Тақырып 4. жаңа дәуір философиясы. Xviii ғасырдағы еуропаның ағартушылық философиясы

Жоспар:

1. Философия және 16-17 ғасырдағы Ғылыми революция

2. Эмпиризм және рационализм: Ф Бэкон, Р Декарт, Б.Спиноза, Г.Лейбниц, Дж. Локк, Ж Гоббстың концепциясы.

3. Француз ағартушыларының философиясындағы адам, қоғам мәселері.

Философияның дамуының XVII ғасырдан басталған кезеңін Жаңа заман философиясы деп атайды. XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырда Европада буржуазиялық революция кең өрістеп қоғамның экономикалық, саяси әлеуметтік өміріне жаңа леп алып келді. Осыған орай қоғамдық санада түбірлі өзгерістерге ұшырады. Жаратылыс тану ғылымдарының ашқан жаңалықтары өндірісте кеңінен қолданыла басталды.

Г. Галилей, И. Ньютон, Р.Бойль, У.Гарвей және тағы басқада оқымыстылардың ғылыми жетістіктері, философияның жаңа бағытта дамуына арқау болды. Ағылшын философы Ф.Бэкон (1561-1626) жаңа заман философиясының негізін салушының бірі. «Жаңа органон», «Жаңа Атлантида» және тағы да басқа еңбектерімен танымал философ эмпиризм бағытын ұстады. Оның ілімі бойынша, ғылым фактілерге сүйену керек. Ғылыми нәтижелерді тәжрибе арқылы сұрыптап, талдау үшін индукциялық әдістің артықшылығын дәлелдеуге күш салды. Осы эмпириялық, индукциялық әдісін адам болмысын тану үшін де қолданды.

Бэконның пікірінше барлық ғылымдардың мақсаты адам туралы ілім жасау. Ғылымдар шашырап кетпей, бір- біріне сүйене, байланыса отырып адам туралы келесі пікір, тұжырым жасай алады.

Адам тән мен жаннан құралғандықтан, ғылымдардың бірі тәнін зерттейді, екіншілері адамның жанына назар аударады. Ф. Бэкон адам қосмәнді дей тұрып адамның жанын зерделі жан, сезімтал жан деп екіге бөледі. Адам зерделілігіне «құдай шапағаты» тиді, ал сезімталдығы жалпы дене қызметімен байланысты. Адам ақыл ойының субстанциясының қайдан шыққаны, мәңгілігі және тағыда басқа сауалдарға жауап беру діннің еншісі. Осыған орай Ф. Бэкон адам жанының зерделілігі туралы жарытып ештеңе айтпайды. Адамның сезімтал жандылығын философияның үлесіне алып қалып Ф. Бэкон оның әлі тыңғылықты зерттелмей жатқанына қынжылады. Адамның қос мәні, яғни тәні мен жаны бір- бірімен байланысты. Тәннің байлығы оның саулығы, сұлулығы, қуат күші, ал жанның қабілеті – парасаттылығы, еріктілігі деп білеміз.Адамның кескін-келбетінен оның көңіл-күйін, рухани дүниесін білуге болады. Тәні саудың жаны сау. Ол дәрігерлік ғылымдар жүйесіне ертеден белгілі. Ф.Бэкон осы байланыстың басқа жағына көңіл аударады. Жанның саулығы көп жағдайларда дене қызметіне әсер етеді, сондықтанда жаны саудың дені сау деп айта аламыз.

Адамның әлсіздігі, дәрменсіздігі табиғат заңдылықтарын білмегендігінде. Табиғатты жеңу үшін оған бағыну керек, -дейді Ф.Бэкон.

Бағыну деп табиғат алдында тізе бүгу емес, оның заңдылықтарын өз мақсатыңа дұрыс пайдалана білу, өйткені адам табиғаттың түсіндірушісі, қызметшісі. Табиғатты тану жолында көптеген кедергілер, тосқауылдар бар. Ол кедергілер адам санасында түрлі себептермен сіңіп қалған пікірлер, бұрмалаған түсініктер, елестер. Ф.Бэкон осы елестерді төрт түрге бөледі.

