Екінші: Егістік пен бау-бақша өнімдері
Пайда табу мақсатымен егін егілген жерден шыққан әрбір өнімнен зекет берілуі қожайынға парыз. Өнім мейлі сақталуға жарамды болсын, мейлі жарамсыз болсын, бәрібір, одан зекет беріледі. Сақталуға жарамды өнімге бидай, арпа, тары секілді дәндер жатады. Ал сақталуға жарамсыз өнімге жемістер мен көкөніс түрлері жатады. Егістік пен бау-бақша өнімдерінен берілетін зекет «ъушр» - "العشر" деп аталады, яғни оннан бірі деген сөз.
Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай деді:
﴿وَهُوَ الَّذِي أَنشَأَ جَنَّاتٍ مَّعْرُوشَاتٍ وَغَيْرَ مَعْرُوشَاتٍ وَالنَّخْلَ وَالزَّرْعَ مُخْتَلِفاً أُكُلُهُ وَالزَّيْتُونَ وَالرُّمَّانَ مُتَشَابِهاً وَغَيْرَ مُتَشَابِهٍ كُلُواْ مِن ثَمَرِهِ إِذَا أَثْمَرَ وَآتُواْ حَقَّهُ يَوْمَ حَصَادِهِ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ﴾
«Ол - сондай Аллаһ, аспалы және аспасыз бақшаларды, құрма ағаштарын, әртүрлі жемісті өсімдіктерді, бір-біріне ұқсайтын әрі ұқсамайтын зәйтүн және анар ағаштарын өсіріп шығарды. Жемістерін берген кезде олардан жеңдер және жеміс жиған күні оның тиісті үлесін беріңдер. Сондай-ақ ысырап етпеңдер! Өйткені Раббыларың ысырап етушілерді жақсы көрмейді»[1009].
Абдулла ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(فيما سقت السماء والعيون أو كان عَثَرِياً العشر، وما سقي بالنَّضح نصف العشر)
«Жаңбыр суымен, жердегі су көздерімен және тасқын суымен суарылған өнімнің оннан бірі беріледі. Ал су қолмен тасылып, суарылған өнімнің бестен бірі беріледі»[1010].
Жердің түрлері
Жер ъушрия және харажия болып екіге бөлінеді. Ъушрия деп, пайда табу мақсатымен мұсылманның қолымен пайдаланылып жатқан жерді айтады. Бұған мынадай жерлер кіреді:
1 -Куфаға еретін ауылдардың бірі әл-Ъузәйбтән Йемен мен Аденнің қиыр шекараларына дейін созылып жатқан араб жерлері. Өйткені Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) және одан кейінгі әділетті халифалар да, Аллаһ тағала оларға разы болсын, араб жерлері үшін салық салмады.
2 -Халқы өз еркімен ислам дінін қабылдаған жерлер. Бұлар ислам жерлері саналады.
3 - Ислам дұшпандарынан жеңіп алынған және жеңіске жеткен мұсылмандардың иелігіне үлестірілген жерлер.
4 - Мұсылман адам жандандырған және мұсылманның иелігіндегі сумен суарылған жерлер. Егер салық салынған жердегі сумен суарылса, ъушрия үкімінен айрылады.
Бұл жерлерден алынған өнімнің 1/10-і төленеді.
Харажия деп, өзіне салық салынған жерді айтады. Бұған төмендегі жерлер кіреді:
1 - Ислам дұшпандарынан жеңіп алынғанымен, егіншілікпен айналысулары үшін, исламды қабылдамай, өз діндерін ұстауларына мұрсат берілген жергілікті жердің тұрғындарының иелігіне қалдырылған жерлер. Кәпірлер бұл жерлер үшін мұсылмандардың қаржы мекемесіне жер салығын төлейді. Ал жандарының амандығы үшін жан салығын төлейді. Шариғатта кәпірлерден алынатын жер салығы хараж, ал жан салығы жизья деп аталады.
2 - Зимми адам жандандырған жер. Зимми дегеніміз - мұсылмандармен соғыспауға және мұсылмандарға қарсы көмек көрсетпеуге серттесіп, жер салығы мен жан салығын төлеуші кәпірлер.
