалғасы мен түйінін тапты. Тылсым дүние мен өмірге деген жалпы әуесқойлық барысында философиялық әңгімелер жалпылама сипат алды және ұдайы жаңарып отырды. Философиялық толғаныстар қашанда болмасын мәңгі, өзекті және өтімді деген қағидалар қамтыды.
Біздің жыл санауымыздан үш мыңдай жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай ежелгі үнді қоғам варнаға (каста) бөлінді. Олар:
1) Брахмандар (абыздар) – үлесіне ой еңбегі бар адамдар енді.
2) Кшатриилер (әскербасылар) - әскери қызметтегі адамдар жатады.
3) Вайшьилер (ауқатты шаруалар) – егін шаруашылығы, қолөнер кәсібі, саудагерлік тиген адамдар.
4) Шудралар(құладар) – қара жұмысты істейтін адамдар болды.
Осы кезде қоғамдық өмірге әлеуметтік қатынастарға сай келетін мифологиялық, философиялық көзқарастар қалыптасты. Олар негізі-нен ежелгі үнді мәдениеттің ескерткіші – ведаларда ( веда-білім) жиынтықталған. Ведалар төрт бөлімнен тұрады:
1. Самхит – құдайларға араналған гимндер жинағы.
2. Брахман – самхитті түсіндіретін әр түрлі мифологиялық әңгімелер.
3. Аранъякта (Орман кітабы) – брахманға тән ритуалдардың орнына, сол құдайларадың іштей сыйлап-құрметтеу, олар туралы ойлап-толғану сияқты көзқарас.
4. Упанишадта – дәстүрлі касталарды қарсы қоюдан гөрі, олардың арасындағы ең жоғары білім арқылы жоққа шығару болады деген идея уағыздалады.
Упанишадтың басты тезисі – Брахман – бар әлемнің генетикалық, түпнегіздік бастамасы және олардың соңы. Жалпы, білімділік Упанишадта өте жоғары бағаланады. Мысалы, тікелей құрбандық шалғаннан гөрі, құрбандық шалу туралы білім өте құндырақ. Нағыз брахман - өмір қиыншылығынан, үмітінен, қызғаншақтықтан арылып, тыныштық тауып, алдамай ой кешіп, атманды түсініп, білген адам.
2. Ведалар негізінде қалыптасқан философиялық ілімдерге байла-нысты әр түрлі бағыттарға бөлінеді: жайнизм, буддизм, чарвака-локаяттар, санкхья және т.б.
Жайнизм.Жайнизм б.д.д. ІV ғ. діни ағым ретінде қалыптасады. Жайнизм идеясы, оның негізгі философиялық көзқарастары одан да бұрынғы ғасырларда қалыптаса бастаған. Жайнизмге деген сенім, деректерге қарағанда, 24 ұстаз (тиртханкара) арқылы таралады. Жайнизмнің негізін қалаушысы – Махавира Джина(джина- жеңімпаз). Жайнизмнің идеялық жүйесі «Сидханта» деген еңбекте ( б.д.д. ІІІ) жинақталынған.
Жайнизм мына идеяларға сүйенді: Адамның жаны, рухы оның тәнінен, дене терісінен нәзік, биік, құдіретті. Оның басты мақсаты – қасірет деп түсінген, өмірден азат болу. Жанның бұрынғы өмірде жасаған келеңсіз қылықтарының теріс салдарын осы өмірде жеңуге болады. Ол үшін сансардан (жанның бір денеден екінші денеге көшіп жүруінен) құтылу қажет.
Буддизм.Буддизмнің негізін қалаушы б.д.д. VІ ғ. шакья ( сакья) тайпасынан шыққан князьдің баласы Сидхарата Гаутаманың ( б.д.д. 563-483ж.ж.) есімімен тығыз байланысты. «Будда» термині «жарқырау», «сергу», «жадырау» деген мағынаны білдіреді.
Буддалық ілім бойынша, өмір – қобалжу, азап, өмірге келу мен қарттық, ауру мен өлім, сүйгеннен арылу мен сүйметінмен бірге тұру, орындалмаған арман және қанағаттанбаған тілек – мұның бәрі де азаптың көрінісі, әрі жалғасы. Адам қанша әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен құтыла алмайды.
Тойымсыз құштарлықты тоқтату үшін артық тілектен тартыну керек, жер бетіндегі әуреліктен арылу дұрыс. Азаптан арылудың осындай жолын тапқан нирванаға жетпек.
Будда кейіннен нағыз шындыққа жетудің және нирванаға жақындаудың сегіз сатылы жолын атап өтеді:
1. Шынайы сенім.Дүние қайғы-қасіретке толы, оны тоқтату үшін ой мен бойдағы құмарлықты басу керек деген Будда сөзіне сену;
2. Тура, әділ шешімге ұмтылу. Өз құмарлығың мен қызбалықты шектейтін қысқа жолды біржолата айқындау;
3. Шыншыл сөз.Айтпақ сөзіңді мұқият қадағала, ол зұлымдыққа итермейтін, қайта дұрыс, рақымды болсын;
4. Дұрыс істер. Теріс ниетті, қас қимыл-әрекеттен сақтану, игі іске икемді болу;
5. Дұрыс өмір. Тіріге зиян келтірмейтін, құрметтеуге, тұрарлық өмір сүру;
6. Дұрыс ой. Ойыңның бағытын саралай отырып, одан күдікті, күмәнді нәрсені қудалап, жағымдыны жалғастыру;
7. Ақ ниеттер. Зұлымдықты ойыңа алма;
8. Тура, дұрыс пайымдау. Ойыңды үнемі және төзімділікпен жаттықтыру, шындыққа жетпек талпынысты өзіңе шоғырландыру, оны тереңдету қабілетін шыңдау.
Дұрыс жинақтала білудің өзі төрт сатыдан тұрады:
1. Ойды төрт ақиқатты түсініп, пайымдауға бағытау.
2. Осы төрт ақиқатқа сену. Ол біздің жанымыздың тыныштықты және қуанышта болуына мүмкіндік береді.
3. Қуаныш – қайғыдан, өз денеңді сезінуден арылу.
4. Толық сабырлылық және толғаусыздық жағдайға жету.