Біріншісін «тектік елестер»-деп атайды. Ол адамның табиғатына біткен, өйткені сезімнің қабілеті дүниедегі сан қилы заттар мен құбылыстарды ажырата алмай жалған мәлімет береді. Ақылда табиғаттағы, қоршаған ортадағы елеусіз фактілерді өзінен қосып бажырайта, түймедейді түйедей қылып кең тұжырым жасауға икемді. Сондықтан дейді Ф.Бэкон ақылдың қанатына ауыр жүк іліп жерге күнделікті күйбің тіршілікке жақындастыра жүргізу керек. Тектік елестерден құтылу оңай емес, бірақ олардың күшін әлсіретуге болады. Екінші, “үңгір елестер” жеке адамның мінез құлқына, тәрбиесіне, өскен ортасына, байланысты. Әр адамның өз «үңгірі» бар. Осы үңгір табиғаттан түскен сәулені әлсіретіп, көмескі жеткізеді. Осы елестерден көпшіліктің тәжірибесіне сүйене отырып құтылуға болады. Үшінші елестерді Ф.Бэкон «алаң», «базар» елестері деп атайды. Адамдар жиналған жерлерде сөз таластары жиі болып тұрады. Олар бір сөзге әр түрлі мағына беріп, бір-бірін түсінбейді, ұғыспайды. Осындай жағдайда, талас-тартысты пайдаланып біреулер өз пікірін білдіріп алуы мүмкін. Қарапайым сана біреуге еріп еліктегіш келеді. Осы елестерден адам өз білімін жетілдіріп, оқу арқылы құтыла алады.

«Театр елестері» - деп Ф.Бэкон біреулердің беделіне, ойдан шығарылған қағидаларға сенуді айтады. Әсіресе ғылымдағы догматикалық ілімдер ойдың дамуына кедергі келтіреді. Бэконның пікірінше осы пірлер, елестер табиғаттың заңдылықтарын ашып, пайдалануға кедергі жасайды. Осыған қарамастан, адам олардан арыла келе, табиғатты танып біле алады. Ол Бэкон ұсынған тәжірибеге сүйенген индуктивті әдіс арқылы жүзеге аспақ. Ф.Бэконның адам туралы ойлары, кейінгі уақытта, әсіресе ағартушылар кезеңінде жаңа мәнге ие болып олардың дүние танымына күшті әсер еткені белгілі.

Ф.Бэкон жаңа заманның көш бастаушысы болса, француз ойшысы Р.Декарт (1596-1650) осы заман философиясының туын ұстаушыларының ең көрнектісі болды. Философияның рационалдық дәстүрін жалғастырып дамытушысы Декарт, адамның мәнін түсіндіруде ғылыми жаңалықтарға сүйенеді. Ол кезде көптеген алдыңғы қатарлы ойшылдар табиғатты алып механизм деп түсінді.

Адам, Декарттың пікірінше екі түп негізден жанмен тәнннен яғни рухани және материалды (дене) екі субстанциядан құралған. Рухани субстанцияның жалғыз қасиеті бар ол- ойлау, ал материалды субстанция кеңістікке кең таралғандығымен, созылмалығымен белгілі. Жануарлардың организмі сияқты адамның организмінде қарапайым машинаға жатқызған, Декарт механикалық заңдылықтарды адамды түсініп білуге қолданды. Осы көзқарас У.Гарвейдің қан айналымы және осы процестегі жүректің атқаратын қызметі туралы ашқан жаңалығымен тікелей байланысты еді.

Сонымен қатар Декарт адам тек қана организм емес, саналы жан болғандықтан оны механикалық заңдылықтары арқылы түсіндіруге болмайтынын түсінді.

Екі субстанция бір-біріне тәуелді емес. Адам мен жануарларды жақындастырумен шектелмей, Декарт олардың түпкілікті айырмашылығына басты назарын аударды. Адамның танымдық қабілеті тәнмен ешқандай байланысты емес. Адам қандай жағдайда болмасын өзінің іс- қимылын мақсатқа бағындырған. Мақсат бар жерде ой бар. Осының өзі-ақ «Әдіс туралы пайымдау» атты еңбектің авторының пікірі бойынша адамға біткен жалғыз қасиет ақыл-ой екендігіне күмән туғызбайды. Ол логикалық пайымдауды, ойлануды адам болмысының жалғыз ғана бұлтартпайтын кепілі деп сенді. «Cogito ergo sum», яғни «мен ойлаймын, олай болса мен бармын» деген қанатты сөз Декарттан қалды. Декарт философ болуымен қатар ірі математик екені баршамызға белгілі. Адам ақыл-ойын ерекше бағалаған Декартқа осы ғылымның түрткі болғаны күмән тудырмайды. Математикалық білімдердің логикалық сипатын аңғарған Декарттың пікірінше, математикалық ақиқаттардың айқындығы, анықтығы адам ақыл-ойының нәтижесі. Адам тек ақыл-ойымен, барлық құбылыстарға терең бойлап тани алады. Адам организмі механикалық заңдылықтарға бағынып өзінің бірегейлігінен, даралығынан айырылады да, ал ақыл-ойымен өзін тәуелсіз, ерікті бірегей (индивидуальность) субстанция екендігін сезінеді.

