Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығы

Ақназардың мұрагері Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайған Шығай (1580-1582) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұқар ханы Абдоллаға келді. Абдолла Шығайға ходжент қаласын сыйға тартып онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшеді. 1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен бас тартады, екіншіден, біздің ойымызша, басты себеп – Абдолла Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тәуекел ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде бүкіл Мәуереннахрды Тәуекелдің көмегімен Шайбани мемлекетінің қол астына біріктірген болатын. Тәуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды. Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салады. Ендігі жерде ол Сыр бойындағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды. 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері Мәуереннахрдың солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік аймақтарына шабуыл жасайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп төндіреді. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады. Тәуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту барысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тәуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді. 1595 жылы елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тәуекел ханға Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына алатынын» және «оқ ататын қару» жіберетінін уәде етті. Сонымен бірге мынадай талап қойды: «біздің патшалық қоластымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұқара патшасымен және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар». Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға тәуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады. 1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдылмомын әкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы орайды пайдаланған Тәуекел хан жүз мың әскермен Мәуераннахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп, ол өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бейбіт жағдайды және Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл әулеттің Аштарханилықтар- дың жаңа әулетімен ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты тәмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады. Тәуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта Азия халықтарының белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді. Атап айтқанда, Тәуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен бірге Ескендір Мұңшы Тәуекел әскерінің құрамында «Түркістан тайпаларының және қырдағы өзбектердің» жауынгерлері болғанын айтады. Жалпы, Шайбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тәуекел ханды қолдады десек қателеспейміз. Өйткені Шайбани тармағынан тараған Жошы ұрпақтарының өзі Мәуераннахрда Шайбани әулетін қазақ хандарының әулетімен алмастыруға ниет білдірген. Өкінішке орай, Мәуераннахр қазақ хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе де, Ташкент және оның аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды.

Тәуке хан

Жәңгірдің баласы Тәуке хан (1680-1718) тұсында Қазақ хандығының күш-қуаты өсіп, бірлігі артты. Тәукенің туған жылы белгісіз, ал қайтыс болған жылына байланысты ғылыми зерттеулердегі пікірлер де әр түрлі. Жәңгір ханның ұлы және мұрагері Тәуке 1680 жылы Қазақ хандығының тағына отырды. Ол асқынған ішкі феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құруға қажырлы қайрат жұмсады. Хандық билікті күшейтуге бағытталған реформалар жүргізді.

Тәуке ханның аты тарихта «Жеті жарғы» заңдарымен де тығыз байланысты. Ол қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тәжірибелерін, аса дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ заңдарын жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтырып, дамыту негізінде «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын құрастырды. «Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тәуке хан заңдары» деген атпен белгілі. Жеті жарғыға әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-феодалдық құқығының негізгі принциптері мен нормалары баянды етілген. Қазақша «жарғы» әділдік деген ұғымды білдіреді. Жеті жарғы» - жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Жеті жарғыны» қазақ халқы ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданып келді. Ал кейбір заңдар Қазан төңкерісіне дейін қолданылды. Сонымен бірге «Жеті жарғының» өз кезінде қағазға түсірілмегені де белгілі. Кеңестер дәуірінде «Жеті жарғыға» «феодалдық қатынастардың сарқыншығы» деген сипат тағылып, мүлдем зерттелінбеді. Бізге «Жеті жарғы» орыс ғалымдарының жазбалары негізінде белгілі. Алғаш рет орыс ғалымы Г.Спасский жаппас руының старшыны Күбек Шүкіралиевтің мәліметтері негізінде «Жеті жарғының» 11 үзіндісін 1820-шы жылы «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші нұсқасы ( 34 үзінді) А.Левшиннің зерттеулерінде беріледі. Бұл нұсқалар «Жеті жарғы» дүниеге келгеннен кейін 100 жылдан соң халық ауыз әдебиеті негізінде жариялады. Сондықтан, бұл заңдар жинағының толық нұсқасының бізге жетпегені белгілі.

«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.

«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Бірақ билер сотының екі жақ келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға мүмкіншілігі болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Олар: егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда, егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда, жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дәлелденген жағдайда және «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас лақтыру әрекеттерін қолдану.

Жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған. Қылмыскердің және өлген адамның әлеуметтік жағдайына байланысты құн мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, өлген ер адамның құны 1000 қой болса, әйел адамның құны 500 қой болған. Ал өлген адамның әлеуметтік жағдайы ақсүйек болса құн мөлшері жеті есе өскен, яғни сұлтан немесе қожа тұқымынан өлтірілгендерге жеті адамның құнын төлеген. «Сұлтан» немесе «қожаға» тіл тигізгені үшін 9 мал, қол жұмсағаны үшін 27 мал төленетін болды. Құлдың құны бүркіттің немесе тазы иттің құнымен теңескен. Дене мүшелеріне зақым келтірген қылмыскер де белгілі мөлшерде құн төлеген. Атап айтқанда, бас бармақ – 100 қой, шынашақ 20 қой болған. Ұрлық жасалған кезде ұрланған заттың құны иесіне «үш тоғыз» етіп қайтарылған. Мысалы, ұрланған 100 түйе 300 жылқыға немесе 1000 қойға теңелген. Бұл баптардан біз «Жеті жарғыға» сай қылмыс істеген әр әлеуметтік таптың құқықтары заңдастырылғанын көреміз.

«Жеті жарғы» бойынша өлім жазасы мен құн төлеуден басқа жазалар да қолданылған. Мысалы, әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған. Ата-анасына дауысын көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен. Күйеуін өлтірген екіқабат әйел елден қуылса, христиан дінін қабылдаған адамның мал-мүлкі тәркіленген. Құдайға тіл тигізгендігі жеті адамның куәлігі арқылы анықталған адам таспен атып өлтірілген.

Наши рекомендации