Соңғы сатыны Будда «нирвана» деп атайды ( адамның тірі кезінде жанды сансардан толығымен азат ету). Нирвана жағдайына өткен адам архат (қадірлі, құрметті, сыйлы адам) деп аталады. Нирвана – ең жоғарғы ләззат. Кейіннен, нирвана ұғымы адамның бойынана бүкіл әлемдік көрініске ауысады. Әлемдегі нирвана мәңгі, оны ешкім дүниеге әкелмейді және пайда болуының себебі жоқ. Әлемдік нирвананы сезім мүшелері арқылы қабылдау мүмкін емес, оны тек қана дұрыс жолмен жүрген, ақыл-ойы таза, күнделікті қызықтан алшақ адам танып біле алады.
Сонымен, Буддизмге сүйенушілер Үндістанның өзінен гөрі одан тыс мемлекеттерде көп кездеседі
3. Қытай – көне тарихтың, мәдениеттің, философияның елі мен жері. Мамандар Қытай өркениетінің басталуын ся дәуіріне, яғни б.д.д. ІІІ-ІІ мың жылдық уақытқа жатқызады. Ал оның күйреуін Хань империясының күйреуімен (б.д.д. 220ж) ұштастырады.
Б.д.д ХVІІІ-ХІІ ғ.ғ. Шан-Инь мемлекетінде қола мәдениеті дамыды, қалалар қалыптасты, шаруашылықтың құлдық қоғамдық түрі жетілді. Қала мен өндіріс төңірегінде қауымдастықтың шоғыр-лануы негізінде екі жағдайда – шаруашылық пен әскери себептеріне орай дамыды.
Ежелгі Қытайда ғылымның да кейбір салалары пайда бола бастады. Мысалы: математика, астрономия, медицина. Осы ғылым-дар саласындағы жетістіктер негізінде Ай мен Күннің тұтылу мезгілін анықтауға, астро-номиялық құбылыстар мен жердегі құбылыстардың байланысын анықтап, күнтізбе, уақыт есептеу, және т.б. тәсілін ойлап табуға мүмкіндік туды. Бұл жағдай философиялық ілімдердің деңгейіне әсер етпей қойған жоқ.
Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдың аяғында пайда болған Ежелгі Қытай философиясы негізгі алты философиялық бағыттағы мектептерге бөлінді. Олар: конфуцийшылдық, моизм, заң мектебі (легистер), даоизм, тұрпайы философия (натурфилософия) және Атаулар мектебі.
Қытай идеологиясы мен саясатында екі бағыт айқындала бастады: консерваторлық (керітартпа) және прогресшілдік, бірі – мистикалық, екіншісі – атеистік бағыттар. Алғашқы материалистердің пікірінше, әрбір бес түрлі бастапқы әлементтерден (металл, ағаш, от, су, жер) тұратын болса, керісінше идеалистердің пікірінше, табиғаттың жаратылуы, дамуы «даоға» байланысты деп атады.
4. Қытай дүниетанымының ерекшелігі сол, ол өзін-өзі реттейтін, бастауы ішкі динамикалық тәртіппен байланысты дүниеге, әлемге негізделеді. Ертедегі Қытай философиясында конфуцийлік бағыт басты рөл атқарды.
Конфуцийшылдық.Бұл философиялық ағымның пайда болуы мен қалыптасуы осы ағымның негізін қалаушы Кун-фу-цзы, оның ізбасарлары Мән-цзы және Сюн-цзының есімдерімен тығыз байланысты.
Кун-фу-цзы (б.д.д.551-479ж.ж.) кедейленген ақсүйек әскербасының от-басында өмірге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол, тек 15 жасында ғана білімге құштарлық танытады, ал 50 жасында өз мектебін қалыптастырады. Оның көптеген ізбасарлары болады. Олар ұстазының және өздерінің ой-пікірлері, қағидалары мен тұжырымдарын жинақтап «Әңгімелер мен пікірлер» («Лун юи») деген конфуцийшылдық ілімнің негізгі шығармасын дүниеге келтірді. Қытайлардың көптеген ұрпақтары бұл кітапты үлгі тұтып, басшылыққа алған. Кун-фу-цзы бұдан басқа бірнеше кітаптары болды: «Өлеңдер кітабы», «Көктем мен күз», жылнамасы, «Сұхбат және пікір айту» т.б.
Кун-фу-цзы аспанды өзіндік болмысы бар дүние ретінде, ең жоғарғы, құдіретті күш ретінде қарастырады. Аспан, ол үшін, әділеттілік аясы, аспан өз еркін әр адамға білдіреді, өз үкімін барлық аспан астындағы елдерге, мем-лекеттер мен қоғамға таратады. Содан аспан ұғымы конфуция филосо-фиясында діни, саяси және этикалық қызметте атқарады.
Кун-фу-цзы өз ілімінің өзегі етіп материалдық денелердің заңдылықтарын, бабалар рухын зерттеуден гөрі адам арасындағы қарым-қатынас, тәрбие мәселелерін қабылдайды. Осыған орай, мынадай ұғымдарға көп көңіл бөледі. Олар: «тең орта», «адамгершілік» және «өзара сүйіспеншілік». Осы үш ұғым бірігіп «дао» («дұрыс жол») құрайды. Әр адам осы даоның жолымен өмір сүруі қажет.
«Тең орта» - адамдардың сабырсыздық пен сақтықтың арасындағы іс-әрекеті. Ал адамгершіліктің негізі «жэнь» - «ата-анасын құрметтеп және үлкен ағаларын сыйлау». Ал «өзара сүйіспеншілік» арқылы қарым-қатынас конфуцийшілдік әдептілік ілімінің негізгі өзекті ұғымы.
Мән-цзы — (б.д.д. 372—289 жж.) — Кун-фу-цзының ілімін әрі қарай жалғастыра отырып, аспан (көк) — объективтік қажеттілік, тағдыр ретінде жақсылықты қорғайды дей отырып, аспанның еркі — адамдардың жігер еркі арқылы көрінеді деген пікір айтады. Осыдан келіп, ол: "Адамның табиғаты тек жақсылықтан жаратылған". Олай болса, ван (билеуші) халықты өз баласындай сүйсе, халық оны әкесінен жақсы көруі керек, — деген тұжырым жасайды.
Сюнь-цзы(б.д.д. 313-белгісіз) Аспан мен жерді барлық денелердің шығу тегі ретінде мойындаса да, тағдырды аспанның жігер-еркі ретінде мойындамайды. Оның пікірінше, аспанды қастерлеп, ол туралы ойланып отырғаннан гөрі, керекті заттарды көбейтіп, аспанның өзін бағындырған дұрыс.