Осы екі субстанцияны қарама-қарсы деп тапсақ, онда адамның ойы мен дене қызметінің таңқаларлық келісімді іс әрекетін қалай түсіндіруге болар еді?.Бұл қиын сұрақ. Әрине дене өздігінен жанда өзгеріс тудыра алмайды. Жанда өздігінен денеге өзгеріс енгізуге қабілетсіз.

Дегенменде дене жанда жүріп жатқан процестердің даму бағытына, жанда денедегі жүріп жатқан процестерге ықпал ете алады. Олардың бір біріне әсерін Декарт адамның сопақша миы арқылы түсіндірмек болған.

Декарт осыған қанағаттанбай, бір біріне қарама-қарсы екі субстанцияның адам қызметіндегі байланысын түсіндіру үшін құдайдың мистикалық функциясына жүгінеді. Екі субстанцияның арасындағы үйлесімді байланысты құдай «түсіндіреді». Құдай ұғымы адам санасындғы «туа біткен» ұғым, ақиқат.

Әрине Декарт, адамдағы өзгерістер мен байланыстарды түсіндіруде құдайға сүйенеді. Сонымен бірге, Декарттың мына сөздеріне назар аударалық: «Осы өзгерістерді, менің түсінуімше, тек құдайдың әрекетіне телуге болмайды, өйткені ол тіпті-де өзгермейді. Сондықтан, мен оны табиғатқа телимін.Осы өзгерістердің орындалар тәртібін, мен табиғат заңдары деп атаймын.» Құдай дүниеде ешқандай ғажайып іс істемейді Табиғат заңдарына, құдай қолын сұқпайды. Дүние осы қалпында жаралған жоқ, және оның ары қарай дамуына құдайдың қатысы жоқ. Міне Декарттың осы ойларын адам табиғаты туралы тұжырымдарын саралағанда естен шығармауымыз керек.

Декарттың «қостекті»(дуализм) философиясына голланд философы Бенедикт Спиноза (1632-1677) «біртекті» субстанцияға негізделген жүйені қарсы қояды. Біртекті субстанцияның екі атрибуты (мәңгі айырылмас қасиет) бар. Олар кеңістікке таралғандығы (созылмалылығы) және ойлауға қабілеттілігі. Осы екеуінсіз субстанция мүмкін емес. Субстанияны ешкім жаратпаған, оның себебі өзінде, сондықтан Спиноза оны құдай немесе табиғат деп атайды. Құдай табиғаттан жоғары емес, ол онымен бірге қабысқан. Субстанция шексіз, ал дүниеде шегі бар заттарды, құбылыстарды Спиноза «модус» (түрлі күштер ) деп атайды. Модустар арқылы субстанция көрініс табады. Адам субстанияның модусы, жанмен тәннің тұтас бірлігі, табиғаттың шағын бөлшегі. Табиғи заңдылыққа бағынған адамның дене құрылысынан субстанцияның бірінші қасиетін көрсек, ал іс әрекетінен екінші қасиетін, яғни ойлауға қбілеттілігін табамыз.Адам табиғаттың айырылмас шағын бөлшегі бола тұра осы екінші қасиетімен саналы қызметке икемділігімен ерекшеленеді .

Адам жаны мен тәні біртұтас, бір біріне сай, бірақ осы тұтастықтың айғағы дене.

Жан, рух қашанда болмасын оқшау ойлардың, идеялардың жиынтығы. Жанның ең жақын объектісі- өзінің денесі. Осыдан жанға Спиноза «тәннің идеясы » деп анықтама береді. Жанның осы қасиеті оның енжарлығын, денеден тәуелділігін көрсетеді. Сонымен бірге жан тек өзінің денесін сезіп қоймайды ол өзінің оқшау ойларын, идеясында түсінеді.

