Хіх- хх ғғ. басындағы орыс философиясы 6 страница
Материалистік таным теориясы айналадағы материалдық шындықтың адам санасында бейнелеу теориясы болып табылады. Бейнелей теориясының мәні мынада: заттар, құбылыстар мен процестер және олардың қасиеттері мен маңызды байланыстары танып-білуші субъектіден тәуелсіз өмір сүреді. Түйсіктердің, қабылдаудың және ақыл-ойдың арқасында біз заттарды, олардың қасиеттерін танып-білеміз. Түйсіктер, қабылдау және ақыл-ой заттардың өзі емес, олардың субъективті образы, бейнесі. Таным дегеніміз сыртқы заттар мен құбылыстар қасиеттерінің, мәнді қатынастарының адам санасында идеалды образдар жүйесі ретінде бейнеленуінің қайшылыққа толы күрделі процесі.
Таным барысында адам өзін қоршаған ортаны игереді, ол туралы білімі кеңейіп, тереңдей түседі. Адамның заттар мен құбылыстар туралы жалпы мәліметі ішкі мәнге қарай ұмтылып, жүйелі, шынайы білімге айналады. Танымды адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы деп есептеуге болады. Сөйтіп, материализм шынайы, болмысты, нақтылы дүниені танып-білу туралы мәселе қойса, идеалистер түрлі заттар мен құбылыстарда өз өрнегі мен бейнесін тауып отырған мінсіз құбылыстарды, яғни адам санасының түрлі өнімдерін танып-білу туралы айтады. Идеализм бейнелеу принціпін жоққа шығарып, болмыс пен ойдың тепе-теңдігін мойындауды талап етеді. Материализм, керісінше, тепе-теңдік принципін жоққа шығарады да, бейнелеу принципін мойындауды талап етеді. Кейбір философтар дүниені танып-білу мүмкіндігін мүлде жоққа шығарады, абсолютті ақиқатты, заттардың ішкі мәніне таным арқылы жетуді мойындамайды. Философияда қалыптасқан мұндай позицияагностицизм деп аталады. Оның философия тарихындағы ең көрнекі өкілдері Д.Юм мен И.Кант болып табылады. Танымның субъектісі деп жеке адамдарды, таптар мен әлеуметтік топтарды, кең мағынада алғанда, тұтас тарихи нақтылы қоғамды айтуға болады. Сондай-ақ, субъект өз болмысын, өзінің ішкі дүниесін таным объектісі ретінде қарай алады. Табиғатты, қоғамдық қатынастарды таным объектісі ретінде қалыптастыру қажет. Олар субъектінің өндірістік, әлеуметтік және ғылыми қызметі арқылы таным объектісіне айналады.
Таным екі жақтың бірлігінде беріледі, сезімдік және рационалдық, олардың әр-қайсысын сипаттай отырып, олардың да өз құрылымы бар екенін көреміз.
Таным процесінің қандай да болсын материалдық заттардың сезім мүшелеріне ықпал етуі нәтижесінде туатын әсерлерден басталады. Сезімдік таным адамды сыртқы дүниемен байланыстырады, қоршаған ортаның заттар мен құбылыстары туралы көрінікті түсінік береді. Сезімдік таным өте ежелгі таным түрі, ол негізінен адамды қоршаған шындыққа шығатын бірден-бір маңызды жол. Сезімдік таным негізгі үш формада: түйсік, қабылдау және елестету арқылы жүзеге асырылады. Түйсік негізгі екі тапқа: 1) сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстардың қасиеттерін бейнелейтін түйсіктерге (көру, есту, дәм, тері арқылы сезу түйсіктеріне); 2) дене мүшелері қозғалысын және ішкі мүшелердің жайын бейнелейтін түйсіктерге (тепе-теңдікті бұлшық ет, организм арқылы түйсіну) бөлінеді. Түйсіктер дегеніміз сезім мүшелеріне тікелей ықпал жасайтын материалдық заттар мен құбылыстардың жеке сапаларын, қасиеттерін, жақтарын мида бейнелеуі болып табылады. Қабылдау жеке түйсіктердің жай ғана қосындысы емес, заттың тұтас бейнесі болып табылады. Қабылдау дегеніміз – сезім мүшелеріне тікелей әсер ететін сыртқы материалдық заттың тұтас бейнесі. Сезімдік қабылдау әрқашанда нақты бейнелер болып келеді. Қабылдау жалпы алғанда жеке заттарды бейнелейді, мұнда олар тек сыртқы көріністері жағынан ғана көрінеді. Елестету дегеніміз – қазіргі сәтте сезім мүшелеріне тікелей әсер етпейтін, бірақ бұрын олар белгілі бір формада қабылданған заттың сезімдік бейнесі. Елестету де қабылдаулар сияқты нақты, көрнекі бейнелер.
