Пән бойынша тапсырмаларды орындау мен тапсыру кестесі 8 страница

Қылмыстық құқықтың бірден-бір қайнар көзі 16.07.1997 жылғы ҚР Қылмыстық кодексі (бұдан кейін ҚР ҚК)болып табылады.

Қылмыстық құқық жүйесі жалпы және ерекше бөлімдерден тұрады. Қылмыстық құқықтың жалпы бөлімі – қылмыстық заңнаманың міндеттерін, оның қағидаларын, қылмыстық жауапкершілік негіздерін, кінә және оның нысандары жайлы сұрақтарды анықтайды. Ерекше бөлім қылмыстың нақты түрлері мен жаза түрлері мен мөлшерлерін анықтайды.

Қылмыс - жазалау қатерiмен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауiптi әрекет (iс-әрекет немесе әрекетсiздiк) деп танылады. Қылмыс белгілері болып мыналар табылады:қоғамдық қауіптілік, құқыққа қарсылық, кінәлілік және жазаланатындық.

Қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатына байланысты барлық қылмыстар аса ауыр емес, орташа ауырлықтағы, ауыр және ерекше ауыр қылмыстарға жіктеледі.

Қылмыс құрамы – қоғамдық қауіпті әрекетті нақты қылмыс ретінде анықтайтын, заңмен бекітілген белгілерінің жиынтығы.Ол белгілерге мыналар жатады:

Қылмыс объектісі –елеулі зиян немесе ондай зиян келтіруге қауіп туғыза отырып, қылмыс қол сұғатын, қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар. Теорияда жалпы, тектік және тікелей объектілер бөліп көрсетіледі.

Объективтік жағы - әрекеттің өзі (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) тұлғаның саналы белсенді немесе енжарлы мінез-құлқы, сыртқы сипаттамасы. Әрекеттің қоғамдық қауіптілік салдары және әрекет пен туған салдардың арасындағы себептілік байланыс. Кейбір жағдайларда сонымен қатар, қылмыс жасалу орны, уақыты, тәсілі, жағдайы, құралы сияқты мән-жайлар болады.

Субъект – қылмыстық заңмен қарастырылған қоғамдық қауіпті әрекетті жасаған және қылмыстық жауапкершілікті орындай алатын, ақыл – есі дұрыс жеке тұлға. Жалпы тәртіп бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан бастап туындайды. Бірақ заң кейбір қылмыстар үшін (ҚР ҚК 15 бап 2 тарм.) 14 жастан бастап жауакершілікке тартуды қарастырған. Субъект қылмыстық жауапкершілікке тартылу жасына жетумен қатар, ақыл-есі дұрыс болуы керек, қылмыс жасау кезінде өзінің жасаған әрекеттеріне есеп беріп және оны басшылыққа алу. Қылмыстың субъективтік жағы – тұлғаның өзі жасаған қылмыс пен осы әрекеттің нәтижесінде туындаған салдарға психикалық қатынасы. Бұл қасақана не болмаса абайсыздық нысанындағы тұлғаның кінәсі. Қасақаналылық тікелей және жанама болып бөлінеді. Абайсыздық, қылмыстық менмендік пен қылмыстық немқұрайдылыққа бөлінеді. Сонымен қатар, қылмыстың себепбі, мақсаты және тұлғаның қылмыс жасау кезіндегі эмоционалдық жай-күйі субъективтік жақтың қажетті белгілері болуы мүмкін.

Жаза - соттың үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы, қылмыс жасауға кiнәлi деп танылған адамға қолданылатын және ол адамды құқықтары мен бостандықтарынан қылмыстық заңмен көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретінде жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады. Қылмыстық заң қылмыстық жауаптылықтан және жазалаудан босататын бірқатар мән жайларды қарастырады. Олар қажетті қорғаныс; қол сұғушылық жасаған тұлғаны ұстау кезінде зиян келтіру;аса қажеттілік;орынды тәуекел ету; күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу; бұйрықты немес өкімді орындау.

Жазалардың жүйесі – қылмыс жасаған кінәлі тұлғаға тағайындалатын, ауырлық дәрежесіне қарай орналастырылған, жаза түрлерінің,соттар үшін толық және міндетті тізбесі.

ҚР Қылмыстық кодексі жазаның негізгі және қосымша түрлерін қарастырған. Негізгі жаза түрлеріне мыналар жатады:айыппұл;белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан; қоғамдық жұмыстарға тарту; түзеу жұмыстары;әскери қызметі бойынша;бас бостандығын шектеу; қамау; тәртіптік әскери бөлімде ұстау; бас бостандығынан айыру; өлім жазасы. Қосымша жазалар: арнаулы, әскери құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;мүлкін тәркілеу. Айыппұл және белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру негізгі жаза ретінде, сонымен қатар қосымша жаза ретінде де қолданылады.