Осы жағынан адам жанының парасаттылығын белсендіілгін байқаймыз.

Адам жанының осы қасиеті оны субъект дәрежесіне көтереді. Әрине Спиноза ойлауды денедегі жүріп жатқан процестермен тығыз байланыста және соған тәуелді деп біржақты қарапайым шешімге тоқталмаған. Ол тән мен жанның сапалық ерекшеліктерін айыра білген.

Барлық адамдар табиғаттың бөлігі ретінде соның ықпалында болатыны даусыз. Осы ықпалдың адамның ішкі дүниесіне әсері қандай?

Спинозаның адам туралы іліміндегі басты проблемалардың бірі-ол адамның еркі, бостандығы.

Декарт адамның еркін, ақылдан кең ұғым деп қарастырғаны белгілі. Адамның жаны тұтас субстанция болмағандықтан, қайта әртүрлі оқшау (дискретті ) ой-идеялардан құралғандықтан онда ондай ерекше қасиет болуы мүмін емес. Адам еркінің бостандығы бар деп түсіну қате пікір дейді Спиноза. Емшек емген сәби өз еркімен ана сүтін сұрайды, немесе қорқақ өз еркімен қашып құтылмақ деп түсіну дұрыс емес. Адам өзінің ықыласын білгенімен, соның астарында не жатқанын, қандай себеп ықыласты тудырғанын біле бермейді.

Шындыққа жүгінсек, ерік деп жүргеніміз жалпы ұғымдар жеке ойлар мен идеялардың жиынтығы. Осы ойлардың әрқайсысын жеке алып қарасақ олардың жетілмеген жартылай ақиқат екендігін немесе жалған екендігін байқар едік. Осыны адамдар біле бермейді де әбден толысқан ақиқатпен қаруланған ерік бостандығы бар деп сенеді.

Сондықтан, ерік бостандығы жоқ, өйткені сол жанның ерекше қасиеті деп жүрген еріктің өзі де жоқ. «Ерік пен ақыл ...бірдей», -дейді Спиноза. [6] Адам дүние түзілісінің заңдылығына бағынған «табиғаттың шағын бөлігі». Адам осы жағдайда, өзінің тіршілігін сақтап, қорғап қалуға тырысады.

Ол күйзеліп толқиды, қобалжиды өзінің (эмоциялық) көңіл-күйге бағынышты өмірін құрайды. Оны Спиноза аффект деп атады.

Аффект адам жанының түрлі идеяларға , ойларға толы жағдайы. Осы аффектілерге байланысты адам тәнінің іс-әрекетте қабілеттілігі бірде жоғарылап, бірде төмендейді. Декарттан соң, «Этиканың » авторы да адам құштарлығының шым-шытырық дүниесін талдап реттеу керектігіне мән берген . Адамға әсер етер аффектілердің негізгі түрлерін Спиноза құмарлықтан бастайды. Құмарлық тәнмен байланысты болғандықтан оның тазалығын, жалпы тіршілігін сақтап қорғайды. Оны жан сезіп құмарлықты ықыласқа аударады. Оны екеуінен басқа негізгі аффектілер қатарына қуаныш және қайғы жатады. Осы аффектілер адамның санасын басып тежейді. Аффект--құштарлықтың алдындағы дәрменсіздікті Спиноза құлдық деп атайды. Адам құштарлықтың құлы. Осы пайымдаулармен Спиноза адам бостандығын жоққа шығарды деп айтуға болар еді. Бірақ осы пікір Спинозаның ақырғы сөзі емес. Адамның аффекттің шырмауынан құтылып бостандыққа жетуге мүмкіндігі бар. Ол үшін сезімге емес парасатты-интуитивті танымға сүйену керек. Осының нәтижесінде адам енжар аффект-құштарлықты бұғаулап ақыл-парасатпен қаруланған белсенді аффект-қимылға көшеді. Спинозаның пікірінше адам еркінің бостандығы тек қажеттіліктен шығады. Қажеттілікке бағына, икемделе отырып бостандыққа жетуге болады.

Спиноза осы пайымдаулрында адамның бостандығын табиғи, әлеуметтік жағдайлармен байланыстыра алмағандықтан түбегейлі шеше алмаған.