Рационалыдық таным (логикалық ойлау, абстрактілік ойлау) - бұл екінші танымның жоғарғы сатысы. Ол сезімдік танымның нәтижесіне сүйенеді, бірақ өзі көрнектілікті қажет етпейді, шындық пен тікелей байланыста болмайды және синтездік қорытылған білім береді, бұларсыз адам қызметі тиянақты болмайды. Рационалдық таным да үш түрде болады: ұғым, пікір, ой қорытыу. 1) Ой түрінде, заттар мен құбылыстардың ең жалпы маңызды жақтарын, сапасын, байланысы мен қатынасын бейнелейді. 2) Ойды жеткізу үшін түрлі ұғымдар арасындағы қатынасты белгілеп анықтайды, қандай да болсын бір зат жайында бір нәрсені мақұлдайды немесе теріске шығарады. 3) Пікірдің ерекше түрі, оның арқасында бір немесе бірнеше пікірден туатын, біздің білімді қорытындылайтын жаңа пікір (ой қорыту) туады.
Сезімдік пен рационалдық таным бір-бірімен тығыз байланысты. Дүниені сезімсіз тану мүмкін емес, сонымен қатар ол танымның бастапқы кезеңі ғана жоғарғы рационалдық танымның негізгі бұлағы. Сезімдік таным бізгі жеке салдар, түр, құбылыс туралы білімдерді береді, ал рационалдық мазмұнды, мәнді, жалпыны, себепті, заңды анықтайды.
Сезімдік пен рационалдық танымның жалпы мақсаты білімді немесе процестер мен құбылыстарды дұрыс бейнелейтінін табу. Сондықтан, ақиқат не екенін анықтап білу және біздің санамыздың ақиқатқа барар жолын көрсету маңызды.
Ақиқат – танымның негізгі мақсаты. Өйткені таным процесіндегі субъектінің белсенділігіне байланысты қалыптасқан жаңа білім зерттеліп отырған объектіге сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі керек. Осыған орай ғылым мен философияда ақиқат проблемасы алға тартылады. Ақиқат дегеніміз субъект пен объект арасындағы өзара байланыс негізінде жүріп жататын әлеуметтік-тарихи процесс. Ақиқат біреу, ол объективті. Объективті ақиқат деп қоғамдық адам түсінігіндегі, біліміндегі субъектіге, адамға, адамзатқа тәуелсіз мазмұнды айтады. Ақиқат өзінің мазмұны жағынан объективті, ал формасы жағынан субъективті. Сонымен ақиқат дегеніміз – объективтік пен субъективтің диалектикалық бірлігі. Зерттеліп отырған объект жөніндегі толық емес білімді – абсолютті ақиқат деп атайды. Салыстырмалы ақиқат пен абсолютті ақиқат - әлеуметтік, тарихи процесс ретінде объективті ақиқаттың көріністері. Объективті ақиқат салыстырмалы – абсолютті түрде ғана өмір сүреді.
