Савицкийдің өмір жолы мен шығармашылық қызметі
Петр Николаевич Савицкий–1895 жылы 15 мамырда Черниговта дүниеге келген. 1968 ж. 13 сәуірде Прагада қайтыс болған. Орыс географы, экономист, геосаяттанушы, мәдениеттану, философ, ақын, қоғам қайраткері, еуразияшылдық көсемдерінің бірі.
Ақсүйектер тегінен. Чернигов помещигі, земстволық қайраткер, Ресей империясы Мемлекеттік кеңесі мүшесі (1906 ж.) Николай Петрович Савицкийдің ұлы. Гимназияда оқып білім ала жүріп, ғылыми жұмыстармен айналысқан. Ұлы Петр атындағы Петроград политехникалық институтында экономикалық факультетінде оқиды. Осында оқи жүріп, Петр Струев жетекшілігімен ғылыммен айналысқан. Струев арқылы осы кезде кадет партиясының оң қанатында болады. П. Б. Струевтің жетекшілігімен шығарылған «Великая Россия», «Русская мысль» атты журналдарында мақалалары жарияланған. 1916-1917 жж. Норвегияда орыс елшілігінде жұмыс істейді. Ресейге Қазан төңкерісі алдында келген. Бұдан кейін Украинаға кетеді. Бұл уақытта Петлюра әскері құрамында соғысқан. 1919 жылы деникиншілдермен бірге болып, Деникин мен Врангель үкіметтерінде сыртқы істер министрі орынбасары қызметін атқарады. 1920 жылы қалған врангельдік әскерімен Константинопольге кеткен. Мұнда ол Струвемен бірге «Русская мысль» журналын қайта шығарады. Н. С. Трубецкойдың «Европа и человечество» (София, 1920) атты еңбегінің ықпалында еуропоцентризм тұжырымдамасынан алыстай бастаған. Бұл Струвенің ұлттық-либерализм идеясы негізіне қайшы болды. Ол Трубецкойдың Ресейді «орталық материк» ретінде, яғни Ресей Еуропа мен Азияның ортасындағы- Еуразия деген түсінігіне сайып келді. Осылайша, П. Н. Савицкий еуразияшылдықтың негізін салушылардың бірі болды.
1920 жылы Болгарияға қоныс аударады. Ол Софияда «Исход к Востоку. Предчувствия и свершения. Утверждение евразийцев» атты бірінші еуразиялық жинақтың шығарылуына қатысқан. 1921 жылдың соңында Чехословакияға ауысады. Прагадағы орыс заң университетінде приват-доцент болып қызмет жасаған. Орыс халық университетінде, Орыс ауылшаруашылық кооперация институтында, Орыс азат университетінде география және экономика пәндерінен дәріс берген. 1930 жылдары Прага неміс университетінде орыс, украин және ресейтанудан сабақ берген. 1940 жылы Прагада орыс гимназиясының директоры болған. Ол еуразияшылдыққа шаруашылықпен айналысу, экономика тарихы және еуразияшылдық тарихы циклдерінің теорияларының негіздерін жасады. Көшпелілікті оқыту сияқты жаңа ғылымның пайда болуына үлес қосқан. Орыс геосаясатының еуразиялық нұсқасын жасаушы болды. Еуразиялық қозғалысының басқару органдарының мүшесі болған. Атап айтқанда, Үшеудің Кеңесі, Бесеудің Кеңесі, Жетеудің Кеңесі. 1920 жылдары большевиктер биліктен кетеді дегенге сеніп, басқа еуразияшылдармен бірге Ресейге келуді жоспарлаған. КСРО-да еуразияшылдықты таратуға әрекет жасаған. Алайда ОГПУ-дың «Трест» операциясының құрбаны болады. Олар ОГПУ-шілдердің большевиктерге қарсы «жалған» еуразияшылдарына алданып қалады. 1927 жылы «Трест» арқылы КСРО-ға құпия келген. Бұл кезде ОГПУ жасырын қызметкерлерін білмеген. Сондықтан «Тресттің» әшкереленуі, еуразияшылыдықққа оңдырмай соққы жасады. 1930 жылдары құрылымдық география жасаумен айналысқан. Осылайша, Н. С. Трубецкой мен Р. О. Якобсон сияқты лингвисттармен жасалынған еуразияшылыдыққа құрылымдық әдіс қолданды. Эмиграцияда Еуразиялық партияны құрушылардың (1932) және Эмигранттық қорғаныс қозғалысын жасаушылардың бірі болды. Бұл ұйымдар фашистер басып алған Еуропа мемлекеттерінде нацизммен күресуде үлкен үлес қосқан болатын. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде антинацистік үгіттер жасауға қатысқан. Сол үшін гестапомен қуғындалған.
1945 жылы Праганы Кеңес әскері азат еткеннен кейін СМЕРШ органдарымен бұрынғы ақгвардияшыл ретінде тұтқындалып, ұшақпен Мәскеуге жіберіліп, одан 8 жылға лагерьге айдалған болатын. Мордовияда Дубровлагерьде отырған. 1954 ж. Мәскеу маңына ауыстырылған. 1956 ж.босатылып, ақталған. Мәскеуде қалу ұсынылғанымен, ол одан бас тартып, Чехославакияға кетеді. Онда ол аударма жұмыстарымен айналысады. 1950 ж. Л.Н. Гумилевпен хат жазысып тұрған. 1960 ж. Батыста «П. Восток» бүркеншік есімімен, өлеңдер жинағын шығарған. Лагерьде болған күндері туралы жазады. Алайда сол үшін 1961 жылы ЧКР Мемлекеттік қауіпсіздік органдарымен ұсталған. Алайда әлемдік қауымдастықтың араласуымен босатылады. Әсіресе, британ философы Бертран Рассель ықпал етті.