Бірінші: Қажылыққа барушы кісіге қатысты әдептер

1 -Кеңесу. Қажылыққа барушы кісі білімді, сенімді діндар кісіден насихат сұрап, ақылдасуы мустахап.

2 -Истихара намазын оқуы мустахап.

3 -Тастай алмай жүрген күнәлі істерді тастап, Аллаһқа таза тәуба келтіруі.

4 - Біреуге зұлымдық жасаған болса, барып кешірімін алуы. Біреуге қарыздар болса, барып қарызын қайтаруы. Тапсырылған аманаттар болса, иелеріне толық қайтаруы.

5 -Ата-анасын және жұбайын разы етіп қалдыруы.

6 - Қажылыққа қажетті қаражаттың адал жолмен табылған болуы.

7 -Қолдан келсе, жол азығы мен мал шалуына жететін, сондай-ақ пақырларға беретін садақаны көтерітіндей көп қаражат алуы.

8 - Сауда кезінде тайталаспауы.

9 -Арада түсініспеушілік тумас үшін, бірнешеу болып барған кісілер жол азықтары мен қаражаттарын ортаға қоспауы.

10 -Көліктің жақсы болуы. Жан қинап жаяу немесе жүгіріп бару - сүннеттен емес, өйткені Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) қажылық пен уамраға түйесіне мініп барған.

11 - Қажылықтың қалай атқарылатынын білу. Үкімдерін білмей атқарылған кез келген құлшылық дұрыстығын жоғалтады. Істен бұрын білімнің маңыздылығын сілтеп Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ ﴾

«Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен»[1308].

12 - Қасына жақсылыққа ұмтылып, жамандықтан алшақ тұратын серік алуы. Бұл пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) мына хадисіне байланысты:

(الراكب شيطان والراكبان شيطانان والثلاثة ركب)

«Бір салт жолаушы - шайтан. Сондай-ақ екі салт жолаушы - екі шайтан. Ал үш салт жолаушы - керуен»[1309].

Саны үшке толған немесе одан асқан жолаушылар араларынан ең абзал біреуін әмір етулері қажет. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إذا كانوا ثلاثة فليؤمروا أحدهم)

«Егер үшеу болса, араларынан біреуін әмір етсін»[1310].

13 - Өзін толығымен ықыласты құлшылыққа арнау. Тыйым салынбаса да, қажылықты аяқтамайынша саудамен мүлде шұғылданбағаны ұнамды. Өйткені сауда оның ойы мен жүрегін таза ықыластан алдандырады. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُلْهِكُمْ أَمْوَالُكُمْ وَلَا أَوْلَادُكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ وَمَن يَفْعَلْ ذَلِكَ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ ﴾

«Әй, иман келтіргендер, малдарың да, балаларың да Аллаһты еске алудан алдандырып жүрмесін! Кім бұлай істесе, олар - зиянға ұшраушылар»[1311].

14 -Сапарға бейсенбі күні және ертемен шығу. Каъб ибн Мәлик, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(إذ قلما خرج رسول الله صلى الله عليه وسلم في سفر إلا يوم الخميس)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) кейбір сапарында болмаса, жолға көбінесе бейсенбі күні шығатын»[1312]. Сахр ал-Ғамади, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

"اللهم بارك لأمتي في بكورها"

«Аллаһым, үмметіме берекені таң сәрілерде бер»[1313].

15 - Үйден шығарда екі рәкат сапар намазын оқу және мына дұғаны жасау:

"اللهم إليك توجهت وبك اعتصمت اللهم اكفني ما أهمني وما لم أهتم به اللهم زودني التقوى واغفر لي ذنبي"

«Аллаһым, Саған қарай бет алдым және Сенімен қорғанамын. Аллаһым, мені мұңайтқан нәрсеге қарсы және білмеген нәрсеме қарсы маған жеткілікті болшы. Аллаһым, мені тақуалықпен қамдандыршы және күнәмді кешірші». Бұл дұға Анастан, Аллаһ тағала оған разы болсын, жеткен[1314].

