Бап. Бақылау және қадағалау нысандары

1. Тексерiлетiн субъектiлердiң қызметiн бақылау және қадағалау мынадай нысанда жүзеге асырылады:
1) ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбi - осы Кодексте, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын тексерулер;
2) егер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбi осы бапта және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын, алдын алу-профилактикалық сипаттағы бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары.
2. Бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын жүргiзу кезінде:
1) осы баптың 3-тармағында көзделген жадайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау органдарына бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) баруға тыйым салынады;
2) құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркелу және тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар ету талап етілмейді;
3) бұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамастан, бірақ тексерілетін субъектіге оны жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының қорытындылары бойынша олардың түріне қарай қорытынды құжаттар (анықтама, нұсқама, қорытынды және басқалары) жасалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің күші Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарына қолданылмайды.
Бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының қорытындылары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау мүмкін емес бөлігінде осы тармақтың бірінші бөлігі 3) тармақшасының күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға қолданылмайды.
3. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) барумен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген;
2) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген;
3) егер бару «Рұқсаттар және хабраламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берiлгенге дейiн өтiнiш берушiнiң бiлiктiлiк немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексерумен байланысты болған;
4) құрылыс-монтаждау жұмыстарының ғимараттар мен құрылыстардың тiреу және қоршау конструкцияларын тұрғызу мен өзгертуге қойылатын талаптарға сәйкестiгіне инспекциялау жүргiзілген;
5) әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағалары мөлшерiнiң сақталуын бақылау жүзеге асырылған;
6) iшкi iстер органдары Қазақстан Республикасында қару мен оның патрондары айналымы қағидаларының сақталуы мәселелерi бойынша бақылауды жүзеге асырған;
7) арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарының сақталуы бойынша бақылау жүзеге асырылған;
8) тексерілетін субъект рұқсат беру құжаттарын алумен байланысты емес, өз қызметінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны (ақпаратты) алуы үшін бастамашылықпен жүгінген;
9) егер бару «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жүргізілетін өнім қауіпсіздігінің мониторингін жүзеге асыру үшін өнімдерді іріктеумен байланысты болған;
10) карантинді объектілердің және аса қауіпті зиянды организмдердің таралу ошақтарын анықтауға аумақты зерттеп-қарау жүргізілген;
11) егер бару Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасының талаптарына сәйкес астық сапасын айқындау үшін оларды қабылдау, тиеп-жөнелту және сандық-сапалық есепке алу кезінде сынамаларды, сондай-ақ астық қабылдау кәсіпорындарында сақталатын мемлекеттiк астық ресурстарын іріктеумен байланысты болған;
12) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзушылықтары халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне жаппай ықтимал қатер төндірген жағдайларда, бұл бұзушылықтардың жолын кесу, профилактикасы және алдын алу мақсатында бақылауды және қадағалауды жүзеге асырған жағдайларда жүргiзіледi.
4. Бақылау және қадағалау органдары осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардың бұзылу фактілерінің туындау себептерін анықтау үшін осы Кодекстің 144-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты нақты факт бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізу жеткіліксіз болатын және осы нақты фактіге байланысты өзге де субъектілерге қатысты бақылау және қадағалау талап етілетін жағдайларда ғана осы баптың 3-тармағының 12) тармақшасына сәйкес бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын жүзеге асырады.
5. Осы баптың 3-тармағының 12) тармақшасына сәйкес бару арқылы бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысанын жүргізу үшін:
1) бақылау және қадағалау органдары нақты фактіге байланысты және ықтимал тәуекелдері бар тексерілетін субъектілер (объектілер) шеңберін айқындау мақсатында қолда бар ақпаратқа, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталын пайдалана отырып және басқа мемлекеттік органдарға сұрау салу арқылы талдау жүргізеді;
2) бару арқылы бақылаудың және қадағалаудың өзге нысанына жататын тексерілетін субъектілердің (объектілердің) тізбесі бақылау және қадағалау органы бірінші басшысының бақылаудың және қадағалаудың өзге нысанын тағайындау туралы актісінде айқындалады;
3) осы Кодекстің 144-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде анықталған фактілер ғана бақылаудың және қадағалаудың өзге нысанының нысанасы болып табылады.
6. Осы баптың 3-тармағының 12) тармақшасына сәйкес бару арқылы бақылаудың және қадағалаудың өзге нысанын жүргізу туралы негізсіз шешім қабылдағаны үшін бақылау және қадағалау органының бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
7. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, барумен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын жүргізу кезінде бақылау және қадағалау органдары тексерілетін субъект (объект) тұрған жердегі құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органдарды оларды жүргізгенге дейін хабардар етеді.
8. Бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын талдау нәтижелері ішінара тексерулер жүргізу үшін бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеуге негіз болып табылады.

Наши рекомендации