М.Шаханов поэзиясындағы “рухани құндылықтар” мәселесі
М. Шаханов поэзиясы өз халқының тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, бүгінгі таңдағы аса ділгер, жан толқытар проблемаларға жаңа кілт таба білуімен қуантады.
Мұхтар шығармаларының негізгі лейтмотиві – адамдықты, адалдықты, әділдікті, тазалықты, пәктікті паш ету; ездікті, зұлымдықты әшкерелеу. Тегінде, бұл – бүкіл ақ ниетті өнер атаулының мұраты болса керек. Бірақ, Мұхтар осы жайларды ешкімге ұқсамай, өз даусымен, өз дәлелімен өрнектеуге тырысады.
Мұхтар Шаханов сонау поэзияға алғаш келген кезінен бастап ел тағдырын жырлаудан жалыққан жоқ «Сейхундария», «Күре тамырды іздеу», «Сенім патшалығы» секілді философиялық поэмаларында ақиқат пен жалған, сенім мен күдік, махаббат пен қызғаныш, адалдық пен арамдық, ізгілік пен қиянат, ерлік пен сатқындық секілді рухани өмір өлшемдерінен болмыс заңдарына бойлай отырып, бар жақсылықтың басы – туған анаға, туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталатынын дәлелдейді.
Ол ой маржанын бүкіл әлемнен, ал поэзияның басуларын халықтық жырдан іздейді. Мұхтардың «Жеңілген жеңімпаз хандығы Отырар дастаны немесе Шыңғысханның қателігі» атты шағын поэмасындағы қираған қаланың тағдыры бүгінгі халық тағдырымен тікелей астасып, ұрпаққа ауыр да абыройлы жауапкершілік жүктелгендей болады. Сатқындықтың құрбаны болған Отырар ойран болды. Осы кезге дейін дауасы табылмаған сатқындық туралы, адам бойындағы ең жек көрінішті қасиетті ақын осылайша өз жырына арқау етті.
Қазір адамның ақыл-парасатымен бірге нәпсісі үстемдік құрған кезең. Нәпсі қуаты бүгінгі жылтырақ «бұқаралық мәдениетті» туғызады. Адамды өлтіру, қорлау, зорлау, азаптау, міне қазіргі күннің қызықтырар басты тақырыптары. Ал, қазір жер жүзі «соғыс алаңына» (ойындар, кинофильмдер арқылы) айналды. Мұның бәрі жас ұрпақ санасына мысқалдап сіңе бермек. «Нәпсі философиясынан Рух философиясын жоғары қою адамзат мүддесіне сай екенін Мұхтар Шаханов тамаша дәлелдеп шыққан және ол Рух болмысын қорғауды проблема етіп көтерген. Бұл биік гуманистік позиция автордың әлемдік деңгейдегі ой-санасының көрінісі».
Жалпы байқап отырсақ нені жырласа да – достықты ма, махаббатты ма, табиғатты ма – тереңнен тартып, философиялық ойға құру, күтпеген тың байламдар жасау – Мұхтар творчествосына тән бір ерекшелік.
Мұхтар Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғысханның пенделік құпиясы) атты поэмасы екі жыл бұрын оқырман қолына тиген «Өркениеттің адасуы» атты кітабымен үндес, бір-бірін толықтырып тұрған, терең философиялық астары бар, мәңгілік өмір айналымының сыры мен жұмбағына үңілген, оқырманның алдына түйіні күрделі сауалдар тастап, терең ойға тартатын дүние екеніне көз жеткіздік.
Мәңгілік өмір айналымының қозғаушы күші не? Ақ пен қара... Оң заряд пен теріс заряд… Жарық пен қараңғы… Періште мен шайтан… Махаббат пен зұлымдық… Міне осылай жалғасып кете береді…
Мәңгілік өмір осылай жалғасып кете бермек пе? Егер қозғалыстың қозғаушы күші қарама-қарсы екі күш дейтін болсақ, онда зұлымдықтың да азаматтың дамуына қосқан өзіндік үлесі болғаны ғой, деген заңды сұрақ туындайды. Иә, белгілі бір дәрежеде солай екені рас. Екі күштің күресі қалай, қашан басталды десек түп тамырымызға үңілуге тура келеді.Құл сырттай ғана бағынышты болуы мүмкін. Ішкі байламы берік, рухы мықты болса ол адамдық қалпын жоғалтпайды. Ал ішкі «Менінен» айырылған адам рухсыздық дертіне шалдығады. Рухсыздық – барлық бақытсыздықтың бастауы. М. Шаханов адамзатты осы РУХСЫЗДЫҚ АПАТЫНАН сақтандырды…
Әуел баста Алланың рухынан жаратылған Адам өмір айналымына не үшін жіберілдіОлжас Омарұлы Сүлейменов (1936) — орыс тілді қазақ ақыны, тілтанушы, саясаткер, ядролық қару-жарақтарды жаппай қолдануға қарсы тұрушы, Төтенше және Өкілетті Елші.
. Әрине, эволюциялық жетілу жолынан өтіп, өсіп, өркендеп, пенделіктен періштелік биіктікке дейін көтеріліп, тазалап барып Ұлы Рухқа – Аллаға қайта қосылу үшін жіберілген деп түсіндіреді қазіргі заман ойшылдары. Адамзаттың эволюциялық даму жолына көз жіберетін болсақ, талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Мың өліп, мың тірілді.
Қазір біз компьютер, интернет дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Шегімізге жеттік, енді Жерді қойып, Ғаламның тағдырына да жауаптымыз біз! Біз енді Мейірім мен Махаббатты төрге шығаруымыз керек. Біз сонда ғана Ұлы Мейірімге, Ұлы Махаббатқа қосыла аламыз. Онсыз тұйыққа тірелеміз.
Шаханов «Өркениеттің адасуында» маңызды мәселені көтерген, ол – адамзаттың қазіргі адасуы. Енді оның екінші проблемасы бой көрсетпек, ол – адасқан цивилизацияны жөнге салу. Міне, осы тұста жалған пайғамбарлар, әуесқой әулиелер, дүмше саясаткерлер көптеп өсіп-өніп кетсе, сөйтіп олар жығылған үстіне жұдырық дегендей, суға батар–батпас болып тұрған жанды мүлдем батырып жіберсе не болмақ? Шаханов сага поэмасын оқығанда осындай терең ойларға ақынмен бірге сүңги бересің, ол адамды ой тұңғиығына батыртып, санаға салмақ, ойға өріс береді.