Ресейдегі ақпан төңкерісіжәне оның Қ-станның демократияландыруына әсері 7 страница
48 Қазақ кеңестерінің құрылтай сьезі. «Қырғыз (Қазақ) АКСР-і еңбекшілерінің заңдық декларациясы»
Кеңестік ұлттық-мемлекеттік құрылыс үлгісін қолдану Ресей империясының ұлттық аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Коммунистік партияның ұлттық бағдарламасына сәйкес бұрынғы отар халықтардың мемлекеттілігін құру мәселесі тұрды.
Осыған дейін айтылып кеткеніндей, коммунистік партияның ұлттық саясатының негізгі принциптерін Қазан революциясының жеңісінен бұрын-ақ В.И. Ленин теориялық жағынан тұжырымдап берген болатын. Бұл саясаттың басты қағидасы ұлттың бөлініп шығуға және жеке мемлекет құруға дейін өз даму жолын өзі анықтау құқығын талап ету болып табылды. Мәселенің бұлайша қойылуы қа билік үшін жүргізген күресіне ттастай қолдау көрсетуіне жағдай туғызды. Алайда большевиктер билікті жеңіп алғаннан кейін В.И. Ленин ұлттардың шыныменен өз даму жолын өзі анықтауын, Ресейден бөлініп шығып, тәуелсіз мемлекет құру құқығын аяғына дейін жеткізгісі келмеді, бұл мәселені шешуге бірінші кезекте социализм үшін күрескен еңбекшілердің мүддесі тұрғысынан қарау керек дегенді баса атап көрсетті. Ал бұл ұлттық мемлекеттілік — халықтың барлық топтары үшін қызмет ететін мемлекет емес, жұмысшылар мен шаруалар мемлекеті, яғни таптық мемлекет дегенді білдірді.
В.И. Ленин Кеңестер ғана мемлекеттілік идеясын. жүзеге асыра алады және Коммунистік партияның басшылығымен пролетариат диктатурасының үш негізгі міндетін: революция жолымен биліктен тайдырылған таптардың (помещиктер, капиталистер және ұлттық шет аймақтағы олардың одақтастарының) қарсылығына тойтарыс беру, капитализмді қалпына келтіру әрекеттерін болдырмау; барлық еңбекшілерді пролетариаттың төңірегіне топтастыру және оларды социализмді құруға жұмылдыру; революциялық күштерді қаруландыру және елді сыртқы жаулардан қорғауды ұйымдастыру функцияларын барынша толы шешуге мүмкіндік береді деп есептеді. Большевизмнің көсемі және орталық Кеңес үкіметі басшысының бұл теориялық тұжырымы кейін РКФСР түріндегі Кеңестік федерацияны және оның құрамына кіретін ұлттық кеңестік республикаларды (ал кейін КСРО-ны) құру практикасында толығымен жүзеге асырылды.
Жаңа өкіметтің ұлттық-мемлекеттік құрылыс саласындағы негізгі принциптері Кеңес үкіметінің аса маңызды екі құжатында — «Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы» (1917 жылғы 2 қараша) және «Ресей мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» (1917 жылғы 20 қараша) деп аталған Кеңес үкіметінің үндеуінде жарияланды.
Кеңестердің Бүкілресейлік III съезінде (1918 жылғы қаңтар) қабылданған, В.И. Ленин жазған «Еңбекші және қаналушы халықтар құқықтарының Декларациясында» Коммунистік партияның кеңес республикалары мемлекеттік құрылымының нысаны ретіндегі Кеңестік Федерацияға қатысты ұстанымы көрініс тапқан. «Кеңестік Ресей республикасы, — деп атап көрсетілді құжатта, — кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы ретінде ерікті ұлттардың одағы негізінде құрылады».
РКФСР-дың - кеңестік типтегі алғашқы көп ұлтты мемлекеттің құрылуы жаңа ұлттық автономиялық кеңестік мемлекеттердің құрылуына серпін берді. РКФСР-дың құрылғанынан кейін жоғарыда айтылған лениндік тұжырымның негізінде және И. Сталин басқаратын Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариатының (Наркомнац) бақылауымен елдің шығысында автономиялық республикалар құруға дайындық жұмысы басталды.
Қазақстанның және Түркістанның коммунистік ұйымдары Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариатының белсенді түрде қатысуымен Кеңестердің Бүкілқазақстандық және Бүкілтүркістандық съезін шақыруға дайындық жұмыстарын бастады.