Легистер (заңгерлер).Легизм (лат. т. –заң деген мағ. береді) –фацзя мектебінің заң туралы ілімі, ерте қытайдағы саяси-этикалық ілім, адамды, қоғамды және мемлекетті басқару туралы көзқарастар. Легизмнің көрнекті өкілдері – Цзы-чан (б.д.д. VІ ғ.), Гуань-Чжун (б.д.д. 645ж.қайтыс болған), Шан Ян (б.д.д. 390-338), Хан Фэй Цзы (280-233), Ли Куй т.б.
Легистер конфуцийшылдардың мемлекетті әдептілікке негізделген заңдар арқылы басқару керек деген пікірлеріне қарсы болып, керісінше, мемлекетті тек қана билеушінің өзі шығарып, өзі бекіткен заңға сүйеніп басқаруға болады, себебі «мейірімділік пен адамгершілік- қылмысқа апаратын бірден-бір жол, ал шын қайырымдылық өзінің бастамасын жазалаудан алады деп уағыздады.
Даоизм.(б.д.д. VІ-Vғ.ғ.) Бұл ілімнің негізін қалаушы б.д.д. VІ ғ. өмір сүрген Лао-Цзы деп есептелді. Оның негізгі еңбегі -«Дао және дэ туралы кітап» (Дао дэ цзин). Даоизм философиясының негізгі мәселесі – ұлы Дао (ұлы жол) туралы, жалпылама Заң және Абсолют туралы ілім. Даоны ешкім жасаған жоқ, бірақ бәрі де содан тараған. Дао барлық жерде, әрқашан, әр уақытта, шексіз өз үстемдігін жүргізеді. Оны сезім арқылы көруге, естуге болмайды. Дао табиғаттың, қоғамның, адам мінезі мен ойының табиғи, бірақ көрінбейтін заңы. Оның бастамасы да, аяғы да жоқ. Ол уақыт пен кеңістіктен тәуелсіз, солай бола тұра, жарық дүниедегі барлық нәрсенің негізі мен бастамасы, аты және түрі.
№3 Лекция сабағының тақырыбы:Антикалық мәдениеттегі философия
1. Сабақ жоспары:
1. Ежелгі грек өркениетінің өзіндік санасының ерекшеліктері және алғышарттары.
2. Софистика – философия және мәдениет құбылысы ретінде.
3. Сократ, Платон, Аристотель философиясы.
3. Лекция мәтіні:
1. Антика заманының философиясы б.д.д VІІ-VІ ғасырларда кіші Азияның батыс жағалауында гректер салған қалаларда өмірге келді. Б.д.д. VІІ-V ғасырларда антикалық рухани даму мифологиялық діни көзқарастан ғылыми философиялық көзқарасқа қарай бағытталды. Бұл кезеңді антикалық философия тарихында Сократқа дейінгі ал б.д.д.V-ІІІ ғасырларда ойшылдардың мәнділіктің генетикалық бастамасын, түп негізін, жалпы дүниетанымдық көзқарастың негізі етіп алып, философиялық ойлаудың биік деңгейге көтерілуіне байланысты кезеңді Сократтан кейінгі немесе классикалық кезең депекіге бөледі.
Фалестің ілімін әрі қарай оның шәкірті және жолын қуушы үлкен – Анаксимандр (б.д.д. 611-545ж.) жалғастырды. Негізгі еңбектері – «Табиғат туралы», «Жер картасы», «Глобус». Анаксимандр барлық денелердің бастамасын сол денелердің түп негізі сатысына дейін көтерді. Бастаманы ол заттардың түп негізі апейронмен теңестіреді. Анаксимандр ілімін әрі қарай оның шәкірті Анаксимен (б.д.д. VІ ғасыр ортасы) жалғастырды. Негізгі еңбегі – «Табиғат туралы». Анаксимен барлық денелердің негізі деп ауаны айтады. Ауа шексіз ол үнемі қозғалыста болады да бірде қоюланып, бірде сұйылып алуан түрлі заттармен құбылыстарды түзеді. Ауа сұйылған да алдымен отқа, содан эфирге айналса, қоюланғанда желге, бұлтқа, суға, жерге және тасқа айналады.
Милет мектебінде қалыптасқан философиялық дәстүрді ілгері қарай дамытқан Эфес қаласынан шыққан саяси қайраткер, ғұлама ойшыл Гераклит(б.д.д. 544-483 ж.) болды. Оны іліміндегі терең ойлары үшін «тұңғиық» деп атаған. Гераклит заттардың түп негізін генетикалық бастамасын от деп есептеген. От мәңгі және құдай тектес. Әлемді құдайда, адамда жаратқан жоқ ол өз заңдылығымен бірде лапылдап жанып, бірде сөніп тұратын бар және болатын тірі от. Әлемнің өзгеру тәртібі мен өлшемі, оның обьективті заңы – логосқа байланысты.
Пифагор (б.д.д. 580-500 ж.). Б.д.д. VI ғасырдың аяғында философиялық ілімдер Кіші Азиядан ұлы Элладаға ауыса бастады. Осы кезеңде оңтүстік Италияның, Силицияда пифагор-шылар мектебі деп аталған одақ құрылып, онда қоғамдық өмірді діни әдептілік тұрғыдан реформалау қажеттігі туралы ілім кең өріс алды.
Элеаттар мектебініңнегізгі өкілдері Ксенофан, Парменид, Зенон. Элеаттар ілімі ежелгі грек философиясының дамуындағы жаңа қадам болды. Егер Милет өкілдері түп негіз – физикалық дене, ал Пифагоршылар – сан десе Элеаттарда түп негіз – болмыс. Элеаттар негізінің қағидалары мынаған сыяды: түйсінген денелердің барлығын нақтылық деп қабылдауға болмайды. Керісінше олардың бәрінде өздерін ақыл ой арқылы негіздеуге болатын заттар ғана нақтылы өмір сүреді. Элеат мектебінің негізін қалаушы және көрнекті өкілі – Колофон, полисінен шыққан Ксенофан (б.д.д. 579-487 ж.) Оның пікірінше барлық заттардың негізі жер. Жер өзінің тамырларымен шексіздікке кетеді Ксенофанның жалпы құдай туралы ілімін; әрі қарай дамытып, оны бір тұтас болмыс ұғымына дейін көтерген ойшыл – Парменид(б.д.д. 540-480 ж.) болды. Оның негізгі шығармалары: «Табиғат туралы», «Ахиллес». Парменидтің қарастырған мәселелері – болмыс пен бейболмыстың арақатынастары мен болмыс ақыл ойға қатынасы. Бұл мәселелерді тек ақыл - ой арқылы шешуге болады.
