Жаза тағайындау мен жазадан босату негіздері.
Жаза тағайындау — жасалған қылмыста айыпты деп танылған адамға айыптау үкімін шығарарда қылмыстық ықпал жасаудың нақты шарасын соттың таңдауы.
Жаза тағайындау қылмыстық заңды қолдану барысындағы ең жауапты және маңызды саты болып табылады. Өйткені, жаза тағайындау, оны жүзеге асыру сотталған адамды түзеуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, қылмыстың алдын алуға ықпал етеді. Жазаның осы мақсаттарына қол жеткізу көбіне қылмыстық жазаны әділ әрі негізді тағайындау арқылы мүмкін болады.
Қылмыстық құқық жаза тағайындағанда кінәлінің жеке-дара жауапкершілік принципін негізгі басшылыққа алады. Осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумьшың 1999 жылғы 30 сәуірдегі «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» № 1 қаулысында былай делінген:
Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де сот үкімінсіз қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген қағидаларын басшылыққа ала отырып, соттар қылмыстың түрі мен ауырлығына, айыптының қызметтегі және коғамдағы орнына қарамастан, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне жете назар аударуға тиіс. Заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды. Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-тің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы кағидаларын бұлжытпай сақтауы, сондай-ақ сотталушы жасаған қылмыс ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын; рецидивтің болуын және оның түрін; сотталушының кылмыстық әрекеті қай сатыда тоқтатылғанын; қылмысты топ, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық жасаған жағдайда сотталушының қатысу дәрежесін; қылмыстық мақсатқа жету үшін оның әрекеттерінің мағынасын және келтірген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен көлеміне ықпалын; қылмыстар жиынтығын; жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды; сол қылмыс үшін көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза тағайындау немесе шартты соттау негіздерін ескеруі тиіс. Сондай-ақ, қылмыстық заңда қылмыс жасаған адамдардың жасы кәмелетке толмағандарына, жасы 65-тен асқан ер адамдарға, сондай-ақ әйелдерге қылмыстық жаза тағайындаудың ерекшеліктері көзделгенін ескере отырып, соттар сотталушылардың жынысын және жасын ескеруі қажет. Сотталушының нақты қылмыс істеудегі кінәсі анықталған жағдайда сот оған жазаны, істеген қылмысы үшін жауаптылық қаралған заңның тиісті баптарында көрсетілген шектен шықпай тағайындайды. Мұндай ретте, сөз жоқ, істелген қылмыстың ерекшелігі және кінәлінің жеке тұлғасы жан-жақты еске алынады. Тек қана осы мәселелерді есепке алған жаза ғана әділ әрі заңға сай деп танылады.
Қылмыс жасаған адамға белгілі бір жазаны жеке дара тағайындау «Жаза тағайынаудың жалпы негіздері» деп аталатын арнайы ережелерге сәйкес жүргізіледі. Қылмыстық кодекстің 52-бабында жаза тағайындаудың жалпы негіздері көрсетілген.
Жаза тағайындаудың жалпы негіздері дегеніміз — әрбір нақты іс бойынша жаза тағайындау кезінде сот басшылыққа алуы тиіс заңмен бекітілген белгілер. Қылмыстық заңда жаза тағайындаудың жалпы негіздері ретінде жазаның әділеттілігі, мақсатқа лайықтылығы, тиімділігі айтылады.
Соттың қылмыс жасаған деп таныған адамын, сот тағайындаған жазадан босату — жазадан босату деп танылады. Қылмыстық заңда жазаны өтеуден мерзімінен бұрын - шартты түрде босату көзделген. Жаза тағайындалған адам жазаны өтеу мерзімі біткенге дейін түзелуі мүмкін, сондықтан жазаны әрі қарай орындау мақсатсыз және қажетсіз болып қалады. Осыған байланысты қылмыстық заңда жазаны өтеуден мерзімінен бұрын — шартты түрде босату институты көзделген, ол бірқатар шартты жағдайлар болғанда адамды жазаны өтеуден одан әрі босатудан көрінеді.
· барлық жаза үшін мерзімінен бұрын — шартты түрде босатуға жол берілмейді, тек түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу, тәртіптік әскери бөлімде ұстау немесе бас бостандығынан айыру сияқты жазаларға ғана таралады. Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам, егер сот бұл жазаны одан әрі өтеуді қажет етпейді деп таныса және кемінде жиырма бес жыл бас бостандығынан айыруды іс жүзінде өтесе, мерзімінен бұрын — шартты түрде босатылуы мүмкін.
· жазаны өтеуден мерзімінен бұрын — шартты түрде босату шартсыз емес, өйткені жазаның өтелмеген бөлігінде, сотталушы сот жүктеген талаптарды орындауға міндетті.
· сотталушының сот тағайындаған жазаның белгілі бір бөлігін өтеуі жазадан мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың міндетті белгісі болып табылады.
Егер айыпты өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса шартты түрде мерзімінен бұрын жазадан босату алынып тасталады. Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды алып тастау дегеніміз — сотталушының жазаның өтелмей қалған бөлігін одан әрі өтеуі үшін жаза өтейтін жерге қайтарылуын білдіреді.
Мерзімінен бұрын шартты түрде босатумен қатар Қылмыстық кодексте басқа да жазадан босатудың түрлері қарастырылған, олар: жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру; ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату; жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдердіц жазасын өтеуін кейінге қалдыру, төтенше мән-жайлардың салдарынан жазадан босату мән жазаны өтеуді кейінге қалдыру; айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазаны өтеуден босату