16 - Оны сапарға отбасының, көршілерінің, туыстарының және достарының шығарып салуы мустахап. Сүннет бойынша олардың әрқайсысы оны сапарға былай деп шығарып салады:

"أستودع الله دينك وأمانتك وخواتيم عملك, زودك الله التقوى وغفر ذنبك ويسر لك الخير حيث كنت"

«Дініңді, аманатыңды және ісіңнің нәтижелерін Аллаһқа тапсырамын. Аллаһ сені тақуалықпен қамдасын және күнәңді кешірсін, сондай-ақ қайда болсаңда да жақсылыққа жолығуыңды жеңілдетсін».

17 - Үйден шығарда мына дұға тілеуі:

"بسم الله توكلت على الله لا حول و لا قوة إلا بالله"

«Аллаһтың атымен. Аллаһқа тәуекел еттім. Аллаһтан басқа күш те, қуат та жоқ».

18 -Көлікке (ұшаққа, пойызға, кемеге) мінгенде: «Бисмиллаһи»-деп мінеді. Көлік қозғалғанда:

"سبحان الذي سخر لنا هذا وما كنا له مقرنين وإنا إلى ربنا لمنقلبون"

«Мынаны бізге бағындырған Аллаһ кемшілік сипаттардан пәк! Біз бұған жақындай алмайтынбыз. Сондай-ақ Оған ораламыз»-дейді. Сосын үш мәрте «Әл-хамду лилләһи» және үш мәрте «Аллаһу әкбар»-дейді. Сосын:

"سبحانك اللهم إني ظلمت نفسي فاغفر لي فإنه لا يغفر الذنوب إلا أنت"

«Сен пәксің, Аллаһым, расында, мен өзіме әділетсіздік жасадым. Мені кешіре гөрші. Расында, күнәләрді Сенен басқа ешкім кешірмейді»-дейді.

Сосын:

"اللهم إنا نسألك في سفرنا هذا البر والتقوى ومن العمل ما تحب وترضى, اللهم هون علينا سفرنا واطو عنا بعده, اللهم أنت الصاحب في السفر والخليفة في الأهل والمال, اللهم إنا نعوذ بك من وعثاء السفر وكآبة المنقلب وسوء المنظر في الأهل والمال والولد"

«Аллаһым! Осы сапарымызда Сенен игілік пен тақуалық, сондай-ақ Өзің жақсы көретін және разы болатын амалдан сұраймыз. Аллаһым, бізге сапарымызды жеңілдет және алыстығын қысқарта гөр. Сен - сапар кезінде серіксің және артта қалған отбасы мен мал-мүлікке өкілсің. Аллаһым, тауқыметті сапар мен мұңды өзгерістен, сондай-ақ отбасының, мал-мүліктің, бала-шағаның жаман оқиғаға тап болуынан Саған сиынамыз»-дейді.

19 - Сапарға түнде шығу. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(عليكم الدلجة فإن الأرض تطوى بالليل)

«Жолға түнде шығуларың қажет. Өйткені түн жолды кеседі»[1315].

20 -Жолда кездесетін ермек түрлерінен, өте дәмді тамақтардан және ойын-күлкілерден өзін-өзі тежеп, төзімділік таныту. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(قام رجل إلى النبي صلى اللّه عليه وسلم فقال: ما الحاج؟ قال النبي صلى اللّه عليه وسلم: (الشَّعِث التَّفِل)

Бір кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп: «Қажылық дегеніміз не?»-деп сұрады. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған: «Қажылық дегеніміз - жағымсыз иісті ұйпалақтанған шаш»-деді[1316].

21 -Адамдарға жылы сөз сөйлеп, көркем мінез көрсетуі. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(من حج فلم يرفث ولم يفسق خرج من ذنوبه كيوم ولدته أمه)

«Кім қажылықты атқаруында әдепсіз сөз айтпаса және күнә істемесе, анасынан туған күндегідей күнәләрінан тазарып шығады».