Нағыз білім ақиқат болуы тиіс. Практикалық қызметте табысқа жету үшін адамға ақиқат білім қажет. Ақиқат деп шындыққа сәйкес білімді айтады. Абстарктілі ақиқаты жоқ, ақиқат әрдайым нақты болады. Ақиқаттың нақтылығы-таным процесіне диалектикалық тұрғыдан қараудың негізгі бір принципі-таным объектісінің барлық жағдайларын мұқият ескеруді талап етеді. Мысалы, болған құбылыстың жағдайлары, орыны мен уақыты және т.б. белгісіз болса, онда тұжырымдалған пікірдің ақиқаттығын не жалғандығын анықтау мүмкін емес Объектіні белгілі бір жағдайда дәл бейнелендірген пікір басқа жағдайлардағы ол құбылыс жайын жалған болуы мүмкін. Мысалы, жеке адамға оны қоршаған әлеуметтік қатынастардан байланыссыз баға беруге болмайды.
Бір құбылыс не процесс жайындағы ақиқат та мәңгі емес. Бұл құбылыс не процесс дами отырып, басқаға айналуы мүмкін. Өйткені жағдайға байланысты ол өзгереді. Олай болса, оны бейнелендіретін ақиқат та өзгереді. Ақиқаттың нақтылық принциптері фактілер мен жеке оқиғаларға жалпы ереже, қағида тұрғысынан қарамай, нақты жағдайларды есепке алу тұрғысынан қарауды талап етеді., ал бұл догматизмге мүлде қарама-қарсы көзқарас. Қоғамдық даму процестерін талдаған кезде нақты- тарихи тұрғыдан қараудың маңызы ерекше арта түседі. Ал мұның бәрі білімнің ақиқаттығының өлшеуіші проблемасын алға тартады.Ақиқаттың өлшеуішін табу- ақиқатты, ақиқат білімді қателесуден айыруға мүмкіндік беретін обьективтік негізді табу деген сөз.
Дүниежүзілік философия тарихында ақиқаттың өлшеуішін табу мәселесі таным теориясындағы негізгі мәселелердің бірі болды. Ақиқатты жалғаннан қалай айыру керек деген сұрақ ойшылдардың бәрін толғандырып келді. Декарт, Спиноза, Лейбниц ақиқаттың өлшеуіші ретінде ойлау нәрсесінің айқындылығы мен анықтығын ұсынды. Ақиқаттың өлшеуішінің мұндай түсінігі біздің ойлауымыздың логикалық күшіне және сеніміне сүйенеді. Қабылданатын және ойланатын нәрсенің айқындылығы ақиқатты анықтауда белгілі бір өлшеуіш бола алмайды. Кезінде айқын болып көрінген көптеген ақиқататр кейіннен жалған болып шықты, мысалы, жердің жазық сияқты болып көрінуі, күн мен жұлдыздардың жерді айналуы т.б. сондай «ақиқат» еді.
Практиканыақиқаттың өлшеуіші деп жариялаған прагматизм деп аталатын философиялық бағыт бар. Бірақ ол практиканы пайда табуға бағытталған іс-әрекет мағынасында түсінді: не нәрсе практикалық пайда келтірсе, сол бірден-бір ақиқат деп жариялады бұл идеалистік философиялық бағыт. Маркске дейінгі философтардың бәрі бірдей практика ақиқаттың өлшеуіші екенін мойындамады немесе оны тәжірибе, бақылау жүргізу мағынасында түсінді.
