Бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатудың негiздерi

1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
1) сақтанушының, сақтандырылған адамның және (немесе) пайда алушының, қажетті қорғану және аса қажетті жағдайда жасалған іс-әрекеттерді қоспағанда, сақтандыру жағдайын тудыруға бағытталған не оның басталуына ықпал ететін қасақана жасалған іс-әрекетінің;
2) заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен сақтанушының, сақтандырылған адамның және (немесе) пайда алушының қасақана жасалған қылмыстар немесе сақтандыру жағдайына себептi байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған iс-әрекетiнiң салдарынан болса, сақтанушыға сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
Егер сақтандыру жағдайы жауаптылықта сақтандыру объектiсi болып табылатын тұлғаның кiнәсiнен болса, онда сақтандырушы азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылмайды.
Сақтандырушы сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда, егер өлiм өзiн-өзi өлтiрудiң салдарынан болса және осы уақытқа дейiн сақтандыру шарты кемiнде екi жыл қолданылып келсе, жеке сақтандыру шарты бойынша төленуге тиiс сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылмайды.
2. Өз еркiмен сақтандыру шартында және мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмегендiктен, егер сақтандыру жағдайы:
1) ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтiк зақымданудың әсерi;
2) әскери қимылдардың;
3) азамат соғысының, алуан түрлі халық толқуларының, жаппай тәртiп бұзушылықтардың немесе ереуiлдердiң салдарынан басталған болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
3. Мүлiктiк сақтандыру шартында өзгеше көзделмегендiктен, сақтандырушы алып қою, тәркілеу, реквизициялау, тұтқындау немесе мемлекеттiк органдардың өкiмiмен сақтандырылған мүліктерді жою салдарынан болған залалдар үшін сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
4. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн мыналар да:
1) сақтанушының сақтандырушыға, сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның зардаптары туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлауы;
2) сақтанушының сақтандыру жағдайынан болған залалдарды азайту жөнiндегi шараларды қасақана қолданбауы (осы Кодекстiң 829-бабы);
3) сақтанушының залалдар келтiруге кiнәлi тұлғадан мүлiктiк сақтандыру бойынша залалдарға тиiстi өтем алуы;
4) сақтанушының сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайын тексеруде және одан келген залалдардың мөлшерiн белгiлеуде сақтандырушыға кедергi жасауы;
5) сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға хабарламау (осы Кодекстiң 835-бабы);
6) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталғандығы үшін жауапты адамға талап қою құқықтарынан бас тартуы, сондай-ақ сақтандырушыға талап ету құқығын өткiзу үшiн қажеттi құжаттарды беруден бас тартуы (осы Кодекстiң 840-бабы). Егер сақтандыру өтемi ендiгi төленiп қойған болса, сақтандырушы оның толық немесе iшiнара қайтарылуын талап етуге құқылы;
7) заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайлар негiз болуы мүмкiн.
5. Сақтандырушыны сақтанушының алдындағы сақтандыру жауаптылығынан оның осы бапта көзделген заңсыз iс-қимылдарының себептерi бойынша босату, сақтандырушыны сонымен бiр мезгiлде сақтандырылған адамға немесе пайда алушыға сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан да босатады.
6. Сақтандыру шартының талаптары бойынша, егер бұл заң актiлерiне қайшы келмейтiн болса, сақтандыру төлемінен бас тартудың басқа да негiздерi көзделуi мүмкiн.
7. Сақтандыру төлемінен бас тарту туралы шешiмдi сақтандырушы қабылдайды және ол бас тартудың дәлелдi негiздерiмен жазбаша нысанда сақтанушыға хабарланады.
8. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүргізуден бас тартуына сақтанушы сотқа шағымдануы мүмкін.

840-бап. Сақтанушының залалдарды өтеу құқықтарының сақтандырушыға ауысуы (суброгация)

1. Егер мүлiктiк сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға, сол төленген соманың шегiнде, сақтандыру нәтижесiнде өтелген залалдар үшiн жауапты адамға қоятын сақтанушының (сақтандырылған адамның) талап қою құқықтары ауысады. Алайда қасақана залал келтiрген адамға қойылған талап қою құқықтарының сақтандырушыға ауысуын жоққа шығаратын шарт талабы жарамсыз болады.
2. Сақтандырушыға ауысқан талап қою құқығы сақтанушы (сақтандырылған адам) мен залалдар үшiн жауапты адамның арасындағы қатынасты реттейтiн ережелерді сақтай отырып жүзеге асырылады.
3. Сақтанушы (сақтандырылған адам) сақтандыру төлемiн алған кезде сақтандырушыға барлық құжаттар мен айғақтарды беруге және оған талап қою құқықтарын жүзеге асыру үшiн қажеттi барлық мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi.
4. Егер сақтанушы (сақтандырылған адам) сақтандырушы төлеген шығындар үшiн жауап беретiн адамға талап қою құқықтарынан бас тартса немесе сақтанушының (сақтандырылған адамның) кiнәсiнен бұл құқықты жүзеге асыру мүмкiн болмаса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн толық немесе тиiсiнше оның бiр бөлiгiн жүзеге асырудан босатылады және артық төлеген соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

Наши рекомендации