Сонымен қатар Кеңес өкіметі 1917 жылы желтоқсанда II Бүкілқазақ съезінде құрылған Алашорда ұлттық-аумақтық автономиясын да, 1917 жылы қарашада IV өлкелік Жалпы мұсылмандық съезде жарияланған Түркістан автономиясын («Қоқан автономиясын») да мойындамайтынын ашық білдірді. Тіпті, ол туралы жоғарыда айтылып кеткендей, Түркістан («Қоқан») автономиясын 1918 жылы ақпанда большевиктер талқандаған болатын.
Алашорда басшыларының Кеңес үкіметімен келіссөздері
Осындай аса қиын жағдайда Алашорда басшылары Алаш автономиясын оны 1917 жылдың аяғында құрылған принциптер негізінде тануы туралы орталық Кеңес үкіметімен келіссөздер жүргізуге тырысты. Осы мақсатпен РКФСР ХКК-нің төрағасы В. И. Ленинмен және Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссары И. Сталинмен кездесу үшін Әлихан Бөкейханов Мәскеуге өзінің екі сенімді серігі — Халел мен Жанша Досмұхамедовтерді жіберді. Ә. Бөкейхановтың тапсырмасымен 1918 жылы 2 сәуірде Семейден Халел Ғаббасовтелефон арқылы И. Сталинмен сөйлесті. Алайда осы келіссөздер барысында Алашорда басшылары В.И.Ленин мен И.Сталиннің талап етуі бойынша «Кеңес өкіметі елде барлық автономиялық мемлекеттік құрылымдардың орталық өкіметі» екенін амалсыз мойындады.
Осыған қарамастан, олар кеңестік басшылардың алдына дұрыс шешілген жағдайда Алаш автономиясының тәуелсіздігін белгілі дәрежеде қамтамасыз ететін бірқатар мәселелер мен талаптар қойды. Олардың мазмұны мына тұрғыда еді: автономия ауқымында Қазақстан аумағының тұтастығын қамтамасыз ету; Алашорданың қолына заңдық және атқарушылық билікті беру; қазақ ішіндегі даулы мәселелерді шешуді халық өзі сайлайтын уездік және облыстық соттарға беру; «халық милицияларын» — автономияның қарулы күштерін ұйымдастыру; Алашорданы қолдағаны және Кеңес өкіметіне теріс пиғыл танытқан қоғамдық-саяси ұйымдарға қатысқаны және т.б. үшін Алаш қайраткерлері мен қазақ интеллигенциясы өкілдеріне қарсы саяси жаза қолдануға тыйым салу.
Алашорданың бұл ұсыныстары РКФСР-дың құрамдас бөлігі ретіндегі таптық принципке негізделген бірқатар халықтардың (қазақтар, татарлар, башқұрттар, Орта Азия халықтарының) кеңестік автономиясын құру жоспарын жүзеге асыруға кірісіп кеткен ел басшылығынан ешқандай қолдау таппады. Бұл туралы Алашорданың көрнекті қайраткерлерінің бірі Халел Ғаббасовтың 1929 жылы 10 қарашада ОГПУ тергеушісінің сұрақтарына берген жауабында айтылады. Атап айтқанда, X. Ғаббасов былай деп мәлімдеді: «Сталинмен болған әңгімеде (тікелей телефон арқылы) мен Кеңес өкіметінің Деклараниясына. сәйкес ұлттардың Ресей халықтарынан бөлініп, дербес мемлекет құруына дейінгі ерікті өзін-өзі билеу құқығын тез арада іске асыру қажет екенін айттым... Дәл есімде жоқ, бірақ мен негізінен жойылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру, кеңестер ауқымында ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату мәселелерін қамтитын 14 пунктті ұсындым. Сталин өз жауабында біз Кеңес үкіметін мойындасақ, Құрылтай съезін ұйымдастыруға дереу кірісетіндіктерін білдірді... Біз Сталинге Кеңес үкіметін мойындайтынымыз туралы жеделхат жібердік және сол кезде Мәскеуде болған Досмұхамедовтарға (Халел мен Жаншаға. — авт.) орталық Кеңес үкіметінің алдына Алаш мүддесін толық жеткізуін хабарладық.