К.Маркс пен Ф.Энгельстің нағыз ғылыми гносеология жасауда сіңірген аса зор еңбегі сол, олар адамзаттың қоғамдық ой-пікірінің тарихында тұңғыш рет қоғамдық практиканың таным процесіндегі шешуші ролін ашып берді. Олар қоғамдық еңбек практикасы және ең алдымен өндірістік қызмет таным процесінің негізі ғана емес, сондай-ақ шешуші өлшеуіші екенін дәлелдеп берді. Қоғамдық практикада расталған теориялар ған ақиқат деп саналады. Практика өлшеуішінде абсолюттік те, салыстырмалы да кезеңдер бар, өйткені ол біздің барлық білімдеріміздің абсолюттік және салыстырмалылылық сипатын айқындап береді. Ақиқаттың өлшеуіші ретіндегі практиканың абсолюттік кезеңі мынада: қазғылап келгенде практикада ақиқатты жалғаннан, шынды өтіріктен айырып беретін бірден-бір өлшеуіш болып табылады. Ғылыми зерттеуші ұсынатын ақиқаттың қайсысы болмасын, практика растаған дәрежеде ғана шындыққа сәйкес келеді. Субьективтік идеядан адам обьективтік ақиқатқа практика арқылы барады.
Таным, білімнің формалары мен түрлері көп. Ең алдымен таным ғылыми және ғылыми емес болып екіге бөлінеді. Ғылыми емес танымның түрлеріне күнделікті тұрмыстағы танымдар, көркемөнерлер бейнелері, діни танымдар т.б. жатады. Ғылыми танымның міндеті- заттар мен құбылыстардың ішкі мәнін, олардың өмір сүру мен даму заңдылықтарын ашу Ғылым – дүниетану, жалпы алғанда, рухани өндірістің қалыптасқан ерекше түрі. Оның өз мекемелері (ғылыми-зерттеу институттары, лабораториялар т.с.с.), ғылыми қауымдастықтары, зерттеу жабдықтары, ақпарат алмасу (журналдар, конференциялар т.с.с.), қаржы орталықтары т.с.с. бар. Ғылымның негізгі мақсаты – адамзат қажеттіктерін өтеу жолында соған керек білімді өндіріп, оны іс жүзінде өмірде пайдалануға болатындай ғылып қайта өзгерту. Екіншіден, барлық ғылым салаларынан шығатын деректер мен тұжырымдар, теориялардың басын біріктіріп, олардың өзара байланыстарын анықтап "Дүниенің ғылыми бейнесін" жасау болмақ. Соңғының негізінде адамдардың дүниеге деген көзқарасы қалыптасады. Әрине, ғылым дамыған сайын «дүние бейнесі» де өзгеріске түседі. Ғылымның даму сатыларын былайша көрсетуге болады:
1. Алғы ғылым (көне заманнан ХVI ғ. дейін)
2. Классикалық ғылым (ХУ1 – Х1Х ғ. 70ж.ж.), бұл сатыға дүниенің классикалық ғылыми бейнесі сәйкес келеді.
3. Классикалық емес ғылым (Х1Х ғ. 80ж.ж. бастап ХХғ. ортасына дейін), бұл сатыға дүниенің классикалық емес ғылыми бейнесі сәйкес келеді.
4. Постклассикалық емес ғылым (ХХ ғ. ортасынан бастап осы күнге дейін) бұл сатыға дүниенің постклассикалық емес ғылыми бейнесі сәйкес келеді.
Соңғы сатыда ғылым мен техниканың дамуы "үлкен жарылысты" еске түсіреді. Бүгінгі таңдағы өндірістегі автоматикалық зауыттар, бүкіл дүниежүзін қамтыған интернет жүйесі, теледидар, ұялы телефондар, 2,5 дыбыс жылдамдығына жеткен ұшақтар (Конкорд), Ғарышта орналасқан стансалар мен жер серіктері т.с.с. қазіргі ғылым жетістіктеріне негізделген.