3 - Салық салынған жердегі кәпірлердің қолымен қазылған құдық суымен суарылатын мұсылманның жері.
4 - Ислам дұшпандарынан олжаланған мұсылмандар басшысының зимми кісіге бөліп берген жері.
Ъушрдың төленуіне ислам ғана себеп болады және ол құлшылыққа жатады. Ал хараж дегеніміз - мұсылман еместерге жаза ретінде жер үшін салынатын салық.
Ъушр мен хараждың парқы
Ъушр дегеніміз
1 - Ол - құлшылық. Өйткені, зекет - ислам дінінің тіректерінен.
2 -Оны төлеу тек мұсылманға ғана парыз.
3 - Ол егістік пен бау-бақша өнімдерінен ғана алынады.
4 - Егістік пен бау-бақша өнімдерінен зекет беру өнім жиналған күні ғана парыз болады.
Хараж дегеніміз
1 -Ол - құлшылық емес, жаза. Бұл жазаны шынайы дінді қабылдаудан бас тартқан кәпірлер үшін шариғат белгіледі.
2 - Ол мұсылман еместерге жер үшін салынатын салық.
3 - Оны зимми кісі өзіне пайдалануға берілген жер үшін төлейді.
4 -Мұндай жерге егін егілмесе де хараж төленеді.
Егістік пен бау-бақша өнімінен зекет төленуін парыз ететін шарттар:
1 - Өнім алынатын жер ъушрия болуы шарт. Бұл шарт тек ханафи мәзһабінә тән.
2 -Жердің өнімберуі. Өйткені зекет - осы өнімнің оннан бірі.
3 -Өнімнің дәнді дақыл, немесе жеміс, немесе көкөніс болуы. Отынға, қамысқа, пішенге және үй қасындағы ағаш жемісінен немесе үй бақшасындағы жемістен зекет берілмейді.
4 -Жер жаңбыр суымен, жердегі су көздерімен немесе тасқын суымен суарылған болуы шарт. Шелекпен немесе бөшкемен су тасып, қолмен суарылған жердің өнімінен бестен бірі беріледі. Жарты жыл жердегі су көздерімен және жарты жыл қолмен суарылған жерден жиналған өнімнің 1/10-дің жартысы немесе 3/4-ші беріледі.
Мысал: Жиналған өнімнің салмағы 5000кг. Алдымен, оның 1/10-ін шығарайық: 5000*1/10 = 500кг. Оның жартысы: 500/2 = 250кг. Ал енді оның 3/4-шін есептеп шығарайық: 500*3/4 = 1500/4кг = 375кг.
Зекет төленетін мал-мүлік түрлерінің ішінде егістік пен бау-бақша өнімінен алынатын зекеттің дұрыстығына төмендегі шарттар қажет емес.
1 -Толықбір жылдың айналуы. Өйткені жер жылына бінеше рет өнім беруі мүмкін. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтқандай: «...Жемістерін берген кезде олардан жеңдер және жеміс жиған күні оның тиісті үлесін беріңдер..»..[1011].
2 -Нисаптың толмауы. Егістік өнімі аз болсын, көп болсын, бәрібір зекет беріледі. Бұл шарт тек Имам Әбу Ханифаның көзқарасында қажет емес. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَنفِقُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الأَرْضِ ﴾
«Әй, иман келтіргендер! Тапқан жақсы нәрселеріңнен, сондай-ақ сендер үшін жерден шығарған нәрселерімізден де жұмсаңдар!..»[1012].
Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің және басқа мәзһаптарда нисаптың толуы шарт. Оларда егістік нисабының көлемі бес уасқ[1013]. Әбу Саъид әл-Хұдри, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ليس فيما دون خمسة أوسق صدقة)
«Бес уасқтан кем нәрседен зекет алынбайды»[1014].
3 -Қожайынның ақыл-есі дұрыс болуы және балиғатқа толуы шарт емес.
4 -Өнім беретін жер қожайынның өз меншігі болуы шарт емес. Жерді пайда табу мақсатымен жалдаған кісі өнімін жиған кезде зекетін береді. Жерді егін егілгенмен әлі өнім бермеген күйде сатып алған кісі өнім жиған кезде оның зекетін шығарады.
5 - Оның төленуін қарыз тоқтатпайды.