СУРАК И. Канттың транцендентальді философиясы
Кант(Kant) Иммануил (1724-1804 жж.) — неміс философы және жаратылыстанушы. Оның шығармашылығын дәстүрлі түсінікте екіге бөліп қарастыру қолға алынған: сыншылдыққа дейінгі және сыншылдық кезең. Алғашқы кезеңде ойшыл күн жүйесінің жаратылуы мен дамуы, жер тарихы мәселелерімен айналысты. Оның нәтижесі: «Жалпы жаратылыстану тарихы және аспан теориясы» атты еңбегінің тууы. Ал екінші кезеңінде ол: гносеология, этика, эстетика мәселелерімен шұғылданып, «Таза ақылға сын», «Практикалық ақылға сын», «Ойтолғам қабілетіне сын» еңбектерін тудырды. Сондықтан ол «философия сынаудан басталуы керек» деп пайымдады.
Кейбір мәліметтерде оның философиясын төрт кезеңге бөліп қарастырады: 1) жаратылыстанулық кезең; 2) метафизикалық кезең; 3) сыншылдық кезең: 4) сыншылдықтан кейінгі кезең. Трансцендентальді идеалист ретінде танылған Канттың философиясы таным теориясында көпқырлы терең дүниетанымды басшылыққа алды. Оның осындай трансцендентальді философиясы – барлық пайымдаулар мен ойталқылардың заттардың мәнімен қаншалықты байланысты екендігінен туындайтын, олардың сезімдік көрсеткіштерінің тәжірибе арқылы бекітіле түсетіндігін негіздейді.
Кант өзінің трансцендентальді идеализмін ұсына отыра, универсумдық-континуумдық ойтолғамдарында «антиномиялар» деп аталған қайшылықтарын дәйектей түсіп, ондағы өмір сүрмейтіндік парадигманың көріністерін жалпы концептуалдық мәнде шолып өтеді. Мәселен, бірінші антиномияның тезисінде: «Әлем уақыт бойынша басталған және кеңістікте шектелген» және оның антитезисінде: «Әлем уақыт бойынша басталмаған және кеңістікте шектелмеген» деп атап өте отырып: «Егер әлем уақыттың бастауын иеленсе, оған дейін бос уақыт (уақытсыздық) болған болар еді. Бос уақытта қандай-ма болмасын заттардың пайда болуы мүмкін емес, ал егер әлем аяқталатын және кеңістікте шектелген болса, онда әлемнің бос кеңістікке қатынасы болуы тиіс. Бұл кеңістік Ештеңе болып табылады. Немесе ол тек форманың көрінісі ғана және өздігінен әлдебір шынайылық емес»,-деп тұжырымдайды.
Сондай-ақ Канттың астрономиялық теориясындағы космогонездік туынды жаратылыстанулық бастау болып табылатын хаос мәселесін де қамтып өтеді. Яғни, И. Канттың сыншылдыққа дейінгі кезеңі оның теорияларын ғылыми танымда белгілі бір жетістіктерге жеткізді. Осы орайда, ол әлемнің пайда болуы туралы болжамдарын және хаос туралы пікірлерін дәйектеді. Ойшылдың хаос қатынасатын космогенезі кейіннен небулалдық болжам ретінде ғылым эволюциясында маңызды роль атқарғаны белгілі. Бұның концептуалдық мәні таза метафизикалық ойлау машығынан гөрі ғылыми-жаратылыстанулық картинаға жуықтайды. Бұнда да хаос өзінің бастапқы мәнінен айнымайды, демек, ол бастапқыда хаос болған деген тұжырымды дәйектеп, әлемнің пайда болуы туралы орнықты пікір ұсынады. Бұл мифтік хаостың алғаш рет ғылыми негіздерін сараптауға бетбұрыстар ретінде танымал болған еді.
Кант әлемнің жаратылысы туралы теологиялық тұжырымдамаларды да қолдай отырып, құдайдың алғашқы материяны жаратқандығын және оған жалпы қасиеттерді таңғандығын, ондағы тарту мен кері итерушілік басты екі сипат екендігін көрсетіп, жаратылатын қордан уақыт бойынша жүйелі туындайтындығын және жаратушының «құдыреттілігін» де атап өтіп, әлем бастапқы хаос қалпынан ұзақ немесе қысқа уақытта дамып шығуға ұмтылатындығын көрсете келе, жаратудың бір кезде басталғанмен, оның ешқашан тоқтамайтындығын түйіндейді.
Осы тұстан Канттың идеясында көрсетілгендей, болмыс туындыларының (мәселен, нақты болмыс элементтері) әлдебір потенциалды қордан (запас) шексіз бөліне алатындығы туралы теологиялық-космологиялық ой ниетін бағамдауымызға болады. Кант өзінің онтологиясында көне Үнді дәстүрлері бойынша категорияларды жіктеп, оларды талдап көрсетеді. Категориялар пайымның таза ұғымдары деп оларды 4 классқа бөліп, 12 категорияны түзеді: сан, сапа, қатынастар, модальдылық. Мәселен, модальділік кластың өзін былайша жіктейді: «IV. Модальділік: Проблемалылық/Мүмкіндік – мүмкін еместік; Ассерторикалық/Өмір сүру – өмір сүрмеу; Аподиктикалық/Қажеттілік – Кездейсоқтық»
Ол білімнің тәжірибеден басталып, сезім мүшелеріне берілетінін айта отырып, таным логикалық-априорлық сәтпен немесе формальды фактормен толықтырылуы керек дейді. Ол априорлық форма негізінде барлығына ортақ танымды зерттеп, сезімділік (трансцендентальді эстетика), пайым (трансцендентальді аналитика), ақыл (трансцендентальді диалектика), сезімділік пен оның формаларын трансценденттік талдауда кеңістік пен уақыт идеалды математикалық конструкцияда объективті мағыналы деп түсінді.
Таза ойдағы конструкциялар өзіндік затқа қарағанда ешқандай білім бермейтін ноумендер болып табылады. Мәселен, схоластикадағы жанның өлмейтіндігі, әлемнің пайда болуы, құдайдың өмір сүретіндігі т.б. Ал өзіндік зат кез-келген объектінің адам танымы шегінің арғы жағындағы танылмайтын қыры болып есептеледі. Тәжірибеге басымдылық берген Кант оған дейінгі білімдерді «априорлы» деп атап көрсетіп, оны ақыл тануға белгілі бір деңгейде қабілетсіз деп көрсетеді. Осыған орай, адам санасының таным қабілетінің арғы жағындағы, мүмкін болатын тәжірибенің шегінен шыққан, бұл тәжірибеден тыс нәрселерді «трансцендентті» деп атаған. Ол ұғымдар трансценденталийлер: құдай, ерік т.б. Бұған қарама-қарсы түсінік – имманентті, бұны Кант мүмкін болатын тәжірибенің шегінде, сол нәрсенің өзін зерттеуді айқындайтын тәсіл деп түсіндіреді.
Ол метафизиканы үш бөліктен тұратын жүйеде қарастырды: 1) пропедевтика (трансцендентальді сын); 2) табиғат метафизиксы; 3) құлықтылық метафизикасы. Мәселен, этикалық қағидаттары бойынша оның кесімді бұйрық (категориялық императив) түсінігі белгілі. Кант бұны белгілі бір жағдайларда ғана күшіне енетін гипотетикалық императивпен салыстыра отырып, категориялық императивті ығыстырылмайтын міндеттілік ретінде, мінез құлық ілесіп отыратын формалар мен қағидаларды орнатады деп, оның адам орындауға тиісті бұйрық түрінде көрінетіндігін атап көрсетеді.