Бұл жеделхаттар Бөкейханов, Омаров, Мәрсеков, Ермеков, Сәрсенов және мен қатысқан (тағы да Байтұрсынов Дулатов екеуі болған сияқты) жиналыстан кейін жіберілген болатын. Бұл актіні Алашорда кеңесінің кезекті шарады ретінде қарау керек.
Сталиймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін облыстық кеңестің (Семей. — авт.) торағасы Шұғаев шақырылды, бірақ олар не туралы сөйлескенін мен білмеймін. Осы әңгімеден кейін облыстық кеңес бізге деген қатынасын біраз өзгертті, тіпті тұтқындағылардың кейбіреуін босатты».
Жанша мен Халел Досмұхамедовтердің Мәскеуде Кеңес үкіметінің басшылығымен кездесулерінің қорытындысы, сондай-ақ Сталинмен тікелей телефон арқылы сөйлесудің нәтижесі орталық Кеңес үкіметі ұлттық ауызбіршілік пен бірігу принциптеріне негізделген қазақ мемлекеттілігіне үзілді-кесілді қарсы екенін, қоғамды таптық тұрғыда бөлуге негізделген кеңестік автономия құруға ұмтылатынын көрсетті.
Кеңес басшылығы 1918 жылы сәуір-мамыр айларында Қазақ Кеңес автономиясын құру мақсатымен Кеңестік Қазақстанның Құрылтай съезін шақыруға қолайлы жағдай қалыптасты деп есептеді. Осы кезге қарай өлкенің бүкіл аумағында дерлік (Орал облысын қоспағанда) Кеңес өкіметі орнады және едәуір мөлшерде нығайды, жергілікті жерлерде биліктің бірыңғай органы жұмысшы-шаруа Кеңестерінің облыстық және уездік съездері өткізілді; бірқатар ауыл-селоларда болыстық, ауылдық және селолық Кеңестер өз қызметіне кіріскен еді; Кеңестерге қарулы қарсылық көрсеткендер толық талқандалған болатын.
Шығыстағы алғашқы Кеңестік көп ұлтты республика Кеңестердің Түркістан өлкелік V съезінде (Ташкент қаласы, 1918 жылғы 20 сәуір — 1 мамыр) жарияланған Түркістан АКСР-і болып табылды. Оған қазіргі Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстары (бұрынғы Сырдария мен Жетісу) кірді. Қазақстанның қалған аумақтарында — Оралдың Торғай өңірінде, Ақмола, Семей облыстарында, Бөкей Ордасы мен Маңғыстауда Қазақ кеңес мемлекеттілігін құру мәселесі бойынша аса күрделі жұмыстар атқарылып жатты. Сонымен қатар Қазақстан мен Орта Азиядағы тәуелсіз ұлттық автономия идеясына сенімсіздік таныту үрдісі де ұйымдастырылды, қазақстандық және түркістандық мерзімдік баспасөз беттерінде осы мәселе бойынша «еңбекшілердің хаттары» жарияланды. Мәселен, 1917 жылы 16 желтоқсанда Ақмоладағы сан мыңдаған қазақ еңбекшілерінің демонстрациясы атынан В.И. Ленинге жолданған жеделхатта «Қырғыз (қазақ. — авт.) интеллигенциясының басым көпшілігі байлар мен аққсүйектерді қолдап, Алашорда автономиясын құрды... Алашорда автономиясы қырғыз (қазақ. — ов/я.) еңбекшілеріне керек емес».деп жазса, 1918 жылы 25 сәуірде кеңестердің Ақмола уездік съезі РКФСР Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариатына «кадеттердін өзара келісіп алып, Алашорда атаған қазақ автономиясы» туралы II Бүкілқазақ съезінің шешімі «мүлде жарамсыз деп танылсын». деген жеделхат жіберді. Түркістан («Қоқан») автономиясы талқандалған күндері «Қоқан қаласының жұмысшылары атынан» «Біздің газеттін» (Ташкент кеңесінің органы) беттерінде мақала жарияланып, онда былай делінді: «Біз, еңбекшілер мен жұмысшы-мұсылмандар, барлық автономиялық авантюристерге лағынет айтамыз, Ресей социалистік республикасын мойындаймыз, сонымен бірге және жұмысшы, солдат, шаруа және диқан-мұсылман депутаттары кеңестеріне бағынамыз».
