Бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу нысандары мен құралдары
Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу:
1) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ өнімдеріне, процестеріне қойылатын талаптарды белгілеу;
2) кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеу;
3) кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруына рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу;
4) техникалық реттеу;
5) бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
7) мемлекеттік бақылау және қадағалау;
8) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу;
9) мемлекеттік тапсырыс;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгілеу;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің өзге де нысандары мен құралдары арқылы жүзеге асырылады.
Бап. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралдар енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердi әзірлеу және қабылдау ерекшеліктерi
1. Егер реттеуші мемлекеттік органдар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа реттегіш құрал енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды жоспарлаған жағдайда, реттеуші мемлекеттік органдар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
Реттегіш құралдардың енгізілуіне немесе пайдаланылуына байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша талаптар, міндеттер белгілеу немесе жүктемені өзге де ұлғайту реттеуді қатаңдату болып табылады.
Осы тармақтың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
2. Реттегіш құралдар мынадай түрде енгізіледі немесе жүзеге асырылады:
1) рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбесіне тиісті рұқсатты немесе хабарламаны енгізу арқылы ғана енгізіледі;
2) мемлекеттік бақылау және қадағалау кәсіпкерлік субъектілері қызметінің осы Кодекстің 138 және 139-баптарындакөзделген салаларында ғана жүзеге асырылады;
3) ақпараттық құралдар Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерімен, Қазақстан Республикасы министрлерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарымен, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерімен ғана енгізіледі;
РҚАО-ның ескертпесі!
4) тармақша өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
4) өзін-өзі реттеу ұйымына міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес енгізіледі.
3. Реттеушілік әсерді талдауға:
1) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобалары;
2) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының тұжырымдамалары;
3) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары;
4) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 1-1), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобалары;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерін қоспағанда, ақпараттық құралдарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобалары;
6) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін Кеден одағы техникалық регламенттерінің жобалары;
7) реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін, жергілікті атқарушы органдар әзірлейтін, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің жобалары жатады.
4. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын басқа да міндеттер мен функцияларды орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі консультативтік-кеңесші орган – Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құрады.
Жаңа реттегіш құралды енгізу Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.