Жаза тағайындау кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, айыпталушының жеке басы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән – жайлар, сонымен қатар тұлғаның түзелуіне оның отбасы мен қамқорындағы тұлғалардың жағдайының әсер етуі.

ҚР ҚК жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар тізбесі көрсетілген. Жеңілдететін мән – жайларға мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмыс жасау; айыпкердiң кәмелетке толмауы; жүктiлiк; айыпкердiң жас балалары болуы; қылмыс жасағаннан кейiн зардап шегушiге тiкелей медициналық және өзге де көмек көрсету;күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгi себептi қылмыс жасау жатады (және ҚР ҚК 56 б. сәйкес т.б.). Бұл көрсетілген мән – жайлардың тізбесі толық емес, өйткені сот жасалған әрекеттің өзге де жеңілдететін мән – жайларын ескере алады.

Ауырлататын мән – жайларға мыналар жатады: қылмыстарды әлденеше рет жасау, қылмыстардың қайталануы; қылмыс арқылы ауыр зардаптар келтiру; адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының, ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасау; қылмыс жасағанда айрықша белсендi рөл атқару; айыпкер үшiн психикасы бұзылуының ауыр түрiнен зардап шегетiнi алдын ала белгiлi адамдарды не қылмыстық жауаптылық жасына толмаған адамдарды қылмыс жасауға тарту; ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе араздық себебi бойынша, басқа адамдардың заңды iс-әрекетi үшiн кектенушiлiктен, сондай-ақ басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды оңайлату мақсатында қылмыс жасау; алкогольдiк, есiрткiлiк немесе уытқылық елiту жағдайында қылмыс жасау (ҚР ҚК 54 б. сәйкес т.б.). Мән – жайлар тізбесі толықтай қамтылған.

Қылмыстық құқықта қасақана қылмыс жасау сатылары туралы сұрақ қарастырылған, оған сәйкес кезкелген қасақана қылмысты бірнеше саты арқылы жүзеге асыратын құбылыс ретінде қарастыру ұсынылған. Кінәлінің әрекетін кезкелген сатысында алдын алу оның қылмыстық жауапкершілігі туралы сұрақты қоюға мүмкіндік береді. Егер тұлға бастаған қылмысын өз еркі бойынша соңына дейін жеткізбесе қылмыстық құқықта оны қылмысты жасаудан өз еркімен бас тарту деп аталады.Қасақана қылмыс жасаудың мынадай сатыларын бөліп көрсетеді:қылмысқа дайындалу; қылмыс жасауға оқталу;аяқталған қылмыс.

Қазіргі кезеңде сыбайлас жемқорлықпен күрес Қазақстанның қауіпсіздігін нығайтудың басты мәселесі болып табылады. Қазақстандық заңнамада сыбайлас жемқорлық түсінігі берілген, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады.

02.07.1998 ж. қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңының мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған.

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық субъектілері:

1) барлық лауазымды адамдар, Парламенттiң және мәслихаттардың депутаттары, судьялар;

2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес барлық мемлекеттiк қызметшiлер жатады.

3) мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттi тұлғалар (жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адамдар; заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасының Парламентi мен мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар ретiнде тiркелген азаматтар, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органдарының мүшелері;жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан төленетiн қызметшiлер;мемлекеттiк ұйымдарда және жарғылық капиталында мемлекеттiң үлесi кемiнде отыз бес процент болатын ұйымдарда басқару мiндеттерiн атқаратын адамдар)

4) лауазымды және мемлекеттiк мiндет атқаруға уәкiлеттi өзге де адамдарды немесе оларға теңестiрiлген адамдарды сатып алуды жүзеге acыpушы, сол сияқты оларға заңға қайшы мүліктік игiліктер мен артықшылықтар беретiн жеке және заңды тұлғалар да жатады.

Аталған заңның 5-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күрес мынадай қағидалар негізінде жүзеге асырылады: барлық адамдардың заң мен сот алдында теңдiгi; мемлекеттiк органдардың қызметiн анық құқықтық регламенттеудi, мұндай қызметтiң заңдылығы мен жариялылығын, оған мемлекеттiк және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету; мемлекеттiк аппараттың құрылымдарын, кадр жұмысын жеке және заңды тұлғалар құқықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын мәселелердi шешу рәсiмдерiн жетiлдiру; жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық, саяси-құқықтық ұйымдық-басқару жүйелерiн қорғаудың басымдығы;лауазымды адамдар мен мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлдiк берiлген басқа да адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол берiлуiн тану; жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiру, сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою және олардың алдын алу және т.б.

Ұсынылатын әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі

2. Жүнісов Б.Ж. ҚР қылмыстық құқығы: Жалпы бөлім. Қарағанды, 1998.

3. Қайыржанов Е.И. Қылмыстық құқық. Жалпы бөлім. Алматы: ДОИВА – Братство, 1995.

4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсініктеме. – Алматы: Баспа, 2000.

Наши рекомендации