Осы жетістіктерге таңырқап сүйсіне қараған ойшылдар болашақта адамзаттың барлық қайшылықтары ғылымның даму негізінде шешіледі,- деген көзқарас ұстады. Мұны біз сциентистік (scіentіa,- лат. сөзі,- ғылым), я болмаса, техно-оптимистік көзқарас дейміз.Алайда, шың бар жерде, құз да барын ескеру керек. ХХ ғ. 70 ж.ж. бастап ғылым мен техниканың теріс жақтары да айқындалып (жағалай ортаның бұзылуы, климаттың өзгеруі, адамның техника құлына айналуы т.с.с.) көрсетіле басталды. Антисциентистік, техно-пессимистік бағыт ұстаған ғалымдар қазіргі ғылымды "құмырадан шығып кеткен жынға" теңеп, "енді әрі қарай жаңа өндіріс кешендерін салуды тоқтату керек, әйтпесе жердегі тіршілік оған шыдамай құрып кетеді",- деген пікір айтты. Сонда әрі қарай не істеу керек?,- деген заңды сұрақ туады. Кейбір кезде, мүмкін, Табиғаттың баласы болып, оған қарсы шықпай үндесті өмір сүрген біздің көшпенді бабаларымыз дұрыс істеген болар?,- деген де сұрақ ойымызға келеді. Әрине, ол - романтикалық көзқарас. Ғылым мен техниканың дамуын тоқтату мүмкін емес. Сонымен қатар, ғылымның жетістіктерін өмірге еңгізген кезде (ол ғылымның негізгі мақсаты), ойланып-толғанып, тек бүгінгі күннің мүддесін ғана ойлап қоймай, сонымен қатар, алыс болашаққа тигізетін оң, я болмаса, теріс әсерін сараптауға салу керек.
Ғылыми танымның жалпы әдістері мен түрлерін қарастыру үшін танымның эмпирикалық және теориялық деңгейлерін ажыратқан әлбетте дұрыс, себебі әр деңгейдің өзіндік ерекшеліктері мен әдістері бар. Кең түрде алғанда, гректің "methodos",- деген сөзі "жол" деген мағна береді. Әр нәрсені жасағанда, адам оны белгілі бір үлгілер, тәсілдерге сүйене отырып істейді. Эмпирикалық деңгейде білімнің мазмұны тәжірибе негізінде жинақталады. Бұл деңгейде таным объектісінің қасиеттері мен қырлары сезімдік қабілет тұрғысынан қабылданады. Әрине, ғылым мен техниканың дамуына байланысты адамның сезімдік танымының көкжиегін әлдеқайда кеңейтетін аспаптар, құралдар, компьютерлер іске қосылып жатқанын айта кеткен артық емес. Теориялық деңгейде таным объектісінің маңызды байланыстары мен заңдылықтары тәжірибе негізінде алынған біліммен қоса абстрактілі ойлау нәтижесінде тұжырымдалады.
Бақылау сұрақтары:
1. Таным дегеніміз не ?
2. Ақиқаттың критерилері.
3. Сезімдік және рационалдық таным.
4. Ғылыми танымның мәні.
Негізгі әдебиет
1. Ғабитов Т. Философия. 2004 ж.
2. Тұрғынбаев Ә. Философия. 2005 ж.
3. Кішібеков Д., Сыдықов А. Философия. Алматы,2006 ж.
Осымша әдебиет
1.Ғылым мен техника философиясы.ӘФМ. 20 томдық. Т.9. А.,2006
2. Таным теориясы. / Қазақ халқының философиялық мұрасы. 20 томдық. Т.18.А.,2006
Дәріс 13.Философиялық антропология мен аксиологияның негіздері-2сағат
Мақсаты:философиядағы адам мәселесі туралы философиялық концепциялар және құндылықтар туралы философиялық ілімдерді ашып көрсету.
Негізігі ұғымдар мен сөздер:антропология, ноосфера, биосфера, экология, прогресс,гендер, эвтаназия
1. Адам ұғымы.
2. Тұлға: табиғаты және мәні.
3.Құндылықтар туралы философиялық ілімдер.