Кеңес өкіметін нығайту және Қазақ кеңес автономиясын құруға дайындық жұмыстарын жүргізу кезінде «Үш жүз» партиясының көсемдері, бірінші кезекте Қолбай Тоғысов Алаш партиясына арсы күресті күшейе түсті. 1918 жылы сәуірдің басында К. Тоғысов телеграф арқылы Семей Кеңесінің төрағасы К. Шұғаевка Алаш құрған барлық ұйымдарды таратуды ұсынды.
Бірнеше күн өткен соң ол РКФСР ХКК-нің төрағасы В.И. Ленинге ультимативтік сипаттағы мынадай жеделхат жібереді. «Бөкейхановтың қырғыз (қазақ. — авт.) автономиясы туралы сізбен телефон арқылы сөйлескен хабары «Үш жүз»партиясының төрағасы мағанда белгілі болды. «Алаш» партиясы таратылып, оның мүшелері тұтқындалғанын сіздің назарыңызға жеткізіп тұрмын. Бөкейханов — Дутов қозғалысының көрнекті белсенді мүшелерінің бірі қазір іздестіріліп жатыр. Газет мәліметі бойынша «Алаш» партиясының көрнекті өкілі Ғаббасов Мәскеуге барып, сізбен кездескен. Ғаббасовты дереу тұтқынға алып, Омбыға жіберуге, революцияға қарсы қозғалысқа қатысқаны үшін революциялық трибуналдың сотына тартуға бұйрық беруіңізді сұраймын».
Іс жүзінде үш жүздіктердің ұлттық-мемлекеттік құрылыс бойынша айқын бағыт-бағдары болған жоқ. Олар 1918 жылдың басынан бастап Алаш автономиясына қарсы шыға отырып, Қазақстанның мәдени-экономикалық артта қалушылығы, халқының аса үлкен жер аумағында шашыраңқы (Астраханнан Қытайға дейін) орналасуы, өлкенің көп ұлттық сипаты қазақ мемлекеттілігін құру жолындағы басты кедергі деп есептеді. Олар қазақ мемлекеттілігі бір ғана қазақ ұлты негізінде құрыла алмайды, басқа халықтар оған «кедергі келтіреді» деп есептеді.
Үш жүздіктер ұлттық мәселені шешудің мемлекеттік формасы «Түркі-татар» қоғамдастығын құруда деп білді, басқаша айтқанда, бір ғана түркі тілдік белгісіне қарай Ресей мұсылмандарын жасанды жолмен біріктіру идеясын көтерді. Сондықтан олардың «Түркілер мен татар ұландары жасасын!» деген ұраны партиямен аттас орган «Үш жүз» газеті әрбір нөміріні бірінші бетіне басылып отырды.
Үшжүздіктердің кеңестік автономия идеясын қабыл алуы
Ал 1918 жылы көктемнің аяғында большевиктер қазақ кеңестік мемлекетін құрудың дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен кезде үшжүздіктер ойланып жатпастан, кеңестік автономия идеясын қабыл алып, Кеңес өкіметін қолдап шықты да, оның Алашордаға қарсы күресін қуаттады. Бұл орталық Кеңес үкіметіне пайдалы болды. Ә.Т. Жангелдиннің айтуынша, «Үш жүз» партиясының «Алаш» партиясымен қарым-қатынасы айқындалған кезде, Кеңес үкіметі оған К. Тоғысовпен байланыс орнатып, мына жағдайды жүзеге асыруды тапсырған: «Егер бл партия шыныменен Алашордаға қарсы әрекет етсе, онда оны біздің жағымызға тарту керек».
Қазақстанның кеңестік автономиясын құру мәселесі бойынша жұмыс одан әрі жалғаса түсті. РКФСР Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариатының.1918 жылы 12 мамырда ұйымдастырылған қазақ бөлімінің аса маңызды міндеті Қазақ Кеңестік автономиясын құруға дайындық жұмыстарын жүргізу болатын.