Парменидтің ілімін ары қарай жалғастырушы оның шәкірті Зенон(б.д.д. 490-430 ж.) болды. Негізгі еңбектері: «Философтарға қарсы», «Табиғат туралы». Зенон Парменидтің болмыс жалқы, біртұтас және қозғалмайды пікірін басқа жолмен дәлелдеуге тырысты. Зенон өз дәлелін көзге көрінетін ақиқатқа жатпайтын әлемнен бастап, болмыс әлемін қарастырумен аяқтайды. Оның физикалық әлем қарама-қарсылыққа толы. Сол себепті ол – ақиқатқа жатпайды. Ал нағыз ақиқат біздің біздің түсінуімізден тыс жатқан әлем, ол – болмыс.
Атомистер ілімі. Бұл бағытқа ежелгі грек ойшылдары Левкипп, Демокрит, Эпикур және ежелгі Рим өкілі Лукреций Карр т.б. жатады. Атомистік бағыттың, қалыптасуына үлкен үлес қосқан ойшыл Левкипп болды. Ол әлем бөлінбейтін ұсақ, бөлшектерден «атомдардан» тұрады және олар бос кеңістікке алақұйын қозғалыста болады. Бір-бірімен байланысқа түсіп, жеке денелерді құрайды. Демокрит (б.д.д. 460-371ж) 70-тен астам шығармалар жазған: «Пифагор», «Планеталар туралы», «Адам табиғаты туралы», «Табиғат туралы» т.б.
2. Софистер.Б.д.д. V ғасырда Ежелгі грецияда құл иеленушілік демократия, логика, риторика, философияның жедел дамуына жол ашты. Соттарда халық жиналыстарында әдемі сөйлеп халықты мүмкін болса, өз қарсыластарында айтқанына сендіріп, өз жағына тарта білуі өнері алдыңғы қатарға шығады. Осыған байланысты риторика (әдемі сөйлеу өнері ) өнеріне ақы алып үйрететін ұстаздар, софистер пайда болды. Олардың басты қағидасы – «әркімнің өз ақиқаты бар». Софизмнің қалыптасуына Протагор, Горгий, Гиппий, Критийт.б. ойшылдар ат салысты. Солардың ішінде өз ерекшелігімен көзге түскен ойшыл – Протагор (б.д.д. V ғ.)болды.Негізгі еңбектері – «Ғылымдар туралы», «Мемлекет туралы» т.б. Протагор білімнің салыстырмалы екендігі туралы ілімін материяның абсолютті өзгермелі және тұрақсыздығы сияқты қасиеттеріне сүйеніп дәлелдейді. Протагордың пікірінше, «Адам барлық заттардыңмөлшері» деген қағиданы ең негізгі қағида ретінде қабылдайды. Бұл қағидада да былай делінді: «Маған заттар қалай болып көрінсе, мен үшін олар солай болып қалады, ал саған қалай көрінсе, сен үшін солай болып қалады. Білімнің салыстырмалы екендігін Протагор: «Өздігінен ештеңе өмір сүрмейді және пайда болмайды, олар басқаларға қатынасы арқылы айқындалады, - деген пікір төңірегінде дәлелдейді. Алайда, софистер адамның бұзылған дәстүрлі өмір сүру тәртібінің орнына тартымды жаңашылдық ұсына алмады.
3. Антика философиясының екінші кезеңі атақты ойшыл, философ Сократтың есімімен тығыз байланысты. Сондықтан Сократтан кейінгінемесе классикалық кезеңдеп аталады. Сократты сонымен қатар антик философиясы тарихының «кіндігі», «философияның бел ортасы» деп те атайды. Сократ жазбаша дерек қалдырмаған оның философиялық көзқарастары бізге Платон, Аристотельдердің еңбектері арқылы жетті. Сократ ауызша пікір таластырып, диалог арқылы өзінің қарсыластарын қарастырылып отырған мәселе туралы жаңа білім әкелуге тырысты. Бұл жолда ол мысқылдауды, ақиқатқа жетудегі таным құралы ретінде алады. Сократ қарапайым түк білмейтін адам сияқты көрінеді де, қарсыласына олардың өздері жақсы білетін сұрақтарды қояды. Қарсыласы ол сұрақтарға жауап бергеннен кейін тағы да, алдын – ала дайындалған сұрақтар қояды. Сөйтіп қарсыласы өзінің бастапқы айтқан пікіріне өзі қарсы пікір айта бастайды. Осы кезде Сократ мысқыл кекесінмен қарсыласын менменшіл өзім білем деген сияқты пікірінен толығымен арылтады. Сократ өзінің қарсыласын қойылған сұрақтарға жауап беру арқылы біртіндеп ақиқатқа жақындата түседі. Өзінің осы тәсілін ол – Майевтика деп атайды.
Аристотель – Платонның шәкірті. Ұстазының көзі тірісінде шәкірті оның шығармаларына сын көзбен қарап, пікірлерін ашық айтпағаны рас. Бірақ кейін келе өзінің философия жүйесін жасау процесінде ол Платонның көзқарасына қарама – қарсы шықты. Аристотель Платон сияқты ұғымдар мен идеялар өз алдына дербес өмір сүреді деген ойдан аулақ. Аристотельдің ойынша, осы болмыссыз, табиғатсыз бізді айнала қоршаған дүниесіз өз дербестігін жоғалтады. Платон ұғымдарының түрлері, идеяларды сезімдік заттар дүниесінің мәні деп қарап, оларды бір – біріне қарама – қарсы қойса, Аристотель бұған ашықтан ашық қарсы шықты. Оның айтуынша, мұндай жалған ойдың негізі тарихи жағынан алғанда өзінің бастауын сонау Гераклиттің диалектикалық көзқарасынан алады. Өйткені, Гераклит сезімдік заттар дүниесі үнемі өзгеріп, қозғалып отырады деген қағиданы негізге алды. Платон да өзінің философиялық жүйесінде осы Гераклиттің пікіріне сүйене отырып үнемі өзгеріп, қозғалып отыратын сезімдік заттар дүниесіне қатысты ешбір ақиқат жоқ деп есептеді.Аристотельдің ойынша, «Мемлекет өз табиғаты жағынан сан алуан болады. Оның құрылымы күрделі, әрі көптеген бөліктерден тұрады». Мемлекеттегі адамдар әртүрлі, олар біркелкі болуы да мүмкін емес. Мемлекет жанұялардан тұрады. Олардың да бір – бірінен айырмашылықтары бар.