Адам ұғымы.Адам - ғарыштың тудырған ғажап пендесі. Өйткені, оның денесі болса да, ол ең алдымен – рух. Осы тұрғыдан алып қарағанда адамның басқа тіршілік әлемінен айырмашылығы – шексіздікке кетеді. Сондықтан, ғасырлар бойы қайсыбір дін “адамды Құдай жаратты” деген қағиданы осы уақытқа дейін ұстап отыр.
Философияның көп мәселелері ішіндегі ең өзектілерінің бірі – адам мәселесі. Бүгінгі таңда тек гуманитарлық ғалымдар ғана емес, сонымен қатар, жаратылыс танушылар да “антроптық принципті” қолдап отыр. Осыдан 13 млрд. жыл бұрын “Ұлы Жарылыстың” негізінде пайда болған Дүние - Ғарыш Әлемі - қажетті түрде сан-алуан кездейсоқтар тоғысының барысында тіршілікті, содан кейін саналы пендені – адамды тудырады екен.
Философия тарихында мыңдаған жылдар шеңберінде адамға деген сан-алуан анықтамалар жасалды. Солардың ішіндегі ең кең тарағаны - “Homo Sapіens” – саналы адам, яғни, ол - рухани пенде. Адам өз алдына неше-түрлі мақсат-мұраттар қойып, соларды іске асыруға ұмтылады. Оларды іске асыру жолында ол басқа адамдармен сан-алуан саналы қарым-қатынасқа түседі. Адамның неше-түрлі алаңдау мен күту, қайғы мен қасірет, шаттық пен шығармашылыққа толы ішкі рухани өмірі бар.
Американ саяси қайраткері, сол елдің “Конституциясын” жасауға ат салысқан Д.Франклин адамға “Homo Faber” - құралданған адам,-деген анықтама берді. Шынында да, тек қана адам еңбек құралдарын жасап оларды үнемі пайдаланады. Мысалы, маймыл жерде жатқан бұтақты, я болмаса тасты алып пайдалануы мүмкін. Бірақ, содан кейін ол оны лақтырып тастайды да, оған екінші рет қайтып оралмайды. Бірде-бір маймыл жасанды өз ойына сәйкес келетін құрал жасап көрген жоқ. Оны істей алатын тек қана адам.
Уақытында ұлы Аристотель адамды “Zoon Polіtіkon”- қоғами жануар - деген болатын. Ол да адамның тектік қасиеттерінің бірі. Өйткені, ол басқа адамдармен бірігіп қана өзінің сан-алуан қажеттіктерін өтей алады, яғни, қоғамның шеңберінде ғана өмір сүре алады. Алғашқы қауымдық қоғамдағы жазалаудың ең қатаң түрі – адамды остракизмдеу, яғни рудың шеңберінен шығарып тастау болатын-ды. Жаңғыз қалған адам әрі қарай өмір сүре алмай жыртқыштарға жем болады.
И.Кант адамның ішкі ар-ұжданына таңғалып, оған “Homo Morales” деген анықтама берген болатын. Уақытында ұлы Абай оны “нұрлы жүрек”,- десе, Шәкәрім “үш анықтың” біреуіне жатқызды. Егер де адамның ар-ұжданы болмаса, ол жануарлардан қулық-сұмдығы жүздеген есе асатын нағыз жан түршігерлік сайтанға айналар еді. Бүкіл көркем әдебиеттің дәріптейтін аса құнды адамның қаситеті – оның ар-ұжданы. Қиын-қыстау жағдайда нағыз адам өз ар-ұжданын, абыройын сақтап қалу жолында өзінің тәнін құрбан етуге дейін барады. Австрия ғалымы В.Франкл Құдайды Ғарыштан, тіпті оның әр жағынан іздеу керек емес, ол – адамның ішіндегі оның ар-ұжданы деген ғажап ой айтады.