Томас Гоббс (1588-1679) – ағылшынның философиялық жүйе (система) жасаған көрнекті ғалымы. Оның ықыласының адам мәселесіне ауғаны соншалық адам туралы көптеген еңбектер жазды. “Дене жөнінде”, “Адам жөнінде”, “Азамат жөнінде”, “Левиафан” және тағыда басқа шығармалары ғылыми қауымға белгілі.

Гоббстің ілімі бойынша тіршілікте талас тудырмайтын растық (реальность) ол – дене. Дененің бар екендігін ғылыми ұғымдар арқылы танып білеміз. Философияның айналасатын пәні де осы дене.

Адамды басқа табиғи денелер сияқты денеден тұрады. Сонымен бірге адам тек қана табиғи, физикалық дене емес оған қоса ол рухани тіршілік иесі. Ал рухты қалай түсінүге болады? Т. Гоббс денесіз рух бар дегенді мойындамайды. Рух деген сөз, біздің түсінігімізше, табиғи дене, жұқалығы соншалық, біздің сезімдерге әсер етпейді, бірақ кеңістікті толтырған. Адам рухани тіршілік иесі ретінде жасанды денелерді, мәдениетті тудырушы. Мемлекет те жасанды дене.

Адам өмірі Гоббстің пайымдауынша механикалық заңдылыққа бағынады, өйткені өмір дегеніміз тек мүшелердің қозғалысы. Қоғам алып механизм , ал адам – оның қарапайым бөлшегі. Барлық адамдар жаратылысынан бірдей тең, қабілеттері де және мүмкіндіктері де бірдей. Сонымен қатар адамдарда қатігез бен өзімшілдік басым. Осы қасиеттері жануарлармен жақындастырады, өйткені «адамдар жаратылысынан сараң ,қорқақ, ашушаң және басқа да хайуандық қылыққа үйір». Олардың іздегені - өз басының қамы. Сондықтан адамдар бір-бірін көре алмай жауласады. Адамның ықыласы аумалы- -төкпелі, тұрақсыз. Тұрақсыздық адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды тәртіпке салып, көмектесетін құқ туралы ғылыми ілім жасауға кедергі жасайды. Осы ілімдерді «тынбай қаламмен де, семсермен де жоққа шығаруда, ал сызықтар мен фигуралар туралы ілімдер талас тудырмайды, өйткені кейінгі ілімнен туған ақиқат адамдардың мүддесінен тиіспейді… Мен күмәндәнбаймын, - дейді. Т. Гоббс, - егер үш бұрыштың үш бұрышы квадраттың екі бұрышына тең деген ақиқат біреулердің бидік құқына немесе билігі жүріп тұрғандардың мүддесіне қайшы келсе… геометрия іліміне таласпаса да, бірақ геометрияның барлық кітаптарын жағып тынар еді». [7]

Философтың шығармаларында адамның табиғи және рухани қырларының ара қатынасы туралы мәселе қойылып талқыланған. Адам табиғат қоректену, қозғалу, көбею, сезім арқылы сияқты табиғи қабілеттері мен күштерден құралған. Осымен қатар адамдарда тәрбие арқылы қалыптасқан рухани қабілеттер бар. Олардың қатарына Т. Гоббс танымдық, қоғамдасып өмір сүруге икемділік қабілеттерін жатқызады. Рухани қабілеттердің адам болмысының әлеуметтік жағдайымен байланыстылығын Т. Гоббс жақсы түсінген.

Адамдардың жануарлардан артықшылығы ақылымен тілінде. Сондықтан олар бір-бірімен жауласып, өмір сүрудің зияндығын түсінеді. Ойлана келе, адамдар арасындағы қатынастарды реттеп, жалпыға бірдей тәртіп орнатып, бейбіт өмірді қамтамасыз ететін мемлекет құруға келісімге келеді.

Қоғамдық келісімнің нәтижесінде мемлекет – ұлы Левиафан пайда болады.

Мемлекет (баршаның ортақ денесі) құрылғаннан кейін адамдар бірігуге мәжбүр болады. Шындығында, олар тобыр күйінде қалып, әр кім өзінің қара басының мүддесін ойлайды.

