Тапсырма. Мәтіннен сұраулы сөйлемдерді табыңыздар. Сұраулы сөйлемнің жасалу жолын түсіндіріңіздер.
Тапсырма. Берілген сөйлемдерді сұраулы сөйлемдерге айналдырыңыздар.
Амандасу қай халықтың болмасын мәдениетінің алғашқы беташары.
Мұсылман халқында амандық салты «Ассалаумағалейкум!» деген сөзден басталады.
Ауылға келген қонақпен ауыл адамдарының амандасуында белгілі ереже бар.
Көріспегелі көп жыл болған ағайын туыс адамдар қауышып (кеуде тиістіріп) амандасады.
Грамматика: Көсемше Қимыл, іс-әрекеттің әртүрлі сипатын, амал-сынын, себеп-мақсатын, мезгілін білдіріп, екі түрлі мәнде (бірі етістік мәнінде, екіншісі үстеу мәнінде) қолданылып, екі түрлі қызмет атқаратын етістіктің ерекше түрі көсемше деп аталады. | ||
Түрлері | Жұрнақтар | Мысалдар |
1. Өткен шақ | -ып, -іп, -п | барып, келіп, оқып |
2.Ауыспалы шақ | -а, -е, -й | бара, келе, ойнай |
3. Мақсат | -ғалы, -гелі, -қалы, -келі | барғалы, келгелі, айтқалы, кеткелі |
4. Мезгіл | -ғанша, -генше, - қанша, - кенше | барғанша, келгенше, кеткенше |
5. Шарт | -майынша, -мейінше | бармайынша, келмейінше, бермейінше |
8-тапсырма. Мәтіннен көсемшені табыңыздар. Олардың жасалу жолына назар аударыңыздар.
Тапсырма. Берілген етістіктерден көсемше жасаңыздар.
Түс, көрсет, шақыр, ұсын, жалғастыр, сұра, отыр, ал, жат, кел, амандас, аттан, айт.
Үлгі: түс – түсіп – түсе – түскелі
Екінші сабақ
Тапсырма. Мәтінді тыңдап, рөлдерге бөліп оқыңыздар.
Сәлем
Жаздың жайма шуақ күні. Балтабек ағай баласы Батаймен кең көшенің кестедей айшықты гүлзарының қасынан өтіп бара жатып, Өтен құрдасымен кездесіп қалды:
- Ас-саламу-алейкум! – деп ол Өтеннің қолын алды.
- Сәлем!- деп Батай күлімдеп, иек қақты.
Былай шыға бере Балтабектің реңі бұзылып, қабағы түйіліп, баласына адырая қарап:
- Балам, Өтекеңмен жөндеп амандаспайсың ба? Иек қағып, танау көтере салатын кісі емес ол.
- Сәлем!- дедім. Сәлемімді қабылдап, күле сөйлеп еді ғой...
- Балам, ондай үлкен кісіге «сәлем» деп иек қаға салмай, адамша амандасу қажет. Амандасу – адамның амандығына қуанып, ақ ниетін білдіру.
- Онда тұрған не бар? Сіз де қызық екенсіз...
- Ондай үлкен кісіге – «ассалаумалейкум» деп немесе «амансыз ба?», «сау- сәлеметсіз бе?», «аман-есенсіз бе?» деген сөздердің бірі аузыңа түспеді ме?
- Сол сөздің бәрі де «сәлем» деген бір сөзбен мәндес емес пе?
- Олай емес. «Сәлем» деген – жай ғана амандасу. «Амансыз ба?», «сау- сәлеметсіз бе?», «аман-есенсіз бе?» деп амандасушы сәлем берген адамның амандығына қуанышын, тілектес екенін білдіреді.
- Мен ол кісімен жақсы ниетпен амандастым ғой.
- Балам, сәлем беру және сәлемдесу – салт. Үлкен кісіге танымасаң да сәлем бер. Сәлем бергенде де инабаттылық пен әдептілік, сыпайылық пен сыйласым керек. Қария кісілермен «ассалаумалейкум» деп амандасады.
- Сөзіңіздің төркінін түсіндім, әке.
Батай содан бері үлкен-кішіге үлгі көрсетіп, кісімен жайраңдай жадырап, жақсы амандасатын болды.
(Ә.Табылды. Халық тағылымы)