Қырғыз (қазақ) дала өлкесінің төтенше комиссары болып тағайындалған Ә.Т. Жангелдин кеңестердің Бүкілқазақстандық съезін өткізуге дайындық жасау мен оны шақыру жұмыстарына жауап берді. 1918 жылы 20 мамырда ол Сырдария, Жетісу және Ферғана облыстық кеңестерінің атқару комитеттерінде болып, мына мәселелерді анықтап алды: «Қырғыз (қазақ) уездері қай биліктің қол астында болғанын қалайды: Түркістан автономиясы немесе Кеңестердің атқару комитеті ме, қырғыз (қазақ) өлкесінің халқы бір мемлекеттік құрылымға бірігуге қалай қарайды? Қазақтар тұратын жерлерді қалай біріктіруге болады? Қырғыз (қазақ) атқару комитеттерінің съезін шақыру қажет деп есептейсіздер ме, егер солай деп ұйғарсаңыздар, қай мезгілде, қай жерде өтуін қалайсыздар?». Сегіз күн өткен соң, 1918 жылы 24 мамырда Ә.Т. Жангелдин Кеңестердің өлкелік съезінің жақын арада шақырылатыны туралы Семей және Қазақстанның өзге де облыстарына телеграмма арқылы хабарлады.
Алайда Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариатының Қазақ бөлімі мен Дала өлкесінің төтенше комиссары Ә.Т. Жангелдин де Кеңестердің Бүкілқазақстандық съезін шақыруға әзірлік жұмыстарын толық аяқтап үлгірмеді. 1918 жылы жазда Азамат соғысы мен шетелдік әскери интервенцияның басталып кетуіне байланысты Қазақ кеңестік автономиясын құру жұмысы баяулап қалды.
1919 жылдың басынан бастап Қызыл Армияның жеңіске жетуі барасында Қазақстан ақ гвардияшылардан тазартыла бастады. Орал облысының едәуір бөлігі мен Торғай облысы толықтай азат етілді. Азат етілген өңірлерде Кеңес өкіметі қалпына келтірілді, облыстық, уездік және жергілікті жерлерде революциялық комитеттер құрыла бастады.
Азамат соғысы әлі жүріп жатқан жағдайда, азат етілген аумақтарда сайлау ұйымдастыруға, Кеңестердің қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік болмады, кезек күттірмейтін міндеттерді шұғыл әрі оралымды түрде шешетін төтенше билік органдары — революциялық комитеттер құруды өмірдің өзі талап етті. Сайлау өткізуге қажетті жағдайлар бар жекелеген өңірлерде кеңестер ұйымдастырылды.
Революциялық комитеттерді ұйымдастыру мен ауылдық, селолық және болыстық кеңестер сайлауын өткізу үшін облыстық және уездік орталықтардан жергілікті жерлерге арнайы дайындықтан өткен нұсқаушылар жіберілді. 1919 жылы 15 ақпанда Орал облыстық ревкомының ұлттар істері жөніндегі бөлімі қазақ ауылдарына осындай 30 нұсқаушы аттандырды. 1919 жылы 3-4 ақпанда Ақтөбе уездік Кеңесінің атқару комитеті сайлау өткізу үшін ауылдар мен селоларға жіберілетін жауапты қызметкерлердің тізімін бекітті. Орал облысының ауылдары мен селоларында Кеңес өкіметі органдарын қалпына келтіруде Ә. Әйтиев үлкен рөл атқарды. Оның басшылығымен 1919 жылғы ақпанда Қароба уезі мен басқа да бірқатар болыстарда жергілікті кеңестер сайлауы өткізілді. Бір ғана Жымпиты уезінде 1919 жылғы ақпан-наурызда 15 болыстық, 169 ауылдық кеңестер құрылды.
Мұндай жұмыстар Қазақстанның ақ гвардияшылардан азат етілген өзгеде өңірлерінде жүзеге асып жатты. 1919 жылы жазға қарай Қазақстандағы Азамат соғысы майдандарында «қызылдар» елеулі табыстарға жетті.
Қазақстанның Орталық және Солтүстік-Шығыс кең аймақтарын «ақтардан» тазарту процесі басталды.
Қазақстан аумағының ақ гвардияшылардан азат етілуіне және Кеңес өкіметі органдарының қалпына келтірілуіне қарай ұлттық-мемлекеттік құрылыс проблемалары қайта көтерілді. Алашорда үкіметі бұл проблеманы, жоғарыда атап өтілгендей, II Бүкілқазақ съезінің қарарларымен сәйкес шешуге тырысты, ал орталық Кеңес үкіметі бұрынғысынша қазақ автономиясын таптық принципке негізделген кеңестік республика түрінде ұйымдастыру жағында тұрды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 1919 жылы 10 шілдеде РКФСР ХКК-нің декретімен В.И. Ленин қол қойған Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитет (Казревком) құрылды. Оның алғашқы құрамына С. Пестовский (төраға), А. Байтұрсынов, В. Лукашев, Ә. Жангелдин, М. Тұнғаншин, С. Мендешев, Б. Қаратаевтар кірді. Әр түрлі уақытта Казревкомға Ә. Әйтиев, С. Арғыншиев, А. Авдеев, А. Әлібеков, Б. Каралдин т.б. мүше болды.