Дегенмен де, басқаның мүддесіне қол сұқпау керек екенін мойындайды. Мемлекет бейбіт өмірді күшпен қамтамасыз етеді. Адамдар жаратылысынан тең болғандықтан мәңгі өзгермейтін «табиғи заңға» бағынады. «Табиғи заң» келісімді өмірдің ұйтқысы. Мемлекет адамдарды еңбек етуге, мейірімділікке, ұқыптылыққа, баулуға күш салады. Осыған қарамастан, адам мемлекеттің билігі жүрмейтін жағдайларда сол бұрыңғы әдетіне басады. Осыдан Гоббс адам туралы және қоғамдық құбылыстар туралы механикалық көзқарастың аясынан шыға алмаған деп айтуға болады. Солай десек те, Т. Гоббс адам парасатына сенді. Адамдар арасындағы қатынастарды реттеудің жолын құдайдан емес, күнделікті өмір тәжірибесінен, мемлекеттен іздеді.

ХVII ғасырдың екінші жартысында Англия Еуропаның саяси-философиялық дамуына күшті ықпал етті. Әсіресе, XVIII ғасырдың бірінші жартысында Францияда ағылшындар Локкпен, Ньютонның идеяларынан нәр алған ағартушылар қозғалысы кең жайылды. Ағартушылық дәуірдегі ойшылдар прогресске, адам ақылының мүмкіндігіне сенді.

Ағартушылық философияның ірі өкілдерінің бірі Жан-Жак Руссо (1712-1778), өзінің “Теңсіздіктің себептері туралы”, “Юлия, немесе Жаңа Элоиза”, “Қоғамдық келісім туралы”, “Эмиль, немесе тәрбие туралы” шығармаларында адам және оның әлеуметтік болмысы туралы ойларын ортаға салды. Руссоның мазасын алған сұрақтың бірі, әлеуметтік теңсіздіктің қарапайым адамға түсірген ауыртпалығынан қалай құтылу керек? – деген сұрақ. Адамның барлық қырын қамтып қалу мақсатымен ол философиямен қатар, психологияға, педагогикаға, социологияға да жүгінді. Руссоның байқауынша теңсіздіктің әр түрлері бар, айталық адамдардың қабілеті туғанынан бірдей болмайды, ал қоғамдық өмірде саяси теңсіздік, әлеуметтік-экономикалық деп ары-қарай жіктеле береді.

Сол теңсіздіктердің қайнар көзі – сол кездегі өркениетте жатыр деп түсінген Руссо қайшылыққа толы қоғамдық прогрессті әшкерелеу жолында біраз еңбек етті.

Ғылымға сүйенген прогресстің дамуы адамдарды бақытсыздыққа, азапқа түсірді. Адамның мәні оның еркіндігінде. “Адам ерікті болып туады, бірақ ол қайда болмасын құрсауда”. [8] Осы жағдайға адамдар өздері кінәлі. Руссо адамның әлеуметтік, моральдық, саяси жатсынуы, оның бітім-болмысындағы жаман қасиеттердің өрбіп өршуіне назар аударды. Осы құбылыстың түпкі себебі Руссо жеке меншіктен іздеді. Жеке меншік пайда болысымен теңдік жоғалды.

Осы тұғырықтан шығудың жолын Руссо табиғи қалыпқа түсіп, соған қайтып оралу деп ұққан. Табиғатқа оралу «төрттағандап еңбектеу емес», барлық адамдарға меншікті тең, бөлетін нағыз қоғамдастық құру. Сонымен, XVII – XVIII ғксырлардағы ойшылдар көзқарастарының алшақтығына қарамастан олар адамның мәнін ақыл-парасаттан іздеді. Осындай түсінік, таза теориядан емес, сол кезеңдегі әлеуметтік өмірдің ағысынан туған еді.

Әдебиеттер:

1 Жаңа дәуiр философиясы.-Алматы:Жазушы.-2006.-512 б..-(Әлемдiк философиялық мұра: 20 томдық;т. 6)

2 Ғылым мен техниканың батыстық философиясы.-Алматы:Жазушы.-2006.-560 б..-(Әлемдiк философиялық мұра: 20 томдық;т. 10)

3 Жаңа дәуiрдегi француз философиясы.-Алматы:Жазушы.-2006.-560 б..-(Әлемдiк философиялық мұра: 20 томдық;т. 7)

4 Кiшiбеков Д. Философия:оқулық/Д. Кiшiбеков, Ұ. Сыдықов.-9-шы басылымы.-Алматы:Қарасай.-2008.-356 б.

Наши рекомендации