22 - Биікке көтерілгенде тәкбір айту және төмен түскенде таспих айту. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Біз биікке көтерілгенімізде: «Аллаһу әкбар»-деп, ал төмен түскенімізде: «Субханаллаһи»-деп айтатынбыз»[1317]. Тәкбір, таспих және басқа мақтау сөздер дауыс көтерілмей айтылауы сүннет. Әбу Муса Ал-Ашъари, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге шыққан бір жорығымызда биікке көтерілгенімізде «Лә иләһа иллалла» мен «Аллаһу әкбар»-ді қатты дауыспен айтқан едік. Біраз уақыттан соң пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге: «Әй, адамдар, өздеріңді аясаңдаршы! Расында, сендер саңырау және жоқ болған біреуге жалбарынып жатқан жоқсыңдар ғой. Әрине, Ол сендермен бірге. Және Ол - естуші әрі жақын»[1318].

23 -Көздеген жері көрінген уақытта мына дұғаны жасайды:

"اللهم إني أسألك خيرها وخير أهلها وهير ما فيها وأعوذ بك من شرها وشر أهلها وشر ما فيها"

«Аллаһым! Мен Сенен мына жердің жақсылығын, әрі тұрғындарының жақсылығын да, әрі ондағы жақсы нәрсені сұраймын. Сондай-ақ оның жамандығынан, әрі тұрғындарының жамандығынан, әрі ондағы жаман нәрседен Саған сиынамын».

24 -Қайсыбір жерге немесе үйге тоқтаса мына дұғаны айтады:

"أعوذ بكلمات الله التامات من شر ما خلق"

«Аллаһтың жаратқан нәрселерінің жамандығынан Оның мүлтіксіз кемел сөздерімен қорғанамын». Мүслім жеткізген хадистің негізінде аялдап тоқтаған үйге осы дұғаны оқып кірген кісіге ол жерден кеткенінше ешнәрсе зиян тигізе алмайды.

25 - Түн кіргенде Аллаһқа жалбарыну. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) сапарда болғанында түн кірсе, былай дейтін:

"يا أرض, ربي وربك الله, أعوذ بالله من شرك وشر ما فيك وشر ما خلق فيك وشر ما يدب عليك, وأعوذ بالله من أسد وأسود, والحية والعقرب, ومن ساكن البلد ومن والد وما ولد"

«Әй, жер! Сенің де Раббың, менің де Раббым - Аллаһ. Сенің жамандығыңнан, ішіңдегі жамандығыңнан, ішіңде жаратылған нәрселердің жамандығынан, арқаңда жорғалап жүрген нәрселердің жамандығынан Аллаһқа сиынамын. Арыстан мен «Қара» лақапты кісілерден, жыланнан, шаяннан, жерді паналаған жыннан, туушы мен туылғаннан Аллаһқа сиынамын»[1319].

26 -Қауіп төнгенде Аллаһқа жалбарыну. Әбу Мұса ал-Ашъари, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(اللهم إنا نجعلك في نحورهم ونعوذ بك من شرورهم)

Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір қауымнан қауіп сезгенде былай дейтін: «Аллаһым, олардың алқымдарына Сені тосамыз және жамандықтарынан Саған сиынамыз»[1320].

27 -Кемеге мінген кісі мына дұғаны айтады:

"بسم الله مجريها ومرساها, إن ربي لغفور رحيم"

«Жүзуі де, аялдауы да Аллаһтың атымен. Расында, Раббым - тым кешірімді әрі аса мейірімді».

28 - Жалпы сапар бойы көп дұға жасау. Өйткені жолаушының дұғасы жауапсыз қалмайды. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(ثلاث دعوات مستجابات لا شك فيهن: دعوة المظلوم ودعوة المسافر ودعوة الوالد على ولده)

«Үш дұға жауапсыз қалмайды және мұнда күмән жоқ: жәбір көрушінің дұғасы, жолаушының дұғасы, әке-шешенің баласына қарғыс дұғасы»[1321].

29 - Жол бойы нда және аялдаған жерлерінде дәрет пен намазға сақтық қылу.

Наши рекомендации