“Homo Aestetіcus” – сұлулыққа ұмтылған адам - деген анықтама да адамның ғажап жағын бізге көрсетеді. Адам дүниедегі кез келген нәрсенің әсем жағын байқап одан ләззәт алатын пенде. Ыстық жаз күндердің бірінде күннің орасан-зор қан-қызыл түсте батуы ешкімді де немқұрайды қалдырмайды. Керісінше, ол бізге шабыт беріп шығармашылыққа, табиғаттың кереметтігін мойындауға, оған бас иуге итермелейді. “Әсемдік Дүниені сақтап қалады”,- деген Ф.Достоевскидің нақыл сөзі жоғарыдағы ойлардан шықса керек. Біз болсақ, тек қана ар-ұжданға, моральдық құндылықтарға сенер едік, өйткені, өкінішке орай, бүгінгі өмірде салқын лебізді, ар-ұжданның талабына сәйкес келмейтін сұлулық жиі кездеседі.
Голландия ойшылы И.Хейзинга адамға “Homo Ludens” – ойнайтын адам – деген ат қойып, сол жөнінде көлемді еңбек жазды. Адам өз өмірінің шеңберінде жүздеген әлеуметтік рөлдерді ойнайды. Мысалы, ол - әке, жұмыста есепші, біреудің жолдасы, я болмаса, туысы, саяси партияның мүшесі, ауладағы футбол командасының капитаны т.с.с. Әрбір рөлдің мазмұны мен әлеуметтік нормалары өзгеше. Тіпті өлер алдында адам сол рөлді ойнап, ол да болса оны қоршаған жақындарына өнеге болып қалады. Сонымен, рөлдер тек театр сахнасында ғана ойналып жатқан жоқ, ол бүкіл жер бетінде адамдар бар жерде жүріп жатыр. Ал жануарларға келер болсақ, олардың күшіктері бір-бірімен ойнап өз табиғи инстинктерін оятады, уақыт өтіп есейген сәтте олар тоқталады.
“Homo Erectus” – тік жүретін адам – деген анықтаманың да терең мазмұны бар екенін байқаймыз. Адамға ұқсас маймылдардың тарихи адамға айналу барысында, оның алдыңғы екі қолы жерге түскеннен кейін босап, еңбек ету арқасында нағыз ғажапқа – ешқандай теңдесі жоқ - адамның қолына айналады. Адам өз қолдарымен 2000-нан артық әртүрлі нәрселерді жасайды екен !!! (микроскоп арқылы көздің жарасын тігуден бастап, алып экскаваторды басқаруға дейін). Бірде-бір жануардың осындай икемі бар дене мүшесі жоқ. Егер де жер бетіндегі адамдардың бәрі де жойылып, тек бір ғана адамның қол сүйегі қалса, соған қарап, Ғарыштан ұшып келген саналы пенделер осы жер бетінде ақыл-ойдың, рухтың болғанын байқар еді !!! Өйткені, адамның қолы – рухтың дүниеге келу барысындағы сонымен бірге қалыптасқан туындысы.
Француз ойшылы Э.Кассирер адамға “Homo Sіmbolіcus”- нышан, белгі жасайтын адам – деген анықтама берген болатын. Кең түрде алғанда символға қайсыбір халықтың тілі, бабалардан қалған аңыз-дастандар, дін, өнер қағидаларын, неше-түрлі өмірдегі кездесетін белгілерді (мысалы, машинамен келе жатып, алдымыздан ортасында қызыл кірпіш көрсетілген дөңгелек белгіні көргенде, біз тоқтап әрі қарай жүрмейміз) т.с.с. жатқызамыз. Қайсыбір нақыл сөздер, көркем әдебиеттегі салыстырма, бейне, мысалдардың т.с.с. әр жағында неше-түрлі мән-мазмұнның жатқанын байқауға болады. Мысалы, Прометей бейнесі бізге нағыз адамды сүйу (гуманизм), ал Сизиф болса нәтижесіз зардапқа әкелетін еңбек, Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу – мөлдір махаббатың символдары ретінде көрінеді.