Пәннің сипаттамасы
АЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
АЗАҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ ЗАҢ УНИВЕРСИТЕТІ
«ШАРТТЫҚ ҚҰҚЫҚ»
Пәннің сипаттамасы
«Шарттық құқық» пәні студенттерге азаматтық-құқықтық мамандану аясында оқытылады. Мүліктік айналымды құқықтық реттеудегі шартқа тиесілі орынның маңыздылығы шарттық құқық пәнінің оқытылуын айшықтай түседі.
Пәнді зерттеу барысында болашақ заңгер үшін қажетті ұғымдар, заңдар және шартты жасасу мен рәсімдеудің принциптері сондай-ақ, олардың мазмұны жөіндегі ілім меңгерілмек.
Азаматтық айналымдағы шартты жасасу, өзгерту және бұзуға қатысты қоғамдық қатынастар сондай-ақ, шарттық қатынастардың ортақ заңдылықтары, қызмет етуінің принциптері, әралуан шарттық қатынастардың өзара байланысы мен өзара тәуелділігі «Шарттық құқық» пәнінің зерттеу объектісі болып табылады.
Сатып алу сату, тасымалдау, мердігерлік және басқа да әралуан шарттардың түрлері туралы нормалар жинақталған Азаматтық кодекстің тарауы – «Міндеттемелердің жекелеген түрлері» деп аталады. Осы тұста, ҚР АК (Ерекше бөлімі) алғаш рет бекітілген міндеттемелерге ерекше назар аударған жөн болар еді. Соңғыларының ішінен келесілерді атап айтуға болады:
- кәсіпорынды сатып алу сату және жалға алу;
- қаржылық жалға алу (лизинг);
- ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг);
- кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты (франчайзинг);
- мүлікті сенімгерлікпен басқару;
- тұрақты және өмір бойғы рента;
- бөтеннің мүддесінде тапсырмасыз іс-әрекет ету.
Пәнді зерттеу барысында көзделетін мақсаттар мен міндеттер:
Осы оқу курсын зерттеу нәтижесінде студенттерде шарттарға қатысты туындайтын қарым-қатынастарды реттейтін азаматтық заңнаманың нормаларын тәжірибеде қолдана білу қабілеті қалыптасуы қажет. Шарттық қатынастардың мәні мен табиғаты, шарттардың нақты түрлері жайлы ауқымды түсініктің студенттерде қалыптасуы осы пәнді оқытудың мақсаты болып табылады. Студенттер тек, шарттардың әралуан түрлерінің барлығын біліп қана қоймай, сонымен бірге, оларды жасау механизмдерін, оңтайлы нысанын таңдауды, оған қол қоюдың тиімді уақыты мен орнының қыр-сырын жетік меңгеруі тиіс. Сондай-ақ, шарттың жарамдылық мерзімі мен оның тараптарының жауаптылығы да назардан тыс қалмауы қажет.
Алға тартылатын міндеттер:
Ø Шарттық құқықтың нормалары мен институттарын азаматтық құқықтың бір саласы ретінде зерттеу;
Ø Шарт ұғымы мен оның азаматтық заңнамадағы орнын зерттеу. Азаматтық-құқықтық шарттардың мәмілелермен, сондай-ақ әралуан салалардағы шарттармен байланысын айқындау және оларды жіктей білу;
Ø Рим құқығындағы, еуропалық мемлекеттердің заманауи құқығындағы міндеттемелердің туындау және шарттар мен шарттық құқықтың даму тарихын зерттеу. Міндеттемелік және шарттық құқық нормаларының ара қатынасын айқындау;
Ø Шарттық құқық нормаларының табиғатын зерттеу. Шарттар туралы нормалардың уақыттағы, кеңістіктегі және субъектілері бойынша қолданысын зерттеу. Шарттар туралы нормалардың түсіндірілуінің маңызын зерттеу;
Ø Жария шарттардың, қосылу шарттарының, сондай-ақ шарттардың міндетті жасалуының ерекшеліктерін зерттеу;
Ø Шарт ережелері ұғымын, шарт нысанын және оның мемлекеттік тіркелуін талдау. Шарттардың жіктелуін, сондай-ақ шарттық нысандарды айқындау;
Ø Шарт тараптарының құқықтық мәртебесін айқындау және зерттеу. Шарт пен үшінші тұлғалардың ара қатынасын айқындау.
Ø Шарттық жауаптылықтың нысандарын, негіздерін және жалпы ережелерін сондай-ақ олардың тәжірибеде қолданылуын зерттеу.
1. Шарт азаматтық құқықтық категория ретінде (1 сағат)
1. Шарт-мәміле ұғымы. Шарттағы ерік және ерік білдіру.
2. Шарт еркіндігі және оның шектелуі.
3. Шарт жарамсыздығы.
4. Шарт жасалуының жалпы тәртібі.
Әдебиеттер силлабуста көрсетілген.
1. Шарт дегеніміз – екі немесе одан көп тұлғаның азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келісімі.
Шарт екі және/немесе көп жақты болады.
Шарттан міндеттемелік, заттық, авторлық немесе өзге құқықтық қатынастар туындауы мүмкін.
Азаматтар мен заңды тұлғалар шарт жасасуға ерікті. Азаматтық кодексте, заң актілерінде немесе өз еркімен қабылдаған міндеттемеде шарт жасасу міндеті көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берілмейді.
Тараптар заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алады.
Шарттың орындалуы тараптардың келісімімен белгіленген баға бойынша төленеді. Заң актілерінде көзделген жағдайларда уәкілдік берілген мемлекеттік органдар белгілейтін немесе реттейтін баға (тарифтер, бағаларғ ставкалар және т.б.) қолданылады. Шарт жасалғаннан кейін бағаны өзгертуге шартта, заң актілерінде көзделген реттер мен жағдайларда немесе заң актілерінде белгіленген тәртіп бойынша жол беріледі. Ақылы шартта баға көзделмеген және шарт ережелерін негізге ала отырып оны анықтау мүмкін болмаған реттерде шартты орындау шарт жасасу кезінде осыған ұқсас жағдайларда әдетте осы сияқты тауарлар, жұмыс немесе қызмет үшін алынатын баға бойынша жүргізілуге тиіс деп есептеледі.
Шарт оны жасасқан кезден бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болып табылады. Тараптар өздері жасасқан шарттың ережелері олардың шартты жасасуға дейін пайда болған қатынастарына қолданылатындығын белгілеуге құқылы. Егер заңдарда немесе шартты шарттың қолданылу мерзімі көзделсе, осы мерзімнің аяқталуы, шарт бойынша тараптар міндеттемелерінің тоқтатылуына әкеліп соқтырады. Қолданылу мерзімі көрсетілмеген шарт тараптардың онда белгіленген міндеттемелерді орындауы аяқталып біткен кезге дейін қолданылады деп танылады. Шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуы осы мерзім біткенге дейін орын алып келген шартты бұзғандық үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Шарт тараптар үшін оныжасасу кезінде қолданылып жүрген заңдармен белгіленген міндетті ережелерге (императивтік қалыптарға) сәйкес келуге тиіс. Егер шарт жасалғаннан кейін шарт жасалған кезде қолданылып жүрген ережелерден өзгеше, тараптар үшін міндетті ережелер заңдармен белгіленген болса, жасалған шарттың ережелері оның күні бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылады деп заңдармен белгілегендегіден басқа жағдайларда, өз күшін сақтайды.