№4 Лекция сабағының тақырыбы:Батысевропалық ортағасырлық мәдениеттегі философия мен діннің феномені
1. Сабақ жоспары:
1. Ортағасырдағы христиан философиясының өзіндік ерекшеліктері, даму кезеңдері.
2. Ф.Аквинскийдің еңбектеріндегі схоластикалық идеялар.
3. Номинализм мен реализм теориясы.
3. Лекция мәтіні:
1. Батыс Европа елдеріндегі – феодалдық қоғам философиясы, ол Рим империясының күйреуімен бастап (5ғ.), капиталистік қоғамның алғашқы формалары пайда болғанға дейін (14-15ғ.ғ.) өмір сүрді. Құл иленушілік қоғамның құлауымен ежелгі философиялық мұра жоғалып, ол батыс Европа ғалымдарында 12 ғасырдың екінші жартысына дейін белгісіз болып қала берді. Алдыңғы Азияда, араб тілдес елдерде – мұсылман, Европада - екі түрлі христиан (рим католицизмі мен византия православиясы) діни идеология үстем болды. Мектеп, ағарту ісі шіркеудің қолына көшті, оның көзқарасы табиғат, дүние және адам туралы түсініктерге негіз болды.
Бұл дәуірдің өзіндік философиясы болды. Оны схоластика ( мектептік ілім) деп атады. Схоластардың талас пікірі – жалпылық пен жекелік қатынасы. Философия тарихында бұл таласты әмбебаптар яғни универсалдар (лат. Uneversalia – жалпылық), яғни жалпылық ұғымның табиғаты жайлы айтыс деп атайды. Схоластика негізгі үш кезеңнен өтті.
1. Балауса схоластика (ІХ-ХІІғғ.)ғылым, философия, теология (дін ілімі) әлі бір-бірімен байланысып, ажырамаған, бірақ ақыл ой-әрекетінің жемісі мен құндылығын түсінуді және универсалийлерге (жалпылық) байланысты пікірталас негізінде ақыл-ойға діни сенімнің үстемдігін жүргізуді және сол үстемдіктің заңдылығын дәлелдеуді өзіне мақсат етіп қойған схоластикалық тәсіл қалыптасты. Негізгі өкілдері:А.Кентерберийский, П.Абеляр, А.Аврелий т.б.
2. Кемеліне жеткен схоластика (ХІІІғ.).Бұл – философиялық-теологиялық ілімнің қалыптасып кең етек алған кезі болды. Негізгі өкілдері: Ұлы Альберт, Ф.Аквинский, Д.Скотт т.б.
3. Құлдырау кезеңі (ХІҮ-ХҮғғ.)ғылыми және философиялық ойлардың тез қарқындап дамуына байланысты теологияның өмірден алшақ, мистикалық ілімге айналуына орай схоластика мүлдем нәтижесіз, тіл безеген ғылымға айналды. Негізгі өкілдері: У.Оккам, Ж.Буридан т.б.
Схоластикалық пікір-талас үстінде христиандық догмаға сәйкес келе бермейтін көптеген философиялық мәселелер көтеріліп, өзінің шешімін тапты.
Августин Аврелий(354-430ж.ж.) Философ, католик шіркеуінің белгілі уағыздаушысы және саясаткер. Ол августинизм деп аталатын христиан философиясындағы неоплатонизм бағытын негізін қалаушы. Негізгі еңбектері:«Тәубеге келу, «Құдай қаласы туралы т.б. Августин ілімі бойынша адам дүниеге келу келмей тұрып оның іс-әрекеттері, қылықтары құдайдың еркімен белгіленіп қойған. Ол белгі игілікке немесе азаптарға бағытталған болуы мүмкін. Құдай әлемді жаратқанда барлық заттардың түрлерінің бастамасын олардың бойына енгізіп, әрі қарай дамуына мүмкіндік берген. Августинизм теологиялық-философиялық бағыт ретінде ХІІғ. дейін өмір сүрді. Кейін Ұлы Альберт және Ф.Аквинскийдің ілімдерімен ығыстырылды.
Схоластикалық тәсілдің негізін қалаушы және қорғаушы француз теолог-схоласты Пьер Абеляр (1079-1142) болды. Негізгі еңбегі: «Бар және жоқ».
П.Абелярдың пікірінше шынайы өмір сүретін - жалқылар, бірақ олардың ортақ қасиеттері болғандықтан, осы негізде жалқылар ұғымы қалыптасты. Жалпылар (универсалийлер) шын өмір сүреді, себебі ол құдайдың ақыл-ойында есепте тұр әрі ол жаратқан заттардың үлгісі болып табылады. Олай болса, жалқылардың шын екеніне деген сенім де бір-біріне қайшы келмеуі керек. Адамға ең көріктісі оның іс-әрекеті емес, құдайға деген сенімі.
2. Христиандық діни ілімді Аристотельдің философиясымен байланыстырып, шіркеудің алғашқы схоластикалық ұстазы болған Фома Аквинский (1225-1274ж.ж.) Негізгі еңбегі:«Теология жиынтығы».
Ол Аристотельдің іліміне сүйене отырып белсенді түр (реттілік принципі) мен тұрақсыз және қалыптаспаған материяның (болмыстың әлсіз түрі) арасындағы байланысты түсіндіру арқылы Иусус Христостың бойындағы құдайлық (идеалдық және адамдық) материалдық қасиеттерін теориялық жолмен негіздеуге тырысады.
Ф.Аквинский Аристотельдің жалпы ұғымдар жалқылардың түр қалып-тастыратын принципі ретінде өмір сүреді деген іліміне сүйене отырып, универсалийлер ақыл-ойдың жемісі болғанымен, санадан тыс, құдайдың ойында орын алғандықтан өз алдында жеке дара тіршілік етеді деп есептейді. Осыдан кейін ол универсалийлердің үш түрлі өмір сүретіндігін көрсетеді.
1. Зат пайда болғанға дейін құдайдың ойында;
2. Заттардың өзінде;
3. Заттардан кейін, адамның ақыл-ойы да – сол заттардың ұғымы, абстракциялық ойдың нәтижесі ретінде өмір сүруі.
Ф.Аквинскийдің пікірінше, дін құдайдың табиғатын түсіндіретін ілім. Сондықтан шіркеу оны уағыздаушы ретінде адамзаттық қоғамнан жоғары тұрады. Демек, өкімет билігі құдайдан рухани билікті жүргізетін, аспанда – Христос, жерде Рим папасы.
Ф.Аквинскийдің ілімі ХІХғ. қалыптасқан, қазіргі кезеңдегі философияда өзіндік орын алып отырған неотомизмнің теориялық және идеологиялық арқауы болып отыр.