Революциялық комитеттің басқаруына Астрахан губерниясы аумағының қазақтар мекендеген бөліктері, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары кірді. Казревком мемлекеттік билік және мемлекеттік басқарудың жоғарғы органының барлық міндетін атқарды. Оның халыққа білім беру, жұмысшы-шаруа инспекциясы, ішкі істер, қаржы, пошта және телеграф, әділет, әлеуметтік қамсыздандыру, жер бөлімдері, әскери істер жөніндегі қазақ өлкелік комиссариаты, еңбек ету міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі комитеті болды.
Казревком 1919 жылғы 10 шілдемен — 1920 жылғы 10 қазан аралығында 15 ай қызмет етті. Ол құрылған күнінен бастап Құрылтай съезін шақыру жөніндегі бар жұмысты өзі атқарды. Казревкомнын іс-қимыл ерекшелігі сол кез үшін алғашқы кезектегі әскери-саяси проблеманың маңыздылығынан туындады, өзінің бар мүмкіндігін, күш-жігерін өлкеде Қызыл армияның жеңісін қамтамасыз етуге жұмсауы тиіс болды. Казревком мүшелері Қызыл армия бөлімдерімен бірге қалалар мен елді мекендерді ақтардан азат етуге қатысты және жергілікті жерлерде Кеңес өкіметі аппаратын құруға көмектесті, Қазақстанда соғыс қимылдарын жүргізіп жатқан Шығыс, Түркістан және басқа майдандар мен бөлімшелердің жауынгерлерін барлық керек-жарақтармен қамтамасыз етуге атсалысты.
Қазақ революциялық комитетінің қалай дегенмен де басты айналысқан мәселесі — Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезін шақыруды әзірлеу мен өткізу болды. Ол өзінен өзі іске аса салған жоқ. Ескеретін бір жайт: Қазақ революциялық комитетінің құрылуы Кеңес өкіметі мен Алаш қозғалысының арасындағы белгілі бір мәміленің көрініс табуы еді. Оның алғашқы және одан кейінгі құрамына белсенді кеңес қызметкерлерімен (Ә. Жангелдин, Б. Қаратаев, С. Мендешев және т.б.) қатар большевиктердің қарсыластары, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері (А. Байтұрсынов, Б. Каралдин, А. Әлібеков және т.б.) кірді. А. Байтұрсынов Қазақ революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды, ал Б. Каралдир Казревкомның хатшысы міндетін атқарды.
Мұндай мәміле 1919 жылдың жазындағы жағдайда екі жаққа да пайдалы болды. Бұл Кеңес өкіметіне екі себептен пайдалы еді: біріншіден, ол осы іс-қимылдарымен (Қазақстан, Башқұртстан, Татарстан және т.б. ұлттық автономиясын құруға бағытталған) халықтардың белгілі бір бөлігін өзінің одақтасына айналдырды және сонымен бірге ұлттық автономияшылардың әлеуметтік базасын әлсіретті, ал екіншіден, 1919 жылдың басында орталығы Орынборда құрылмақшы Башқұрт-Қазақ автономиясын жүзеге асырудың іс жүзінде мүмкін еместігін көрсетті.[18]. Ал Алашорданың көрнекті өкілдерінің бұл мәмілеге амалсыз барғандығына келетін болсақ, ол мынадай жағдайлармен: 1918 жылы ақпанда Кеңестердің Орта Азия халықтарының Түркістан («Қоқан») автономиясын құлатуымен және сол жылдың көктемінде құрамына Қазақстанның оңтүстік облыстары кірген Түркістан АКСР-інің құрылуымен, осыларға қосымша ең бастысы Кеңес үкіметінің Алашорда мемлекеттілігін құрудың іске аспайтындығына көзін жеткізуімен түсіндіріледі. Сол себепті Алаш қозғалысының басшылары Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру үшін кеңестік автономияны орнату идеясын қабылдады.