Бап. Республика Үкiметiнiң есептiлiгi мен жауапкершiлiгi
1. Үкiмет өзiнiң бүкiл қызметiнде Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген нысандарда Республика Президентiнiң алдында жауапты.
2. Үкiмет мүшелерi өз құзыретiнің шегiнде өз бетiнше шешiм қабылдайды, Республика Премьер-Министрiнiң алдында өздерiне бағынысты мемлекеттiк органдардың жұмысы немесе өздерiне тапсырылған жұмыс аясы үшiн дербес жауап бередi.
3. Үкімет Республика Конституциясында көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты.
4. Республика Конституциясының 57-бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Үкiмет мүшелерi Парламент Палаталарына есеп бередi.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 379, 2007.06.19. N 267 Конституциялық Заңдарымен.
III ТАРАУ. РЕСПУБЛИКА ҮКIМЕТIНIҢ МЕМЛЕКЕТТIК
ОРГАНДАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
12-бап. Республика Президентiмен қарым-қатынасы
1. Республика Үкiметi:
1) Республика Президентiн Президент тапсырмаларының орындалуы және өз қызметiнiң басқа да бағыттары туралы ұдайы хабардар етiп отырады;
2) Республика Президентi актiлерiнiң орындалуын ұйымдастырады және оларды министрлiктердiң, өзге де орталық, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың орындауын бақылауды жүзеге асырады;
3) заң жобасын Парламент Мәжiлiсiне енгiзу туралы Президенттiң тапсырмаларын орындайды;
4) мемлекеттiк бағдарламаларды Президенттiң бекiтуiне ұсынады.
2. Үкiмет Республика Президентiмен Үкiметтiң заң жобалары жөнiндегi жұмыстарының жоспарларын келiседi.
3. Республика Президентi толығымен немесе бiр бөлiгiнде Республика Үкіметі мен Премьер-Министрі актiлерiнiң күшiн жояды не тоқтата тұрады.
Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06 N 379, 2007.06.19 N 267 Конституциялық Заңдарымен.
13-бап. Республика Парламентiмен қарым-қатынасы
1. Республика Үкiметiнiң заң шығару бастамашылығы құқығы болады, ол тек қана Парламент Мәжiлiсiнде жүзеге асырылады. Заң актiсiнiң жобасын енгiзу туралы шешiм Үкiметтiң тиiстi қаулысын шығару жолымен қабылданады.
2. Республика Үкiметi:
1) Республика заңдарының орындалуын қамтамасыз етедi, оларды министрлiктердiң, басқа да орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың орындауын бақылайды;
2) Парламентке республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептi табыс етедi;
3) мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты ұлғайтуды көздейтiн Республика заңдарының жобалары жөнiнде қорытындылар бередi;
4) Парламент депутаттарының сұрауларына жауап бередi.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.05.06. N 379 Конституциялық Заңымен.
14-бап. Министрліктермен, Республика Үкіметінің
құрамына кірмейтін орталық атқарушы
органдармен қарым-қатынасы
Республика Үкiметi:
1) министрліктердің және Республика Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың қызметiне басшылықты жүзеге асырады, олардың Республика заңдарын, Президентi мен Үкiметi актiлерiн орындауын қамтамасыз етеді;
2) министрлердiң және өзге де орталық атқарушы органдар басшыларының ұсынуы бойынша министрлiктер мен өзге де орталық атқарушы органдар туралы ережелердi, олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердегі адам санын ескере отырып, солардың штат санының лимиттерiн бекiтедi;
3) министрліктер, Республика Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар актiлерiнiң толығымен не бiр бөлiгiнде күшiн жояды немесе тоқтата тұрады;
4) Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
5) министрлердің, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар басшыларының ұсынуы бойынша олардың орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; бұған Республика Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орталық атқарушы органдар басшыларының орынбасарлары енбейдi;
6) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды атқарады.
Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.02.24. N 69-I Заңымен, 1999.05.06. N 379 Конституциялық Заңымен, 2004.11.24. N 604 Заңымен (өзгеріс 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2007.06.19. N 267 Конституциялық Заңымен.
15-бап.
Ескерту. 15-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.06.19. N 267 Конституциялық Заңымен.
16-бап. Жергiлiктi атқарушы органдармен
қарым-қатынасы
1. Республика Үкiметi:
1) мемлекеттiк басқару мәселелерi жөнiндегi Республика атқарушы органдарының қызметiне басшылықты жүзеге асырады, олардың Республика заңдарын, Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiн орындауын бақылайды;
2) жергiлiктi атқарушы органдар актiлерiнiң күшiн толығымен немесе бiр бөлiгiнде жояды не тоқтата тұрады, оларды жою не тоқтата тұру туралы Республика Президентiнiң қарауына ұсыныстар енгiзедi;
2. Тиiстi жергiлiктi атқарушы органдарды басқаратын әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi Республика Президентi мен Үкiметiнiң өкiлдерi болып табылады және Республика Үкiметiне мемлекеттiк басқару мәселелерi жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.
17-бап. Республика Үкiметiнiң республикалық
бюджеттен қаржыландырылатын өзге де
мемлекеттiк органдармен қарым-қатынасы
Республика Үкiметi заңдарда белгiленген тәртiппен өзге де, соның iшiнде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметiн қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерiн шешедi.
IV ТАРАУ. РЕСПУБЛИКА ҮКIМЕТIНIҢ ҚЫЗМЕТIН ҰЙЫМДАСТЫРУ
18-бап. Республика Үкiметiнiң отырыстары
1. Үкiметтiң отырыстары айына кемiнде бiр рет өткiзiлiп отырады.
2. Үкiметтiң отырыстарын Премьер-Министр не Республика Президентi шақырады.
3. Үкiметтiң отырыстарында Премьер-Министр төрағалық етедi, ол болмаған кезде мiндеттердiң бөлiнуiне сәйкес Премьер-Министрдiң мiндетiн атқаратын Премьер-Министрдiң орынбасары төрағалық етедi. Үкiмет ерекше маңызды мәселелердi қарағанда оның отырыстарында Республика Президентi төрағалық етедi.
4. Үкiмет мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi Үкiмет отырысына қатысса, отырыс құқылы болып саналады. Үкiмет мүшелерi оның отырыстарына алмастыру құқығынсыз қатысады.
5. Үкiмет отырыстары ашық болады. Президенттiң не Премьер-Министрдiң бастамасымен Үкiметтiң жабық отырыстары өткiзiлуi мүмкiн.
6. Үкiмет отырыстарын әзiрлеу мен өткiзу тәртiбi Үкiмет Регламентiмен белгiленедi.