3. Номиналистік бағыттың көрнекті өкілі, схоластикалық ойлау тәсілінен арылып, трансцендентальдық болмыстың онтологиясын қалыптастыру арқылы Саурес, Лейбниц, Г.Биль сияқты ойшылдарға үлкен әсер еткен ағылшын ғұламасы Уильям Оккам (1300-1350ж.ж.) болды. Оның пікірінше әлем жеке заттар мен мәндерден тұрады. Мәнділіктердің негізгі анықтамаларының қасиеттері (трансценденталий) өзінен бөлінбейді және қажеттіліктің арқасында оның мәнінен тікелей туындайды. Трансцендаталийлер категориядан да, біртектес заттарды қамтитын жалпы ұғымдардан да жоғары тұрады
№5 Лекция сабағының тақырыбы:Исламдық ортағасырлық мәдениет контексіндегі арабтық мұсылмандық философия
1. Сабақ жоспары:
1. Мұсылман философиясының қалыптасуы мен ерекшеліктері.
2. Суфизм – мұсылмандық діни-философиялық ойлардың бағыты ретінде.
3. Мұсылман ойшылдарының ғылыми философиялық мұрасы.
3. Лекция мәтіні:
1. Орта ғасырда пайда болып, жаңа заманға дейін философия тарихында көрнекті орын алған, еңбектерін араб тілінде жазған, негізінен мұсылман елдерінен шыққан ойшылдар тобының ілімін ғылымда фәлсафа деп атау дәстүрі бар. Анығында бұлар ерекше ойлау менталитетіне ие болған фәлсафа өкілдері. Философия мұсылман мәдениетінің туындысы. Бұл негізінен, мұсылман елдерінің ойшылдарына тән дүниетаным.
Фәлсафаның мазмұны Платон, Аристотель еңбектерін қайта жаңғырту болса, бұл мақсат мұсылман негізінде орындалып, араб тілі арқылы жүзеге асты. Нақ осы кезеңде философ-ойшылдар рухани мәдениет пен мұраның бай даму тәжірбиесін байыптай бастады, философиялық ілімнің алғашқы тұжырым-дамалары мен жүйелері, танымның қағидалары мен әдістері пайда болды.
ХІ-ХІІ ғасырлар Арабияда пайда болған жаңа дін исламның Орта Азияға толықтай тарап, дінге енген кезеңі болатын. Осы аталған ғасырларда өндіргіш күштердің дамуы, қолөнердің өсуі, қалалардың бой көтеріп, олардың қоғам өмірдегі рөлінің артуы байқалады.
2. Ал Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» еңбегінде, сопының өмірі мен қызметі ұрпақ жадында тақуалық пен тәубенің, бай рухани өмір мен имандылық хақында. Осы еңбегінде ол болмыстың тұтастығын көрсетіп берді. Еңбекте Аллаға деген сүйіспеншілік баяндайтын, жоғары мәнділіктерге көкейдегі ойдың ашылуы мен жету, Алланы тануда әйелдің алатын орнын әуездеуге арналған, және сонымен қатар рационалдық танымның қасаңдығын, сезімсіздік түйсіктің жетіспеушілігін де көрсетеді.
Философиялық анықтамаларда: Мистика, мистицизм - өмірден баз кешу. Ол дүние үшін қызмет ету. Бұл дүние қызығынан бас тарту т.с.с. деп жазылғана бір қарағанда өмір қызығынан бас тарт, тек ол дүние үшін қызмет ет деп тұрғанымен, ойлана оқыған адам, хикметтердің ішкі сырын аңғарады. Қожа Ахмет Ясауи бұл дүние қызығынан емес, сол қызық үшін істелінетін жамандықтан нәпсі құлы болудан бас тартуға шақырады екен.
Нәпсіге еріп, дүние қуып, мал жиғанмен, олардың ешқайсысы адамда ажалдан арашалап қала алмайды. Адам дүниеге келеді, кетеді. Адамға берілген уақыт өлшеулі ғана. Осы өлшеулі аз уақыт ішінде адам тек жақсылық жасап өтсе лазым. Жамандық істейтіні қаншама. Сол себепті, Қожа Ахмет Ясауи әр кезде адамды істеген жаманшылығынан құтылмайтынын, жасалынған жамандық ешқашан жазасыз қалмайтынын, ол үшін Алла алдында жауап беретінін ескертіп отырады. Иман – сенім – Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің өзекті тақырыбы, діңгегі десе де болады. Сондықтан да бұл мәселе кеңірек тоқталуды қажет етеді.
3. Осы кезеңде Шығыс халықтары, оның ішінде Орта Азия халықтары тарихи аренаға ғылымның әр саласына айтарлықтай қомақты үлес қосқан аса көрнекті ойшылдарды шығарды. Олардың әрқайсысы әлем халықтары мәдениетінің тарихына өшпес із қалдырды. Аталған тарихи кезеңде көптеген әлем халықтары мәдениетінің байланысы мен бірігуінің нәтижесінде аса бай тілді мәдениет және қоғамдық-философиялық ой қалыптасты. Осы процеске әр түрлі халықтардан шыққан ғалымдар белсене араласады. Мәселен, Орта Азия Әл-Хорезми, Фергани, Әл-Фараби, Түрки, Марвази т.б.; Ираннан - Мукаффа, Наззам, Раванди, Закария, Рази; арабтардан Әл-Кинди, Джахиз, Мутанабби; Солтүстік Африка халық-тарынан - Ибн Рушд, Ибн Туфейль т.б.; Араб халифатының ыдырауы және оның территориясында жеке феодалдық мемлекеттердің пайда болуымен Орта ғасырлық мәдениет пен ғылым өз алдына дербес дами бастайды. Орта Азияда - Фирдауси, Ибн Сина, Бируни, Ж.Баласағұн, Махмуд Қашғари; Иран халықтарынан-Фахриддин Рази, Омар Хайям, Хафиз, Саади сияқты ұлы ойшылдар шықты. Бірақ бұл процесті монғол шапқыншылығы тоқтатады. ХV гасырда Орта Азияда мәдениет пен өнердің қайтадан жедел дами бастауы байқалады. Орталық Азия әлемге танымал болған тұлғалар, ойшыл-ғылымдар Ұлықбек, Коши, Бекзаттарды дүниеге әкелді. Сондай-ақ, осы уақытты ислам идеологиясьшың ірі теоретиктері Ибн Араби, Ғазали, Яссауи аса құнды еңбектерімен танымал болды.
Якуб Ибн Исках әл-Кинди (801-866) орта ғасырлардағы араб философиясының ірі өкілі. Замандастары оған "абул хукано" (даналардың атасы), "файласуф аль-араб" (арабтардың философы) деген құрметті атақ берген. Ол өз еңбектерін түрлі ғылым салаларына арнады. Солардың ішінде ол логика, философия, медицина, математика, геометрия, музыка саласына көп көңіл аударды. Оның еңбектері тек араб және Шығыс дүниесіне ғана емес, Европа елдеріне кеңінен танымал болды. Неміс ғалымы Брокельман Әл-Киндиді «Ислам Аристотелі» деп атады.
Бағдат, Басра қалаларында білім -алған ол Индия, Греция, Персия және т.б. елдердің ғалымдарыньщ еңбектерін зерттейді. Кейінірек ол Аристотельдің және басқа да грек ойшылдарының еңбектерін араб тіліне аударады.
Абу Насыр ибн Мухаммед Әл-Фараби 870 жылы Фарабта дүниеге келген. Алғашқы білімді ол Фарабта, содан соң, Шаш, Самарқанд калаларында болды. Бұхарада және Иранда тұрады. Бағдатта тұрған кезінде философ ретінде атағы шығады. Өмірдің соңғы кезеңін Дамаскіде өткізіп 960 жылы қайтыс болады. Оның қайраткерлігі мен шығар-машылығының айрықша құндылығы, ол Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» немесе «Шығыс Аристотелі» деп саналады. Философия тарихында Әл-Фарабидің парасат пен ақыл жайлы еңбегі бәрін тұтас қамтитын рухани дүниенің онтологиялық желісі, ақыл-ой мен болмыс диалектикасы маңызды кезеңдер болды.
Фараби ірі энциклопедист-ғалым ретінде үлкен абыройға ие болады. Сол кезеңде жиі ұйымдастырған ғылыми сұхбаттарда ол үнемі жеңімпаз ретінде танымал болған. Ұлы ойшылдың шығармашылық эволюциясы екі кезең арқылы өтеді. Алғашқы кезінде Фарабидың дүниетанымы мен көзқарасы қалыптасады. Екінші кезеңінде ол жетілген, ерекше ойшыл ретінде танылады. Осы тұрғыдан алғанда, оның еңбектерін үлкен екі топқа бөлуге болады.
Орта ғасырлардағы ұлы ойшылардың бірі Ибн Сина(980-1037) есімі ежелгі дәуірде өмір сүрген атақты дәрігер Гиппократ жөне дана философ Аристотельмен қатар аталады. Ибн Сина Бұхараға жақын маңдағы Афина деген мекенде дүниеге келген. Он жасынан бастап тіл білімі, грамматика, стилистиканы оқып үйренеді. Сонымен қатар, юриспруденция, логика, евклидтік геометрияны игереді.
Философия оқып үйренуде ерекше талабын байқатады. Бірақ, Ибн Сина ғылым жолының ауыр екенін, әсіресе Аристотельдің "Метафизикасын" зерттегенде көп қиындық көргенін айтады. Ибн Сина медицинаға көп көңіл бөлді және дәрігерлік практиканы жалғастыра жүріп танымал емшілердің қатарында атала бастайды. Ибн Синаның ғылыми мұрасы өте мол. Ибн Сина жазған жиырма томдық философиялық энциклопедия бізге жетпеген. Ибн Сина "Айығу кітабы", "Білім кітабы" және т.б. еңбектері ғылыми тұрғыдағы құндылығымен ерекшеленеді.
Абу Райхан Мухаммад ибн Ахмед Әл-Бируни ежелгі Хорезмнің астанасы Қият қаласына жақын елді мекенде дүниеге келген. "Бируни" сөзі қала маңының тұрғыны деген мағынаны білдіреді. Табиғат, Әл-Бирунидың пікірінше, барлық материалдың және табиғи кұбылыстарды қамтиды. Бүкіл дүние белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Әл-Бируни материалдық дүниенің барлық заңдылық процестерін табиғат деп атайды. Ғылымның барлық саласы қажетті фактілер мен мәліметтерді табиғаттан алады. Бируни өзінің ғылыми ізденістерінде табиғат кұбылыстарын оның өз заңдары арқылы түсіңдіруге тырысады. Орта ғасырларда өмір сүрген Шығыс ойшылдары Әл-Фараби, Ибн Сина және т.б. табиғатты және материяны жаратушы күш бар деп есептеген. Әл-Бируни де осы позицияны ұстанады. Әл-Бируни қоршаған дүниенің негізінде материалдық бастама жатқандығын мойындайды Ибн Синамен пікірталасында барлық заттардың негізі ретінде төрт әлемент (су, от, ауа, жер) туралы айтады. Бируни өз еңбектерінде материя туралы түсінігін ашық айтпаса да, философия және жаратылыстану ғылымдарының нақты проблемаларына тоқталғанда материяны аталған төрт әлементке қарағанда жалпылама нәрсе ретінде карастырады. Материалдық төрт әлементті біртұтас дүние деп атайды. Осы біртұтас бастаманың негізі су деп есеп-тейді.
Парасатты билік пен ізгі өмірдің ғылыми негіздері әлемге әйгілі Жүсіп Баласағұнның атақты «Құтты білік» поэмасында терең баяндалған. Ғұлама ойшыл өзінің осы еңбегінде жоғары мұратты қоғамның қажетті қағидаларын сипаттап, адамның мінез-құлықтарының нормалары мен ережелерін, әр түрлі қоғамдық дәрежедегі жіктердің бұл қоғамдағы басқарудағы міндеттері мен қызметтерін белгілеп берді.
Жүсіп Баласағұн қоғам өміріндегі әлеуметтік қатынастардың этикалық қағидаларын белгілеуге тырысады. Ақыл, әділдік, бақыт төңірегінде туындайтын сұрақтарға берілген жауаптар іздестіріледі. Әділдік пен ақыл, бақыт пен қанағаттанушылық біртұтас адами құндылықтар деген ой тұжырымдалады.
Мақмұт Қашғари «Диуани-лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде алғаш рет түрік мәдениетінің болмыс категориясын сипаттап берді. Еңбекте дәстүрлі халық санасының сипаты, тарихи және мифологиялық құндылықтар, діни және этникалық терминология тіркелген. Сонымен, өз заманының, қоғамының әлеуметтік, саяси және рухани өмірінің сипаттамасы жан-жақты зерттелеген, оның өзіндік және сапалық ерекшелігі айқындалған. Болмыстың объективтік және субъективтік қырлары, адамдардың іс-әрекеті мен олардың санасы, қоғамның тұтастығы мен оның даму барысы күрделі қатынаста көрсетілген
№6 Лекция сабағының тақырыбы:Ренессанс пен Реформация мәдениетіндегі философия
1. Сабақ жоспары:
1. Қайта өрлеу дәуірінің негізгі сипаттары
2. Қайта өрлеу дәуіріндегі ғылым. Н.Коперник, Д.Бруно, Г.Галилей
2. Сабақ мақсаты:
Философия тарихында 15-16 ғасырларды қамтитын қайта өрлеу дәуірінің ғалымдарының ғылыми жаңалықтары мен осы дәуір философиясының ерекшелігімен таныстыру.
3. Лекция мәтіні:
1. Философия тарихында ХV-ХVІ ғасырлар қайта өрлеу дәуірі деп аталады. Осы кезеңде Батыс Европа елдерінде өнеркәсіп, сауда-саттық, теңізде жүзу ісі жедел қарқынмен дами бастады. Ғылым салаларының ішінде, әсіресе механика, математика, жаратылыстануға көп көңіл бөлінді. Қөлөнер кәсібінен машина жасау өндірісіне өту басталды. Капиталистік өндірістік қатынастардың одан ары дамуы ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басында ұлы географиялық жаңалықтардың ашылуына себеп болды.
Шіркеу тарапынан болған қудалау мен қысымға қарамастан қайта өрлеу дәуірінің аса ірі ойшылдары Н.Коперник, Дж. Бруно, Г.Галилей және т.б. ортағасырларда қалыптасқан жаңсақ пікірлерге қарсы шықты.
Қайта өрлеу дәуірі философиялық ой тұрғысында дүниенің жаңа көріністерін көрсетті. Осы философиялық негізде пантеистік ілім қалыптасты. Пантеизм (грек тілінен пан – бәрі, тое – құдай) – құдай табиғаттан тыс бола алмайды, ол табиғатпен бара-бар бейқам бастама дейтін философиялық ілім. Пантеизм құдайды табиғатпен тұтастай қарайды, табиғаттан тыс бастаманы теріске шығарады. Бұл терминді Голанд 1705 жылы енгізген. Бұрын пантеизм табиғатқа материалистік көзқарас көрініс тапқан болса, қазір ол дүниенің құдай арқылы өмір сүруі туралы діни идеалистік теорияға айналды және ғылымды дінмен жақындастыру әрекеті болып табылады.
2. Қайта өрлеу дәуірі ойшылдарының аса ірі өкілдерінің бірі Н.Коперник (1473-1543ж.ж.) болды. Ғылым тарихында Коперник ілімі шын мәніндегі революциялық іс болды, сол арқылы табиғат зерттеу істері өзінің дінінен тәуелсіз екенін паш етті. Жерді Күнді айналуы және Жердің бір тәулік ішінде өз кіндігін айналып шығуы туралы Коперник теориясы Птолемейдік гелиоцентрлік жүйесінен және «құдайдың қалаулысы» ретіндегі «Жер» туралы оған негізделген діни түсініктерден қол үзуді білдіреді. Сол кезеңдегі пантеистік, натурфилософиялық бағыттың негізін Н.Кузанский (1401-1465ж.ж.) салды. Ол 1401 жылы шаруа отбасында Германияның Куза деген қалашығында туылған. Негізгі философиялық еңбектері: «Ғылыми білімсіздік туралы», «Құдай туралы», «Ақыл», «Болмыс туралы».
Ол философияның негізгі мәселесін идеалистік тұрғыдан шешті. Дүниені де, адамды да құдай жаратты дейді ол. Кузанскийдің пікірі бойынша, әлем қарама-қарсы заттардан тұрады және олар математикадағы теңдеудің екі жағындағы мүшелердің бір-біріне өте алатыны сияқты, бір-біріне ауысып отырады. Ауысқан қарама-қарсылықтардың теңесуі тек құдайға ғана тән. Жалпы алғанда, материалдық денелер құдай жаратқаннан кейін өз заңды-лықтары бойынша дамып, өзгеріп отыратын болғандықтан, оларды танып білуге болады.
Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілдерінің бірі Дж.Бруно (1548-1606ж.ж.) философиялық танымның мақсаты құдайды емес табиғатты танып білу деп есептеді. Сонымен қатар, ол табиғаттың шексіздігін, әлемдегі басқа дүниелердің бар екендігі жайлы идеялар айтты.
Таным теориясында Дж. Бруно адамды табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде қарастыра отырып, ол сыртқы дүниені, табиғатты бейнелейді деп есептеді. Дж.Бруно сезім мен ақыл-ойды бір-біріне қарсы қояды. Ақыл-ойды нағыз білімнің көзі дейді. Классикалық механиканың негізі болған эксперименттік-теориялық жаратылыстанудың қалыптасуына көп әсер еткен Г.Галилейдің(1564-1642ж.ж.) ғылыми-философиялық қызметі Европада философиялық ойдың ілгерілеуіне септігін тигізді. Галилей ашқан астрономиялық жаңалықтар атап айтқанда, Н.Коперниктің гелио-центрлік теориясының ақиқат-тылығын дәлелдеді. Г.Галилей таным теориясында екі тәсілді: анализ (талдау) және синтезді (біріктіру) пайдалану қажет деп есептеді.
Қайта өрлеу дәуірінде түрлі қияли теориялар мен ілімдер пайда болды. Солардың бірі - утопиялық социализм теориясы. Оның негізін салушы ағылшын қоғам қайраткері, гуманист Томас Морр(1478-1535) және Томаза Компанелло( 1568-1639). Ол өздерінің «Утопия» және «Күн қала» деген еңбегінде болашақ бақытты қоғамдық құрылыс жайлы баяндап береді. Олар қоғамда жеке пен қанау жоқ, адамдар ынтымақты қауым болып өмір сүреді. Еңбек ету барлық қауым мүшелерінің міндеті, әркім өз еркімен қызмет етеді, білім алады, дене мен ой еңбегі дұрыс ұйымдастырылады, т.с.с.
№7 Лекция сабағының тақырыбы:Жаңа уақыт мәдениетіндегі батыс европалық философия. 20 ғ. мәдениетіндегі батысевропалық философия.
1. Сабақ жоспары:
1. Жаңа дәуір философиясындағы рационалистік және эмпиристік бағыт талаптары.
2. Ф.Бэкон, Р.Декарт, Б.Спиноза, Д.Локк, Т.Гоббс философиясы.